Quantcast
Channel: Сұхбат –Астана Ақшамы
Viewing all articles
Browse latest Browse all 202

Өмірі еңбекпен өрілген

$
0
0
sagila

sagila

Бүгінгі мақаланың кейіпкері – еселі еңбегімен дараланған, қазақтың айтулы да батыр қыздарының бірі, Социалистік Еңбек Ері Сағила Әбдірахманқызы Есенжолова.

Сағила Әбдірахманқызы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, 1942 жылы дүниеге келген. Сағиланың алдында әкесі Әбдірахман мен анасы Бибісараның 13 баласы болған дейді. Болған деп отырғанымыз, бұл балалардың тоғызы 7-8 жасында ашаршылықта шетінеп кеткен екен. Тірі қалған төрт баламен кенже қыздары Сағила соғыс кезіндегі ауыртпалықты аналарымен бірге көтереді.
Бесіктен белі шықпай жатып, анасымен бірге мал фермасына барып, көмектесіп жүреді. Сиыр саууды да осында үйренеді. Жазда ауыл балаларымен бірге бұзау бағу кезегіне барады. Үйдің бар шаруасына араласады. Анасы не істесе, Сағила соны қағып алып, бастаған жұмысты өзі аяқтап тастайды екен. Таңның атысы, күннің батысы тынымсыз еңбекпен бірге болады. Балғын балалық шақты көрмей өскен Сағила ерте есейеді.
Ал әкелері Әбдірахман соғыс бас­талған жылы еңбек армиясына кетеді. Ол соғыста жүргеннен де ауыр, тіпті олар 24 сағат демалмастан еңбек етеді екен.
Бірде анасы Бибісара балаларын қалай тамақтандырарын білмей, мал фермасынан біл­діртпей сүт алып шығады. Соны көріп қойған жағымпаздар ферма басшысына белгі беріп, оны түрмеге тоғытады. Ол кезде заң қатаң, темірдей тәртіп одан да қатты. Сағила түрмеде масақ теріп, қолға түскен әйелдермен бір­ге отырады. Әйтеуір, бес бала­сының барын ескерген бо­лар, үш күннен кейін оны босатады.
Үйге келсе, балалары жалғыз отыр, тамақ жоқ, балалар аш. Қорқыныш пен қуаныштан олар анасының тізесін құшып, жылап жібереді.
Сол жылдары анасы бес баламен жалғыз өзі колхоздың жұмысына да, үй шаруасына да араласа отырып, балала­рын бағып-қағып, аналық қам­қорлығын көрсетуден жалық­пайды. Балаларын аш-жалаңаш қалдырмайын деп шырылдап жүріп, колхоздың басқа да жұмысына араласады.
Ол – ол ма, кезінде анасы Бибі­сараны байдың қызысың деп сауыншылықтан да шыға­рып тас­тайды. Сол жылдары Бибісара апай бес баласын қалай асыраймын деп қиналғанын көрсеңіз. Дегенмен ол осы қиындықтарды да жеңіп шығады. Сөйтіп, сауыншылық жұмысына қайта келеді. Алдында тұрған бөгеттерге қарамай, адал еңбе­гінің арқасында алдына жан салмай, сүттен сел ағызған озат сауыншы атанады.
Бибісара апайдың еңбегі де еленеді. 1940 жылы оны Мәс­кеу­дегі Бүкілодақтық Халық шаруа­шылығы көрмесіне (ВДНХ) жібереді.
Осы жайды естіп өскен Сағила анам сияқты еңбек адамы болсам деп армандайды. Қолы бос болса болды, анасымен бірге мал фермасына бірге барып, қол ұшын беріп, оның жанында жүреді.
1950 жылдары жер-жерде қазақ мектептері жабылып жатқанда, туған ауылы Киров колхозында да қазақ метебі жабылып қалады. Содан Сағила мектепті Ақмола қаласындағы нөмірі 4-ші мектепте жалғастырып, 8-сыныпты бітіреді. Бірақ әрі қарай Сағила мектепті тұрмыстың нашарлығынан әрі анасының шетке жібергісі кел­мегенінен оқуды жалғастыра алмайды.
Содан тура 13 мүшелінде ана­сының жолын қуып, мал фермасына келіп, сауыншы болады. Оған алғашында саууға 10 сиыр береді. Бір-екі жылдай жұмыста жоқтардың орнын толтырып, еңбек етеді. Дегенмен жасына байланысты оның алғашқы екі жыл еңбек өтілі есептелмей қалады. Тек 15 жасқа толғанда ғана оның еңбек кітапшасының алғашқы парағы ашылады.
Сауыншылық ауыр жұмыста Сағила Әбдірахманқызы тапжылмастан бір фермада тура 20 жыл істейді.
1968 жылы ол партия қатарына алынады. Содан 1975 жылы мол тәжірибе жинақтаған озат са­уыншы Сағила Әбдірахманқызын Киров колхозының басшылары фермадағы тауарлы сүт фер­масының бригадирі етіп та­ғайындайды.
Ол кезде бұл фермада 400 бас са­уын сиыр бар еді. Бірер жылдан кейін оның саны 1200 басқа жетеді. Күн сайын олар Ақмола қаласындағы сүт зауытына 10-12 тонна сүт тапсырып, Қазақстан бойынша озаттар қатарына қосылады. Сағила Есенжолова осы бригадирлік қызметте тағы да тура 21 жыл қызмет етеді. Қарап отырсақ, оның Киров кеңшарында еңбек өтілі 41 жылды құрап отыр.
Осындай жауапкершілігі мол жұмыста жүріп, ол қоғамдық жұмы­с­пен де айналысқан. Тіпті сол жылдары еңбек ете жүріп, бір кездегі арман болған оқуын да жалғастырады. 1978 жылы бұрынғы Целиноград ауданына қарасты Новоишим техникумының зоотехник мамандығын бітіріп шыға­ды. Фермаға жаңа келген қан­шама сауыншыларға тәлімгер де болады.
Екі рет қатарынан Цели­но­град облыстық Халық кеңе­сінің депу­таттығына, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депу­тат­тығына да сайланады. Ал 1976 жылы КПСС Орталық Комитетінің ХХV-ші съезіне делегат болады. Сағила Есенжолова басқарған бригада кезінде өзінің бес жылдық жоспарын, үш жыл сегіз айда орындап шыққаны үшін оған «Еңбектегі ерлігі үшін», ал осындай тамаша биік жетістіктерге жеткені үшін кейіннен екі рет Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады.
Ал 1981 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолынан «Алтын жұлдыз» медалын алып, Социалистік Еңбек Ері атанады. Міне, «Еңбек еткен мұратқа жетеді» деген осы да. Иә, осылайша Сағиланың жұлдызы жанып, еңбектің ері атанды.
Иә, өмір жалғасын табады. Сағи­ланың өзі де бүгін сүйікті ана, қа­дірлі әже. Балалары да өмірден өз орындарын тапты. Барлығы да жо­ғары білім алып, бүгінде Қазақ еліне еңбек етуде.
Өмірлік жары Темірғали Қана­пияұлымен Сағила Әбдірах­манқызы кезінде бақытты өмір сүріп, тамаша ғұмыр кешкен. Жолдасы Темірғали 2002 жылы дүниеден өтіпті. Ол да осы Киров кеңшарында жүргізуші болған, еліне еңбек сіңірген құрметті адам. Жұбайы Сағила екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген.
Бүгінде ұлдары Еркеғали Темір­ғалиұлы Астана қалалық энергосеть кәсіпорнының басшысы болса, қыздары Мәрзия Астанадағы 41-ші мектептің ди­ректоры, ал кенже қыздары Гүлнәр – жеке кәсіпкер.
Сағила Әбдірахманқызы – 5 не­мересі, 7 шөбересі бар бақытты ана, мейірімді әже.
Құрметті демалыста жүрсе де, ол үйде бос қарап отыра алмады. Өзі туып-өскен Көктал кентіндегі қоғамдық жұмыстарға араласып, тұрмысы төмендерге, өзі құрған бастауыш ардагерлердің ұйымына қолдан келген көмегін аямай қызмет көрсетуде.
Сағила Есенжолова – бүгінде рес­публикалық Ардагерлер кеңесі президиумының, Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің, Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесі плену­мының мүшесі.
Ол уақытының аздығына қара­мастан, міне, тура 10 жыл бол­ды, Көктал-1 кентінде арда­гер­лердің бастауыш ұйымын басқарып келеді.
Сағила Есенжоловамен кездесу соңында тағы бір сұрақ қойып, көкейде жүрген ойыңыз, әттеген-ай деген бұйымтайыңыз бар ма деп айтқанымызда:
– Адам болған соң арман да, ой да, әттеген-ай да болады. Бұйымтайым – қазақтың жері кең, шалғын жерлер де баршылық. Елбасы да айтып жатыр ғой. Ауыл шаруашылығын дамытып, елдің тұрмыс-тіршілігін көтеру керек. Етті, көкөністерді біз неге шет елден аламыз? Мына елдегі әкімдер Үкіметтен несие сұрап, алып, жас мамандарды елге тарту керек. Ел жасыл желекке, жайлау малға толы болу керек. Сонда біз шетелге жалтақтамас едік. Екінші бір ойым, мына компьютердің, ұялы телефонның соңына түсіп алған жастар түбі не болады? Оқушылардың білімі тек осы компьютермен шектелмесе екен. Балалар тіпті ақын-жазушылардың кітабын оқымайды. Бастарын жаңағы техникадан алмағандардың білімі де, денсаулығы да болмайды. Жастардың білімі таяз, ренжісе де айтайын, кісіліктен, адамгершіліктен алыстап барады. Осы жағы толғантады мені, – деп, көкейде жүрген ойын да Сағила Әбдірахманқызы жасырмай ортаға салды. Идеология саласына көңіл бөлу керектігін айтты. «Бұрынғы ерте заманның, біздің кездегі жылдардың жақсы жақтарын алуды ұмытпаса» деп, терезе жаққа қарап, ойға шомды.
Р.S. Иә, әрбір уақыттың өзіне тән пайдалы жақтары бар. Сағила апайдың заманында жас­тарды тәрбиелейтін пионер, комсомол, партия ұйымы болды. Мектеп оқушылары арасында тимуршылар командасы жұмыс істеді. Осы жұмыстар арқылы жас­тар отансүйгіштікке, патриотизмге, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор, адал болуға үйренді.
Көзге түскен Сіз сияқты еңбек майталмандарын, қоғам қайраткерлері мен өнер адамдарын шақырып, кездесу өткізетін. Олар өздерінің жемісті де жеңісті еңбектерін мектеп оқушылары алдында ортаға салатын. Әрине, осындай кездесулер мен әртүрлі тақырыптағы шаралардың жас­тар мен мектеп оқушыларына беретін тәлім-тәрбиесі де өте зор болды.
Сондықтан Сіздің бұйым­тайыңыз­ды ескеріп, осындай жақсы ұсынысты қазіргі басшылар, мектеп директорлары мен мұғалімдері ескерер деген ойдамыз.
Ойыңыз да, бұйымтайыңыз да орынды деп, Жұлдызды анамыз, Социалистік Еңбек Ері Сағила Есенжоловаға бақытты күндер, қы­зықты сәттер тілеп қоштастық. Ден­саулығыңыз мықты, балаларыңыз рухани бай, ауқатты болсын!

Балтабай Ғалия Құсайынқызы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі

The post Өмірі еңбекпен өрілген appeared first on .


Viewing all articles
Browse latest Browse all 202

Trending Articles