
Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков берісі Қазақ елі, әрісі біртұтас түркі әлеміне сыйлы тұлға. Өткен жазда ағадан сұхбат алуға барғанда бұған әбден көз жеткіздік.
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТҰЛҒАСЫ
Ғылымда да, қызметте де жолы болған азамат кездесуге өзі басқаратын Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтына шақырған. Сол жерде Әзербайжаннан арнайы келіп, оның қолын алуға ықылас танытқан қонақпен әңгімесіне куә болдық.
Жалпы Мырзатай Жолдасбековтің Қазақстанда түркітану ғылымының орнығып, екі аяғынан тік тұруына сіңірген еңбегінен жұрт хабардар. Иран Ислам Республикасындағы еліміздің төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарғанын да халық біледі. Ал Түркі мемлекеттері ақсақалдар кеңесінің алғашқы төрағасы болғанынан көпшілігі бейхабар. Мырзатай аға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі дүниесін, түркі тектес халықтардың басын қосу, біріктіру жөніндегі саясатын ілгерілетуге үлес қосты.
Жуырда түркітанушы ғалым, Әзербайжанның қоғам қайраткері Ибрагимхалил Балаевтың сұхбатын оқып қалдық. Түркі мемлекеттерінің бірігу мәселесі қозғалған бұл әңгімеде ғалым Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлейменов есімдерімен қатар Мырзатай Жолдасбековтің де атын атайды. Бұл сөз жоғарыда айтылған пікірімізді дәлелдейді.
Мырзатай Жолдасбеков Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне алты жыл жетекшілік етті. Сол кезде оқу орнының қақ төріне ежелден өркениетті ел екенімізді дәлелдейтін Күлтегін ескерткішінің көшірмесі орнатылды. Бұған қоса Астанада зиялы ортаның қалыптасуында да Жолдасбековтің еңбегі зор.
ЕЛ ЕРТЕҢІН ОЙЛАҒАН
Қазақстан Президентінің «100 нақты қадам» бағдарламасының қадамдарының бірінде Астананы кәсіпкерлерді, студенттерді, зерттеушілерді, барлық өңірлерден туристерді тартатын Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру туралы айтылады.
Бұл үдеріс Мырзатай Жолдасбеков Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ректор болып тағайындалған уақыттан басталған сияқты.
2000-шы жылдардың бас кезінен қайтыс болғанға дейін Астана көшелерінде халқымыздың біртуар ұлы, аса көрнекті ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек қасқайып жүретін. Әйгілі этнограф пен оның жан досы Қойшығара Салғараұлы екеуінің елордада орнығуына бірден-бір себепкер тұлға – Мырзатай Жолдасбеков. Мұның жайы қос ғалым бірігіп жазған «Жүрегіне қаламын сүйеген» мақаласында егжей-тегжейлі айтылады.
Онда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қызметке шақырту алған достар «Не істеу керек? Екеуміздің де барғымыз жоқ. Бірақ өмір көрген ағаның ұтымды ойы біздің бұлтара тартқан бұлтағымызға ерік бермей, алды- артымызды бірдей орап, өз дегеніне қарай икемдеп әкетті» деген жолдарды келтіреді.
Ал ректор сол кезде қандай уәж айтты? Ендігі кезекті соған берейік. «Бауырым-ау, күндізгі күлкіден, түнгі ұйқыдан қалып, көз майымызды тауысып, не үшін, кім үшін еңбектеніп жүрміз? Бәріміздікі сол сан ғасыр боданда болып, ұлттық болмысынан айрыла бастаған халқымыздың Құдай көз жасын иіп, зарығып жеткен тәуелсіздігінің игілігін баянды етуге лайық білімді де білікті ұрпақ өсірсек деген мақсат емес пе! Ендеше сол ұрпақтың қалғыған санасын оятып, тарихи жадын қалпына келтірер білімді, тәрбиені өздеріңдей азаматтар бермегенде кім береді?» деген Мырзатай Жолдасбеков ақыры қос ғалымға артқа шегінуге жол қалдырмайды.
Иә, осындай азаматтардың елордаға келуіне, Астананың шын мәнінде астана атына лайық мәртебе иеленуіне Мырзатай Жолдасбековтің қосқан үлесі аз емес. Сол еңбегі ескеріліп, Астана қаласы мәслихатының шешімімен оған 2007 жылы табысты мемлекеттік және қоғамдық қызметі, Қазақстанның елордасы – Астана қаласының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы да берілген болатын. Сөз реті келгенде, ғалым өзі туған Жамбыл облысы мен Алматы қаласының құрметті азаматы екенін де айта кетейік.
АҚМОЛА АТЫН ҚАЙТАРҒАН КІМДЕР?
Шындап қарасақ, Мырзатай Жолдасбековтің Астанамен байланысы 2000 жылдан емес, сонау Целиноград кезінен-ақ басталған екен. Кеңес заманында Тың өлкесінің астанасы деген желеумен байырғы Ақмола қаласының атауы өзгертілді. Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында, ұлтымыздың қолы өз аузына жете бастаған тұста қалаға бұрынғы атауын қайтарып беру науқаны қолға алынды.
Ал бұл істің сәтті шешілуіне сол кезде билік басында болған тұлғалар Әбіш Кекілбайұлы мен Мырзатай Жолдасбеков атсалысты.
Бұл жөнінде: «1992 жылы Целиноградта құрылған «Тіл және мәдениет» қоғамының жетекшілері түгелдей жұмылып, облыс халқынан 12 мың қол жинағанбыз. Осынша ел «Ақмола аты қайтарылсын» деген ұйғарымымызға тілектес болды. Сол ұйғарымды Жоғарғы Кеңестегі Әбекеңе жеткізгенбіз. Әбекең оны сол тұста Республика вице-премьері болған Мырзекеңе көрсетіп, екеуі мәселені тез шешудің жай-жапсарын ақылдасыпты. Тізе қоса жүріп ономастика комиссиясының келісімін алған. Жоғарғы Кеңестен де шұғыл өткізіп жіберген. Сөйтіп Целиноград қаласы көзді ашып-жұмғанша,1993 жылы Ақмола болып шыға келген» деп жазады жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайыл «Тау өзені ағысынан жаңылмайды» атты мақаласында.
Ата тарихын жаңғыртқан қала
Ал 2000-шы жылдардың басында белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев:
Отырмын көңілім жайланып,
Бекіндім осы ойға анық –
Бірте-бірте Астана
Барады Мырзатайланып – деп астарында үлкен шындық жатқан шумақты жазды. Рас, Мырзатай Жолдасбеков – көзі тірісінде-ақ аңызға айналған тұлға. Соның дәлеліндей қазір жер-жерде оның есімін иеленген ошақтар ашылуда. Мәселен, екі жылдай бұрын Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Мырзатай Жолдасбековтің Мемориалдық кітап коллекциясы» залы ашылды. Оған ғалым 10 мыңға жуық жеке заттарын тапсырды. Арасында кітаптар мен кітапшалармен қоса мемориалдық экспонаттар (кәдесыйлар, портреттер, дипломдар, сертификаттар, медальдар, монеталар, т.б.), аудио, бейнематериалдар, грампластинкалар мен открыткалар бар. Ал өткен көктемде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков академиялық ұтқырлық және халықаралық байланыстар» орталығының ашылу рәсімі өтті.
Астана туралы Мырзатай
Жолдасбековтің өзі: «Жаңа астана ұмыт бола жаздаған Ата тарихымызды жаңғыртуда. Күлтегін жазуының жеткізілуі, қаланың іргесінен мыңжылдық шежіресі бар Ақжол кентінің ашылуы
рухымызды бір серпілтіп тастаса, дала даналары Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге, Кенесары ханға, Абайға орнатылған ескерткіштер жүгенсіздіктен мәңгүрттене жаздаған санамызды тазартуға тартқан асыл арнадай көрінеді… Жақсы ма, жаман ба, біраз жасқа жеттік. Соңғы жылдары тағдырым Астанаға ауды. Жас елорданың келбетінде уақыттың тынысы мен танымы, қуанышы мен реніші, арманы мен тағылымы арудың қос бұрымындай жарыса өріліп жатқанын көремін» деп айтқан еді. Біз өз тарапымыздан Астананың адамдармен ажарлануына сіздің де үлесіңіз бар, Мырзатай аға дегіміз келеді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
The post АСТАНАНЫҢ АЖАРЫН АДАМДАРЫМЕН АШТЫ appeared first on .