Quantcast
Channel: Сұхбат –Астана Ақшамы
Viewing all 202 articles
Browse latest View live

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры: АЛЛА ОҢДЫ ӘРЕКЕТКЕ БЕРЕКЕТ БЕРЕДІ

$
0
0

Жала жапқандардан қорғанып келемін

– Әлеуметтік желіде Сізді даттайтындар да, мақтайтындар да көп. Әсіресе, соңғы кезде бір жазбаны бөліскеніңізде бұл қатты байқалды. Досыңыз көп пе, жауыңыз көп пе, қалай ойлайсыз?

– Мұқағали ақын «Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем? Әйтеуір, жүрген жерім сайран кілең. Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы, Алдымда ақ дастарқан, жайған кілем» дейді ғой. Сол айтқандай, алдыма келіп «Мынауың дұрыс болмады» немесе «Мына ісің ұлтқа зиян келтірді» деп жатқан ешкім жоқ. Керісінше, көрген жерде батасын беріп, қолымды қысып, ризашылығын айтып, арқамнан қағып жатқан ел көп. Өкінішке қарай, сыртымнан кінә тағатындар – мені білмейтін, ең болмаса менімен бір кесе шәй ішіп, әңгіме айтпағандар. Сон­дықтан оларды дұшпан деп те есептеуге болмайды. Мені көрмей, білмей, болмай тұрған көңіл-күйдің әсерінен артық-кем кеткенім үшін сыртымнан «экстремист», «террорист», «радикализмді насихаттаушы» деп жатса, бұл – әділетсіздік. Ешқандай да шындыққа жанаспайды. Қазақ айтады ғой: «Біреуге ор қазба, өзің түсесің. Біреу­ге жамандық тілеме, Өзіңе жақсылық тіле!» Сондай жандарға мына насихатты айтқым келеді.

Қазақы түсінікте «әділетті дұшпан» деген ұғым бар. Қазақ «Ақымақ достан, ақылды дұшпан артық» дейді. Бұл жау іздеу емес, «позициясы, көзқарасы бөлек, алға қойған мақсаты мен мүддесі әркелкі болғандар ақылды әрі әділетті болса» дегені. Ла­йықты түрде тіресіп, жеңілсең «жеңілдім», жеңсең «жеңдім» дейсің.

Ал өтіп бара жатып тісін батырып қалып, кетіп бара жатып тасадан тас лақтырып, жұртты шулату дұшпандық емес, бәлкім, пендешіліктен болуы мүмкін. Бар болғаны, әркім өз деңгейінен хабар береді.Әлеуметтік желіге тіркелгеніме 5-6 жыл болыпты. Осы уақытқа дейін ешкімнің атына арнайы шабуыл жасап, айыптап көрмеппін. Тек қана жала жапқандардан қорғанып келемін. Мені толық танығысы келгендер, әлеуметтік желідегі жазбаларымды бағамдап, бақыласа жеткілікті.

Адамдар барды көрмейді, іздегенін көреді

– Сізді сыртыңыздан «сәлаф» дейтіндер көп. Осы тақырыпқа нүкте қоятындай жауап бере аласыз ба?
– Оған нүкте қойылмайды.
– Неге?
– Себебі мен «сәлаф» емеспін. Сәлафтар, біріншіден, исламның сонау алғашқы дәуірлерінде өмірден өтіп кеткен. Ал «сәлафиміз» деп жүргендер – өздерінің ұстанған жолын қоғаммен байланыстыра алмай жүрген адамдар. Оларға да менің ешқандай қатысым жоқ. Мен, бабаларымыз айт­қандай, әлхәмдулилла мұсылманмын. Мен псевдосәләфи да, тәркі дүние сопы да, арнайы бір табынушысы бар ағымның жолындағы адам да емеспін. Мұсылманмын. Жәй ғана зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқан жауапты тұлғамын.

Маған «сәлаф» деп жала жауып отырғандар әділетті айыптап жатқан жоқ. «Біздің қоғам кімдерді осылай айыптады?» деп қарасам, кім біреуге ұнамай қалса, соны айыптайды екен. Бұл жерде, шын мәнінде діни көзқарасы бойынша радикалды бағыт ұстанғандарды айтып отыр­ғаным жоқ. Ол түсінікті. Олардың жағдайын құзырлы органдар тексеріп, жазасын белгілей жатады. Біреулердің жүрегін ауыртатын ешнәрсе айтпаппын. Айыптайтын жалғыз жол – жала жабу. Иә, періште емеспін, менің де қателігім бар, шатасатын жерім болады. Мен ғана емес, әлеуметтік желіде отырған адамдардың көбі әртүрлі видеоларды бөліседі. Қарасаңыз, біреу Еуропадағы бір видеоны бөлісіп, бірақ, нақты қай студияда жасалғанынан хабары болмауы мүмкін.

Мәселен, мені айыптаған адамдардың өзі мемлекеттік тұтастығымыз бен ұлттық құндылығымызға қатысты қаншама пікірлерді айтып жатады. Немесе жекелеген адамдарға қатысты түрлі жағымсыз жайттарды таратады. Жығылып жатып, сүрінгенге күлетін осындай отандастарымыз жеткілікті. Менің жеке басыма «ит, шош­қа, террорист, радикалист» секілді небір сөзді айтып жүр. Міне, бұл сотқа сүйретіндей жағдай. Бірақ бір қазақ бір қазақпен дауласпаса екен. Білместікпен айтқан сөзді өткізіп жібермесем, білгенім қайда деймін.

Ең бастысы, діни, руxани ортадағылар «сәлафи» емес екенімді біледі. Дәстүрлі дінді ұстанатынымды және ата-бабаларымыздың дәстүрін, ақида тұрғысынан, фихқ тұр­ғысынан да азаматтық позициямның Конституция­ға қайшы келмейтінін Бас муфти да, имамдар да, құ­зыр­лы қызметтегілер де біледі. Талай алқалы жиындар мен еңселі есіктердің ар жағындағы небір маңызды әңгімелердің басы-қасында болғанмын. Жауапты тұлғалар ішкі-сыртқы жағдайымнан толық xабардар.

Маған қатысты осы сөзді айтатын адамдар барды көрмейді, іздегенін көреді. Өздері белгілі бір көзқарасты ұстанып алып, өзінің көзқарасына сәйкес келмейтін адамдарды айыптай бастайды. Белгілі бір топтың төңірегіне шоғыр­ланып алады да, сол топтың ішінде болмағандарды айыптаумен айналыса бастайды. Ешуақытта ашық ойымды жасырып қалмадым. «Асыл арнадағы» діни бағдарламаларда көзқарасым ашық көрінеді. Ешкімнің алдында ақталмаймын. Ақталатын нәрсем жоқ. Амал-әрекеті ашық адаммын.
– Алғаш рет халыққа қасиетті домбырамен танылдыңыз. Қазір домбырамен мүлдем көрмейміз. «Дінге бет бұрғалы, домбырадан теріс айналды» деген пікірлерді де естідік. Бұл қаншалықты шындық?

– Мені жалпы сахнадан жоғалтып алдыңыздар. Айтыс өнерінен ең бір жарқырап, жолым болып тұрған кезде кеттім. «Дінді ұстанғаннан айтыстан кетті», «домбыраны харам деді» деу қате. Себебі үлкен сахнамен қоштасқаныммен, кішігірім отырыстарда, жақын-жуықтарымның, құда-жекжаттарымның ортасында қай кезде де домбырамды қолыма алып, арнау-термелерімді орындап жүрген адаммын.

Рухани саламыздың қақпағы ашық тұрған тұстары көп болды

– Ертеректе дінге байланысты кез келген мәселеге құрметпен қарайтын халық бұл күндері күдіктеніп, қауіптенетін халге жетті. Қоғамдағы исламофобияны айтамын…
– Осыдан жиырма жыл бұрын діндар адам бір үйге кіріп намаз оқимын десе, жайнамазын туралап, құманын дайындап, әулие кіріп келгендей күтетін. Қазір туыс­тардың немесе құдалардың арасында намазхан адам болса күдіктенеді. Әрине, қоғамда ерсілі-қарсылы, дұрысы бар, бұрысы бар ақпарат жүріп жатыр. Біреулер шын мағынасында жұртты сақтандырғысы келіп, ақпарат таратады. Біреулер жәй әңгіме болсын деп әйтеуір, айтады. Діннен шошытқысы кеп, қорқытушылар да жоқ емес. «Асыл арнада» да дау-дамай тудыратын мәселелерден қашамыз. Әсіресе, хиджап, сақал мәселесіне келгенде аулақтау жүреміз. Себебі бұл мәселелер қоғамды үрейлендіріп, тұтас тұрған қоғамға сызат түсіргеннен басқа ешнәрсеге алып келмейді. Даулы мәселеге қадам басқымыз келмейтіні де сол.

Біз жаңадан мемлекет болып құрылдық. Алғашқы кезде экономикамызды түзейміз дедік. Рухани сала­мыз­дың қақпағы ашық қал­ған тұстары көп болды. Сол кездері қай баламыздың қайда оқуға кетіп жатқанына, рухани бағыттың бастаушылары кімдер екеніне аса мән бермедік. Мәселе осыдан басталды. Кейін есімізді жидық. Әлемде терроризм қаупі мен үрейді тудыратын қауіпті жарылыс­тар мен сорақы оқиғалар орын алды. Ол ақпараттар күндіз-түні әлемдік телеарналардан нөсерше құйылып тұрды. Қарап отырып-ақ зәреміз ұшты. Жұрттың бәрі алды-артын өлшейтін, терең адамдар емес. Көргеніне сенеді. Жарылыс­ты кімдер жасады? «Орамал таққандар. Сақалдылар» деген пікір қалыптасты. Сондықтан көшеде сақал қойғандар кім көрінгенді жарып жіберетіндей, бірдеңені бүлдіретіндей жұрт үрейленетін болды. Әлемдегі исламофобия­ны негізінен қалыптастырып отырған бұқаралық ақпарат құралдары. Төртінші билік тек қана ізгі ниетті адам­дардың қолында емес қой. Әртүрлі пиғылдағы, саяси бағыттағы, экономикалық талас-тартыстағы топтардың қолында. Олар өздерінің саяси-әлеуметтік, қаржылық-­экономикалық мақсаттарын жүзеге асыру үшін дінді де, діни құндылықты да құрбандыққа шала салады.

Tүйткіл бар, бірақ мемлекет бақылап отыр

– Бізде жат ағымның жетегіне кеткендердің бары жасырын емес. Қарапайым қазақтың ұл-қыздарын сонау Таяу Шығысқа жетектейтін қандай күш? Не себепті мұсылман мұсылманның наласына қалуда?

– Бұл әлемдік жаман үр­діске айналды. Кез келген жерге тамақтың қоқымы түссе, жиналған көк шыбын қайдан келді деп сұрай алмайсыз, өздері тауып келеді. Сол сияқты бүлік болса, бүлікқұмар адамдар оны тауып алады. Біздің қауым ішінде дін ұстанушы болсын, болмасын бүлікқұмар, ұрысқұмар, мәмілеге келіскісі келмейтін, қыңырайып қисық жүретін адамдар қай уақытта да бола береді. Әсіресе, діни қажеттіліктерге мемлекет жағдай жасап, мешіттер ашы­лып, діннің мүмкінші­лігі көбейген сайын ондай адам­дардың да дін арқылы, мұсылманшылық арқылы адасушылықтары ашылып жатады. Бұл адамдар діни ортаға келмесе де «проблемный» адамдар болатын еді.

Діни құлшылыққа кеп, қате жолды ұстап, қайғы-қасірет шегіп жатқандарды жақсылап зерттесе, көпшілігі діни ортаға келмей тұрып та мектепте, отбасылық өмірде жұрттың мазасын алған, мәмілесі жоқ жандар болғаны анықталар еді. Ол адам иманға келгеннен кейін дінді дұрыс ұстанайын деп емес, елден өзгеше болайын деп, діннің ішінен де сытылып шығып кететін тесік іздеп жүргенде осындай теріс әрекеттерге барады. Адамның болмысы қызық қой. Өткен дәуірдің өзінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманынан ұзамай-ақ тікелей Алладан келіп жатқан хабардың қайнарынан ішіп тұрып, адасып кеткен xауариждік жолдағы адамдар болған. Қате жол таңдап, қайғы-қасіреттен өткендер болды. Ал енді біздің онсыз да ми батпаққа малтығып, ши қотыры шыққан, рухани құндылықтарымыз құрдымға кетіп жатқан дәуірімізде бұлай адасу өкінішке қарай, заңдылыққа айналып отыр.

Бір нәрсені айта кету керек, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылуы мемлекеттің дінге қаншалықты алаңдап жатқанын, адамдардың діни-рухани құндылықтарын қалпына келтіру үшін, тұтастықта, тыныштықта өмір сүруі үшін орасан жұмыстар жасалып жатқанын көрсетеді. Жат идея­лардың кіріп кетуінің алдын алу, діни мәселемен жүйелі түрде айналысатын органның болуы – қазіргі уақытта жетістік. Салыстыр­малы түрде алғанда біздің жағдай тұрақты әрі қалыпты. Түйткіл бар, бірақ мемлекет бақылап отыр. Біз басқа мемлекеттер секілді есік-терезесін жауып алған ел емеспіз, азаматтық ашық қоғамда өмір сүреміз. Адамдардың діни құқықтарын орындауға мем­­лекет мүмкіншілік жасап отыр. Біреу қисық жолға, біреу дұрыс жолға түседі. Сол қисық жолға түскендерді түзету, ағарту, қауіп төндіретіндерді жазалау – мемлекет мойнындағы шаруа.

– Ислам – ғылым мен бі­лімнің діні. Алайда жаңа инновациялық жетістіктерді бидғатқа балауына байланысты мұсылман әлемі бұл салада қазір артта қалған секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Ислам әрдайым ғылымның дамуын қолдаған. Ең жақсы мұсылман – көпке пайдасы тиген адам. Ең жаман мұсылман – қолымен де, тілімен де зиян беретін мұсылман. Мұсылман құлшылығының екі түрі болады. Бірі – діни, екіншісі – дүнияуи құлшылық. Діни иманның шарты – бес парыз. Ал дүнияуи құлшылық – өз-өзіне пайда әкелетін сауапты істер. Оған бала-шағаңды адалдан асыраудан бастап, адамзатты зұлымдық пен жамандықтан құтқаруға дейінгі шаруалар жатады.

Үйрене жүріп, үйреттік

– Өзіңіз басқаратын «Асыл арна» телеарнасының құ­рыл­ғанына да он жыл толады. Осы уақыт аралығында халықтың үдесінен шық­тыңыздар ма? Жеткен же­тіс­тіктеріңіз, қателескен тұстарыңыз қайсы?
– Орталық Азияда тұңғыш рет осындай арнаның ашы­луы Қазақстандағы рухани кеңістіктің мүмкіншілігін көрсетеді. Екіншіден, зайырлы қоғамдағы көптеген демократиялық принциптерге мүмкіндік туғыздық. Үшіншіден, «Асыл арна» сияқты дінді, мәдениетті, руханиятты насихаттайтын арна қазақ халқының пейілін көрсетеді. Басында коммерциялық арна болсақ, қазір республикалық деңгейге көтерілдік. Бұл – халықтың қажеттілігі. Сол қажеттілікті мемлекеттің өтеп жатқандығының бір көрінісі деп те айтуға болады.

Алғашқы кезде мұндай арнаның елімізде баламасы болмағандықтан, көптеген шалағайлыққа, білместікке, тәжірибесіздікке бой алдыр­дық. Тіпті, ата-аналар орамал таққызып, ұзын көйлек кигізіп әкелген кішкентай 5-6 жастағы балаларға хадис айт­қызып қойдық. Қызық болатын шығар деп ойлағанбыз ғой. Енді соны қазір ойлап қарасақ, керісінше, дұрыс емес екен. Алғашқы кезде Иорданияның, Индонезия­ның немесе Түркияның кез келген дайын деректі фильм­дерін аударып, көрсете беретін едік. Кейіннен ол дүниелер бізге келе ме, келмей ме сол мәселелерді сұрыптап, сараптайтын болдық. Қол жеткізген үлкен дүниеміздің бірі – рухани тақырыпқа маманданған кәсіби журналистердің легін қалыптас­тырдық. Кішігірім инс­титут жұмысын атқардық. Әлемдік телеарналармен байланыс орнатып, тәжірибе алмас­тық. Үйрене жүріп, үйреттік. Үйретіп жүріп, үйрендік. Қазақстанның рухани кеңістігіне қандай бағдарламалардың аса қажет екенін, не ұсыну керек екенін ұзақ уақыт зерттедік, зерделедік. Қоғам қайраткерлерімен, діни басқармамен, қарапайым халықпен ақылдаса отырып, пікірлерін ескеріп, қоян-қолтық жұмыс жасап, аса қажетті бағдарламалардың тізімін жасай алатындай жолға түстік. Телеарна жанынан киноөндіріспен айналысатын компания аштық. Ұлттық дәстүр-салтымызға, қарапайым қазақы тіршілігімізге негізделген, кино және сериалдарды түсіруді қолға алдық. Анимациялық топ құрдық.

– Жақында ғана байқадым, «Асыл арна» басқа телеарналарға қарағанда әлеуметтік желіде алда тұр және сіздің де есіміңіз клоут жүйесінде бірінші орында. «Фейсбук» желісінде БАҚ өкілі ретінде де алғаш­қы орында тұрсыз. Бұл нені білдіреді?

– Меніңше, мұндай нәтиженің екі негізгі себебі бар. Алдымен, «Асыл арна» өзінің он жылдық тарихында діни арнадан отбасылық-рухани арнаға дейін трансформацияға түсті. «Асыл арна» қазір – ұл-қызыңмен ұялмай отырып көретін, нағыз отбасылық арнаға айналды. Діни контенттің үлесі жалпы хабардың бестен бірінен аспайды. Оның өзі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының білікті мамандарының қатысуымен, имамдардың араласуымен, қазақы ортаға лайықталған түрде жасалуда. Сонымен қатар, бұл ел тарапынан осындай форматтағы медиаға сұраныстың бір өлшемі сияқты.

Екіншіден, «Асыл арнаның» әлеуметтік желідегі аккаунттары болсын, өзімнің парақшаларым болсын, жылылық пен мейі­рімге шақыратын контентті көп бөлісеміз. Кей жұрттың жазғандарын қарап отырсаң, жазбасы да – негатив, жазбаға жазылған комментарийлер де ашу, ыза, жек көруден, жамандау, жала жабудан тұрып жатады. Шындығында, негативті ақпараттың тасқыны жойқын боп тұрған тұста, адамдардың мейірімге, жақсылыққа шақыратын, жүрегіне тыныштық ұялатар дүниелерге мұқтаждығы артуда. Себебі үнемі негатив оқып, оған лайк басып, негатив жаза беру адамды шаршатады. Осы тұрғыдан, біз халқымыздың рухани тазалыққа деген талпынысын дөп басуға тырысудамыз.

Бір сөзбен айтқанда, ел «Асыл арнадан», менің парақшамнан позитивті дүниелерді көруге, оқуға және соған жылы пікірлерін айтуға келеді.
Аллаға шүкір, Елбасымыз бар, мемлекеттік рәмізде­ріміз бар, шекарамыз бар. Бір-бірімізге деген пендеші­лігімізге кеңдікпен қарап, реті келсе дұрыс көзқарас қалыптастыратындай жақсы жағымызды көрсетуге тырысуымыз керек. Алла әрбір оңды әрекетке берекетін береді. Берекесі кірген істің нәтижесі де қомақты болады.

Сұхбаттасқан: Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

The post Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры: АЛЛА ОҢДЫ ӘРЕКЕТКЕ БЕРЕКЕТ БЕРЕДІ appeared first on Астана Ақшамы.


Еркін ҚАСЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ОРЫС ТЕАТРЛАРЫНДА ҚАЗАҚ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ҚОЙЫЛУЫ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ТАЛАБЫ

$
0
0

Қазақстандағы алғашқы театрлардың бірі, бір ғасырдан астам тарихы бар Астанадағы М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры. Осында 1943 жылы қазақ бөлімі ашылып, жұмыс істеді. Сол жылдары Ғ. Мұстафиннің пьесасы бойынша «Жарыс» қойылымы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Алдар көсе» спектакльдері сахналанып, академик Тұрсынбек Кәкішев бозбала шағында осы театрда аздаған уақыт актер болды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында бұл сахнадан И.Ғайыптың «Шыңғыс хан», М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының желісімен сахна саңлағы Ә.Мәмбетов қойған «Ерте ояндым. Ойландым…», «Хан Кене» қойылымдары көрермендерге жол тартты. Қазіргі күндері де театр репертуарында ұлттық спектакльдер біршама кездеседі. Горький атындағы өнер ұжымына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қасеновтің басшылық етіп келе жатқанына биыл он жыл толды. Ол осы қызметке келгелі театр академиялық атаққа ие болып, Ресей мен ТМД елдеріне ғана емес, Азия мен Еуропаға өнерімен танылды. Театр директоры-көркемдік жетекшісімен біз «қас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» (Ғ. Мүсірепов) туралы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен міндеттер жөнінде сұхбаттастық.

САНАҒА СӘУЛЕ ТҮСІРЕТІН ӨНЕР

– Еркін Тілеуғазыұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын оқып, көкейіңізге не түйдіңіз? Ел үшін бұл мақаланың маңызы қандай деп ойлайсыз?
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бағдарламалардың ішінде «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы бұрынғылардан асып кетпесе, әсте кем емес. Бұл халық жаңа тыныспен болашаққа қадам басу үшін жазылған, ұлттық рухты көтеретін бағдарлама.

Мұның алғышарты негізінен ертерек жасалған. Олай болмаса, Қазақ хандығының 550 жылдығын неге атап өттік? Мұның астарында үлкен саясат, үлкен рухани күш жатыр. Яғни, халыққа рух беру, сол арқылы елді күшейту көзделуде. Көптеген мемлекеттің қоғамдық даму тәжірибесі кез келген елдің ұлылығы аумағының көлемімен, қазба байлығымен немесе қарулы күштерінің қуатымен ғана емес, мәдениеті, білімі және халықтың шығармашылықбелсенділігімен айқындалатынын көрсетті. Мәдениет прогрестің қозғаушы күші, қоғамдық дамудың локомотиві ретінде қоғамда жетекші орынға шықты. Тіл, мәдениеттің тұтастығы, соның ішінде театр саяси қызығушылық пен саяси жағдайдан тыс халықты біріктіретін күшке ие.

– Ендеше, театр өнерінің рухани жаңғыру үдерісіндегі салмағы қандай? Оның қоғамымызда алатын рөліне тоқталсаңыз.
– Биыл «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Астанада облыстардың мәдени күндері өтіп жатқанын білесіздер. Соның арқасында бүкіл аймақтардың театрлары елордаға келіп, қойылымдарын көрсетіп жатыр. Бұл спектакльдер халыққа тегін көрсетілуде. Көрер­мен де залдарды толтыруда. Алдын ала біз Астана сахнасына қойылуға лайық деген қойылымдарды іріктеп алдық.

Жыл басынан бері бас қалада халықаралық, дүниежүзілік, республикалық деңгейдегі төрт-бес театр фестивалі ұйымдастырылды. Бұл күндері де Қайрат Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің форум-фестивалі өтіп жатыр. Жуық арада Әшірбек Сығай атындағы фестиваль шымылдығын түреді. Қазір Астанаға халықаралық деңгейдегі сарапшылар да көптеп келуде. Бұрын бұл үдеріс баяу жүріп, тек Қазақстанның, әрі кетсе Ресейдің театр сыншыларымен шектелетінбіз. Бүгіндері Польша, Англия, Германия, Грузия сынды Еуропа мемлекеттерінен, Азиядан келетін сарапшылардың театрларымызға қызығушылығы оянды. Олар өнер ұжымдарымызды өздерінің театрларымен салыстырып, баға береді. Тек баға беріп қоймай, өз елдеріне шақырады. Осының бәрі рухани жаңғыруға өз үлесін қосады.

Театрдағы кез келген қойылым, ол әлемдік классика бола ма, отандық классика бола ма, әр көрерменді белгілі бір ойға жетелейді. Жаңғыру деген сол. Адамның санасына спектакльден кейін сәуле түседі. Орыс тілінде «храм искусства» деген жақсы теңеу бар. Театрға бір сөзбен осындай анықтама беруге болады. Яғни, мешітке барғандағы әсермен тең.

– Тазарғың келсе, театрға бар дегіңіз келіп отыр ғой…
– Иә, дәл солай. Қазақ «таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деп жатады. Әлемдік классиканы алсаңыздар, Шекспирдің, Кунидің шығармалары, орыс әдебиетінде Гогольдің, өзіміздің Мұхтар Әуезовтің туындылары, жалпы кез келген классиктің шығармасы сандаған жылдардың сынына төтеп беріп, қоғамның қалыптасуына ықпалын тигізді. Классика деп аталуының сыры да осында. Сахнада жүріп жатқан спектакльде махаббат туралы немесе зұлымдық жөнінде сөз қозғалса да, жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратып, көрерменнің көзін ашады. Кейбір келеңсіз көріністердің алдын алады. Адамның іштей түлеуіне жол ашады.

Мысалы, репертуарымыз­дағы Оралхан Бөкейдің «Атау кересін» алайық. Қойылым ұлттық тұтастық пен бірлікті насихаттай отырып, қоғамдағы қасіретті, ұлттық рухтан ажыраған бүтін бір ұрпақтың құрдымға кетіп бара жатқанын суреттейді. Оны көріп отырып, тебіренбеу мүмкін емес.

ҰЛТШЫЛ ДЕГЕН СӨЗДЕН ҚОРҚУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

– Шынын айту керек, өзіңіз басқарып отырған өнер ордасынан өзге этностық театрлар қазақ ұлттық қойылымдарына жолай қоймайды. Ал сіздер үнемі осындай спектакльдерді қойып жатасыз­дар. Осыған өз басым сізге ризамын. Горькийліктердің репертуарындағы ұлттық спектакльдер туралы әңгімелесеңіз.
– Сөзімнің басында Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы бекерден-бекер әңгіме қозғамадым. Бұл елдік мерекеге орай өнер саласында қаншама керемет жобалар жасалды. Соның ішінде біз Болат Жандарбеков шығармасының инсценировкасын жасап, «Томирис – сақтар патшайымы» спектаклін қойдық. Оның алдында Рақымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтанын» сахналадық. Сонда алдымен «бұл қойылымдар халыққа не береді? Осы спектакльдердің көрермендері кімдер? Олар өздеріне не алып шығады?» деп ойланамыз.

«Алпамысты» эпос тілінен прозаға Ақселеу Сейдімбек аударды. Ал операға Еркеғали Рахмадиев түсірді. Мен оның инсценировкасын жасатып, сахнаға лайықтадым. Қазір бұл спектакль «Аманат» атымен театрымызда жүреді. Біздің көрермендердің 60-70 пайызы қазақ жастары екенін айту керек. Астанада орыс тілді аудитория әлі де баршылық. Солардың көпшілігі – өзіміздің қазақтар.

Жалпы, орыс театрларында қазақ шығармаларының қойылуы – бүгінгі күннің талабы, өмірдің заңдылығы. Егер өзге республикалық этностық театрларында ұлттық туындылар аз қойылып жатса, ол олардың заман ағымынан кейін қалуы деп ойлаймын.

Көлденең көк атты театрды басқара алмайды. Театрдың ішінен шықпаған адам оның организмін түсінбейді. Наполеонның кезінде «маған театрдан гөрі әскерді басқару оңай» деп айтқаны бар.

– Тәуелсіздік халықтың санасына бір серпіліс әкеліп, сол жылдары ұлттың рухы көтеріліп қалды. Қазір сол рух бәсең тартқан сияқты. Бәлкім мемлекеттік органдар жұмысты тиісті деңгейде атқармай отырған шығар, қалай ойлайсыз?

– Мен өзім мемлекеттік тіл саласында, Өмірзақ Айтбаев, Әбдуәли Қайдаров сынды тіл қайраткерлерімен жұмыс істедім. Өнер университетінде оқығанда Асқар Тоқпановтың әңгімелерін естідім. Егемендіктің алғашқы жылдары «Қазақ тілі» қоғамы үлкен жұмыс атқарды. Бұл ұйым Мемлекеттік тіл комитеті құрылуы керек деген бастама көтерді. Ал қазір Тіл комитеті формальді түрде ғана жұмыс істеп отыр. Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының жұмысына да көңілім толмайды. Кезінде бұл басқарманы Оразкүл Асанғазы басқарғанда жұмыс қалай жүрді?! Оны ешкім желкелеген жоқ, сол кісінің оттылығы, бойындағы ұлттық рухының биіктігінің арқасында Астанадағы көшелер біраз қазақыланды, қаланың рухани бағыты да айқындалды. Қазір соның бәрі құрдымға кеткендей. Бізге бүгіндері кейбір мемлекеттік органдардан орыс тілінде хаттар келіп жатыр. Ал мен бірде бір мемлекеттік бланкіге осы тілде хат жазбаймын. Басқарма «ана жерде немесе мына жерде мемлекеттік тіл курстарын оқытып жатырмыз» деген құр есеппен шектелуде.

Мінберге шығып, айғайлаңдар демеймін. Басқа да жолдарды тауып, үндемей жүріп бар істі тындыруға болады. Мысалы, мен осы театрға қызметке келгенде «Театральная касса» дейтін жазуға көзім түсті. Қазақшасы жоқ екен. Бізде заң бойынша бәрі екі тілде, қазақша, орысша болуы тиіс. Мен «Театр кассасы» деп өзгертуге пәрмен бердім. Соны түсінбей, қарсы шыққандар да табылды. Мен: «Екі рет жазудың не керегі бар? Ақымаққа да түсінікті сөз» деп түсіндірдім. Сол жазу қазір тұр, ешкім басымды алған жоқ. Негізі жақсылап жеткізсең, елдің бәрі де түсінеді.

Қазір ұлтшыл деген сөзден қорқудың қажеті жоқ. Ұлтшылдық көшеге шығып алып, кездескен адамды сабай беру емес қой. Бұл ұлтыңды сүю, сыйлау, мемлекеттің заңдарын құрметтеу деген сөз. Сондықтан қандай ұлттық шығарма қойып жатсам да, ұжымым оны түсінеді. Түсінбесе, жақсылап жеткізем. Қандай қоғамда да кертартпа адамдар болады. Тек тілге байланысты емес, кез келген саладағы жаңалықтарды жақтайтындар да, соған қарсы шығатындар да табылады.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы шақыртумен Венгрияға барып, Рақымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтанын» қойдыңыз. Спектакль аншлагпен өтті деп естідік. Осы туралы әңгіме өрбітсеңіз.
– Бұрын Венгрияның Қазақстандағы елшісі Имре Ласлоцки деген кісі болды. Сол кісі бізге келіп, «Бейбарыс Сұлтанды» көргеннен кейін сол елге баруға мүмкіндік жасады. Елшінің жары орыс тілінің маманы екен, пьесаны венгр тіліне аударды. Ол жақ бізді мемлекеттік деңгейде қабылдады. Венгрияның мемлекеттік хатшысының, Қазақстанның сол елдегі елшісінің қабылдауында болдық. Сол уақытта Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл толып жатқан. Біз спектакль қойып қана кетпедік. Ұлттық киімдерден көрме өткізіп, бұл костюмдерді Карцаг қаласының музейіне сыйға тарттық. Актерлердің бәріне әнұран жаттатқыздым. Олар қойылым аяқталған соң Қазақстан туын алып шығып, әнұранды айтты. Оны айтқанда зал тік тұрды. Сөйтсем, Будапештте оқитын бүкіл қазақ студенттері жиналған екен.

– Қазір М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының қойылымдарына сұраныс қаншалықты болып жатыр?
– Жуырда бізді Сербияға шақырды. Қыркүйектің аяғында, қазанның басында сол елге аттанамыз ба деп отырмыз. Біз декорациямызды жеткізе алмаймыз дегеннен кейін олар оны өздері дайындайтын болды. Әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой, декорацияның түрін, көлемін оларға жіберіп қойдық, арғы жағын өздері көтеруде.

Біздің репертуарымызда Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» атты спектакль бар. Қазақтың біраз театрларында бұл қойылым сахналанды. Орыс театрларының арасында біз ғана қойдық. Бұған көрермендердің сұранысы өте жоғары. Беларусь елінің Қазақстандағы елшісі бұл спектакльді көріп, көзіне жас алғаны да бар. Уфаға да алып бардым осы қойылымды. Маған олар «осы жерде үш рет қойсаңыздар да зал лық толады» деп айтты. Сұранысты осыдан-ақ бағамдай беріңіз.

ТЕАТР – ЕРЕКШЕ ОРГАНИЗМ

– Бір басқосуда сіз Болат Жандарбековтің шығармасынан бұрын Таласбек Әсемқұловтың «Тұмар падишасын» сахналамақ болғаныңызды айтқансыз…
– Таласбек өте білімді, патриот, жан-жақты тұлға еді ғой. Біз екеуіміз дос болдық. Оның үстіне жерлеспіз, қанымыз бір бірімізге тартып тұратын. Ол спектакльдерімізді келіп көріп тұрушы еді. «Тұмар падишасын» театрымызда сахналаймыз деп келіскен де едік. Алайда ол дүниеден өтіп кетті. Содан сценарийді дайындап берші деп зайыбы Зираға шықтым. Бірақ оның қолы тимеді ғой деймін. Маған шұғыл қою керек болған соң екі-үш нұсқасын қарадым. Негізінен «Тұмар падиша» жөнінде Шота Уәлихановтың да жазғаны бар. Содан Болат Жандарбековтің шығармасын таңдауға тура келді.
– Қазір Қазақстанда драматургия жоқ деп жатады. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Рас, бұл күндері драматургиямыз әлсіз. Мәселен, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына шетелдерде гран-при алып беріп жүрген «Шие» спектаклі кімдікі? Антон Чеховтікі. «Жастар» театрының өзге елдерде танылған «Асауға тұсауы» Шекспирдікі. Жергілікті драматургтеріміз неге танылмайды? Оларды кім шектеп отыр? Біз алып жатырмыз, біздің драматургияны неге өзгелер алмайды? Мәселен, театрымыз якутиялық Софья Баранова-Сергучованың «Ояну» атты треш-драмасын қойды. Шыны керек, еліміздің театрларын қазір әлемдік классика ұстап тұр. Сосын Мұхтар Әуезов сияқты авторлардың шығармаларын сценографиясын, инсценировкасын жасап шығарып жатыр.
– Таяуда газетімізде Қуандық Қасымовтың сұхбаты шықты. Ол кісі театр директоры мен көркемдік жетекшісі бір адам болуы керек деген пікірде. Алайда қазір заң екі қызметті бөліп тастады. Сіз оған қалай қарайсыз?
– Қуандыктікі өте дұрыс. Өзі қазіргі театр саласында Қуандық Қасымов, Асхат Маемиров, Гүлсина Мирғалиева сынды спектакльдерді сахналап жүрген жақсы, белсенді режиссерлеріміз бар. Өзі бүгіндері осы үш-төрт-ақ адам көзге түсіп, театр өнерін өрге сүйреп жүр. Мен байқамаған шығармын, мүмкін тағы бар шығар. Мәселен, біздегі «Томирис – сақтар патшайымын» Гүлсина алып шыға білді.

Негізінен театр – ерекше организм. Мұнда ұжым бір-біріне байлаулы, актерлер сахнадағы серігіне тәуелді. Мәселен, суретші өзінің қылқаламымен не салғысы келсе, сала береді.

Қазір Астанаға халықаралық деңгейдегі сарапшылар да көптеп келуде. Бұрын бұл үдеріс баяу жүріп, тек Қазақстанның, әрі кетсе Ресейдің театр сыншыларымен шектелетінбіз. Бүгіндері Польша, Англия, Германия, Грузия сынды Еуропа мемлекеттерінен, Азиядан келетін сарапшылардың театрларымызға қызығушылығы оянды. Олар өнер ұжымдарымызды өздерінің театрларымен салыстырып, баға береді. Тек баға беріп қоймай, өз елдеріне шақырады. Осының бәрі рухани жаңғыруға өз үлесін қосады.

– Суретшіге ансамбль керегі жоқ дейсіз ғой.
– Иә, суретші қанша бояу сатып алады өзі біледі. Сосын картинасын іліп қояды. Біреуі шедевр деп бағалауы мүмкін, біреуі тіпті елемей кетуі де ықтимал. Музыканы жеке аспапта орындайтындар да солай. Ал театр өнерінде мүлде бөлек. Басты рөлді сомдайтындар бар, екінші-үшінші құрамда ойнайтындар бар, эпизодта ғана шығатындар, «Ассалаумағалейкум!» деп табақты алып шығуға ғана жарайтын, өмір бойы сонымен өтетіндер бар.

Театрда шығармашылық үдерісті реттеп отыратын, ұжымдағы қызғаншақтық сияқты зиянды вирустарды жоятын, бір сөзбен айтқанда, организм жұмысын қалпына келтіретін – көркемдік жетекші. Тікелей актерлермен жұмыс істей отырып, театр шаруашылығын алып кету оңай емес. Талас осы жерде басталады. Директордың қолында белгілі бір деңгейде билік, ресурстар болады. Мәселен, қаржы дейік. Ал көркемдік жетекшіде актерлердің ортасында абырой бар делік. Осыдан қайшылықтар туады. Көлденең көк атты театрды басқара алмайды. Театрдың ішінен шықпаған адам оның организмін түсінбейді. Наполеонның кезінде «маған театрдан гөрі әскерді басқару оңай» деп айтқаны бар.

– Театрдың қос ғимараты «Киелі Астана» картасына енгізілді. Бұл бойынша әрі қарай қандай жұмыстар атқарылатынын білгіміз келіп отыр.
– Биыл театрдың қасбеті жөнделді. Сол үшін қала әкімдігіне рақмет айтамын. Қазір ғимараттың сыртқы көрінісі үшін ұялмайтын болдық. Сыртқы бояуды қолданғанда да ғимараттың тарихи түсін сақтадық. Енді күрделі жөндеуді күтіп отырмыз. Іші қазіргі заманға сай техникалық тұрғыдан жабдықталып, сахна механизмдері, жарық, дыбыс техникалары жаңартылса деген тілегіміз бар.

Бір мысал айтайын, осыдан 7-8 жыл бұрын мен Литвадан белгілі режиссер Йонас Вайткусты шақырдым. Ол бізде Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклін қоямын деп келісті. Композитор музыка жазды. Суретші сценография жасады. Йонас келіп сахнамызды, техникалық мүмкіндіктерді көріп, менен кешірім сұрады. Оның айтуынша, өзінің идеясы бойынша отыз-қырық адам жұмыс істеу керек болды. Алайда театрымыздың оған жағдайы келмеді. Бейбітшілік және келісім сарайында, қазіргі «Жастар» театрының ғимаратында қойғызайын деп ойладым. Бірақ ол бір реттік спектакльге айналатын болған соң қажеті жоқ деп шештім.
– Біз бұл спектакльді М.Әуе­зов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры актерлерінің сомдауында көрдік. Таяуда Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры да осы қойылыммен Астанаға келген еді…
– Мұхтар Әуезов театрына бұл спектакльді сыйлаған мен едім. Қойылым күйіп кетудің алдында тұрды. Еркін Жуасбек ол уақытта «әкемтеатрдың» директоры болатын. Ол маған алдында: «Ереке, жан-жаққа шығып жүрсіз, маған бір жақсы режиссер тауып бересіз бе?» деген өтінішпен шыққан еді. Соған өзімнің жобамды тарту еттім. Йонас Вайткус, композитор, суретші «Қорқытты» Алматыға барып қойды. Ол халықаралық деңгейдегі үлкен спектакль болып шықты. Әуезов театры мұны Қазанға апарып, жүлде алды. Аталмыш театрдың репертуарындағы шоқтығы биік қойылымдардың бірі де қазір осы спектакль болып отыр.

Ал бізде Йонас оның есесіне Анна Яблонскаяның «Язычники» спектаклін қойды. Онда да менің өтінішіммен. Бұл қойылымда бәлендей бір күрделілік жоқ, оқиға сахнада отыратын сегіз кейіпкердің айналасында өрбиді. Бірақ біздегі ең мықты спектакльдердің бірі қазір осы боп тұр. Оны Беларуське, Ресейге апардық. Қазір Германияға осы спектакльмен шақырып жатыр.

– Ақтарыла айтқан әңгімеңізге рақмет! Театрдың шығармашылық табыстары көп бола берсін!

Сұхбаттасқан:
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

The post Еркін ҚАСЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ОРЫС ТЕАТРЛАРЫНДА ҚАЗАҚ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ҚОЙЫЛУЫ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ТАЛАБЫ appeared first on Астана Ақшамы.

Мәжит Шайдаров, Астана қаласы мәслихатының депутаты, Астана медицина университетінің ректоры: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ҰЛТТЫҢ САЛАУАТТЫ БОЛАШАҒЫНА ЖАУАПТЫ

$
0
0

– Мәжит Зейноллаұлы, Сіз – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі республикалық ақпараттық-үгіт-насихат штабының Ақмола облысы бойынша жетекшісісіз. Осы міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің ұтымды тұстарына тоқталып өтсеңіз. Жаңа медициналық сақтандыру жүйесі не береді?
– Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу емді барлығына қолжетімді етеді. Таңдау бо­йынша кез келген мемлекеттік немесе жеке клиникадан медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Дәрігердің қабылдауынан бастап терең зерттеу және қымбат операцияларға дейінгі барлық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында болады. Олардың шығындары қор есебінен төленеді. Екіншіден, сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі бар. Қор медициналық ұйымдарға қатаң іріктеу жүргізеді. Әрбір клиника жоғары сапалы көмек көрсетуге ынталы болады. Өйткені қор сапалы медициналық қызмет ұсынғаны үшін ғана ауруханалар мен емханаларға ақша төлейді және олардың көрсеткен қызметін бақылайды. Үшіншіден, азамат мемлекет белгілеген аурулардың түрлері бойынша тегін дәрі-дәрмек алу құқығына ие болады. Бұл дәрі-дәрмектерді олардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздің барлық дәріханаларынан алуға болады. Қор дәріхана қызметін өтеуді өз мойнына алады.

– Елбасының бастамасымен «Денсаулық» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама еліміздің денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған. Соның басты бір бағыты маман даярлау және медициналық білімді жетілдіруге арналған. Бұған өзіңіз басшылық етіп отырған оқу орны қалай атсалысуда?
– Дұрыс айтасыз, бұл бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі – медициналық білім беруді жаңғырту. Осы бағдарлама аясында барлық медициналық жоғары оқу орындары шетелдік жетекші оқу орындары арасындағы стратегиялық серіктестік бойынша жұмысты бастап кетті. Астана медицина университетінің серіктесі – Еуропаның және әлемнің ең үлкен және озық университеттерінің бірі Римнің Ла Сапиенца университеті.
Біздің стратегиялық серіктес­пен жұмысымыздың негізгі басымдықтары корпоративтік басқаруды дамыту, неврология, анестезиология, қоғамдық денсаулық сақтау сынды сұранысқа ие мамандықтардың білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылыми зерттеулерді басқару, жеке университет клиникасын дамыту болып табылады. Бүгінде біздің университет оқытудың барлық деңгейінің білім беру бағдарламаларын халықаралық, ұлттық, институционалдық және арнайы аккредитациялау рәсімдерінен өтті.

Жалпылай алғанда, медициналық білім беруді жаңғырту бойынша алға қойылған стратегиялық жоспарлар мен бағыттарды жүзеге асыру сұранысқа ие мамандарды шығаруға және аналардың өлім-жітімі көрсеткішін 2009 жылғы көрсеткіштен 3 есеге төмендету, балалардың өлім-жітімі көрсеткішін 2009 жылғы көрсеткіштен 3 есеге төмендету, Қазақстан Республикасы халқының жалпы өлім-жітім көрсеткішін 2010 жылғы көрсеткіштен 30 пайызға төмендету сынды мақсатты көрсеткіштерге қолжеткізуге мүмкіндік береді.

– Бүгінгі жаһандану дәуірінде әлемдік бәсеке мен тартысқа төтеп беріп, жеңіске жету үшін жоғары білімді ұлт қалыптастыру керек. Басқаша біз әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосыла алмайтынымыз анық. Қалай ойлайсыз, осы білімге құштарлық біздің жастарымыздың бойынан табыла ма?
– Білім беру қызметтерін көрсете отырып, біздің университет сапалы білім беруді қамтамасыз етуді басым бағыт деп санайды, себебі медицина және денсаулық сақтау саласы ұлттың салауатты болашағына жауапты.

Жастардан талап ететініміз – тек терең білім. Егер басты қажет нәрсе – білімге деген құштарлық болмаса, ештеңе де, ешкім де, тіпті ең озық білім беру жүйесі, тіпті шебер ұстаз да жастарды ештеңеге үйрете алмайды. Табысты адам дегеніміз – әрдайым жаңа білім алуға талпынатын, өзін-өзі үнемі жетілдіретін, өз мүмкіншіліктерінен асып, алға қарай жылжитын адам. Тоқтау­сыз өзгеріп отыратын қазіргі әлемге басқа нұсқа тиімсіз. Білім – бүгінгі жастардың негізгі капиталы. Біздің студенттер республикалық және халықаралық олимпиадаларға, жарыстарға, конференцияларға және басқа да іс-шараларға жиі қатысады. Белсенді студенттер қоғам өміріне үнемі қатысады. Мен дәл осындай алғыр, ынталы, жігерлі және білімді жастар жарқын болашағымыздың кепілі деп ойлаймын.

– Осындай жауапкершілігі бар іргелі оқу ордасын басқарумен бірге, бұқара мен биліктің алтын көпірі болар депутатсыз. Халық сенімін арқалаудың маңызын қалай түсінесіз?

– Халық қалаулысы мандатын алған соң, депутат оған сенім артқан адамдардың мәселелерін шешу үшін бар күш-жігерін, бар мүмкіндігін салуы керек деп ойлаймын. Заңды мүлтіксіз сақтау, азаматтардың сұранысына зейін салып қарау, халық мүддесін бәрінен жоғары қою және де өз жұмысын адал да тиімді орындау қажет. Азаматтардан проблемалық сұрақтары бар өтініштерді алған соң, мәселені қарастырып, тиісті ұйымдарға және мекемелерге депутаттық сауал жолдаймын. Сарыарқа аудандық әкімдігінің белсенді түрде қолдау көрсетуінің нәтижесінде ол мәселелердің басым бөлігі өтініш жазған адамның пайдасына шешіледі.

– Өзіңіз айтқандай, қоғам проблемасыз емес. Сіздіңше, қазір қоғамдағы ең өзекті мәселе не?
– Біз озық технологиялар зама­нын­да өмір сүріп жатырмыз. Адам­зат дамудың келесі сатысына – постиндустриялық сатыға өтті. Ол өзгерістермен қатар проблемалар тобын да алып келді. Бұған қарамастан, қазіргі қоғам одан да жақсыға ұмтылады. XXI ғасыр – ғылыми жаңалықтар мен инновациялар ғасыры.

Мысалы, Қазақстан медиктері емдеудің, хирургияның, трансплантологияның жоғары технологиялық әдістерін меңгеруді жалғастыруда. Операцияның лапароскопиялық түрлері бойынша әдістер, интракорпоралдық тігу, яғни лапароскопиялық әдісі меңгерілді. Тоталды струмэктомия, кеңірдек пен бронхыларды қалпына келтіру-пластикалық операциялар жасалады. Бұл операциялардың артықшылығы – олар шағынинвазиялы және экономикалық тұрғыдан тиімді.

Десе де, қоғамымыз мәселесіз емес. Оның негізгісі қоғамдық сананың төмендеуі дер едім. Ол әлемдегі жаһанданумен және мемлекеттердегі проблемалармен байланысты. Дұрыс бағдар мен мұраттардың болмауы осыған апарды. Жастардың кумирі – миллиардерлер мен поп-жұлдыздарға айналды. Ал кейбіреулері үшін өмірдің басты мәні байлыққа ұмтылу ғана болып қалды. Қатыгездік пен немқұрайлылық. Қызметтік бабын асыра пайдаланатын парақорлық, сыбайлас жемқорлық.

Ең сорақысы, қазіргі заман балалары – «электрониктер буыны». Олардың бос уақыты көп және оны компьютерлік ойындармен, интернетпен, теледидармен өткізеді. Олар қиял әлемінде өмір сүреді, жаңа техникалар достардан, тіпті туғандардан да қымбат деп ойлайды. Ноутбукты, планшетті, смартфонды қолға түсіру олар үшін бәрінен де маңызды болып кетеді. Тә­уелділік пайда болады, ал одан құтылу оңай емес. Көрдіңіз бе? Ертең бұл балалар ержетеді. Осылар – біздің болашағымыз. Ал осындай балалардан біз не күтеміз?

– Азаматтардың өтініші негізінде жолданатын депутаттық сауалдар бойынша қандай мәселелердің шешілуіне атсалыстыңыз?
– Бір кездері Астана медицина университетінің екі корпусы арасында тікелей жүретін автобус болған жоқ, студенттер бір корпустан екінші корпусқа бірнеше автобуспен жетіп жүрді. Университет жыл сайын қала әкімдігіне өтініш жолдады, бірақ «қосымша автобус сатылып алынғаннан кейін мәселені оң шешеміз» деген уәде беріліп қана қоятын немесе теріс жауап алатынбыз.

2016 жылдың күзінде бұл мәселе туралы депутаттық сауал жіберіп, нәтижесінде жаңа жылдан бастап екі корпустың арасында тікелей жүретін автобус пайда болды. Азаматтардың өтініші негізінде жолданатын депутаттық сауалдар бойынша автокөлік жолдарындағы шұңқырлар жөнделіп жатыр. Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі «Статус» тұрғын үй кешенінің ұзақ мерзімге созылған құрылысы Сарыарқа ауданы әкімінің жеке бақылауына алынды. Қурап қалған ағаштарды кесіп алып тастау, жеке меншік үйлер секторын жарықтандыру жұмыс­тары жүргізілуде, тұрғын үйлердің аулаларында «жасанды кедергі» жасалды, балалардың ойын алаңы ұйымдас­тырылды, аулалар көгалдандырылды, көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жөнделді.

Бұл іс-шаралардың барлығы Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдау көрсеткенінің арқасында, сонымен қатар, қала тағдырына бейжай қарамайтын және өздерінің азаматтық көзқарасын қорғай алатын округ тұрғындарының белсенділігі нәтижесінде жүзеге асырылады.

Әңгімелескен
Гүлжан РАХМАН

The post Мәжит Шайдаров, Астана қаласы мәслихатының депутаты, Астана медицина университетінің ректоры: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ҰЛТТЫҢ САЛАУАТТЫ БОЛАШАҒЫНА ЖАУАПТЫ appeared first on Астана Ақшамы.

Нармахан БЕГАЛИЕВ, ақын, аудармашы: Ұлтсыздықпен күресетін кез келді

$
0
0

Жуырда Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері өтті. Айтулы шараға ұлтымыздың ұйтқысы атанған өлкеден бір топ зиялы қауым келді. Солардың қатарында көрнекті ақын, белгілі аудармашы Нармахан Бегалиев те болды. Бойын жасырған тұлпардай, қалың дүрмектен аулақ жүретін бекзат болмысты қаламгердің шығармашы-лығымен бала күнімнен таныс едім. Өлеңдерін жатқа айтатынмын. Алыстан ат терлетіп келген ағамызға әдейі сәлем бере барып, қоғам, тарих, әдебиет жайында емен-жарқын әңгіме өрбіттік.

ҰЛТ БОЛУ ҮШІН ТІЛ ТҰТАСТЫҒЫ КЕРЕКҰЛТ БОЛУ ҮШІН ТІЛ ТҰТАСТЫҒЫ КЕРЕК

 – Аға, Астанаға қош келіпсіз!

 – Рахмет, айналайын!

– Әңгіменің әлқисасын жалпақ елге жылы леп әкелген Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласынан бастасақ.

– Жақсы. Мемлекет басшы­сының айтулы мақаласын қоға­­мы­мыздың дамуына байланысты жасалған игі қадам деп ойлауымыз қажет.  Ең негізгісі Елбасы ұлттық генафондты сақтау деп айтты ғой. Оны қазақы ұғыммен өрсек, ұлттық тектік қорыңды сақтау деген сөз. Шын мәнінде, біз кешегі қызыл империяның қол астында болғанда жан-дүниеміз көптеген ауытқуларға ұшыраған халық­пыз. Оны жасырмауымыз керек. Осыны жіті түсінген Президент халықтың санасын, салт-дәстүрін қайта қалпына келтіру, бүтіндеу, керек болса қайта көтеру мәселесін негіздеп берді бізге. Осы жағынан алғанда мақаланы теңдесі жоқ дүние деп бағалауға болады. Ұлттық сана сезіміміздің ауытқығанына бірер мысал келтірейін. Алдымен ұлт болу үшін тіл тұтастығы керек. Біз тіл тұтастығымызды сақтап қалған халық болғанымызбен кейбір кемшіліктер мен олқылықтарға орын беріп алдық.

Көп дүниені ұмыттық. Ұлт қайта негізделу үшін өзінің күнделікті әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтау қажет. Қажет емес-ау, міндетті. Ертеден келе жатқан бір жақсы сөз бар: «Біз нені ішіп жесек, соның көрінісіміз» деген. Осы тұрғыдан қарағанда, қазіргі біздің тамақтануымыздың өзі өркениетке байланысты түрлі өзгеріске ұшырады. Соның салдарынан қатық пен айранды, шұбат пен қымыранды айыра алмайтын ұрпақ өсті. Бұның басталуын, өз басым, өткен ғасырдың орта кезінен, яғни Н.Хрущевтің билікке келуінен  деп есептеймін. Біз ол кезде жас едік. Орта мектепті аяқтап, жоғары оқу орынға түскен шағымыз. Сол кезде Хрущев: «қалалық типтегі мал фермаларын салып, сиырды сонда сауып, ірі қараны сонда бордақылаймыз, сүтті іздеудің қажеті болмайды, ол дүкендерде толып тұрады» деген ұран көтерді. Бірақ іс жүзінде олай болмады. Соның кесірінен сиырдың бауырына жақындамайтын, желінін тарта білмейтін қыз, малды баға білмейтін ұл өсірдік.

 – Мал бағудың өзі мәдениет дейсіз ғой… 

– Иә. Тіпті осы сапардың үстінен бір мысал айтайын. Дастархан басында отырған зиялымын дейтін жігіттің өзі алдындағы сусынға қарап: «Мынау қымыран ба?» деп сұрады даяшыдан. «Иә, қымыран» деді қыз бала. Екінші біреуі: «осы қымыран мен шұбаттың айырмашылығы неде?» деп төтеден қойып қалды. Бәрі үнсіз қалды. Ешкім білмейді деген сөз. Сонда біз не ішіп, не жейтінімізді білмесек, қалай ұлт боламыз? Шұбат деп ұйтқысы ашытылмаған сүттен ұйығанды айтамыз. Ал ашытылған ұйтқы қосылғанды қымыран дейміз.

– Сіз жаңа тілдік ақауларға жол беріп алдық дедіңіз, ол қандай олқылықтар?

 – Тілдік қолданыста көп олқылыққа орын бердік. Мәселен, орыс тілді басылымдарды жиі оқығандықтан, солардан қалай болса солай, сөзбе-сөз аударма жасап жүрміз. Мен орыс мектебін бітірдім. Мысалы, «под открытым небом» деген сөзді өзіңіз секілді жорналшылар «ашық аспан астында» деп жазады. Аспаныңыз ашық болсын деген жақсы ниеттегі сөз. Оның шын мәніндегі қазақша аудармасы «ашық-шашық» немесе «аспан ашық-шашық жатыр». Осындай нәзік иірімдерді сақтамай ана тілімізге кірбің түсіріп алдық. Жалпы, аударма мәселесі көптен-көп ойлануды талап етеді. Көп дүнеиені ойланбай аударып, тілімізге кірікпейтін нәрселерді зорлап, кіргізіп алдық.

 – Аға, бұл үрдіс егемендік алғаннан кейін басталды ма?

– Жоқ, бұрыннан бар. Расы керек, халқымызға қажетті көптеген асыл қазыналарды аудардық. Оны аударуға Әбілмәжін Жұмабаев, Жұма­ғали Ысмағұлов, Хасен Өз­ден­баев, Ғалым Ахмедов секілді көрнекті тәржімашы ағаларымыз талмай еңбек етті. Олар калька аударма жасаған жоқ. Ана тіліміздің нәзік иірімін сақтап, өзге тілдегі шығармаларды жатық тәржімалады.  Бірақ ол кезде де сөзбе-сөз аударма жасағандар болды. Соның кесірінен тіліміз тұсауланып қалды. Бұл мәсе­леде келіспейтін тұстарым бар. Бүгінге дейін өздеріңізді «журналистер» деп атайсыздар? Осындағы «ист» деген жұрнақ маған сұр жыланның ысылындай естіледі.

Менің ойымша, тракторшы, қойшы, сауыншы дегенге жараған «шы» жұрнағы  «жорналшы» дегенге неге жарамай қалады? Солай атасақ, аузымыз қисайып кетпейді ғой. Өз басым 42 жылдық редакторлық тәжірибемде Алашорданы құрған ағаларымыздың ізімен «жорналшы» деп жазып жүрдім. Басқа елден енген сөздердің бәрі менің туған тілімнің ішкі заңдылықтарына бағынғаны жөн. Егер олай болмаса, тіл шұбарлана береді. Біз «Москваны» «Мәскеуге» зорға өзгерттік. Өйткені, қазақта «вагон» дегенде келетін «в» дыбысы жоқ.  Сондықтан мен ана тілімнің ішкі заңдылығына лайықталған дүниені жақсы көремін. Елбасы мақаласында осы өзекті мәселе кең қамтылған.

Зиялыны тәрбиелейтін орта емес

 – Мақалада ұлттың тарихы туралы да тағылымды ой түйер парасатты сөз қоз­ғалады. Сіз оған қандай пікір қосар едіңіз? 

– Бүгінгі күнге дейін бізді билеп, төстеп келген империяның тарихшылары жазып берген еңбектерді оқып келеміз. Өзіміздің сан ғасырлық тарихы­мызға енді бет бұрдық. Әлі оның бастауында жүрміз. Ғалымдар көбірек ізденістерге барып, том-том кітаптар жазды. Бір ұлттың тарихы үшін ол өте аз. Шет мемлекеттерде сақталған мұрағаттарға қолымыз толық жете қойған жоқ. Ол көп зерттеуді талап етеді. Осыған келгенде бір өзекті мәселені айтпай кетуге болмайды. Кезінде ұлтшылдық, рушылдық дегенді көп айттық. Ұлтшыл болған адам жаман бола ма? Ғабиден Мұстафин: «Біз ұлтшылдықпен күресіп болдық, енді ұлтсыздықпен күресетін кезіміз келді» деген. Көрнекті қаламгер айтқан ұлтсыздықпен күресетін кез келді. Қызыл империяның көсемдері біздің ұлтымызды бір-бірімен ша­ғыстыру үшін үш жүзге бөлу саясатын қолданды.

Одан қалды ру-руға бөлді. Бұрын рушылдық деген сөз, көнедегі қазақ тілінің сөздік қорында болмаған. Бергі ғасырда пайда болған жасанды сөз. Кейде әкімдеріміз биік мінбелерден сөйлегенде «рушылдықты жою керек»  деп айтып жатады. Соған менің ішім қазандай қайнайды. Ру – біздің тарихымыз. Руды еңселі үйге теңейтін болсақ, соның іргетасы деп ұғу қажет. Әлемдік ғалымдар ұлттың қан тазалығын зерттегенде, бірінші орынға қазақты қойса, екінші орынға жапондықтарды шығарған. Осында рудың атқарған рөлі күшті. Бір рудың адамы өз ішінен қыз алыспаған. Оның себебін ата-бабаларымыз ертеден түсінді. Ал кейін білген көрші елдер, бүгінде ауру сәби көбейгендіктен дабыл қағып жатыр.

Сонда рушылдықты кері ұғым түсініп жүргендерге: «жалпылық етектік қатынастан некелік қатынасқа жеткізген руға неге у шашасыңдар» деймін де. Осы күні бір білгіштер «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дегенді Төле би айтты деп жазып жүр. Олардың Төле бидің сөзі екендігіне беретін кепілдігі жоқ. Өздерінің ойларынан шығарғанды аузы дуалы биге жауып, бабамыздың атын жамылады. Төле би олай айтқан емес деп ойлаймын.

 – Ал жүзге бөліну туралы не айтасыз? 

– Жүзге бөлінудің өз тарихы бар. Біз әлі күнге дейін әулеттік шежіре мен ұлттық тарихымызды шатастырамыз. Айталық, сіз құдалық шақырсаңыз немесе оған барсаңыз, өзіңіздің әулетіңізге жақын жандарды ертіп барасыз. Ол – әулеттік шежіре. Ал рулық тарих – бөлек. Бұл жеке адамдардан құралғанымен бір тектен тарағандар емес. Менің ұғымымша, бұлардың бәрі қоғамның өзгерістерінде адамдардың, топтардың бір-бірімен бірігуі, кірігуі арқылы жасалған нәрсе деп ойлаймын. Үш жүзге бөліну гендік (оны біздің қазақ ұрқылық деген) қор деп айтуға болады. Қоғамдық өзгерістің түрлі сатысында пайда болған әскери, экономикалық саяси одақ.  Бүгінгі ұғыммен айтқанда, үш облыс. Үш жүз деп отырғанымыз осы. Әскери тілмен әсірелесек, бірінші, екінші, үшінші дивизия. Ұлы жүз деген сөз оның биіктігін, данышпандығын білдірмейді. Тек қана мекендеген өлкесін айтады.  Мысалы, Алатау деген таудың алалығын көрсетіп тұрған жоқ, сол таудың өзге тау­лармен ұлықтасуын, ұласуын білдіреді.

Алатау – Қаратаумен, Тарбағатаймен ұласып жатқан таулар тізбегі. Сайып келгенде, үш жүз бір-бірімен тең жағдайда жұмыс істеген. Қазақтың тарихына үңіліп қарасаңыз, біз үш жүз емес, төрт жүз атанған кездеріміз болған. Есім ханның заманында бабаларымыз байтақ жерді қорғап қалу үшін үш бөлікке бөлініп, әскер жасақтады. Содан соң Ташкент жақтағы Тұрсын ханның қол астындағы жұрт төртінші жүз саналды. Ол  Есім ханға бағынбай, өз алдына билік құрамын деп төртінші жүзді бөліп алып кеткен. Оның ішінде қазақтың рулары кездеседі.

Сол бөлінгеннен біз үш жүз болып қалыптасып қалдық. Есім хан қазақтың бөлінуіне жол бермей, Тұрсын ханға шабуыл жасап, төртінші жүзді жойып жіберді. Оның қарамағындағы елдің жартысын қырғызға, жартысын өзімізге әкеп қосты. Халық арасында тараған «Қатағанның хан Тұрсын, хан Тұрсынды ант ұрсын!» деген сөз бар. Бұдан артық қандай дәлел керек. Біздің үш жүзіміздегі рулардың бәрі бір әке-шешеден тарамайтынына. Осындай мәселелерді зерттеп жазуымыз қажет.

Одан кейін «Жеті атасын білмеген жетесіз» дегенді сен де, мен де ойлап тапқан жоқпыз. Қазір қарасаңыз, мектеп жасындағы жеткіншек түгілі сүйектері қатайған ере­сектердің өзі жеті атасын түгел білмейтін жағдайға жетті. Бізбенен түбі бір, тілі де ұқсас тыва халқының педагогикалық институтының биология кафедрасының оқыту­шы­лары осыдан 7-8 жыл бұрын ата тектерін білу жөнінде ұран тастап, түрлі ауқымды шаралар ұйымдастырды. Соның нә­тижесінде олар он тоғыз атасын санайтын дәрежеге көтерілді. Көрдіңіз бе?! Бұл біздің рухани жаңғыруға кіретін дүние ме, әрине, ену қажет. Біз атасын білсе рушыл деп шыға келеміз. Бұл – орны толмай отырған кетігіміз.

– Жаңа сіз бір сөзіңізде зиялылар деп қалдыңыз. Біз кімді нағыз зиялы деп айтамыз?

 – Өзінің тағдырын халқының тағдырынан биік қоймайтын, өзінің жеке мүддесін ұлтының мүддесінен биік қоймайтын адамды, керек болатын болса, ұлтының қажеті үшін жанын қиятын азаматты зиялы деп айтуға болады. Жоғары білімдінің бәрін зиялы деп айтуға қарсымын. Білім, ақыл деген  жүре келе қалыптасады. Ал зиялылық ананың сүтімен, әкенің қуатымен дарып, сүйегіне сіңетін дүние болу керек деп ойлаймын. Ешқандай оқуменен зиялы бола алмайсыз. Жасыратын несі бар, азаттық алғаннан кейін жекеменшік оқу орындары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетіп, солардан шыққанның бәрін зиялы дедік. Зиялыны тәрбиелейтін орта емес. Меніңше, зиялы азамат отбасынан өсіп шығады. Абай ешқандай университет бітірген жоқ, оны әжесі Зере тәрбиеледі.

Шоқанды да әжесі өсірді. Орыстың ұлы ақыны Пушкинді де әжесі бағып қақты. Осылардың бәрі өз ұлты үшін басын бәйгеге тікті. Нағыз зиялылар солар. Ал енді қатырма қағаз алғанның бәрін зиялы десек, қатты қателесеміз. Өйткені оқу ордалары білім беретін орын ғана емес, диплом шығаратын фабрикаға айналды.– Аға, сіз Ордабасы тарихын алғаш көтерген азаматсыз. Сол жайында кеңірек айтып бере аласыз ба? – Ордабасының біздің хал­қымыздың тарихында қандай орын алатынын айтып жату артық. Ордабасы дегені болмаса, соның баурайында отырған ел соның атын да білмейтін. Ордабасы бұрын Бөген ауданы аталды. Осы тарихты қазып, жұртшылыққа түсіндіру керек болды.

Астана – Елбасының үлкен көрегенділігімен іске асқан ұлы мұрат. Талай асылдарымыздың арманы болған. Мәселен, Абылай ханның: «Қара Ертістің жағасына қала салып, халқымды отырықшыландырсам» деген арманы болған

Сөзді әріден бастайын. Өткен ға­сырдағы 90-шы жылдар. Кеңес өкіметі әлі құлаған жоқ. Содан Алматыға Тарих институтына келу үшін облыстық партия немесе атқару комитетінің хаты болмаса қабылдамайды екен. Мен айтқан азаматтардың көбі сол хатты жазып бере алмады. Сол уақытта облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген Сайлаукүл Барақова деген азаматша тарих институтының атына хатты ойланбай жазып, жол-пұлымды шешіп берді. Содан Алматыға келдім. Институт ғалымдары: «Ордабасы неге сенің ауданыңда болады. Ол басқа жерде шығар. Оны сен немен дәлелдейсің?» деген сұрақтың астына алды.

«Ордабасыдағы жиын жөнінде орыстың Алексей Левшин деген ғалымы жазды ғой» десем, «ол аңыз, тарихи емес қой, нақты анықтама керек» деп қасарысады. Міне, солай тарихи жерді қалпына келтіру үшін осындай әрекетке бардық.  1990 жылы көршілес Өзбек­стан, Қырғызстан және өз еліміз­дің өнер қайраткерлерін шақырып, 36 ақ киіз үй тігіп, алғаш қымызмұрындық мере­ке­сін өткіздік. Онда көп ағайын ол мерекені ұмытып қалған болатын. Қазір кей­біреулер, Ордабасының тарихын Қазақ­стан, Қырғызстан және Өзбек­стан Президенттері бас қосқан жиыннан бастағысы келеді. Одан ешкімнің беделі артып, қадірі кемімейді. Сол Ордабасыдағы үлкен жиында қыз басымен Фариза Оңғарсынова қазақтың жігіттері айта алмаған сөзді айтты: «Айналайын Нармахан, ауылда жүріп жазған өлеңіңе лауреаттық сұрамадың, әр есіктің топсасын тоздырып жүріп, Ордабасыны қорғаған еңбегіңе орден-медаль сұра­мадың, қазір бұны иеленгендер көбейді, бірақ Ордабасы сенікі еді ғой» деді.

Алты жүз адамның көзінше тұрып. Бұл – үлкен азаматтық. Тарихты  адал тәрбиеленіп, адал сүт емген адам жазуы керек. Атақты Наполеоннан қалған бір сөз бар: «Тарихты жасайтын біз, бүлдіретін тарихшылар» деген.

ҚАСЫМНЫҢ ҮШ АРМАНЫ 

– Сіз орыстың көрнекті ақы­ны А.Фетті мөлдіретіп тәр­жімаладыңыз. Оны өз қалауыңызбен аудардыңыз ба?

 – Оның тарихы былай еді. Жазушы Мархабат Байғұт алпысқа толып, соның қарбаласымен жүрген едім. Өйткені салтанатты кештің тізгінін маған тапсырған болатын. Содан «ит жоқта шошқа үреді қораға» деп отырғанымда қалта телефоным бүйрегімді бүлк еткізді. Алматыдан ақын Зайда Елғондинова хабарласып тұр екен. «Менің өтінішім емес, Әбіш Кекілбаев ағамыздың өтініші, сізге Фетті аударсыншы деп жатыр» деді. Өзім сасып қалып: «Зайда сен өзі атыңнан айта берші, Әбіш ағаны сыртынан көргенмен, қолын алып, амандасқан емеспін» деп едім, Зайда: «Өтірік айтып басыма не күн туды, сол кісінің өтініші ғой» деп айтқан  сөзін тағы қайталады. Сөйтіп, Фетті Әбіш Кекілбаевтің өтінішімен аудардым. 2007 жылы А.Фетті аударған еңбегіме Константин Симонов атындағы халық­аралық сыйлықты алдым.

Содан Астанадағы бір мектепке Төлеген Айбергеновтің есімі беріліп, соған темір таққыш болып, сыйлықтың алтын ме­далін тағып келдім. Үзіліс ке­зінде шетте оқшау тұр едім, Әбіш ағам Мұхтар Шаханов екеуі маған қарай келе жатты. Сәлем бердім. Содаң соң медалді ұстап көріп: «Нармахан, мынау әнеукүнгі Симонов атындағы алтын медаль ма? Баянды болсын» деп ізгі лебізін білдірді. «Әбіш аға, сіздің сыртыңыздан қолапайсыздау әңгіме айтып жүрмін бе деп қысылып жүрмін» дедім. Ол кісі  тіксініп: «Не болды?» деді. «Зайда звандап айтып еді. Сыртыңыздан білгенменен мен сізбен қол алысып, амандасып тұрғаным бірінші бүгін. Соны сіз айттыңыз ба? Жоқ, Зайданың өз сөзі ме екен деп күмәнданып жүрген болатынмын» деп едім, «Сен бірінші рет амандасып тұрғаныңмен, мен сені жақсы білемін ғой. Менің айтқаным рас еді» деді Әбіш аға. «Жаман болды ма, жалғыз саған емес, бүкіл ұлтымызға абырой болған жоқ па» деп, қолымды екінші рет қысты.

– Бүгінде аяғы шатқаяқтап тұрған көркем аударма мәсе­лесі туралы не айтар едіңіз?

– Қазіргі көпшілік аудармалар менің көңілімнен шықпайды. Бірде мынадай оқиға болды. Бәріміз жақсы көретін Тәкен Әлімқұловпен Арыс өзенінің жағасында серуендеп жүр едік. Сол кезде Тәкен ағамыздың  «Жұмбақ жан» деген сырты қызыл монографиясы жарық көрді. Ол кісіден: «Тәке, кітаптың атын «жұмбақ жан» деп неге атадыңыз?» деп сұрадым. «Сен білмейсің бе, Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» дейтін өлеңі бар емес пе. Сондағы жұмбақ жан ғой» деп жауап берді.  «Оны Абай қайдан алған» деп едім, «Не мен Абайдың қасында жүрді дейсің бе, білсең айт» деп өзіме салмақ салды. Мен оның Евгений Онегиннен аударған бір шумақты мысалға келтірдім. Жалпы, аударма мәселесінде Абайды басшылыққа алсақ, еш ұтылмаймыз. Сыршыл үнді ақын Сырбай Мәуленов – мені өкіл бала ретінде қабылдаған адам. «1942 жылы туған бір балам қайтыс болып еді, сен соның орнына бала бол» деп үйіне шақырып, мал сойып, жілік ұстатты. Кімнің Сырбайға бала болғысы келмейді, мақұл деп қабылдағанбыз.

Алдымен ұлт болу үшін тіл тұтастығы керек. Біз тіл тұтастығымызды сақтап қалған халық болғанымызбен кейбір кемшіліктер мен олқылықтарға орын беріп алдық. Көп дүниені ұмыттық. Ұлт қайта негізделу үшін өзінің күнделікті әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтау қажет. Қажет емес-ау, міндетті

Содан әкелі-балалы араласып жүргеннен кейін көптеген әңгімелер айтты. Қасым Аманжолов қатты ауырып, әл үстінде жатқанда жақын жуықтары кезек-кезекпен басын күзетіп отырыпты. Сондай кезек Сырбай ағаға келеді.  Қасым ақын Сақыпжамалды жұмсап, екі бөтелке қызыл шарап алғызады. Соны ішкен ақын терлеп, жаны жеңілдеп: «Сырбай мен бүгін өлмеймін, сен келіннің қасына барып жат, көріп тұрсың, жағдайым жақсы. Бірақ өмірімде қолым жетсе дейтін үш арманым бар еді, соны саған айтып кетейін» деп толғанып сөйлепті.

«Бірінші арманым – бүкіл Париж көшеге шығуын күтіп тұратын Виктор Гюгоның атағындай даңққа ие болсам деп едім, болмады. Екінші арманым – аударма мәселесінде Абайдан ассам ба деп едім, жеткізбеді. Үшінші арманым – Қазақтың Евгений Онегинін жазсам ба деп едім, ол да арман, қиял болып, өзіммен бірге көрге кететін болды» деп қатты күрсініпті. Осындағы астын қара белгімен сызып айтатын нәрсе – Қасымның аударма мәселесінде Абайдан ассам ба дейтіні. Қасымның аудармалары Абайдан аспаса да Абайға жетеғабыл деп айтуға болады. Мысалы үшін Тарас Шевченкодан аударған өлеңдері қандай ғажап. Қазақтың қара өлеңі секілді құйылып тұр. Бөтен елдің поэзиясы дегенге еш қимайсыз. Аудармада осындай принципті ұстағанды жақсы көремін.

– Табиғатыңызға қандай ақындар жақын?

 – Оған әлемнен бастап, өз әдебиетімізден де көптеп мысал келтіруге болады. Тәуір ақындардың кітабы ғана емес, бір шумағы да әсер етеді. Өзіме, қазақ өлеңіне өзгеше өрнек, жаңалық әкелген Сырбай әкем жақын. Ғафу ақын менің шығармашылығым жайында үш мақала жазды. Жалпы, өлеңді прозашылар жаза алмайтын, суретшілер сала алмайтын туынды деп бағалаймын.

– Аға, сонау жерден елордаға келдіңіз. Астана жайын­да бір ауыз лебізіңізді білдірсеңіз.

– Астана – Елбасының үлкен көрегенділігімен іске асқан ұлы мұрат. Талай асыл­дарымыздың арманы еді. Мәселен, Абылай ханның: «Қара Ертістің жағасына қала салып, халқымды отырық­шыландырсам» деген арманы болған. Шоқанның ең жа­қын досы Григорий Потанин өз еңбегінде: «Ақмоланы қазақ­тардың орталығы етсе жақсы болады» деп жазыпты. Сондықтан астананың арқа­ға көшуі арғы бабалардың ар­ман­­­дарымен жалғасып жатыр деп қабылдаймын. ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмелер аясында біз елордаға ұлттық рух әкелдік. Ол түгел болмаса да ұмытып қалған тұста­рын оятамыз деген үмітпен келдік. «Ұлысымның ұйтқысы – оңтүстік» деп хал­қы­мыз­дың ардақты азаматы Қалтай Мұхамеджанов жазып еді. Мәдени күндері аясында көп­­теген маңызды шаралар өтті. Оның бәрін бір ауыз сөзге сыйғызу мүмкін емес. Елордамыздың ертеңі жарқын болып, мәңгілік елдің мәртебесі өсе берсін демекпін!

– Риясыз айтқан әңгімеңізге рахмет, аға!

Сұхбаттасқан: Азамат ЕСЕНЖОЛ

The post Нармахан БЕГАЛИЕВ, ақын, аудармашы: Ұлтсыздықпен күресетін кез келді appeared first on Астана Ақшамы.

ҚҰРЫЛЫС ҚАНАТ ЖАЙҒАН ҚАЛА

$
0
0

Бүгінде елорда – елімізде құрылыс қарқыны кең қанат жайған қала. Жиырма жыл ішінде аспанмен бой тірескен әсем ғимараттар салынды. Астана қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында қала құрылысы тұжырымдамасы қабылданды. осы орайда Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ержас Айтуғановпен кездесіп, қаладағы құрылыс жұмыстары қалай жүргізілуде, қандай маңызды ғимараттар пайдалануға берілді, алдағы таңда қандай жоба жүзеге аспақ деген тақырыпта әңгіме өрбіттік.

Тоғыз мектептің құрылысы басталды

– Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды. Бас шаһардағы кейбір мектептерге оқушылар сыймай, үш ауысыммен оқып жатыр. Биыл қанша білім ордасына құрылыс жұмыстары жүргізілді?
– Рас, бұл күйіп тұрған мәселе болып тұр. Биыл қаладағы №16, 17, 22, 32, 37 мектептерге әрқайсы 525 орынға арналған қосымша ғимарат ­салынды. Оның бәрі елорда­ның оң жағалауындағы халық тығыз орналасқан аудандарда жүзеге асты. Шындығын айтсақ, бұл жерлерде құрылыс жүргізуге орын жоқ. Талапқа сәйкес, 1200 орынға арналған мектептің құрылысына 4 гектар жер қажет. Ескі ғимараттарды сүріп тастамай, мектеп салуға бос орын табу оңай емес. Ал ескіні бұзу қалаға өте қымбатқа түседі, оған әлеуметтің қарсылығы да көп. Сондықтан бала саны көп білім ұяларын қосымша ғимараттар салу арқылы шешуге тырыстық. Бүгінде бұл жұмыстар жалғасын табуда. Тағы да №31, 60, 28 мектептерге жапсарлас ғимараттар салынады. Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын жүргізген бес білім ордасының үшеуі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерді. Мемлекет Ұлттық қордан бізге трансферт бөлді.
Жағымды жаңалық та бар. Осы жылы шаһардың жаңа әр ауданында 9 мектептің құрылысы басталды. Оның бәрі заман талабына сай жасақ­талады.
– Дұрыс екен. Балабақшада орын жетіспеушілік мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр.
– Әрине, балабақшадағы ­кезек мәселесін жақсы біле­міз. Біз нарықтық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Сондықтан нарық балабақшаның қай жерде, қашан және қанша орындық болу керек екенін өзі шешеді. Өткен жылы екі А жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы да­йын­далды. Бүгінде осы та­рап­­та мемлекеттік және жеке­­меншік серіктестікке бейімделу жұ­мыс­­тары жүр­гізілді. Яғни, қалалық әкімдік жерді, ин­женерлік желілерді береді және оны МЖС бо­йынша инвесторға тапсырады. Олар оған өз қаржысын құйып, балабақша құрылысын бастайды. Біз оларды мем­лекеттік тапсырыспен қам­тамасыз етеміз. Шағын бизнес осылай дамиды. Бұл инвесторға өте тиімді. Себебі 100 пайыз кепілді клиент бар.
Қырық мың адам пәтер кезегінде тұр

– Денсаулық сақтау саласы да ғимараттармен толық қамтылған ба?
– «ЭКСПО-2017» халық­аралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында заманауи құрылғылармен жарақталған жедел жәрдем стансасын салдық. Ол үшін көптеген жылжымалы құрамдар сатып алынды, білікті мамандар іріктелді және оларға әкімдік пәтерлер бөліп берді. Бүгінде қаладағы жедел жәрдемнің жұмысы жақсарды. Одан кейін 500 орындық жаңа жабдықтармен жасақталған туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға берілді. Оның құны 5 млрд теңгеден асады. Мәселен, былтыр 60 мың шаршы метрден асатын балалар жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Әлі де бұл бағытта құрылысшыларға салмақ салар жұмыс жетерлік.
– Жалпы, елордадағы тұрғын үй нарығының даму барысы қалай?
– Биыл «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша екі нысанды тапсыруды жоспарлап отырмыз. Ол – М.Жұмабаев пен Р.Қошқарбаев көшелерінің қиылысындағы 700 пәтерлік тұрғын үй. Оның бір бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатылады. Келесі бөлігі кезекте тұрған тұрғындарға беріледі. 2005 жылдан бері мемлекеттік бағдарлама аясында көптеген тұрғын үй бой көтеріп, 10 мыңнан астам пәтер салынды. Көпшілік «Нұрлы жер» бағдарламасының басқа бағдарламалардан қандай өзгешелігі бар екенін біле бермейді. Біздің Құрылыс басқармасы нарықта сатып алынатын құнды қағаздарды, облигацияларды шығарады. Нәтижесінде біз өте арзан несие аламыз және сол ақшаға тұрғын үй саламыз. Бүгінде Астанада 40 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның саны күн санап өсуде.
Биыл жалпы ауданы 53,1 мың шаршы метрді құрайтын 984 пәтерлік үш көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құры­лысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 31,9 мың шаршы метрді құрайтын 620 пәтерлік екі көп пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі.

Қырық нысанның құрылысы аяқталмаған

– Қазіргі күнде қалада әбден тозған және апатты үйлер көптеп сүріліп жатқанынан хабардармыз. Осыған тоқ­талып өтсеңіз.
– Аталған бағдарлама оңайлықпен жүріп жатқан жоқ. Кейбір тұрғындар ескі үйлерінен көшкілері келмей, жаңа баспанаға баруға қарсылық білдіреді. Бірақ кейін айнадай жалтыраған үйді көргенде келісімдерін береді. Бүгінде «Елорда даму» ЖШС 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен апатты және ескі үйлерді сүруге арналған қанатқақты жоба шеңберінде жұмыстар жүргізуде. Бұл бағдарлама үш жылға арналған. Қазіргі таңда 100-ге таман ескі үйлер сүріліп, 2 мыңнан астам тұрғын жаңа баспанаға ие болды. Бағдарлама одан әрі жалғасуда. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған топ­тарға арналған тұрғындарға жалға берілетін тұрғын үй қорын құру мақсатында жалпы ауданы 26,5 мың шаршы метрді құрайтын 519 пәтерлік екі тұрғын үй кешенінің құрылысы басталды. Алдағы жылы 5,8 мың шаршы метрді құрайтын – 100 пәтер, 2019 жылы 20,7 мың шаршы метрді құрайтын 419 пәтер беріледі.
– Астанада үй салып береміз деп жұрттан ақша жинап, кейін жоқ болып кеткен құрылыс компанияларының жұмысына қандай да бір шектеу қоя аласыздар ма? Үлескерлер мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?
– Орынды сұрақ қойып отырсыз. Өкінішке қарай, кейбір құрылыс компаниялары бизнеске арналған мораторийді түсінбей, өздеріне пайдаланды. Тұрғын үйлерді сатып, одан түскен қаржыны басқа нәрсеге жұмсады. Соның кесірінен 40 нысанның құрылысы аяқталмай қалды. Бүгінде бұл мәселелерді шешу үшін түрлі алгоритмдер әзірленуде. Тиісті мекемелермен бірігіп құрылған комиссияда мәселелер талқы­лануда. Алғаш рет қаланың ХҚКО-да үлескерлерді қолдау орталықтары ашылды. Дегенмен тұрғындар да жалған жарнамадан сақ болғаны жөн. Алдымен құрылыс компаниясы туралы толық ақпаратпен танысыңыз. Өзіңіздің маңдай теріңізбен тапқан қаржыңызды компанияға құярдан бұрын барлық жағдайды қарастырған дұрыс.

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

The post ҚҰРЫЛЫС ҚАНАТ ЖАЙҒАН ҚАЛА appeared first on Астана Ақшамы.

Өмірбек БАЙГЕЛДІ: ҚАЗАҚЫ ҚАСИЕТТЕН АЙЫРЫЛСАҚ, ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТАН АЖЫРАЙМЫЗ

$
0
0

Бала күнімізде бір ауылды ақылымен, парасатымен ұйытып отырған текті қариялар болды. Сол аталардың аузынан шыққан уәлі сөзге бәрі тоқтады. Біз қазір осы ұлттық асыл қасиеттен алыс­тап барамыз. Сөздің қадірі мен салмағын білу азайды. «Ел іші – кеніш» дегендей, әлі де ондай ақсақалдар бар. Солардың бірі – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек БАЙГЕЛДІ. Ағамыз талай жоғары дәрежелі қызмет атқарды. Егемендіктің алғашқы жылдарында Парламент Сенатының төрағасы болды. Еліміздің дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінде шөбере сүйіп, келешек ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты ата. Өмірден көргені мен түйгені көп тұлғаға сәлем бере барып, саналыға тағылым болар әңгіме өрбіттік.

Көп балалы ананың бақыты зор
– Аға, кейінгі кезде өзіңізді ел жиналған ортадан, жиындардан көре алмаймыз. Көптен шеткерілеп жүрген жоқсыз ба?
– Айналайын, елден шеткерілеп жүрмін деп айта алмаймын. Менің өз ортам бар. Аралас-құралас жүретін жа­қын­дарым, сыйласатын дос­тарым бар. Туған-туыс тойға жиі шақырады. Соған барамын. Шаңырақ көтерген жастарға батамды беремін. Үлкен аста, қайғылы жағдайда сөйлеймін. Барғанда көпшілік өмірлік, тұрмыстық сұрақтар қояды. Оған қал-қадірімше жауап беремін.
Елімізде жылына төрт жүз мыңға жуық жас отау құрады екен. Соның бәрі демейін, бірақ солардың барлығына өзім қатысқандай қуанамын. Менің арманым – халқымыздың саны өсіп, жыл сайын бір миллион жас үйленсе деймін. Бір миллион келін бір жылдан кейін бала өмірге әкелсе деймін. Сонда қазақтың саны жыл санап ұлғайып, толығады. Екпіндеп өсеміз. Өткен жолы бір тойда жастарға кішкене наз айттым. Қыз баланың жолы – ана болу. Ана қай уақытта болады, балалы болғанда. Көп балалы ананың бақыты зор. Соның табанының астында – жұмақ. Неге біздің халық өзге елдің жат мінездерін бойымызға сіңіріп, сәбиден безіп, көше кезіп кетті. Не жүріс ол? Көршілес өзбек жұртының саны бір кезде бізден екі есе кем еді. Қазір бізден екі есе көбейді. Неге бұлай? Өзбектің тұрмысы бізден артық па? Көріп отырмыз. Бала туған анаға жеңілдік жасап жатыр ма? Ештеңе де беріп отырған жоқ. Олардың алдымен пейілі түзу, ниеті дұрыс. Өмірге сәби әкелем деген.
Ал бүгінгі саясат жөнінде артық сөз айтқым келмейді. Ол маған жараспайды. Жоқ нәрсеге килігуді жөн көрмеймін. Қоғамның көзге одырайып көрінген ретсіз жері болса айтамын. Содан кейін өте сирек мақала жазамын, сұхбат беремін. Өзім керек екенін сезген уақытта. Соңғы сұхбатым «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. «Бесігіңді түзе» деген.
– Баланың азамат болып қалыптасуына әке-шеше берген тәрбиенің орны бөлек. Сіз олардан қандай тағылым түйдіңіз?
– Біз бір әкеден – ұлы бар, қызы бар – он үш бала өрбідік. Ол кісінің алғашқы бас қосқан жұбайлары ертерек дүниеден өтіпті. Мен үшінші әйелінен тудым. Менімен бір анадан туған қыз болды. Қазір ол өмірде жоқ. Арғы тегіміз дәулетті, ауқатты, белгілі әулет болған. Дәл Кеңес өкіметі тұсында тақырланған. Әкем өзінің іскерлігімен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, колхоз басқарды. Ауқатты тұрдық. Соғыс уақытының кезі. Сол кезде әкем: «Балаларым, мына дүниенің бәрінің маған керегі жоқ. Мынадай қырғын болып жатқанда сендердің амандықтарың қажет. Мен мынаның бәрін сатып, самолет жасатамын. Соғыста белуардан саз кешіп жүрген сарбаздарға жәрдем жасаймын. Жауды жеңбей болмайды. Әйтпесе, олар ешкімді аман қалдырмайды» деп бізге сөзін айтты. Әрине, айтқанына қуандық. Ешкімге айтпай істей берсе де болады. Сөйтіп, бар малын, дүниесін сатып, оны ақшаға айналдырып, соғысқа самолет сатып алу үшін өткізді. Сосын жоғары жақ әкемді шақырды. Ұшақты ұшқышқа өз қолыңызбен тапсырасыз деп. Әкем кеткеннен кейін ел ішінде әңгіме гулеп кетті. Біреулер оны күлкі қылып, мазақ етті. Ауылдамын. Әркімнің әртүрлі сөзін естіп жүремін. «Әкеңді алдап соғысқа алып кетті, енді ол қайтып келмейді» деп соқты біреулер. «Майданнан елдің бәрінің әкесі оралмай жатыр ғой, болса болар» деп қоямын. Солай адамдардың жас баланың көңіліне қарамай сөйлегендері жаныма батты. Жан дүниеме тигізіп сөз айтқандарды жақ­тырмадым. Сол бойы жек көріп кеттім. Әкем сапардан бір жарым айдан кейін оралды. Үлкен жиналыс болды. Біз де бардық. Жиын біткеннен кейін әкемнің кеудесі жарқырап шыға келді. «Жалтылдап тұрған не екен?» деп ойлаймын. Сөйтсем, әкеме Социалистік Еңбек Ері атағын беріпті. Жалпы, сол жылы әкеме Сталиннің өз қолымен жазған хаты келді. Онда: «Отанымыз еңбегіңізді ұмытпайды, Сізге көп рақмет!» делінген.
– Әкеңіз сатып алған самолетімен кім ұшқанын білмейсіз бе?
– Жоқ. Ол кісіде білім аз еді. Кім екенін айтып келмеді. Ке­йін архивтен қарастырдым. Онда тек самолет жасауға қаржы бергені ғана шықты. Сол кездегі облыстық газетке басылған екен. Соғыс уақытында әкем басқарған қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Кеңестүбі деген шағын колхозда 40 мың қой, 1100 жылқы, 960 ірі қара, 202 түйе болды. Ол кезде бүгінгідей ағыл-тегіл жарияланып жатқан ақпарат жоқ. Барлық колхоз осындай деп жүрген ғой. Бір жиналыста облыс басшылары біздің колхоздағы мал басы санының көптігін басқаларға үлгі етіп сөйлепті. Содан ауылға журналистер қаптады. Атақты жазушылар келді. Олар колхозды мақтап жазды. Сөйтсек, басқаларда ондай мал жоқ екен. Әкем: «44 колхозды қосқанда, құрып қалғырлар 29 тауықпен кірді» деп күлетін.
Мен әкемнің бірнеше жұмыстарына таңғаламын. Дала академигі болды. Қолымен өзеннен бөгет жасап, шыммен суды көктемде байлап тастайды. Сонымен егістікті суарады. Соғыс кезінде бір масақты біреу алғанын көрсе, соттайды. Содан әкем жұртқа «бидай алмаңыздар, үкіметке өткіземіз, соғысқа жібереміз» деп ауылдағы әр отбасыға құнарлы жерден жер бөліп, тары еккізеді. Оған су жіберді. Тары пісе бастағанда сақырлатып, оны торғайдан қоримыз. Одан жұрт тарыны қол орақпен орып, бас­тырады. Әр үй үлкен алты-жеті қап тары жинап алады. Тарыны сөктейді. Сол он екі айға жетеді. Өкімет онда тарыны дән деп, тамақ деп қарамаған. Оларға бидай ғана керек болды. Сөйтіп, біздің колхоз аса қиындық көрмеді. Және әрбір шаңырақ топ-топ жеке мал ұстады. Колхоздан жайлауға отар-отар қой өретін.
Баламыз. Күн ұзақ ойынның көрігін қыздырамыз. Өзенге шомыламыз. Бір күні ойнап жүрген балалар мектепке барамыз деп шуылдай бастады. Кішкентаймын. Олардан: «Оқу деген не?» деп сұраймын. Бәрі кетіп жатқан соң мен де соларға ілесіп мектепке бардым. Бір әпкеміз мұғалім еді. Қатты сөйлейтін. «Сен неге келдің?» деді. «Балалардың бәрі келгеннен кейін келдім» дедім. «Сен әлі кішкентайсың. Саған оқуға ерте» деп бетімді қайтарып тастады. Содан мен: «Ойнайтын ешкім жоқ. Үйде жалғыз отырғым келмейді» деп жылап жібердім. Онда «Үндемей отыр» деді мұғалім.
– Сонда нешедесіз?
– Бес жасқа келген болуым керек. Мұғалім оқудан қуып жібереді деп қорыққаным соншалық, әр сөзді жаттап алып, берілген тапсырманы мұқият орындадым. Ұстазымыз басқа балалардан сұраса, мен қолымды көтеріп, бәрін айтып беремін. Төрт айдан кейін менің фамилиямды журналға қосып жазды. «Сен оқи бер, тартып кетеді екенсің» деді апайымыз. Бірде колхоздың жиналысы болды. Онда озат еңбеккерлерге сыйлық берді. Неге екенін білмеймін, сонда оқу озаттарын да марапаттады. Маған да сыйлық берді. Ақшаны алдым да, дүкенге жүгірдім. Дүкеннің сөресінде біршама кітаптар тұратын. Соны сатып алғым келді. Қарадым. Ол кездегі кітаптар латын тілінде жарық көрген. Бірақ біз оқуды кириллицамен бастадық. Кітаптардың көбі латынша. Тек Жамбыл Жабаевтың толық жинағы мен сыншы Белинскийдің кітабы ғана кириллицамен. Екеуін сатып алдым. Екі кітапты қайта-қайта оқып, жаттап алдым. Кейін латынша басылған кітаптарды оқыдым. Латын әліппесін ешкім үйреткен жоқ, өзіміз оқып кеттік. Қазір латынша үйрену қиын болады дегенге таңым бар. Осылай ауылда ержеттік.

Өмір көремін деп Ресейге бардым
– Еңбек жолыңызды ала­қандай ауылда қарапайым жұмысшыдан бастапсыз. Сол кезде биліктің биігіне көтерілемін, жалпақ ел танитын азамат боламын деп ойладыңыз ба?
– Шынымды айтсам, бала күнімнен үлкен адам боламын деп алдыма мақсат қойдым. Мектепті тәмамдағаннан кейін маған «жасың толмаған» деп жеке құжатымды бермеді. Әйтеуір, ағаларымды салып жүріп алдым. Газетті қалт жібермей оқимын. Әлемде қандай жаңалық болып жатқанын біліп отырамын. Үйге қариялар жиналып, менен жаңалық сұрап, газет оқытады. Өздері тіл білмейді. Саңқылдап оқып беремін. «Маленков, Молотов деген қарсы шығып, анау болды, мынау болды» деп зуылдатамын. Ақсақалдар «ой, ақырын» деп аузымды жабады. Әбден қиындықтың залалын тартып, үрейленіп қалған ғой.
Ауылда бір жылдай жұмыс істедім. Жүгері ектік, алма ағашын отыр­ғыздық. Қырманда болдым. Шөп шаптым. Айлығымды алуға барсам, жалақым бәрінен төмен. Мен бір күнде 19 арба шөп түсірем. Басқалар 4-5 арба түсіреді. Бухгалтерден еңбек­ақым неге аз десем: «Олардың 4-5 баласы бар, сен кіміңді асырайсың?» деп жауап берді. Қой дедім. Болмайды екен. Содан көңілім қалды. Сол кезде Одақ көлеміндегі басылымдар комсомол құрылысы туралы шуылдап жазып жатты. Біздің ауылда бір орыс болмаса да, Ресейге жол тарттым. Әкем келісімін берді. Братск қаласына жақын жерде орман шаруашылығы құрылған. Енисей өзенінің қасында. Үлкен теңіз болу керек екен. Ағаштарды қырқып, тазалаймыз. Комсомол құрылысы деген аты. Бәрі де түрмеге отырып шыққандар. Солармен бірге жұмыс істеуге тура келді. Жұмыс ауыр. Алғашқы кезде қиналдым. Бірен-саран ғана қазақтар болды.
– Ауылда өскен баласыз. Сол кезде елде де комсомол құрылыстары болды ғой. Сонау қиянға неге бардыңыз?
– Өмір көремін, орысша үйренемін, ақша табамын деп бардым. Бір мықты татар жігіті болды. Сол маған көп қамқорлық жасады. Мені бұзықтардан қорғап жүрді. Содан мол қаржы тауып, елге оралдым.
– Қай жылдары?
– 1956 жыл. Хрущевтің дәурені жүріп тұрған тұс.
– Одан кейін жоғары оқу орнына түстіңіз.
– Алдында журналист боламын, заң саласының қызметкері боламын ба деп ойлап жүрдім. Бірақ әкемнің жолын қуып, ауылшаруашылық маманы болуға бел байлап, Алматыдағы зооветеринарлық институтқа түстім. Оқуды үздік оқыдым. 3-курста лениндік стипендиант атандым. Оқу ордасының комсомол ұйымын басқардым. Институтты бітірер кезде түрлі ұсыныстар болды. Маған комсомол комитетінің хатшысы болып, жұмысыңызды жалғас­тыра беріңіз деді. Аспирантураға жібергілері келді. Оның бәрі мені қызық­­тыр­мады. Елге барып, нақты жұмыспен айналысып, тәжірибе жинасам деп ойладым. Содан ауылға келдім. Аудандық ауылшаруашылық басқармасына аға зоотехниг болып орналас­тым. Бір жарым жыл сайын жұмыс ауыстырып отырдым. Жоғары өрледім. Әкем­нің көзі тірі еді. Менің әр жетіс­тігіме марқайып, қуанып жүрді.
– Аға, сіз егемендіктің елең-алаңында Жамбыл облысының әкімі болдыңыз.
Сол кездегі қиындықтан қалай шықтыңыз?
– Тәуелсіздік алған кезде жауапкершілік үлкен болды. Бір жағынан қатты қауіптендім. Бір жағынан қуандым. Ұзақ жыл аңсаған азаттыққа жеттік деп. Қауіптенгенім: арамызға арандатушылар кіріп кетіп, бір-бірімізді соғыстыратындай жағдай туғызып жібере ме деп қорықтым. Ондай қауіп болды. Оны ел білген жоқ. Астыртын іске асып жатты. Қай жерден бәле шығарамыз дегендер жүрді. Расы керек, елге Кеңес өкіметі тоқпақтауымен жұмыс жүргізді. Егемендік алғаннан кейін бәрі бейжай тіршілікке көшіп, соңын аяғы-қолдағы бардан айырылып, малдан ажырап, астықтан алыстап, аз халықты қайта қырып аламыз ба деп ойладым. Сол кезде «анау жоқ, мынау жоқ деп көшеге шығып талап ету керек» дегендердің арғы жағында басқа пиғыл жатты. Бос айқай түк бермейді. Ресей өздеріне төл ақшаларын енгізді де, өзіндегі ақшаның бәрін машина-машинамен бізге жіберді. Біреулер байыдық деп сол ақшаға мәз болды. Ол ақша барды да, дүкен мен базардағы дүниені құнсыздандырып,
жоқ қылып жіберді. Жұрт дүкендегі нәрсені сыпырып-сыйы­рып алды.
Біздің халқымыздың мінезі кең, ақылы терең. Артық әрекетке бармады. Сол кезде Елбасыға өз ойымды барып айттым. «Малсыз қалып, елді тағы қырып аламыз ба деп отырмыз. Облыста 3 миллион қой бар. Соның тең жарымын малшыларға жай берсем деймін. Бірақ оларға айтамын. «Жемейсіңдер, сатпайсыңдар, мал есепте тұрады» деп. Өйткені ол керек бізге. Басқа мал жоқ. Қойшыларға саулық беремін. Бір жыл ішінде оның саны көбейеді. Солай жыл сайын көбейтіп отырамыз. Мал жоғалып кетпейді. Соның арқасында халық аш болмайды. Осындай есеппен жасағалы отыр­мын. Сіз рұқсат беріңіз» дедім. Ол кісі келісім берді.
Елдің бәрі сол жобаға риза болды. Одан кейін өндірісті тұра­латпау үшін «Тараз» деген ассоциация құрдық. Соның арқасында Жамбыл облысында өндіріс тоқтаған жоқ.
– Тағы қандай қиындықтар кездесті?
– Сол уақытта Жоғарғы Ке­ңестің рөлі күшті болды. Барлық мәселе сонда шешілді. Айқай да содан шықты. Бір рет маған Мемлекет басшысы Жоғарғы Кеңестің төрағалығын ұсынды. Мен одан бас тарттым.
– Неге?
– Артық сөз болады деп ойладым. Нақты шаруамен айналысқанды жөн көремін деп бас тарттым.

Бір палаталы Парламенттің ­күрмеуі көп
– 1995 жылы Парламент
Сенатының депутаты төрағасы болдыңыз. Жалпы, елімізде екі палаталы Парламент болудың сыры неде?
– Айтайын. Бір палаталы Парламенттің күрмеуі көп. Өйткені Тәжікстанда да, Әзербайжанда да, Грузияда да шатақ бір палаталы Парламенттен бұрқ етті. Зерттеп қарасақ, мықты, ірі
деген мемлекеттер қос палатадан тұрады.
– Аражігін ашып айтасыз ба?
– Екі ауданның тұрғындары секілді халық болса да, екі палаталық Парламент қажет. Бір палаталы Парламент өте тұрақсыз. Ол күндердің күнінде оттың ортасына айналып кетуі кәдік. Оны жасау оп-оңай. Біреулердің қолында миллиардтаған қаржы бар. Бас­тысы – тыныштықты сақтап, ойланып, шешім қабылдауда. Мәселен, Парламент Мәжілісі заңды қабылдамайды, мақұлдайды. Ол Сенатқа келгенше бір аптадан артық уақыт өтеді. Оны Сенат депутаттары талқылайды. Заңмен келіспесе, Мәжіліске жібереді. Міне, осылай әрбір құжаттың иінін қандырады. Парламент екі палаталы болу керек деген мәселені көтердім.
– Сіз Сенат төрағасы болған кезде елге, халыққа қажет-ау деген қандай маңызды заңдар қабылданды?
– Біраз заң қабылданды. Көбісі есімде қалмады. Мәселен, Ұлттық рәміздер туралы заңды қалай қабылдағанымызды айтайын. Соның бел ортасында жүрдім. Жігіттер әуелде оны «нышан» деп жазып әкеліпті. Нышан деген жақсыға да, жаманға да тән. Мысалы, келіндер бала тууды тоқтатты, бұл жақсы нышан емес. Осы сөзде не қасиет бар? Қасиетті дүниелердің аты қасиетті болу қажет. Қазақта «рәміз» деген керемет сөз бар. Бес-алты дүниенің мағынасын береді. Оны сирек пайдаланамыз. Солай заңды «Ұлттық рәміздер» деп өзгертіп қабылдадық.
Одан кейін телеарнада темекі мен араққа жарнама жасамау­ға қарсылық білдіріп, отырып алғанның біреуі менмін. Өйт­кені арақ, темекі және тағы басқа нәрселер күнәнің үлкені саналады. Демек, жарнама ар­қылы күнәні уағыздау деген сөз. Олай жасаған ел ұзаққа бармайды. Тағдыры қиын болады. «Майда-шүйде деп ойламаңыз­дар» деп, заңды бекіттірдім. Қазір телевизиядан темекі мен арақты қайта жарнамалап жүр дейді. Ол – ақша емес, идеология. Екі палатаның жұмыс істеу технологиясын жасадық. Сайлау ережесін бекіттік. Президент – 7 жыл, Сенатқа – 6 жыл, Мәжіліске 5 жыл деп қойдық. Әлемдік стандартта Сенаттың жылы көбірек. Облыс­тық мәслихат – 4 жыл, аудандық мәслихат – 3 жыл, ауылдың әкімін сайлау 1 жыл деп шештік.
– Ауыл әкімін сайлау неге бір жыл?
– Ауыл шағын ғой. Адам бір жылда өзін көрсетеді. Елді құлатып алса, 2 жылға созып қажет емес. Жұрт қиналады.

Адам ешқашан парызсыз болмайды
– Сіз қазақтың тарихын бір кісідей жақсы білесіз. Бүгінгі тарихты жазып жүрген тарихшыларға көңіліңіз тола ма?
– Жоқ, көңілім толмайды. Бұлар әлі Мәскеудің иегінің астында жүр. Бәрін сол жақпен келіседі. Сол жақтың айтқанын жазады. Егемендік алғанда жас балаша қуандық. Енді тарыдай шашылған тарихымызды жинайтын болдық деп. Тарыдай шашылған халқымыздың басы бір қазанға қосылады деп. Осындай екі дүние алдымызда тұрды. Алыстағы біраз ағайын атажұртқа оралды. Бірақ түгел жинаған жоқпыз.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұрынғы қастерлі ата дәстүрді сақтау туралы жақсы ойлар айт­қан. Көпшілік рухани жаңғыруды дұрыс түсінбей жүр. Ата дәстүрді сақтау керек дегенде нені айтамыз? Адамдықты, адалдықты, кісілікті, мәдениетті, тәртіпті сақтаған жөн. Жұртымыздың басында адамның ала жібін аттамайтын, біреуге қастық ойламайтын, тек жақсылық тілейтін тамаша қасиеттер болды. Осы қазақы қасиеттен айырылсақ, ұлттық болмыстан ажыраймыз

Менің есебім бойынша, іштегі қазақтан гөрі сырттағы қазақтың саны көп. Бес миллион деген ауылдың қасы деп түсінемін. Өйткені дәлелдерім бар. Иранда 7 миллион бақтиярлар бар. Біз – ұлы жүздің ішіндегі бақтиярмыз. Біздің бауырларымыз соларға сіңіп кетті.
Таяуда Тарбағатай ауданының әкімі маған арнайы жолығып кетті. Ол аудан Қытайдың бір ауданымен шекаралас екен. Онда 150 мың халық тұрса, Қытайдың ауданында 17 миллион адам орналасқан. Сол 17 миллионның біразы қазақ дейді. Біз әлі тарихтағы қатып қалған қағидалардан өзгере алмай жатырмыз. Өтірік құ­рас­тыру көп. Халықты адастырмаған жөн.
– Бүгінде латын әліпбиіне көшу туралы пікірге не айтасыз?
– Латын әліпбиіне бір-ақ тұрғыдан жақсы баға бере­мін. Ел қазақ тілі деп айтып жүргенде, кейбіреулер соны ат қылып мініп алып, атақты болғысы келіп жүрген шақта айтқан едім. Сонда мен айтқанмын. Сендер тілді саясатқа айналдыр­маңдар. Одан түк пайда жоқ. Мұның бір жолы бар. Бірден латын әліпбиіне көшу. Тілге тимеу қажет. Әріпті шешіп алайық. Оны дауға айналдырмаған жөн. Қалай латынға көшеміз, қазақ тілі салтанат құрады.
– Дін туралы не айтасыз?
– Ақырзаман болмайды дедік. Бірақ бір үлкен өзгеріс болады. Сол өзгерістің алдында әсіре діншілдер, дінбұзарлар көп болады делінген. Бір күні бәрі пышақкесті тыйылады. Нағыз ақиқат орнайды. Соның қалай келгенін ешкім білмей қалады. Әлемде таза ислам діні болады.
– Ұлттық тәрбие, қариялық қасиет жайында не айтасыз?
– Әр адам пайғамбар жасына жеткеннен кейін қариялық парызын өтеуі керек. Адам ешқашан парызсыз болмайды. Қарным тоқ болса болды, маған бәрібір деген пиғыл болмау қажет. Әркім өзіне талап қойып, жауапкершілікті сезінген жөн. Жастарға айқаймен емес, ақылмен, майдалап жеткізу керек. Таяқпен ешкімді жөндей алмайсыз. Жасқа әдемілеп, санасына тиетін сөзбен айтқан дұрыс. Өмірдің басы бар да, аяғы жоқ. Келешек жас ұрпақпен жалғасады. Мысалы, америкалықтар он сегіз жасқа толғанда баласын үйінен шығарып жібереді. Одан кейін оны қоғам, көше тәрбиелейді. Содан олар сорлы халық болып отыр ма? Әрине, ол бізге үлгі емес. Біз өзіміздің жолымызбен дамуымыз қажет.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұрынғы қастерлі ата дәстүрді сақтау туралы жақсы ойлар айтқан. Көпшілік рухани жаңғыруды дұрыс түсінбей жүр. Ата дәстүрді сақтау керек дегенде нені айтамыз? Адамдықты, адалдықты, кісілікті, мәдениетті, тәртіпті сақтаған жөн. Жұртымыздың басында адамның ала жібін аттамайтын, біреуге қастық ойламайтын, тек жақсылық тілейтін тамаша қасиеттер болды. Осы қазақы қасиеттен айырылсақ, ұлттық болмыстан ажыраймыз. Сондықтан, жасы келген қария­лар, жастарға үлгі болайық.
Өз жолымызды, жөнімізді білейік. Таза жүрейік. Содан тәлім алған жастың келешегі жарқын болады.
– Аға, риясыз айтқан әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

The post Өмірбек БАЙГЕЛДІ: ҚАЗАҚЫ ҚАСИЕТТЕН АЙЫРЫЛСАҚ, ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТАН АЖЫРАЙМЫЗ appeared first on Астана Ақшамы.

Елнар БАЗЫКЕН, сәулетші: «БӘЙТЕРЕКТІ» ЖАҢҒЫРТУ – ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ

$
0
0

Жақында елорданың тарихи нысанына айналған «Бәйтерек» монументін жаңартқан, ЭКСПО қалашығындағы ең тартымды Қатар павильонының қасбетін жасаған астаналық Елнар Базыкенмен елордамыздың келешегі және өзге де қызықты тақырыптар туралы пікірлестік.

Кішкентай кезімде үйдегі түсқағаздарды шимайлап, сурет салғанды ұнатушы едім. Әке-шешем жаңасын жабыстырса, оны да бояп тастайтынмын. Содан әкем мені жетектеп, бейнелеу өнерінің мектебіне алып барды. Бұл істің қыр-сырымен сол жерде таныстым. Кейін өсе келе «Кім боламын?» деген сұрақ туындағанда, ойланбастан сәулет өнеріне бет бұрдым. Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түстім. Жұмыс­ты 2 курс оқып жүргенде «Астана бас жоспары» мекемесінде бастадым. Ең алғашқы жалақым 13 мың теңге еді. Сол кездегі бастығым белгілі сәулетші Нұрмахан Тоқаевтың қол астында 2 жылдай жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Айтпақшы, әкем де архитектор. 7 жыл бұрын әкем екеуміз «Гүлден-АС» компаниясын құрдық. Компаниямызды бұлай атауымыздың бір себебі, Гүлден есімді қарындасым бар. Ал екінші жағынан, сол жылдары «Гүлдене бер, Астана» деген ұран қаладағы барлық көрнекті жерлерде жазылып тұратын. Шынымды айтсам, архитектор емес, полицей қызметкері болуды армандадым. Бірақ өмірдің ағысы мені осы жолға алып келді. Міне, осы салада жүргеніме 10 жыл болып қалды. Алғашқы жылдары Дубайда 3 жылға келісімшарт бойынша жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Қазір одан бас тартқаныма еш өкінбеймін.

Алғаш компаниямызды ашқанда ешқандай тапсырыс болған жоқ. Газеттерге хабарландыру да бердік, жарнама да жасадық. Бірақ бірде-бір адам қызығушылық танытып хабарласқан жоқ. Бұл жағдайдан кейін қол қусырып отырмай, өзім жобаларды салып, оны ұсыну керектігін түсіндім. Жаңа жыл қарсаңында 2010 жылдың иесі «барыс» логотипін жасап шығардым. Эскиздерді құшақтап, сол жылдардағы Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметовке бардым. Қаланың мерекелік безендіруін барыс стилінде жасауды ұсындым. Басқа аудандардан ерекшеленгісі келген әкім идеяны қолпаштап, бірден қабылдады. Бұл менің талабымды оятты. Сол кезден бастап менің басты қағидам – өнімді жасау және ұсыну дегенге саяды.

Қазір идеялар талқыға түсетін заман. Бүгінде он шақты маманнан жасақталған тобымызбен тапсырыстарды орындап жүрміз. Уақытымыздың біраз бөлігін міндетті түрде шығармашылыққа да арнаймыз. Кейде дайын маманнан гөрі жастармен жұмыс істеген оңайырақ. Өз компаниямды дарындардың шоғырланған мекені еткім келеді. ЕҰУ-нің магистр дәрежесін алып, 4 жылға жуық уақыт университет қабырғасында сабақ берген едім. Міне, жақында сол жас дарындармен орта толады. Біздің студенттер не үшін оқып жатқандарын түсінсе деймін. Көбісі еңбектің арқасында қандай жетістікке жетуге болатынын, сәулетші елімізге қандай пайда тигізе алатыны жайлы ойланбайды.

«Хан шатыр» маған ешқандай эмоция бермейді. Жаңадан салынған «Talan Towers» ғимаратының көркі көз тартарлық. Құрылымы жағынан қарапайым, бірақ ғажап ғимарат. Нысанның архитектуралық жаны бар. Айтар ойы нық. «Астана Опера» – нағыз классика, «Бәйтерек» – тарих, еліміздің жарқын болашаққа ұмтылысы. «Ақорда» – ұлттық нышанда жасалған жылдар өте келе де өз әсемдігін жоғалтпаған ғимарат. Осы тұста, атақты архитектор Ренцо Пианоның айтқаны есіме түсіп тұр. Ол «…Егер жазушы нашар кітап жазса, оны ешкім оқымай қояды. Ал егер сәулетші жұмысын жаман атқарса, адамдар жылдар бойы ұсқынсыз дүниені қарауға мәжбүр болады» деген. Мен осыған толықтай келісемін.

Бірде Қазбек есімді серіктесім маған телефон шалып, «Бәйтеректің» реконструкциясына шақырды. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап он күннің ішінде жаңа «Бәйтеректің» бейнесін салып шықтық. Басында ғимаратты жай ғана жаңарту көзделді. Кейін монументке жаңа тыныс, жаңа дизайнерлік көзқарас қажет екендігі байқалды. Ашылғаннан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген ғимараттың шаруасы көп болды. Инженерлік, техникалық тұстарын ойластырып, инфрақұрылымын қайта жасап шықтық. Монументтің сыртындағы элементтерді ішкі дизайнға қостық. Ақ түстерді қосып, күмбезді алтындай жарқыраттық. Ал жөндеу жұмыстарын «Базис-А» компаниясы қолға алды. ЭКСПО-ның ашылуына үлгеру үшін жұмысшылар күн-түн демей, тер төкті. Келіссөздер 3-4 айға созылғандықтан, мамандар екі-ақ айда барлық идеяны жүзеге асырды. Бұл жоба – мен үшін үлкен мәртебе.

Қатар павильоны сингапурліктер жасаған жоба, ал оны еліміздің талаптарына сай етіп салу біздің міндет болды.

Басында біз нысанның жалпы тұжырымдамасымен таныстық. Қатарлықтар «Жігіттер, сендердің қолдарыңнан келе ме? Бізге керегі тек нәтиже, қазір жауабын айтыңдар» деді. Оның есесіне, павильонды бір ай ішінде салып шығуымызды өтінді. Ойлана келе, жұмысқа кірісіп кеттік. Алғаш рет компаниямызға мемлекет тапсырыс берді. Жұмысты Қазақстандағы Қатардың елшісі бақылап отырды. Барлығын біздің нарыққа бейімдеп, елде бар құрылыс материалдарын пайдаландық. Жауапкершілікті өз мойнымызға артып, әркез шешім қабылдап отыруға тура келді. Қай жерде теледидар, қай жерде ауа салқындатқыш болатынын ойластырдық. Негізі, бұл павильонның құлап қалу қаупі де болды. Себебі жерге түсетін күш қалыптан асып кетті. Бұл мәселені де шештік.
Ал фасадқа келетін болсақ, пайеткаларды Қытайдан алдырттық. Материал Қытайда декор ретінде кеңінен пайдаланылады екен, аса қымбат емес. Басында қатарлықтар да, ұлттық компанияның өкілдері де біздің идеяны түсінбеді. Жасап бітіргеннен кейін, Қатар павильонының фасады ең әдемі болатынына көз жеткізді. Біз о бастан жел энергиясының құдіретін көрсетуді мақсат тұттық. Одан басқа, ЭКСПО-да италиялық және аргентиналық мейрамхананың дизайнын жасап, жақсы тәжірибе жинақтадық.

Сәулет өнерінде қазақы на­қыш бар. Менің ұғымымда қазақы стиль – көшпенділердің өмір-салтын танытатын стиль. Елестетіңізші, мейрамхана кіреберісінде бауырсақ тегін таратылып, орталық залда қонақтар бір дастарқан басында тамақтанып отырса, нағыз қазақтың қонақжайлығын танытатын көрініс болар еді. Ата-бабамыздың арба, жебе, домбыра сияқты күнделікті пайдаланған дүниелерін жаңашылдықпен ұштастыруға болады. Киіз, тері сияқты материалдарды пайдаланып, сексеуіл ағашын брендке айналдыруға болады. Адамдар келіп, «Міне, қазақтың дархан даласында отырғандаймын» дейтіндей әсерге бөленсе деймін. Болашақта қазақтың жиһазын жасағым келеді.
Отандық туризмді дамытудың төте жолы кез келген бастамада ұлттық идея көрініс беруі керек. Жыл сайын «Қазақтың дастарқанынан дәм татыңыз» деген дәстүр қалыптастырып, оны әр елге барып насихаттап тұрсақ, нәтижесі көп күттірмейді. Әлем мұны образ ретінде қабылдауы мүмкін. Дүниенің қай түкпіріне бармасаң да, «қазақы қонақжайлық» деген ұғым қалыптасушы еді. Бұл – «швед үстелі» сияқты ұғым. Ал Бурабайда жылына бір рет рок-н-ролл фестивалін өткізсек, Көкшеден асқан танымал жер болмаушы еді.

Сәулетші – құрылыстағы ең басты, ең маңызды адам. Ол инженер, конструктор, құрылысшыларды басқарып, оның сызбасы бойынша үйлер салынады. «Дарындысың» деген сөз – мен үшін адамға салынған таңба. Әркім күш жұмсаса, кез келген жетістікке қол жеткізе алады. Мен де кезінде алып теңіздің ағысына қарсы тұра алмай, қарым талды. Кейін еркін жүзуді үйрендім. Шынымен де, сәулетшіге өз-өзіңді мойындату өте қиын. Шығармашылық адам ешқашан да бір толқында қалып қалмауы керек.
Сәулет – өмір сүру салты, өзгертуге деген құштарлық және көңіл-күй. Егер дизайн мәселені шешсе, архитектура пайдалануға берілетін кеңістікті жасайды. Бұл қалада барлығы тек сіз үшін жасалғанын есте ұстау қажет. Қаржы алпауыттар сіз үшін мейрамхана есігін ашып, сіз үшін қонақүйлерін салады. Сіздің ілтипатыңыз үшін олар бір-бірімен бәсекелес. Ал егер қаланы ыңғайсыз, тартымсыз десең, оны өзгертуге үлес қос. Мәселен, мен макет ұсынсам, сіз мәселе көтеріп, газетке жариялаңыз.

Сұхбатты жазып алған
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

The post Елнар БАЗЫКЕН, сәулетші: «БӘЙТЕРЕКТІ» ЖАҢҒЫРТУ – ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ appeared first on Астана Ақшамы.

Динара СӘДУАҚАСОВА: ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ МАГНУС КАРЛСЕНМЕН ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ

$
0
0

Бұрнағы күні ЖОО арасындағы шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова кубогы үшін шахмат жарысы басталды. Осы орайда турнирде Динараға оқырманның он сұрағын қоюдың сәті түсті.

– Небәрі жиырма жаста өз атыңызда турнир өткізу сіз үшін мақтан, абырой болар. Бұл турнирдің мақсаты қандай?
Дәурен Нұрғалиев, студент
– Расымен де, бұл жарыс мен үшін аса маңызды. Игі іске әкімдіктен бастап, Қазақстанның шахмат федерациясы қолдау көрсетті. Турнир жыл сайын өткізіліп, жақсы дәстүрге айналса екен деймін. Жарысқа елорданың оқу орындарымен қатар, Алматы және Қарағанды қалаларының ең үздік ойыншылары қатысып жатыр. Елімізде шахматқа деген қызығушылық жоғары. Қазір ата-аналар балаларын кішкентайынан үйірмеге жаздыртады. Алайда бұл спорт түрімен тек балақайлар ғана емес, жастар да, үлкендер де айналысса деймін. Міне, ұйымдастырылған турнирдің басты мақсаты да сол – еліміздегі шахматтың беделін көтеріп, оны сәнге айналдыру.

– Сіз шахматқа 24 сағатыңыздың қанша уақытын жұмсайсыз?
Элизат, мектеп оқушысы
– Бес жастан бастап шахматпен әуестене бастадым. Ал 11 жасымда алғаш рет 12 жасқа дейінгі қыздар арасындағы шахматтан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Сол сәтте бұдан үлкен жетістіктерге жетуге болатынын түсіндім. Өмірімді шахматсыз елестете алмайтындай болдым. Сондықтан бапкер мен кеңесшілерден бөлек, өзім үйде де дайындаламын. Шахматқа қатысты кітап оқып, білімімді толықтырамын. Онлайн ойын ойнап, жаттығулар жасаймын. Күн сайын кәсіби маман ретінде өзімді жетілдіремін.

– Жанкүйерлеріңізді қандай жаңалықпен қуанта аласыз?
Алмат, 24 жаста
– Жуырда ғана жабық алаңдағы Азия ойындарына қатысып келдім. Осындай дәрежедегі бәсекеге алғаш рет қатысуым. Азиялық ойындарға Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Филиппин, Иран, Қытай құрамалары сияқты құрлықтың үздіктер жиналды. Әйелдер арасында өткізілген классикалық ойында қола жүлдені иеленіп, еліміздің қоржынын тағы бір медальмен толықтырдым. Бұл – ең соңғы турнирде қазіргі әлем чемпионы қытайлық Тан Жангимен тең түскеннің нәтижесі. Жеке басым үш медаль жеңіп алдым, ал командалық есепте алтынды иелендік. Жарыста өзіңді көрсету қиынға соқты, себебі күн сайын екі тур ойнадық. Таңғы сағат тоғыздан бастап, кешке дейін шахмат үстелінде тапжылмай отырып, 4 күннің ішінде 7 тур өткіздік.

– Жалқаулық деген адамға тән қасиет қой, кейде сүйікті ісіңнен жалығып, барлығын тастап кеткіңіз келмей ме? Күйзеліске ұшыраған кезде оны қалай жеңесіз?
Мәрия, магистрант
– Жоқ, өз басым сары уайымға ешқашан түспеппін. Шаршағанымды дұрыс баса білгендіктен болар, бәлкім. Партиядан кейін ән тыңдап, кино көріп, достарым мен жақындарыммен сырласуды ұнатамын. Осының өзі мені рахатқа бөлеп, жан тыныштығын сыйлайды.

– Жарыстарға дайындық жұмыстары қалай жүреді?
Айнұр, мектеп оқушысы
– Әдеттегідей, шахмат ойнап жаттығамын. Одан бөлек, бассейнге барып, суда шамамен 1 шақырым жүзіп өтемін. Шахмат – бұл да спорттың түрі, сондықтан бойды сергек ұстау керек. Жаттығу залына барып, әпкеммен үлкен теннис ойнай бастадым, ал достарыммен коньки тебеміз. Астанада велосипед теуіп, серуендегенді тағы ұнатамын. Елордаға әр келген сайын қаланың қалай құлпырып, түрленгенін байқаймын.

– Шахматтан қандай пайда көрдіңіз? Өміріңізді өзгертті ме?
Томирис Маратқызы, сатушы
– Шахматпен кәсіби деңгейде айналысу міндет емес. Кез келген адам шахмат ойнаса, өмірде берер пайдасын өздері көруші еді. Ойын логикалық ойлау мен талдамалық қасиеттерді дамытып, жан-жақты ойлауға үйретеді. Шахматтың арқасында адамның ерік-жігері, мінез-құлқы қалыптасады. Маңызды шешімдер қабылдағанда көмектесіп, жоспарларымды реттеуге көмектеседі. Шахматтың көмегімен бәріне үлгеруді үйрендім.

– Қай жерде білім алып жатырсыз?
Күлзия Махмұтқызы, зейнеткер
– Ресейдің бір жоғары оқу орнында геология­лық барлау мамандығы бойынша білім алудамын. Менің атам профессор, геолог болған кісі. Шахматпен кәсіби айналысуға бел буғаннан кейін, қашықтықтан оқу мен үшін аса ыңғайлы. Оқуымды да, сүйікті ісімді де, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүруге тырысамын.

– Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында шахматтан үздік құрама деп айта аласыз ба? Елімізде ер-азаматтардан гөрі қыздардың осы спорт түрінде жақсы нәтиже көрсетуінің сыры неде?
Нарғыз, заңгер
– Біздің елімізде шахмат енді-енді аяқтан тұрып келеді. Соның өзінде жақсы нәтиже бар. Жасөспірімдер арасында шахматтан әлем біріншілігінде алтынды алдық. Дүниежүзілік шахмат олимпиадаларында да лайықты ойнап жүрміз. 2014 жылы біздің әйелдер құрамасы алтыншы орынды иеленді. Әр өңірде жылдан жылға шахмат орталықтары ашылып, шахмат мектеп бағдарламасына пән болып енгізіліп жатыр. Былтыр шахматқа әуес балалардың әке-шешелерінің өтінішімен шахмат академиясын аштық. Оның екінші филиалын да ашу жоспарда бар.
Ал ер-азаматтарға келетін болсақ, барлығы – уақыттың еншісінде. Біздің жігіттеріміз де Азия ойындарының блиц партиясында қола медальді қанжығасына байлады.

– Алда қандай жарыстарға қатыспақшысыз?
Жақсыгелді Абдрахманов, кәсіпкер
– Алдағы жоспар деп осы айдың ортасынан басталатын халықаралық жарыс­тарға қатысуды айтуға болады. Оған дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

– Егер сізге кез келген шахматшымен ойнауға мүмкіндік берілсе, кіммен кездесер едіңіз?
Қанат, 18 жаста
– Егер көзі тірі болса, кеңес заманындағы ең озық шахматшылардың бірі Михаиль Тальмен ойнаушы едім. Ол көпшіліктің жадында ерекше ойындары мен қызықты әдістерімен есте қалды. Фишермен бір партиядан бас тартпас едім. Қазір есімі дүркіреп тұрған әлем чемпионы норвегиялық Магнус Карлсенмен ойнасам, тартысты ойын болатынына сенімдімін. Менің арманым – ерлер арасында элитаның құрамына ілігу. Ол үшін, ең алдымен, мен ерлер арасында гроссмейстер атану керекпін. Ақырын жүріп, анық басып, діттеген арманыма ұмтылып жатырмын.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

The post Динара СӘДУАҚАСОВА: ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ МАГНУС КАРЛСЕНМЕН ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ appeared first on Астана Ақшамы.


СЫПАЙЫ МІНЕЗ – АДАМДЫҚТЫҢ СӘНІ

$
0
0

Мұқамбетқасым ШӘКЕНОВ,
қоғам қайраткері: СЫПАЙЫ МІНЕЗ – АДАМДЫҚТЫҢ СӘНІ

Осы жасыма дейін талай тама­ша жандармен танысып, етене ара­ласып, қызметтес болдым. Оңа­ша отырғанда, кейде сол күндер ойға оралады. Солар­дың жарқын мінез­дері, жарасымды әзіл-әңгі­мелері, асыл азаматтардың бейнелері көз алдымнан кетер емес. Солардың бірі Жамбыл облысында дүниеге ке­­ліп, байтақ Қазақстанның түрлі аймақтарында жемісті еңбек еткен, қазір аға буынның өкілі атанған Мұқам­бетқасым Қойшыбайұлы Шә­ке­нов дер едім. Мен өзім оның бойы­нан өзін де, өзгені де қадірлей біле­тін иманжүзділікті, жөн білетін қазақы тектілікті, сыпайылықты, үл­кенге жол берер, кішіні көңіл шыңына шы­ғарар, қатар құрбысын өзімен тең ұстар, ұлық болса да, кішіліктен танбас мырза пейілділікті байқадым. Бұл, сөзсіз, өмір бойы адалдық пен тазалықты негізгі мақсат еткен аза­маттың болмысы. Жақында Мұ­қаң­мен кездесіп, сұхбаттасып қайт­­қан едік.

Арман адамды алға жетелейді

– Соғыс басталған жыл­дары дүние есігін ашыпсыз. Сол кездегі хал­қымыз басынан кешкен жұ­пыны өмір белгілі. Қан­ды қырғынды көрген ұр­пақтың жоқшылық пен тар­шылықтың азабын тартқаны аян. Әке-шешеңіз, өскен ортаңыз туралы сыр тартсаңыз.
– Иә, біз сұрапыл соғыс жылы өмірге келген ұрпақ­пыз. Ата-анам құдай деген қарапайым кісілер болды. Шүкірлікпен ғұмыр кешті. Әкемнің аты –Қойшыбай Нақыпұлы. Шешемнің есімі – Мінай Сарыбайқызы. Сауат­тары аз болса да, дүние­таным­дары кең, қазақы мінезді, балалар тәрбиесіне, олар­дың оқып, білім алуларына зор көңіл бөлді. Анам дүниеге он төрт перзент әкелгенімен, солардың бесеуі ғана аман қалды. Ол бір ауыр жылдар еді ғой. Әкем бірдеңені сезгендей, әсіресе, екінші баласы Әбілқасымға қалған іні-қарындастарына бас-көз болуды, олардың білім алуларына жағдай жасауын аманат етті. Әбілқасым ағам әкемнің орнына әке болды. Жеңгем екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Маған және қарындастарыма жоғары білім алуға жағдай жасады. Әкелерінен ерте қалған немере інілерім Қалмен мен Оқанды, Әбдіқалықты ең­бекке баулып, мамандық әперді, үйлендірді. Өте мейірімді жан еді. Ағайын-жекжаттан қолдан келген жақсылығын аямайтын, жаны жомарт, кеңпейіл азамат болды.
Әбекең ешкімнің ала жібін аттамаушы еді. Меккеге қажылыққа барарда Алматы арқылы ұшты. Жолға керек болады деп жоралғысын жасап едім, алмай қойды. Бір әке-шешеден тусақ та: «Шариғат көтермейді, қажылыққа өз еңбегіммен тапқан қаражатыма баруым керек» деп көнбеді.
– Алғаш рет арманның «пырағына» қашан міндіңіз?
– Шіркін, арман мен қиял деген керемет қой! Ол сені кей уақытта мүмкіндігіңе қарамай асқақтатып жібе­реді, кейде күтпеген жерден жардан құлата салады. Арман адамды алға жетелейді. Сол арманның жетегімен сегізінші сыныптан кейін облыс орталығы – Жамбылдан бір-ақ шықтым. Шаһардан білім алсам деген ниетіме әке-шешем де қарсы болмады, қайта қолдады. «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» дегендей, жолымда жолыққан адамдар кеңпейілді, ізгі ниетті адамдар болып шықты.
1957 жылы Жамбыл қала­сына келдім. Мектеп директоры Алдаберген Сәрсембаев ағайдан техникумға түсем деп құжаттарымды әзер алдым. Бейтаныс шаhарды аралап жүріп, Пушкин көшесінің бойындағы орыс мектебіне бас сұқтым. Директоры Павел Кузьмич Цой кілең беске толы құжаттарымды қарап шығып, сол мектепке қабылдады. Жатар орнымның жоқтығын біліп, Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің директоры Сейдуллаев деген ағаймен сөйлесіп, ондағы облыс аудандарынан келген балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырды. Осында оқып, тәрбие алуыма интернат директоры Әкім Садықбеков ағайдың көп шарапаты тиді.
Осылайша, он бес жасым­да қалаға келіп, жаңа ор­таға бейімделе бастадым, жинақылыққа үйреніп, білім­ге деген құштарлығым артты. Мектепте түрлі үйірмелерге қатысып, өмірге қажет болар деген мамандықтардың қыр-сырынан жеткілікті мәлімет алдым. Әсіресе, «әуесқой жүргізуші» куәлігінің пайдасын кейіннен мол көрдім.
– Мал шаруашылығына қалай барып жүрсіз?
– Әкемнің сөзі мен үшін жазылмаған заң болды. Не айтса да тік тұрамын. 1959 жылы орта мектепті ойда­ғыдай бітіргеннен кейін әкем­нің кеңесіне құлақ асып, Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түстім. Қызыққа толы студенттік өмірді бастан кештім. Шаршап-шалдығуды білмейміз. Жоғары оқу ор­нының қоғамдық жұмысына белсене атсалыстым, курс­тың комсоргы болып, түрлі марапаттарға ие болдым. Жалынды жастық шағымда болашақ жарым Шекерге жолығып, көп ұзамай ша­ңырақ көтердік.
– Қолға диплом ұстаған жас мамансыз. Алғашқы еңбек жолыңыз қалай бас­талды?
– Шалғайдағы бөлімшенің қатардағы мал дәрігері болып орналастым. Жас маманмын. Тәжірибем аз. Бірақ елдегі өмір көрген адамдардан тағылым алып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, шаруашылықтың қыр-сырын үйрендім. Көпті көрген қа­риялар мені адалдық пен тазалыққа баулыды. Қан­дай жұмыста жүрсем де ұстамды, табанды, сабырлы болуға ұмтылдырды. Соның нәтижесінде әрбір істің тетігін тауып, шешімін әділ, тез шығаруға тырыс­тым. Елге сыйлы болдым. Абыройым өсті. Жастармен тығыз жұмыс істедім. Соны байқады ма, комсомол ұйымы қызметке шақырды. Жастар арасындағы жұ­мыст­ы Жамбыл облысы Жамбыл аудандық комсомол ко­ми­­тетінің ұйымдастыру бө­лімінің меңгерушісі қыз­метінен бастадым.

Өзбекәлінің өнегесін көрдім

– Кеңестік кезеңде жас­тардың мүддесін бір арнаға тоғыстырған комсомол ұйымы дүрілдеп тұрды. Одан талай қайраткерлер шыңдалып шықты. Сіз де сол жолдан өттіңіз.
– Ол кездегі комсомол ұйымы жастардың ақыл­шысы, қамқоршысы болды ғой. Жастар қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Жоғарыда айтқан бөлімде істеп жүргенде, мені Жамбыл аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайлады. Содан жоғарылап, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы, одан соң бөлім меңгерушісінің орынбасары етіп тағайындады. 1970 жылдан бастап Мәскеуге Бүкілодақтық ЛКЖО Орта­лық Комитеті ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы қызметіне ауыстым. Мұнда үш жыл ғана жұмыс істедім. Былайша айтқанда, комсомол маған үлкен мектеп болды. 1973 жылы Мәскеуде БЛКЖО Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқарып жүр­ген Орталық Коми­тет­тің бірінші хатшысы Е.Тяжель­ников республика басшылығы жаңадан құрылған Жезқазған облы­сының жастар одағын бас­қару үшін мені шақырып жатқанын айтып, шығарып салды.
– Жезқазған жері Сізді қалай қарсы алды?
– Кеңес Одағы кезінде жастардың облыстық ұйы­мына жетекшілік ету үшін талай сындардан мүдірмей өтіп барып сайланатын. Жас­тар жетекшілері өздерін қабілет-қарымымен, ұйым­дастырушылық және іскерлік қасиетімен, білімділігімен, жұрт алдына шығып сөйлей алатын шешендігімен ірік­телетін.
Сол кезде Жезқазған облысында дамыған салалар түсті металлургия мен ауыл шаруашылығы болатын. Осы салаларды одан әрі дамыту үшін ондаған комсомол жас­тар бригадалары құрылып, жарыстар ұйымдастырылды.
Облыстық жастар ұйымы­ның игілікті бастамасына облыс басшылары үнемі қол­дау көрсетіп отырды. Жастарға қажетті өндірістік-әлеуметтік жағдай жасау қатаң бақылауға алынды. Тек бір ғана Ақтоғай ауданында 36 бригада құрылды. Көптеген жастар қой өсіруші жастар бригадаларына бару­ға тілек білдірді. Екі жыл жұ­мыс жасаған жастарға Жез­қазғанда ашылған инсти­тутқа түсуге жеңілдік берілді.
Мәдени салада жағымды өзгерістерге жол ашылды. Облыста кейін аты бүкіл елімізге жайылған «Ұлытау» атты жастар ансамблі құрылды. Жаңадан ашылған Жезқазған облысында парасат, пайымын алға тартуға болатын, өздерінің қажырлы еңбегімен талай-талай биіктерді бағын­дырған азаматтар аз болмады. Облыс басшылары қарымымды байқап, мені 1977 жылы халық депутаттары Ақтоғай аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Ақтоғай ауданында бір жыл істегеннен кейін Жаңаарқа аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатты.
Бұл киелі өңірде есімдері бүкіл Қазақстанға белгілі тарихи тұлғалар мен мемлекет және мәдениет қайраткерлері дүниеге келген. Аудан хал­қының әдебиет пен мәде­ниетке жақын болатыны да сондықтан болса керек. Партия комитетінің хатшысы ретінде ең алдымен ауданның өнері мен мәдениетіне ерек­ше назар аудардым. Бұрын­нан бері ауданның мал мен егін шаруашылықтары жаңа деңгейге көтерілді. Бүкіл­одақтық социалистік жарыста жеңімпаз атандық, озат малшылар мен дихандар үкіметтік марапаттарға ие болдық. Жалпы алғанда, Жезқазған облысында он бір жыл қызмет істедім.
– Сіздің маңдайыңызға кілең жаңа ашылған об­лыс­тарға қызмет істеуді жазған екен. Одан кейін Тор­ғай облыстық атқару коми­теті төрағасының орынбасары болыпсыз.
– Торғай даналардың, ба­тырлардың, ақындардың мекені ғой. Мұнда облыстың білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қам­тамасыз ету, кино, спорт, мұрағат салалары жұ­мыс­тарына жетекшілік жасадым. Көрші облыс­тармен әріптестік байла­ныс орнаттық. Соның нәти­жесінде Ақмола облысында басқармалардың басшыларын жинап, тәжірибе алмасу семинарын өткіздік. Облыс жабылғаннан кейін музыкалық-драма театр труппасын түгелдей Жез­қазған облысына көшіруге себепші болып, талантты жас әртістердің өнерден тыс қалмауына атсалыстым.
– Кезінде жалынды жас­тардың жетекшісі болған көрнекті қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі ағамызды аузы­ңыздан тастамай айтып жүресіз.
– Шынында да, Өзекең сияқты ағалардың орны бөлек. Ол кісімен қоян-қолтық араласып, қызметтес болған қандай ғанибет! Ондай қайраткердің үйретері де, одан үйренерім де мол болды. Өзбекәлі Жәнібеков сабырлы, салмақты, көрегенділіктің үлгісі іспетті өте жайсаң жан еді. Ұлттың өнерін им­периялық саясат төніп тұр­са да, басқадан қызғыш құс­тай қорыды. Ол жүрген жерде кез келген іс жанданып кетеді. Қазақтың байырғы дәстүрі мен салтын жетік білетін. Өзағаң мен үшін мәдениеттіліктің, ұлағаттылықтың, кісіліктің, тектіліктің эталоны саналды. Әрбір іс-әрекеті салиқалы, сөзі дуалы, мінезі жатық, ешкімді жатырқамайтын, алаламайтын, қараңғыда жол көрсетер бағдаршам іспетті ұлтымызға өте қажет нағыз асыл азамат атанды. Әттең, тұғырлы тұлғаның қадірін аз білдік. Өмір жолымда Өзбекәлі ағадан көп өнеге алдым.

Алып ағаларымды сағынамын

– Бұдан кейінгі қызметіңіз оңтүстік өңірге ауысты. Бұрынғы Қызылқұм, қазіргі Отырар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болдыңыз. Бөтен жерді жатырқаған жоқсыз ба?
– Қазақтың қай жерінің де маған жаттығы жоқ. Ел мен елді ешқашан алалаған емеспін. Отырар – ұлттың рухани алтын ордасы, қазақ өркениетінің асыл діңгегі. Мысырдағы Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана осында болған. Киелі топырақта туып, ел үшін аянбай тер төккен, жұртына кеңінен танымал қайраткерлердің өзі бір төбе. Солардың біразымен қызметтес, сыйлас болдым. Сол кезде Қызылқұм ауданы республикадағы артта қалған 30 ауданның қатарында екен. Маған Жезқазған мен Торғай облысында жинаған тәжірибем көп көмектесті. Аудандағы әлеуметтік сала да көңіл көншітпейді. Сәбилердің шетінеу пайызы тым жоғары, оның үстіне өкпе ауруына шалдыққандар саны артпаса, кемитін түрі жоқ. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, ауданға облыс пен Алматыдан тиісті мамандарды шақыртып, әлеуметтік және медициналық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын іздестіріп, қажетті қаржы бөлінді. Бүкіл саяси ұйымдастыру жұмыстары тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыт­талды. Аудан орталығына 530 малшыны үш күнге жинап, дәрігерлік тексеруден өткіздік. Ауданда артта қалған егін және мал шаруашылықтарын озаттар қатарына қосуға әбден болатынына көз жеткізгеннен кейін мамандарды өзім қызмет жасаған Торғай мен Жезқазған облыстарына жіберіп, сонда жүзеге асқан озық технологияларды меңгерудің жолдарымен таныстырдым. Шопандардың тұрмыстық жағдайын жақ­сартуға күш салдық. Әрине, тек шаруашылықты ғана емес, ауданның рухани өмірі де назардан тыс қалған жоқ. Қасиетті Арыстан баб кесенесінің төңірегін көркейту, көгалдандыру, кесенеге елеулі зиянын тигізе бастаған жерасты суын «жоғалту» мақсатында бірнеше шақырым дренаждар қазу, сондай-ақ, Арыстан баб әулие кешенін адамдар тәуіп ететін жерге айналдыру үшін тұрғынжайлар салдық. Қараусыз қалған Отырар төбе тарихи ескерткішін қоршадық. Дәл сол жылдары аудан атын «Отырарға», бұрынғы «Қызылқұм» газетін «Отырар алқабы» деп өзгерттік. Әбу Насыр әл-Фарабиге ескерткіш қойдық. Бұл да бір көңілімді марқайтып жүретін игілікті іс болды деп ойлаймын.
– Халқымыз «Қызмет – қолдың кірі» деп айтады. Сіз жас күніңізден атқа мініп, түрлі басшылық қызмет атқардыңыз. Осы түсінікті қалай қабылдайсыз?
– Халық айтса, қалп айтпайды ғой. Мәселе – қызметті қалай атқаруда. Ел деп, жер деп жан салып жұмыс істесеңіз, жұрт сізді бағалайды. Аспанға көтереді. Ондай қызмет «қолдың кірі» болмайды. Менің ойымша, ел мүддесі бәрінен биік тұру керек. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында рес­публика басшылығы мені Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы орталық кеңесі президиумының төрағасы етіп сайлады. Бұл Кеңес Одағының қабырғасы сөгіліп, берекесі кетіп бара жатқан өліара кезеңі болатын. Сол жылдарға дейін еліміздің көптеген құнды ескерткіштері еленбей, тарихи жәдігерлеріміздің көбі кім көрінгеннің қолында кеткен еді. Енді соларды түгендеп, халық кәдесіне жаратуды қолға алдым. Бірталай жұмыстар атқарылды. Одан кейін ҚР Үкіметі аппа­ратының аймақтық даму бөлімі меңгерушісінің орын­­басары, содан соң бас инспекторы қызметін атқардым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де «KEGOC» компа­ниясында еңбек ет­тім. Білгенімді, өмірден түйгенімді кейінгі жастарға үйреттім. Қарап отырсам, ғұмырымның саналы жылдары мемлекеттік қызметке арналыпты. «Сыпайы мінез – адамдықтың сәні» дейді ғой біздің қазақ. Осы мінезімнің арқасында халқымыздың талай тау тұлғаларымен дос болдым, аралас-құралас жүрдік. Әсіресе, Өзбекәлі Жәнібеков, Нұртаза Ибраев, Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов, Серік Үмбетов, Сиязбек Мұқашев, Илья Жақанов, Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбеков, Алмасадам Сейтқалиев, Тасболат Байқалиев, Қуаныш Алпысбеков секілді талай сыйлас азаматтарды кездестірдім. Қазақтың біртуар ұлы, ірі қайраткер Кәкімбек Салықов ағамызбен туған бауырындай араластым. Қазір өмірден өтіп кеткен алып ағаларымды сағынамын. Сол жолмен мен де жүріп келемін.
– Мұқа, шынайы әңгі­меңіз­ге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Мейрам БАЙҒАЗИН,
журналист

The post СЫПАЙЫ МІНЕЗ – АДАМДЫҚТЫҢ СӘНІ appeared first on Астана Ақшамы.

ҚАЗАҚ КҮЙЛЕРІ ҚОҒАМЫН ҚҰРАМЫЗ

$
0
0

Айтқали ЖАЙЫМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ҚАЗАҚ КҮЙЛЕРІ ҚОҒАМЫН ҚҰРАМЫЗ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айт­қали Жайымов – музыка әлеміндегі белгілі есім. Өзі туған Атыраудан Алтайға дейінгі аралықтағы ұлан-ғайыр даламызды жайлаған жұртқа таныс тұлға. Іздейтін болсақ, тіпті елімізден тыс жерлерде оның өнерін мойындайтын біраз адам табылады. Он жылға жуық уақыт Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері болып отырған дәулескер күйші, көрнекті композитор ұлттық музыканың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Өнеріміздің өрістеуіне әлі де еңбегін сіңіруде. Шығармашылық кешінің қарсаңында музыка майталманымен сұхбаттасудың сәті түсті.

ҰСТАЗДАРДАН ЖОЛЫМ БОЛДЫ
– Айтқали аға, биыл жетпістің жотасына көтерілдіңіз. Мерейтойыңызды сізді сыйлайтын ел-жұртпен бірге сахнада атап өткелі жатырсыз. Өнеріңізді өміріңізге айналдырған жансыз. Сізді осы жолға жетелеп әкелген музыкаға деген құштарлық па, әлде оның басқа себептері бар ма?
– Рақмет! Әкем Тілепқали мен анам Күмісай екеуі де ән салатын. Әкемнің оның үстіне домбыра тартатын өнері бар еді. Мен де ес білгелі қолыма домбыра ұстадым. Әкемнің Қуаныш дейтін ағасы болды. Сол кісі кешегі сал-серілердің сарқытындай домбыраны шебер шертіп, қазағымның бұл аспабын өзі шабатын. Өкінішке қарай, бұл ағамды көре алмадым. Ол 1939 жылы әскерге шақырылды. Артынша Ұлы Отан соғысы басталып, 1943 жылы Минск қаласын азат ету кезінде қаза тапты. Әкем де соғысқа қатысып, екінші топтағы мүгедек болып оралды. Анам он үш құрсақ көтерді, мен соның үшіншісімін.
Ата-анамыз күні бойы жұмыста болғаннан кейін бізді, негізінен, әжеміз Қырмызы қарап, тәрбиеледі. Сосын аймаққа белгілі ұстаз, аудандық мектептің директоры, ауданда домбыра оркестрін құрған Елгелді Меңдияров дейтін туысымыз болды. Сол кісі маған алғашқы домбырамды әкеп берді. Мені ауданға алып кетіп, орталықтың мектебінде оқытты, күй үйретті. Жазда каникулға ауылға келгенде, әжем музыкаға құштарлығымды көріп, сырнай сатып әперді. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде мектепте домбыра ансамблін құрдым.
Әртүрлі шараларда өнер көрсетіп, көзге көрінген болуым керек, оныншы сыныпта аяқ астынан жанымыздағы А.Островский атындағы сегіз жылдық мектептің ән-күй пәнінің мұғалімі болып шыға келдім. Ол уақытта музыкадан сабақ беретін адам жоқ, сол мектептің директоры мен оқу ісінің меңгерушісі мені аттай қалап, шақырып алды.
Өзім мектеп бітіргеннен кейін туған ауылымда мұғалім болдым. Облыс орталығына түрлі концерттерге барып жүргенде, Атырау музыкалық училищесінің директоры Сейілхан Құсайыновтың көзіне түстім. Бір күні Атырауға мұғалімдер курсына келгенімде «Не істеп жүрсің?» деп сұрады. Училищеге қабылдау емтихандары аяқталса да, мен үшін комиссия шақырып, оқу орнына өзінің сыныбына қабылдады. Ол уақытта мен домбыраны да, баянды да, мандолинаны да тартатынмын. Бірақ Сейілхан аға домбыраға ден қоюымды қалады. Содан осы жолмен кеттім ғой.
Ұстазым Мәдениет министрлігіне қызметке шақырылғаннан ке­йін Боздақ Рзаханов есімді тамаша музыка маманынан оқыдым. 1969 жылдың көктемінде училищеге Латиф Хамиди келді. Оның алдында күйлерімді тартып, әйгілі композитордың батасын алдым.
Училищені бітіріп жатқан кезде мемлекеттік емтихандарды қабылдау комиссиясының төрағасы болып Болат Сарыбаев келді. Сол кісі маған консерваторияға жолдама жазып берді.
– Білуімше, консерваторияға сәл кейіндеу түсіпсіз. Оның сырын ашсаңыз.
– Училищеден кейін аудан басшылығы маған қолқа салып, музыка мектебіне директор болуымды қалады. Олардың өтініштерін жерге тастай алмадым. Содан консерваторияда оқудың орнына мектепте жұмыс істеуге тура келді. Одан бір жыл өткенде барып консерваторияға түстім.
– Моңғолияда жұмыс істегеніңіз бар екен. Ол жаққа қалай барып жүрсіз?
– КСРО Мәдениет министрлігінен біздің тиісті министрлігімізге хат келді. Онда Ұлан-Батырға шығыстың аспабында ойнайтын дирижер маман керектігі туралы айтылған. Ол уақытта консерватория ректоры Ғазиза Жұбанова еді. Бастығым мені жіберуді жөн деп тапты. Моңғолияда екі жыл сабақ бердім, кеңесші болдым. Оркестрді, хорды, би өнерін бір арнаға тоғыстырған ұжымды басқардым. Сол елде елуге тарта шығарманы – шетел, орыс және қазақ композиторларының туындыларын оркестрге түсіріп кеттім.

ҰЛТТЫҚ АСПАПТАРЫМЫЗДЫ ЗЕРТТЕУДІ ЖАЛҒАСТЫРУ КЕРЕК
– Өнеріңіздің өрістеуіне Болат Сарыбаевтың ықпалы болғандығын айттыңыз. Ол кісіні музыкатанушы, қазақтың сандаған аспаптарын тірілткен адам ретінде де білеміз. Сіз де Құрманғазы оркестрін басқарған жылдары бірнеше аспаптан топтарды қосыпсыз. Осы жағын тарқатып айтып берсеңіз.
– Алдымен мынаны айтайын: моңғолдарда біздің қылқобызға ұқсайтын моринхур дейтін ұлттық аспап бар. Бұл аспапты шебер Денис Яровой жетілдіргеннен кейін одан мақпалдай дыбыс шыға бастады. Сол елде жүргенде осыны байқап, домбыра мен қылқобыздың құрылымы туралы ойландым. Содан эксперимент ретінде «Әсем қоңыр» атты оркестр құрдым. Сыныбымда ассистент болған марқұм Жұмагелді Нәжімеденов домбыраны жетілдіру үшін ғылыми-зерттеу жұмысын жаза бастады. Ұлттық аспаптарымыз­дың үнін жақсарту үшін әлі де зерттеуді жалғастыру керек. Соны қолға алатын адамдар табылса деп ойлаймын.
Ал Құрманғазы оркестріне еліміз үшін қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары келдім. Ол уақытта Шамғон Қажығалиев Қарағандыға ауысып кетіп, орнына мен шақырылдым. 1991 жылдың сәуір айының басында оркестрде 28 музыкант қана қалды. Мамыр айына қарай әріптестерім мен шәкірттерімді шақырып, олардың санын 61 адамға жеткіздім. Алғашқы мәрте оркестрге қылқобыз және шертер топтарын қостым.
Консерваториядағы халық аспаптары факультетінде «Шертер» арнайы сыныбы мен «Сыбызғы», «Сазсырнай», «Жетіген» факультатив сыныптарының ашылуына мұрындық болдым. Домбыра кафедрасы жанынан «Дәстүрлі ән» сыныбының жұмысын бастауына бастама көтерген адамдардың бірі де өзіммін.
– Ұлыңыз Арман да композитор. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Оған отбасында алған тәрбиенің әсері болды деп ойлайсыз ба?
– Иә, кішкентайынан музыкаға құштар болды. Айтыс теледидардан алғаш шығып жатқан кезде қолына домбыра алып, үйге келген кісілерді айтысқа шақыратын. Кейін А.Жұбанов мектебінің фортепиано сыныбын бітірді. Консерваторияға фортепианоға түсіп, қосымша композиторлықты оқыды. Құдайға шүкір, қазір музыкасы елімізге, шетелге де танылып жатыр, дискіге де жазылуда. Ұлымның маған еліктейтіні де бар шығар.
– Шатаспасам, Арманмен «Бейбарыс сұлтан» операсын бірігіп жаздыңыз ғой. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Белгілі тұлғаларға қатысты Қазақстанда қызықты деректер шыға бастаған кезеңде досым, танымал опера әншісі Ғафиз Есімов маған «Бейбарыс сұлтан» толғауын жазуды ұсынды. Музыкасын жазып, бір концертте орындадым. Жұрт жылы қабылдады, ал Ғафиз тіптен арқаланып: «Бұл Бейбарыстың дайын ариясы ғой! Сенде оркестрге, хорға арналған шығармалар, романстар да бар. Енді опера жазатын кезің келді» деген ұсыныс айтты. Басында біраз күмәнданып, ақыры Арманмен бірге жазуға бел байладым. Содан екеуміз бірнеше жыл «Бейбарыс сұлтан» операсын жаздық. Либреттосын жазуға белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетті көмекке шақырдым. Операның тұсауы осыдан төрт жыл бұрын Астана филармониясында кесілді. Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ және Бейімбет Таңарықов орындап, жақсы алып шықты.
– Аға, қуанышты да, қайғыны да көрдіңіз. Көрнекті композитор Сейдолла Бәйтереков әке атанғанда қатты қуанып, «Кішкентай» композициясын жазған деген әңгімені естіген едім. Сіздің «Шаттанамын» деген күйіңіз бар. Осы күй тарихын білгіміз кеп отыр.
– «Шаттанамын», «Еркін елім» сияқты күйлерім еліміз тәуелсіздік алғанда жазылды. Бодандықтың бұғауынан босап, азаттық алғанымызда ел қалай қуанса, шығармашылық адамдары солай шаттанды. Сол қуаныштан жүрегімнен бұл туындылар шықты.

ТҰҢҒЫШ КҮЙІМДІ ӘЖЕМЕ АРНАДЫМ
– Жалпы, композиторлыққа қалай келдіңіз?
– 1965-1966 жылдары ауылда жүргенде ән шығара бастадым. Бозбалалық шақтағы алғашқы махаббат сезімінің әсері ғой. Ал тұңғыш күйімді әжеме арнап 1967 жылы жаздым. Содан училище, консерваторияда оқығанда жалғас­тырдым.
– Астанаға келгеніңізге он жылға жуықтап қалыпты. Бас қалаға арнайы шақыртумен келдіңіз бе?
– Иә. Оның алдында бас қалаға түрлі конкурстарға, фестивальдерге қазылар алқасының мүшесі болып келіп жүрдім. Негізінен, Астанаға 1997 жылдан шақыра бастады. Әуелі «оркестр ұйымдас­тырыңызшы» деген ұсыныс түсті. Одан соң елордаға кеп жатқан оркестрдің соңынан келу туралы өтініш айтылды. Ақыры 2008 жылы келдім ғой. Қазақ оркестрі менің сүйікті перзентіме айналды. Оркестрде қолданылатын музыкалық аспаптар саны жағынан республикамызда бізден асатын ұжым жоқ. Репертуарымыз да бай.
Құрманғазы оркестріне жетекшілік еткенімде, менің ұсынысыммен домбыраларды бір шебер бір ағаштан жасады. Мұның ұтатын тұсы – ұжым шығарманы орындағанда тыңдармандар көрмесе де, қай оркестр екенін бірден таниды. Астана филармониясының қазақ оркестріне де болашаққа сондай домбыраларды алдырамыз.
Қазір домбыра жасау әдісі де өзгерді. Бұрын оны жасау үшін ағашты табиғи тұрғыдан ұзақ кептіретін. Бүгін ағашты әкеледі де, электрдің күшімен тез кептіріп, домбыра жасай салады. Бір-екі айдан кейін, әрі кетсе бір жылдан соң сондай домбыраның ағаштары қисайып, үні де дұрыс шықпайды. Әр нәрсенің өзінің заңдылығы, реті бар.
– Баяғыда Эммануил Романенко деген домбыра жасайтын шебер болғанын білем. Қазір соның жасаған домбыраларын ұстап жүрген таныс күйшілерім де бар. Олар сол домбыраларын мақтайды. Сіз қай шеберге жүгінесіз?
– Өзім көбінесе Жолаушы Тұрдығұлов дейтін шебердің домбыраларына ден қоям. Сосын ағаштың сапасына көп нәрсе байланысты. Қазір шеберлер жеке-жеке жұмыс істейді. Ал үлкен бір орталық болса, жұмыстың ауқымы да кеңейер еді деп ойлаймын.
– Атақты «Қоңыр» күйінің авторы Әбікен Хасеновтің осы күйін кез келген домбырамен тарта алмайсың деген әңгімені таяуда ғана естіп едім. Сіз бұған не дейсіз?
– Бұл – рас. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары көптеген домбыраның шанағы үлкен болып жасалды. Ондай домбыраға көбінесе ішектің күші жетпей, аспаптың үні дұрыс шықпады. Шағындау домбыра керісінше. Ішек шертілгенде шанақтың бүкіл ауданын қамтып, тербетіп, дыбысы жақсы тарайды. Сосын шертпе күйге қалақ домбыра, төкпе күйге батыстың қозықұйрық домбырасы келеді.

ДАРЫНДЫ ЖАС ДИРИЖЕРЛЕР ӨСІП КЕЛЕДІ
– Елімізде түрлі музыкалық конкурстар, фестивальдер өтіп тұрады. Солардың ішінде өнерге берері көп, музыка мамандары мен көрермендерді қызықтыратын байқауларды атап бере аласыз ба?
– Биыл Астанада кезекті мәрте Нұрғиса Тілендиев атындағы халықаралық байқау өтті. Оған алғаш рет «Симфониялық оркестр дирижері» аталымы қосылды. Конкурсанттар мен қазылар алқасының мүшелері әр елден жиналды. Конкурс өте қызықты өтті. Өзім қазылар алқасының төрағасы едім, қатысушылардың кәсіби деңгейі жоғары болғандықтан баға бергенде біраз қиналдым. Көпшілік біздің филармонияның симфониялық оркестрінің бас дирижері Ернар Нұртазинді бірінші орынға лайық деп тапты. Осы жағдай мені қатты қуантты.
Сондай-ақ, осы жылы дирижерлердің Шамғон Қажығалиев атындағы ІІІ республикалық байқауы өте биік дәрежеде ұйымдастырылды. Осы екі байқау Қазақстанда талантты жас дирижерлер өсіп келе жатқанына менің көзімді жеткізді.
– Жалпы, елімізде дирижерлікті де ән мен күй өнері сияқты мектептерге бөліп қарастыруға бола ма?
– Әр өнердің классикалық бағыты болады. Біздің негізіміз – кеңестік мектеп. Сосын ұстазға көп нәрсе байланысты. Яғни, кімнен оқысаң, соның мәнерін бәрібір аласың. Өнерпаздың дүниетанымы, табиғаты да үлкен мәнге ие. Ал ән мен күйге келсек, мектебіміздің көптігін зор байлық, халықтың ұлылығы деп білем. Себебі домбырамыз – бір, қобызымыз – бір, тіліміз – бір, діліміз – бір. Яғни, мәдениетіміз ортақ.
– Ақмола облыстық филармониясына таяуда Үкілі Ыбырайдың аты берілді. Астана филармониясының да, өзіңіз жетекшілік ететін қазақ оркестрінің де аты жоқ. Өзіңізге тікелей қатысы бар бұл ұжымдарға белгілі музыка майталманының аты берілуі керек сияқты, қалай ойлайсыз?
– Әрине, өнерімізге еңбек сіңірген, халық танитын тұлғалардың атымен мәдени ошақтарды, өнер ұжымдарын атау керек. Біздің ұжымдарға келсек, оған уақыт керек деп ойлаймын. Әр нәрсенің реті болады. Оған ойланып барып келу қажет. Қазақ кез келген дүниенің аты болғанын дұрыс көреді. Негізі, өмірден өткен айтулы тұлғаны есте сақтау үшін бұл – құптарлық іс. Белгілі бір өнер ұжымына аты берілсе, сол ұжым сахнаға шыққан сайын кейінгі жастар тұлғаны тани түседі.
Шетелде олай емес екенін айта кетейін. Мәселен, Берлин филармониясы немесе Берлин филармониясының оркестрі болып атала береді.
– Жазушылар одағы, Жыршылар мен термешілер және айтыс ақындары одағы сынды қоғамдық ұйымдар қазір жұмыс істеп отыр. Сіз Күйшілер одағын құру туралы бастама көтердіңіз деп естіп едім.
– Біз «Қазақ күйлері қоғамы» деген ұйым құрмақпыз. Бірақ қазір онымен айналысуға уақытым болмай отыр. Ол ұйымды құрудағы мақсатымыз – белгілі бір мезгілдерде жиналып, музыка өнеріндегі өзекті мәселелерді талқылау, кейінгі жастарды тәрбиелеу, өмірден өткен музыканттарға арнап кештерді өткізу. Бұл жоспарымыз­да әлі бар. Амандық болса, қолға алармыз деп ойлаймын.
– Қазір қазақ күйі мен күйшілердің зерттелуіне көңіліңіз тола ма?
– Бұл жағы әлі дұрыс болмай жатыр. Оны зерттеу үшін күйлердің өзін ғана емес, тарихын жақсы білу керек. Күйді кім жеткізді, шығарма қалай дамыған, өсіп жатыр ма, өшіп жатыр ма деген сұрақтарға жауап бере білу қажет. Оны білетін адам жазуы тиіс. Бірақ теориялық тұрғыдан, ғылыми жағынан талдайтын зерттеушілер тапшы боп тұр. Көбісінің күйді зерттеуге тісі батпай жатыр.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық код туралы айтылады. Осыған пікіріңізді білдірсеңіз.
– Бұл адамға ой салатын, бағыт-бағдар сілтейтін мақала ғой. Соның аясында қазір көп нәрсе атқарылуда. «Туған жер» бағдарламасын алайық. Кәсіпкерлер немесе зиялы қауым туған жеріне барып, көмек жасап жатыр. Осыған Елбасы мақаласының белгілі бір әсері болып, түрткі болды деп ойлаймын.
– Ақындардың ауылға барып немесе табиғат аясына шығып, шабыттанатыны бар. Өз басым олармен араласқанда «қала шаршатып жіберді» деген әңгімені көп естимін. Композиторға қалай екен? Қаладан жалықпайсыз ба? Жалпы, шабытты қайдан аласыз?
– Үйреншікті жерден басқа жерге барғанда адамда бір сезім пайда болады. Әсем қалаға келгенде де әсерленесің. Әрине, кабинетте отырып түк бітіре алмайсың. Жүру керек, көру керек. Жалпы, әр нәрседен жақсы әсер ала білу керек.
– Сұрақты басқаша қойсам, өзіңіз Астанада қай жерге барып демалғанды ұнатасыз?
– Астанада қазір саябақтар көбейіп келе жатқаны қуантады. Әсіресе, «Пирамиданың» артындағы саябақты ұнатып, сол жерде серуендегенді қалаймын. Ол маңайда өзен де, ағаш та кездеседі. Сосын филармония ғимараты жанында кішкентай гүлзар бар. Бұл жерде жүргенде де көңілің жайланады.
– Тұлғаңызға қарағанда, спортпен де айналысатын сияқтысыз.
– Жасымда спортпен айналыс­тым. Қазір таңертең оянғанда міндетті түрде дене жаттығуын жасаймын. Сосын дирижерлік мамандық та спорттың бір түрі сияқты. Күндізгі сағат 10-нан 12-ге дейін оркестрмен тік тұрып дайындық жасаған да бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Ол да адамнан ширақтықты қажет етеді.
– Кезінде музыка мэтрі Фуат Мансуров сізді «Домбыра ұстаған Паганини» деп бекерден-бекер атамады деп ойлаймын. Шығармашылық кешіңіздің сәтті өтуін тілеймін! Уақыт тауып, әңгімелескеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

The post ҚАЗАҚ КҮЙЛЕРІ ҚОҒАМЫН ҚҰРАМЫЗ appeared first on Астана Ақшамы.

ТЕРГЕУ ІСІ ТҮБЕГЕЙЛІ ТҮЛЕЙДІ

$
0
0

Ұлт жоспары: бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам бағдарламасында Елбасы ҚР Бас прокуратурасы мен құқық қорғау органдары қызметкерлері алдына стратегиялық міндеттер қойды.
Мемлекет басшысының халықтың мүддесі мен игілігі жолында елімізде құқықтық қатынастарды реформалау тапсырмасынан туындайтын тұжырымдарға сәйкес ақпан айында прокуратура органдары осы бағыттағы ілкі жобаны іске қосты.
Біз осыған орай қолға алынған ауқымды жұмыстардың қала прокуратурасында атқарылу барысы жөнінде Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары Мұрат МҰХАМБЕТҚАЗЫНЫ әңгімеге тартқан едік.

– Мұрат Бақытұлы, кейін­гі кезде прокуратура тарапынан азаматтардың құ­қын қорғауда қоғамды іл­­герілету жөнінде біршама ұсыныстар мен бастамалар жасалуда. Осыған тоқталсаңыз?
– Қылмыстық және Қыл­мыс­тық-іс жүргізу заң­на­масы Қазақстан Республи­касының Құқықтық тұ­жы­рымдамасына сәйкес 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде сот өндірісінде оңтайлы үлгі жасау мақсатында реформаланатын болады. Аталған өзгерістер қылмыстық іс жүргізуде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізгі ұстанымдарын одан әрі біртіндеп жетілдіру бағытында жаңа институттар енгізуді көздейді.
Оның бір мысалы ретінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі бірігіп, 2017 жылдың 15 ақпанынан бастап Астана қаласы Алматы ауданының ішкі істер басқармасында жүзеге асыра бас­таған азаматтардың мүддесіне қылмыстық істі оңтайландырудың қанатқақты жобасын айтуға болады. Алғашқы тәжірибеде сәттіліктері байқалған жоба қазірдің өзінде еліміздің барлық аймақтарына тарала бастады.

Жобаның мақсаты қандай?
Мұндағы негізгі мақсат – қылмыс­тық үдерісті же­ңілдету мен жеделдету. Іс-тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, аталған жобаны жүзеге асыру кем дегенде екі маңызды нәтижеге әкеледі.
Біріншіден, адамдардың мүдделеріне сәйкес қылмыс­тық үдерістің оңтайлы моделі қалыптастырылады.
Екіншіден, қылмыстық үдерісті сандық форматқа ауыстыру құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мүмкіндіктерін арттырады. Жалпы жұмыс жүргізу жағдайын өзгертеді. Енді бұрынғыдай емес, тергеудің сапасы мен мерзіміне көбірек көңіл бөлінетін болады.
Жоғарыда айтып өттім, бұл жұмыстарды дендеп жүргізудегі негізгі мақсатымыз – құқық қорғау органдарына деген адамдардың сенімін арттыру.
– Атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Нәтиже бар. Жаңа жобамыз ойдағыдай жүру үшін әуелі Алматы ауданы ішкі істер басқармасында кез кел­ген құқық бұзушылық қыл­мыстардың тергелуі мен ашы­луына жауап беретін 18 анықтау және 10 жедел қыз­мет қызметкерінен тұратын жұмыс тобы құрылды.
Жаңа жоба бойынша сотқа дейінгі айқын және күмәнсіз қылмыстық істерді қарау мерзімін мейлінше қысқарту көзделеді. Бұған дейін қылмыстық теріс қылықтарды тергеуге және сот шешімін шығаруға 19 күн, жалпы қылмыстар бойынша екі жарым ай уақыт кетіп жүрді. Тіпті, еш шүбәсіз айғақтары бар, куәлар көрсетіп тұрса да, осындай уақыт алатыны жасырын емес. Мұндай жағдайда қылмыстық үде­ріске тартылғандардан сағаттап жауап алынатынын, басқалар сабылып дәлізде тұруға мәжбүр болатынын қосыңыз. Оның үстіне тергеу­шілердің өздерін еркін сезініп, заң бойынша уақыттың асып артылатынын түсініп, істі сағызша созатыны тағы бар. Азаматтар әуре-сарсаңға түседі.

Ал енді не өзгермек?
Ал жаңа жоба бойынша бәрі мүлде басқаша. Тергеу кезінде түкке қажеті жоқ
бюрократиялық әрекеттер кейінге ысырылды. Тергеу­дің сапасына залал келті­ретін, үдерісті баяулататын тетіктер жойылды. Кезекші прокурорлардың жұмысы
жандандырылды. Қазір олар аудандық ішкі істер басқармаларында отыратын болды. Істі сол жерден қарап, сотқа тезірек жолдау­ға мүмкіндік туды. Бұрын мұндай істер прокуратура
қабырғасында он күнге дейін жататын. Сондай-ақ, аталған мәселелер бойынша түсетін арыз-шағымдар екі есе қысқарды. Сотқа қаралу үшін жолданған 235 қылмыстық істің 70%-ы 1-3 тәулікте, қалғаны бір аптаның ішінде тергеліп бітетін болды. Бұрын мұндай істер екі-үш айлап жататын.
Азаматтардың жеке қауіп­сіздігі үшін сұрақ-жауап алу орны шыныдан жасалған кабинеттерге көшірілді. Онда жүріп жатқан үдерістер ала­қандағыдай көрініп тұрады. Бар­лық кабинеттерге бейнекамералар қойылды.
– Енді Алматы ауданында жүргізілетін «Электронды қылмыстық іс» туралы да айтып кетсеңіз?
– Дұрыс айтасыз, «Электронды қылмыстық іс» қаланың Алматы ауданы ішкі істер басқармасында биыл 25
тамыздан бастап жұмыс іс­теп жатыр. Бұл да ілкі жоба.
Осы жоба іске қосылған күннен бері электронды қылмыстық іс бойынша 2266 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның 144-і теріс қылық жасаған тәртіпсіздік болып отыр.
Соның 64-і электронды түрде сотқа жолданып, 89-ына санкция берілді.
Бұдан бөлек, «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау амалдары санкцияланып, күдіктіні сот залына әкелместен «онлайн» тәртібіндегі бейнеконфенренц байланыс арқылы іс жүргізіледі.
Қазір осындай екі іс жоғарыда айтылған форматта жүргізілді. Сондай-ақ, алғаш рет прокурор Қылмыс­тық кодекстің 430-бабы бойынша қылмыстық істі тоқтау жөніндегі қаулының күшін электронды түрде жойды.

Бұл жаңалықтар жүйеге не береді?
Аталған жаңашылдық прокурорларға жергілікті жерде қадағалау қыз­метін күшейтуге, онлайн режимінде тергеу істеріне қатысуға мүмкіндіктер туғызып, адам­­дарды қамауға алудың негізділігін және олардың конституциялық құқының сақталуын тексеруді анағұрлым қысқартады. Екінші сөзбен айтқанда, қылмыстық үдеріске қатысушылардың арыз-шағымдарын қарау кезінде іс материалдарын сұратудың қажеті болмайды.
Жұмыс кабинетінде отырып-ақ, нұсқаулар беріп, негізсіз іс жүргізу шешімдерін кері қайтаруға немесе оған келісім беруге болады.
Іс бойынша барлық келіп түскен құжаттар шағым, өтініштер автоматты түрде іспен байланыстырылады. Кез келген жазбаны экраннан көріп отыруға болады.
Тергеуші мен анықтау­шыға кез келген ақпаратты сұратуға әрі оны шұғыл алдыруға, сондай-ақ, дүние-­мүлікке тоқтау салып, тергеу амалдарын тез жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кейбір үдерістер бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында күдіктіні тасымалдамай, қамаудағы адамның қашып кетуін болдырмайтындай қылмыстық іске қатысушының уақытын үнемдеп, сот бейнеконференц байланыс жолымен күдікті отырған уақытша тергеу абақтысында онлайн режимінде жүргізіледі.
Қазір Алматы ауданы ішкі істер басқармасында тергеу­шілер мен анықтаушылардың жұмыс орны 40 компьютермен, 1 графикалық планшетпен жабдықталған.
Астана қаласы Ішкі істер департаментіне «CERTRX» жиынтықты шифр­лы аппарат орнатылған.

Сұхбатты жүргізген
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

The post ТЕРГЕУ ІСІ ТҮБЕГЕЙЛІ ТҮЛЕЙДІ appeared first on Астана Ақшамы.

ӨЗІНЕН ЖЕРІНГЕНДІ БӨТЕН БАУЫРЫНА БАСПАЙДЫ

$
0
0

Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ, психолог: ӨЗІНЕН ЖЕРІНГЕНДІ БӨТЕН БАУЫРЫНА БАСПАЙДЫ

 

Соңғы кездері атауына ептеп құлағымыз үйреніп келе жатқан психолог қызметіне көбіміз жүгінбейтінімізді, оның не екенін түсінбей, осы қызметке күмәнмен қарайтынымызды да қоса айтқанда, кәсіби психолог Айқын Дүйсембаев бұл саланың кешеуілдеп дамып, кенжелеп қалғанымен түсіндірді.

– Расында да, психология 90-жылдары ғана халық арасында кеңінен тарала бастады. Көбіміз жапа-тармағай Зигмунд Фрейд сияқты атақ­ты ғалымдардың кітаптарын сатып алып, парқына жетпей, жылы жауып қоя сал­ғанбыз. Жаңа ғылымға деген қызығушылығымыз осымен бітті десе де болады. Әйтсе де, адам жаны­ның білгірлері туралы айтылған жерде елең ете қалып, айтқан кеңес­теріне құлағымыз тү­рік жүретін.
– Тек қазақтар емес, ТМД елдері бойынша тұрғындардың 7-10 пайызы ғана психологқа жүгінеді. Ал қалған 90 пайызы емші, көріпкел, құмалақшы, тағысын тағыларға баруға құлықты. Оның бір себебі – кеңес билігі 1936 жылдары арнаулы қаулымен психологияны жалған ғылым ретінде танып, тыйым салынды. Осылайша, кеңестіктердің өзін-өзі тануға деген талпынысын шектеді. Соңғы жиырма жылдық тә­жі­рибемде бұл ғылымның қазақтың дүниетанымына жат еместігіне көзім жетіп отыр. Бірде ұжымда жабық семинарда талданып отырған тақырыпты, «психологиялық техникаға» сәйкес, қазақтың даналығымен шегелеп отырдым. Семинар соңында ұлты кәріс әйел қасыма келіп: «Енді міндетті түрде қазақ тілін үйренемін. Америкалықтар мұның бәрін 80 жыл бұрын ойлап тапса, қазақ халқының даналығы, олардың ұстанымы, дүниеге көзқарасы мыңдаған жылдар бұрын қалыптасып, бүгінгі күнге жеткен екен. Сонда ақылдың иесі кім?» деп таңғалды. Мүмкін қазақтардың психологияға аса мән бермеуі осыған да байланысты шығар. Әркім ата-бабаларының өткен жолына, өз жүрегіне үңіле білсе, өмірдің барлық сұрақтарына жауап табады деп ойлаймын.
– Сонда қазақтың қандай даналығы психологиямен қабысып жатыр деп ойлайсыз?
– «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда», «Ең­кейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес. Шалқайғанға шал­қай, пайғамбардың ұлы емес», «Қалауын тапса қар жанады», «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады», «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше», «Жатқан тастың астынан су ақпайды», «Өзің білме, білгеннің тілін алма», «Түсі жылыдан түңілме». Айта берсе, осылайша кете береді.
Менің анамның жасы 77-ге келді. «Адамды көрген бетте кім екенін жазбай танимын» дейтін анамның сөзін кезінде әзілге айналдырушы едім. Содан Ленинградта оқып жүргенде, америкалық ғалым Альберт Меграбянның адамның «невербалдық» қаси­еті туралы еңбегін оқыдым. Ол тұңғыш рет көріп тұрған адаммен тілдескен бес минуттың маңызы бар деген шешімге келген. Ғалым 8 мыңдай адаммен кездесіп, тілдескен. Яғни, жаңа көрген бейтанысқа көз жүгіртіп қарау арқылы 55 пайыздық пі­кіріңіз орнығады, оның 38 па­йызы дауысыңыздың әуезділігі мен ырғағына қатысты бе­ки­ді, 7 пайызы ғана не айта­ты­ны­ңызға байланысты екен. Тілдеспей жатып көздері түйіс­кен кезде біраз нәрсені көңілге түйіп үлгереді. Демек, шешемнің «кісіні бір көргеннен танимын» деген сөзінің жаны барына көзім жетті.
– Бұл ілімнің көшін Зигмунд Фрейдтен бастайды дейді.
– Психологияның әр тар­мағын жете зерттеген көп­теген ғалымдар бар. Соның бірі – тәжірибелік психологияның бастауында Фрейд тұр. Ол «бессознательное» теориясын ашты. Қысқаша түсіндіргенде, саналы адамдардың мақұлықтардан айырмашылығы – ойлау қабілетінде. Адам саналы дейміз. Бірақ Фрейд адам жаратылысының 10 пайызы саналы десе, қалған пайызын «бейсана» билейді дейді. Алдында мен де келіспегенмін. Іздене келе, логиканың дұрыстығына көзім жетті. «Бейсана» – бұл біздің эмоция­мыз. Мысалы, темекі тартатын адам жаман әдетін тастағысы келеді. Өзі де біледі, дәрігерлер де зиян екенін айтып жүр. Адам түсінеді. Тастағысы келеді, алайда көбінің қолынан келмейді, жаман әдеттен құтыла алмайды. Санамыз айқын болса да, жаман әдет «бейсанада» жасырынып жатыр. 90 пайыз 10 пайызды алып та, шалып та жығады ғой. «Көз қорқақ, қол батыр» деген даналықты басшылыққа алып, оны алға итермелейтін ілмек тауып, өз ерік-жігерін ұштамаса, оң нәтижеге қол жеткізу қиын. Адам жанын талдай келгенде, «сана», «бейсана», «санаасты», «санадан тыс» әрекеттерімен толығады. Адам жанына үңілген сайын әрекет, қимылдарының бір қазыққа байланғанын байқаймыз.
Кейбіреулер психологияны психотерапиямен шатас­тырып жатады. Оның біздің қызметімізден айырмашылығы – адамды түйсік, сезімі жоқ дене ретінде қарайды. Олар науқастың тәнін емдегенімен, жанын емдеуге кейде құдіреті жете бермейді. Ал психологтың психотерапиямен айналы­суына болмайды. Өйткені олар дәрі­гер де, психотерапевт те емес.
Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, жан дүниесі, көзқарасы бізді маман ретінде қызықтырып, олардың қолайлы өмір сүруіне жол ашамыз. Тек сөзбен емес, адамға әсер ететін түрлі терапия мен әдістемелерді қолдану арқылы бұл саланың адамтануда алға озғанын айтқым келеді.
– Өзіңіз ашқан «Қасиет» психология орталығы 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Басты бағыттарын екшеп алғанда, кешенді психологиялық тестілеуге мән бересіздер. Оны қалай түсінуге болады?
– Мұны психологияның маңызды бір әдістемесі, бас­ты құралдарының бірі деуге болады. Жасыратын несі бар, адамның не ойлағанын дөп басатын құралдар өте тапшы. Мысалы үшін айталық, суицидтік ойы барларды анықтауға арналған тест өте сауатсыз жазылған. Ресми бекітілген соң оны қолдануға тура келеді. Алайда басында бөтен ойы барлар оған жауап бермейді. Көпжылдық тәжірибеме сүйе­не отырып, өзімнің «12 маңызды маркер» деп аталатын сұрақтарымды құрастырдым. Егер осы сауалнаманың жартысына ғана «иә» деген жауап алсаңыз, онда жағдайдың қиындағаны. Алтыға дейінгі оң жауаптарды бері қайтаруға болады. Ондай жауап алтыдан асса, шұғыл түрде арнайы жұмыс істеуді талап етеді.
Біраз жыл бұрын әскери салада жұмыс істедім. Ол кезде біздің тірлігімізге көп мән бермей, шарттылық ретінде қабылдайтын. Сонда да өз жұмысымды жүргіздім. Мың­даған солдаттарға сауалнама жүргізіп, өзіміздің түйгенімізді алға тарттық. Күндердің күнінде үш солдаттың өзіне-өзі қол жұмсаған оқиғасы орын алды. Таяқтың бір ұшы психологқа тиеді. Қағазды көтергенімізде, көз жұмған үшеудің де алты сұраққа «иә» деп жауап бергенін алға тарттым. Осы қайғылы нәтижелерден кейін ғана психотестті мойындатуға тура келді. Қалған төрт жылдық әскери қызметімде мұндай оқиға орын алған жоқ.
Алайда бүгінде бұған қа­тысты жайт жиі алдымнан шығады. Суицид жасарып келеді. Бұрын 6-сыныптың оқушысы өзіне қол жұмсаса, қазір 3-сыныптың оқушысы ештеңеден тартынбайтыны ойландырады.

ҰБТ-МЕН ҮРКІТІП КЕЛЕМІЗ
– Мұндай қасіреттің қалай алдын алуға болады? Өзіңіз­дің әдістемеңіз, ойға түйгендеріңіз бар ма?
– Оның әлеуметтік маңыз­дылығына қарай тартылған мамандардың санында кемістік жоқ. Дәрігерлер, полиция мен педагогтар, психологтар да осы түйіннің күрмеуін шешумен айналысады. Қалалық емханаларда суицидология кабинеті ашылды. Әңгіме жұмыстың тиімділігінде, мамандардың үйлесімді жұмыс атқаруында. Орын алған оқиғаларға қарап, бағытымызды ауыстырып, басқа тұрғыдан қарау қажеттігі бар деп есептеймін.
Мектеп психологтарының бір шоғыры да жұмыс істеп жатыр. Олардың да шарасыздан қолын жаятын кездері жоқ емес.
«Скрининг» – тұрғындардың құлағы үйренген термин. Мұны сүзгіден өткізу деген ұғыммен байланыстыруға болады. Егер салыстыра айтсақ, өзен-көлден балық аулау үшін тор салынады (ау). Көзі үлкен тордан майда шабақтар кедергісіз өтіп кетеді. Ал біршама ірілерінің ілініп қалатыны бар. Бұлардың бәрінің бізге керегі жоқ. Осылардың арасына торды тағы тастағанда ғана керек «балығымызды» ұстаймыз. Олар біздің назарымызға түскенін өздері сезбейді. Психолог тірі жанға білдірмей өзі жеке жұмыс істеу керек. Яғни, күдігін сейілту үшін баланы сөзге тартып, әлсіз жерін анықтау керек. Бізде ше? Күндердің күнінде қалт кетеді-ау, жаманшылыққа бейімді-ау деп анықтасаңыз болды, онымен әрі қарай жұмыс істеуге құқығыңыз жоқ. Онымен арнайы «суицидологтар» жұмыс істеу керек. Мектеп оқушысы болса директорға, мұғаліміне, ата-анасына хабарлау тиіс. Ақырында бәрі жабылып келіп, арқанға өздері байлайтындай халге жеткізеді. Бұл көпшіліктің талқысымен алдын алатын ахуал емес. Ал психологтың екі қолы байлау­лы.
Біздің білгеніміз бойынша адаммен тек өзіміз жұмыс істеп, ол тіпті мұғалімі, директоры, учаскелік инспекторы, тағы басқа болса да, ешкімді араластырмай, қайта-қайта тестілеп, әңгімелесу, тренинг арқылы ойын анықтаймыз. Балаға білдірмей, тең құрбы­ларының ортасындағы орнын зерделейміз. Ата-анасымен де жұмыс істеп, жұқалап сөзге тартып, баласымен қарым-қатынасы мен көзқарасын түзеуге болады. Сонда ғана жылт еткен жаман ойды баланың албырт санасынан алып тастаймыз.
Көп жылғы жұмыстардан кейін жасөспірімдер арасында мынадай үрдіс барын білдім. Ата-анасы тұрғысында «Мен өлсем не істейсіңдер?», «Қалай жылар едіңдер?» деген ой онның тоғызында кездеседі. Бұл – өсіп келе жатқан бала үшін қалыпты нәрсе. Тоғыздың бәрі бірдей өзіне-өзі қол жұмсайды деген емес. Мәселе баланың ойын басқа нәрсеге бұрып, дер кезінде ықпал ете білуде жатыр. Егер ата-анасы мен ұстаздарының қолынан келмесе, кәсіби психологтың қызметіне жүгінген жөн.
Тағы да бір мысал. 2-сыныпта оқитын баланың тәрбиесіне алаңдаған ересектер үйіне шақырды. Жиені екен, ата-аналары басқа қалада тұрады. Сабақ үлгерімі нашар, мұғалімдердің айтқанын орындамайды, мінезі қиқар. Тіпті бірнеше рет үйіне қашып бара жатқан жерінен пойыздан ұстап алыпты. Алдын ала ақпаратты алып, үйге келдім. Келсем, бала үрпиіп тұр. Психолог деген сөзді қайдан түсінсін, жаналғыш келгендей қорқақтап, көзінің астымен қарайды. Мұндай жағдайда баламен сөйлесу мүмкін емес. Алдымен ересектермен сөйлесейін дедім.
Баланы өз бөлмесіне жіберіп, біздің сөзімізді ести алатындай жерге жайластық. Жалпы, астыртын тыңдаған, кездейсоқ көрген нәрселердің адам санасына әсері күшті. Егер «былай ет, мұның жаман» деп тікелей айтсаң, елемеуі мүмкін. Содан не керек, үй иесі қызын мақтай жөнелді. Ол – «супер». Мына бала – ақымақ. Өз туысы болса да, әке-шешесі де жаман адамдар. Мен жағдайды түсініп, баланың адвокатына айналып, мақтай бастадым. «Сіздің қызыңыз жақсы болса, онда сіңліңіздің де баласы ақылды болады». Осылайша, алдымен баланың тәтесінің ойын түзетуге тура келді. Бала үнсіз тыңдап отыр. Он күннен кейін келсем: «Баланы өзгертіп қойғандай, мінезі жақсы, үлгерімі түзеліп, құрдастарымен де тіл табыса бастады» деді тәтесі. Адамды жаман дегеннен жақсы болмайды ғой…
– Сіздің астаналық оқушы­лармен жұмыста­рыңыз, әсіресе, ҰБТ-ға дайындық кезінде жақсы жемісін беріп келеді емес пе?
– Мақсатым – осы процес­ке лайықты бағасын беріп, оған түлектердің де, ата-аналарымен бірге ұстаздардың да көзін жеткізу. Еркін өсіп келе жатқан жастардың үлкен өмірге бет алысында ҰБТ-мен үркітіп, қолдан кедергі жасауға болмайды. Шәкірттің білім деңгейін ғана анықтайтын бір шарттылықты зорайтып алдық. Он жыл алған білімін сызып тастап, өзіне деген сенімінен аластап, оқушылардың психологиялық дайындығына мән бермейміз. Көп болса, бір бағасын кем алар, мұғалімдерімен, ата-аналарымен дұрыс қарым-қатынас орнатса, үздік білімін де көрсетер. Алайда ҰБТ-дан сүрінгендердің «осымен өмір бітті» деп өзіне қол жұмсайтындары қатты алаңдатады. Қоғам бір шешімін табу керек. Ал олардың осындай жағдайға не жеткізгенін психолог маман ретінде бағамдай аламын.
Оқу жылы басталғаннан екі иінінен зорға демалып, екі көзі шатынап, мұғалімдер мектеп бітіргелі жатқан оқушылардың басына қара аспан төндіреді. «Алда – ҰБТ. Былтырғы оқу­шылар ұятқа қалдырды, сен­дердің жүрістерің мынау, ертең не болады?» деп күнде дегбірін алады. Содан кейін буыны бекімеген, психикасы қалыптаспаған өрендерде не дәрмен қалады? Білгенінен жаңылып, ҰБТ-ны алынбайтын қамалдай көреді. Одан лайықты өтудің тәсілін үйретіп жатқан ешкім жоқ. Мұндай тәжірибемде болды, жыл сайын көрсеткіштері отыз мектептің ішінде 29-орынды алып келе жатқан мектептің оқушыларымен жұмыс істедім. Мұғалімдерді де жинап алып тілдестім. Ата-аналарды да дайындадым. Нәтижесінде ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке жетті.

Менің анамның жасы 77-ге келді. «Адамды көрген бетте кім екенін жазбай танимын» дейтін анамның сөзін кезінде әзілге айналдырушы едім. Содан Ленинградта оқып жүргенде, америкалық ғалым Альберт Меграбянның адамның «невербалдық» қасиеті туралы еңбегін оқыдым. Ол тұңғыш рет көріп тұрған адаммен тілдескен бес минуттың маңызы бар деген шешімге келген. Ғалым 8 мыңдай адаммен кездесіп, тілдескен. Яғни, жаңа көрген бейтанысқа көз жүгіртіп қарау арқылы 55 пайыздық пікіріңіз орнығады, оның 38 пайызы дауысыңыздың әуезділігі мен ырғағына қатысты бекиді, 7 па­йызы ғана не айтатыныңызға байланысты екен. Тілдеспей жатып көздері түйіскен кезде біраз нәрсені көңілге түйіп үлгереді. Демек, шешемнің «кісіні бір көргеннен танимын» деген сөзінің жаны барына көзім жетті

ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК ИЕЛЕРІ
– Сіз көп жылдар бойы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызметкерлердің біліктілігін көтеру курсында психологиядан дәріс бердіңіз. «Қасиет» психология орталығының дирек­торы, жоғары оқу орындарында психология оқы­тушысы, Қазақстан Респуб­ликасының әскери күштері құрылымдарында психолог болдыңыз. Психология тілімен жеткізсек, менедж­мент, қоғамдық қатынастар, ұйымдастырушылық бас­қару, персоналды басқару, келіссөздер әдістері, жанжалдарды шешу, имиджді және іскерлік беделді қалып­тастыру, басшының мотивациясын жоғарылату стратегиясы саласында кеңес береміз дейсіздер. Жете түсінбейтін адамға бұл құр сөздер сияқты.
– Аталғандардың бәрі – заманауи психологияның бү­гінгі мүмкіндіктері. Әзірге жақсы психолог кеңесіне тек қалталылардың ғана қолы жетеді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың да бұл қызметке зәру екенін айтқым келеді. Өзім сұранып, қалада өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне бардым. Өтініп сұранып, бір сағаттай адамдармен кездесейін дедім. Көбі күмәнмен қарап, келісе қоймайды. Бір топ мүмкіндігі шектеулі жандармен сұхбат­тастым. Олар «жұмыс та­уып бересің бе?» деп тікелей сұрады. Мен жұмыс тауып бермеймін, бірақ қалай табатын жолын айтамын дедім. «Сіздерді мүмкіндігі шектеулі жандар деп атайды. Жазасын өтеп жатқандарды да осылай атуға болады. Олардың да бостандығы шектеулі. Оның қасында сіздердің мүмкіншіліктеріңіз шексіз. Рас, тағдырыңыз күрт өзгерді. Егер қайта тұруға күш-жігерлеріңіз жетсе, осы қалпыңызда өміріңіздің мәнін табу да өз қолыңызда. Не керек, сөзіме қуаттанып, ой түйіп, өз жөндерімен кетті. Бұл – әңгіменің басы. Оның екіншісі тағы бар. Ол да психологтың қатысуынсыз бітпейді. Яғни, жеке сөйлесе отырып, олардың икемін анықтап, жаңа жұмыс орнында, жаңа ортада өзін қалай ұстап, қалай жұмыс істеуіне де кеңес керек. Айта кету керек, алты айдан астам уақыт жұмыссыз отырған адамның өзі бағдарынан жаңылысып қалады. Темір де жүрмесе тозады ғой. Адам да ізденбесе, талаптанбаса, жалыны кеми береді. Мұндайда оған қол ұшын созу керек.
Көпжылдық тәжірибемнің арқасында мекемелерде оқуға жұмысқа іріктеп алудың психометриялық әдістемесін жасадым. Менің авторлық әдістемелерімнің тиімді екенін және белсенді қолданыста екенін айтқым келеді. Қала әкімдігі тарапынан қолдау болса, психолог кеңесіне мұқтаж жандардың бәріне тегін кәсіби қызмет көрсететін орталық ашқымыз келеді. Өзім үйретіп шығарған мамандар да жеткілікті. Бұл орталыққа өмір жолын анықтай алмай жүрген жастар, үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткерлер келіп, кеңес алатын болады. Осы арқылы мына заманның түрлі қатерлері мен шабуылдарына қарсы тұруға қолымыздан келгенше көмектесер едік. Бағзы замандардан бері қазақ халқының салт-дәстүріндегі адамтану, адам сыйлау, адаммен араласу сияқты дара дәстүрін жаңғыртып, өз жолына қайтарар едік. Бүкіләлемдік ғалымдардың сараптауынан өткен психология ғылымының дамуына қосылған үлесіміз болып бағаланбақ.

Көпжылдық тәжірибеме сүйене отырып, өзімнің «12 маңызды маркер» деп аталатын сұрақтарымды құрастырдым. Егер осы сауалнаманың жартысына ғана «иә» деген жауап алсаңыз, онда жағдайдың қиындағаны.
Біраз жыл бұрын әскери салада жұмыс істедім. Күндердің күнінде үш солдаттың өзіне-өзі қол жұмсаған оқиғасы орын алды. Таяқтың бір ұшы психологқа тиеді. Қағазды көтергенімізде, көз жұмған үшеудің де алты сұраққа «иә» деп жауап бергенін алға тарттым. Осы қайғылы нәтижелерден кейін ғана психотестті мойындатуға тура келді

– Бір сөзіңізде «Ұлттың рухын көтергені үшін» атты атақ болса, біріншілердің қатарында болып алуға ұмтылар едім» дедіңіз. Басқа-басқа, ұлттық марапаттар, сыйлықтар бізде жеткілікті көрінген. Олардың ұлттың рухын асқақтатуға қатысы жоқ дейсіз бе?
– Бұл – психология тұрғы­сында негізделген ойым. Адам баласын өзін-өзі тану, өзіне сенімі, тұлға болып қалыптасуы ұлттық болмысымен қатар өріледі. Соңғы кезде ұлттық санамыздың белең алып келе жатқан жайттарын елемей, «қазақпын» деп кеуде көтергеннің бәріне алакөзбен қарап, ұлтшыл дейді. Бұл дұрыс емес. Ұлттық санамыз өз дәрежесінде қалыптасуы керек. Психолог ретінде айтатыным – әркім өзін танымаса, өзінің ұлтымен, ана тілімен, шыққан тегімен мақтанбаса, толыққанды азамат болып қалыптаспайды. Өзін сыйламаса, өзгені де керек қылмайды. Өкінішке қарай, өзінен жерінгенді бөтен де бауырына баспайды.

Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙСОВА

The post ӨЗІНЕН ЖЕРІНГЕНДІ БӨТЕН БАУЫРЫНА БАСПАЙДЫ appeared first on Астана Ақшамы.

ТЕРІ АУРУЛАРЫНЫҢ ТҮРІ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

$
0
0

Астана қаласының Дерматология орталығына түрлі аурулармен шағымданатындар көп. Орталық директоры, медицина ғылымдарының докторы Жұлдыз Данбаеваның айтуынша,
70 орынды амбулаториялық емхана бір ауысымда 305 адамға көмек бере алады. Орталықтың сыртқы ғимараты ескі демесеңіз, мұнда жоғары сапалы медициналық қызмет көрсететін ең білікті дәрі­герлер жиналған.

– Жұлдыз Сейітқамзақызы, өзіңіз басқаратын орталықта дәрігерлер жеткілікті ме?
– Емдеу орталығы 1937 жылы ашылған. Содан бері тұрғындарға қызмет етіп келеді. Бізге елордалықтар ғана емес, еліміздің барлық аймақтарынан және алыс-жақын шетел азаматтары да қаралады. Заманауи технологиямен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген медициналық мекемеде дәрігерлер жеткілікті деп айта аламын. Бізде ең білікті дәрігерлер мен медбикелер еңбек етеді. Орталық тері ауруына қарсы кеңейтілген косметологиялық қызмет түрлерін де ұсынады.
– Қазіргі уақытта аурудың қай түрі асқынып тұр?
– Мерез, соз, хламидиоз, микоплазмоз – бұл жыныстық жолмен берілетін инфекциялар. Мұндай инфекциялардың асқынуы бедеулікке, импотенцияға, кіші жамбас органдарының қабынуына, атап айтқанда аднексит, сальпингоофарит, эндометрит ауруларына ұшыратады. Аурудың алдын алу үшін жыныстық қатынас тұрақты болу керек. Ерлі-зайыптылар алты ай сайын гинеколог пен уролог мамандарының кеңесіне жүгінген жөн. Кездейсоқ қарым-қатынасқа түсерде міндетті түрде мүшеқап қолданған абзал. Көп жағдайда жыныстық жолмен берілетін аурулармен 15-49 жастағы азаматтар зардап шегеді. Жалпы, Астана қаласы бойынша жыныстық қатынас арқылы жұғатын тері аурулары азайып келеді. Мәселен, өткен жылы сифилиспен ауыратындар саны 349 болды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 63-ке азайғанын көрсетеді.
– Өзіңіз білесіз, Астанада денені жасанды қыздыратын салондар көп. Мамандар оған жиі баратын бикештердің 75 пайызы қатерлі ауруды арттырады дейді. Бұл қаншалықты шындық?
– Дәл осы мәселеге байланыс­ты бізде жыл сайын «Меланома күні» шарасы өтеді. Биыл да ұйымдастырдық. Аурудың алдын алуды көздейтін шара кезінде қала тұрғындары тегін тексеріліп, кеңес алды. Бұл онкологиялық аурудың алдын алуды көздейді. Мәселен, биыл 240 адам онколог, дерматовенеролог секілді мамандардың тексеруінен өтті.
Бүгінде ауру жасарып келеді. Дәрігерлердің қабылдауына үлкендермен қатар, кішкентай балалардың келуі жиілеп кетті. Жалпы, денеге меланоманың пайда болуы ағзадағы гармондық өзгерістерге байланысты. Күннің астында ұзақ болу, жасанды қыздырыну және экологиялық жағдай да әсер етеді.
– Ауруды қандай жолмен анықтауға болады?
– Осыдан екі жыл бұрын меңдерді, тері мен оның шырышты қабатында пайда болған ісетін сүйелше ісік, сүйел сияқты ауруларды көзбен тексеруге арналған неміс аппараты «FotoFinder» орталыққа орнатылған болатын. Бұл дерматоскоптың көмегімен барлық кезеңдегі ауруларды анықтауға болады. Заманауи аппарат меңнің мелономаға ауысқанын бақылай алады. Оның көмегімен әртүрлі тері ауруларына диагноз қоюға мүмкіндік бар. Дерматология орталығында диспансерлік бөлімшеден бөлек арнайы стационар бөлімшелері, яғни күндізгі және тәуліктік стационары және физио­бөлімшесі бар медициналық зертхана жұмыс істейді. Сонымен қатар, Астана медициналық университетінің тері және венерологиялық аурулар кафедрасының клиникалық базасы болып табыламыз. Жалпы, инновациялық технологиялардың арқасында дерматология орталығы ауруларды төмендетіп отыр.
– Егер азаматтарды қандай да бір тері аурулары мазаласа, тез арада орталық қызметіне жүгінуге бола ма?
– Кез келген туа біткен дақ әртүрлі факторлар бойынша меңнің өзгеруіне әкеліп соғады және көп жағдайларда қатерлі ісікке айналады. Сондықтан егер сіз меңнің түсінің, түрінің өзгеруін, қан шығу белгілерін байқасаңыз, міндетті түрде біздің дәрігерлердің кеңесіне жүгінуіңіз қажет.

Гүлмира Аймағанбет

The post ТЕРІ АУРУЛАРЫНЫҢ ТҮРІ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ appeared first on Астана Ақшамы.

фотошебер: шыны мен сыры

$
0
0

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Астана және астаналықтар» айдарын елордаға да, елімізге де танымал фототілшілерге арнаған едік. Енді кезек «ақшамдық» Сұлтан Сейіт пен «егемендік» Ерлан Омаровқа келіп жетті.

1. Фотоөнер саласына қалай келдіңіз?
2. Сәтті шыққан кадр деп қандай суретті айта аласыз?
3. Экстремалды жағдайда түсірілген фото немесе қиындық туғызған түсірілімдер болды ма?
4. Адамдар сын айтып жатса, қалай қабылдайсыз? Өз жұмыстарыңызға көңіліңіз тола ма?
5. Қаламыздың қай бөлігін фотоға түсірген ұнайды?
6. Сіздерге қандай кадрларды түсіруге тыйым салынады? Болмаса өзіңіз қандай суретті түсіруден бас тартар едіңіз?
7. Қандай фотоны түсіруді армандайсыз?
8. Астаналық болған соң, елордамыздың қалай көркейіп, құлпырғаны көз алдыңызда болар. Сол өзгерістер жайлы фотографтың көзқарасымен баяндап беріңізші.

Сұлтан Сейіт, 2007 жылдан бері «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі:

1. Фототілші қылып мені орта қалыптастырды. 98-99 жылдары студент кезімде «Жас Алаш» газетінде күзетші болып жұмыс істедім. Газетте Асылхан Әбдірайымовтың фотоаппаратына қызығып жүріп, фотоөнерге бет бұра бастадым. Негізі, мамандығым – заңгер. 2000 жылдары «Ақ жол» газетінде жұмыс істедім. Арасында поштада да, баспаханада да қызмет етіп, әрдайым газеттің айналасында жүрдім. Сол жылдары Қазақ фототілшілерінің одағы құрылды. Одақта ең беделді әрі жасы үлкені Сайлау Пернебай болса, ең жасы мен едім. Әуесқой және кәсіби фототілшілермен араласып-құраласып жүріп, сол әлемге қалай еніп кеткенімді байқамай қалдым.
2. Фотограф ретінде көзге түсуіме Астананың бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов себепкер болды. Тә­уелсіздік сарайын енді салып жатқан кез. Әкім ең алғашқы ресми сапарын сол нысаннан бастады. Асылхан аға әрда­йым «Бәрі түсіріп болғанда, сен аңдып тұр. Президент не басқа лауазымды адам кетіп бара жатқанда күлімсіреп, қол бұлғауы мүмкін» дейтін. Бір қарасам, Тасмағамбетов бәтеңкесінің бауын байлап тұр. Кадрды қаз-қалпында түсіріп алдым. Мақалаға да «Бәтеңкенің бауын байлауға да уақыт жоқ» деген ұтымды тақырып қойды.
Кейін ақын Фариза Оңғарсынованың 70 жылдығында күліп отырған бір кадрды түсіріп алғанмын. Суретті көрген Фариза апай «Көптен бері күліп түспеген екенмін» деп, фотоны іздеп редакцияға келді.
3. Барлық қырынан алып қарағанда үйлесімді кадрды сәтті шыққан туынды деп айтуға болады. Біз аңшы сияқты ұтымды кадрды іздеп жүріп түсіреміз.
4. Егер ол сәтті шыққан кадрға сын айтылса, әрине, ренжисің. Түсіріп болғаннан кейін фотоларыңды іріктеп қарағанда: «Осы кадр газеттің бірінші бетіне кетеді-ау» деп тұрғанда, шынымен де, сол суретті таңдап алады. Бірақ кейде нашар түсірген фотоларыңды ішің сезіп тұрады.
5. Қаламыздың ең биік ғимараты – «Изум­рудный кварталдан» түсірілген кез келген кадр сәтті шығуы ықтимал. Ал «Пирамиданың» артындағы саябақта қысы-жазы тамаша көрініс.
6. Көбінесе жәрмеңкеде азық-түлік алып жүрген қарапа­йым халық «фотоға түсірмеңіз» дейді. Жедел жәрдеммен рейдке шыққанда, бірде-бір науқас адамды түсіре алмай кеткен кез болды. Кейде саябақта бірге қыдырып жүрген қыз бен жігітті көріп қаласың. Әдемі кадр. Бірақ түсіруге, оны газетке жариялауға қорқасың. Себебі әйел мен ер адам отбасылы болуы мүмкін. Өзгелердің жеке өміріне араласқым келмейді.
7. Шахтадағы өмірді түсіруді армандаймын. Бір жағынан, ондай мүмкіндік болған жоқ. Оның үстіне, дәл шахтаның астында жарқылдақты қолдануға рұқсат етілмейді. Көмірді қазғанда жарқылдақ әсер етіп, тұтанып, өрт шығуы мүмкін. Күйе-күйе болып, жер астында жұмыс істеп жүрген кеншілердің халін суреттеп тұрған кадрдың авторы болғым келеді.
8. Мен елордаға алғаш келгенде, құрылыс енді жандана түскен еді. Биік-биік ғимараттар тек «Бәйтеректің» айналасында ғана болатын. Ну қамыс өсіп тұрған кездер еді. Өз көзіңмен бой көтерген ғимараттарды көргенде, оларды өзің салғандай боласың. Меніңше, қазір қаланы фотографтарға түсіру оңай.

Ерлан Омаров,
2012 жылдан бері
«Егемен Қазақстан»
газетінің фототілшісі:

1. Фотоөнерге келуіме өзімнің туған ағам Әнуар Омар ықпал етті. Өзі де кезінде журналист болған ағам ең алғаш «Сanon» фотоаппаратын сыйлады. Сол шағын фотоаппаратпен алғашқы фотоларымды түсіре бастадым. 2000-2004 жылдары Ө.Бай­қоңыров атындағы Жезқазған университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алдым. Студент кезімде «Алтын аймақ» газетінде фототілші болып еңбек ете бастадым. Одан кейін бірнеше жыл «Астана ақшамы» газетінде жұмыс істедім. 2012 жылдан бері «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етемін.
2. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың жеке фотографы болып істеген Питер Суза деген атақты фотографтан журналис­тер «Ең керемет суретіңіз қайсы?» деп сұраған екен. Сонда ол «Ең керемет суретті ертең түсіремін» деп жауап беріпті. Меніңше, әр фотографта ең жақсы суретті ертең түсіремін деген ой болуы керек.
3. Бірер жыл бұрын Астанадағы «Қазанат» атшабарында «Теңге ілу» ойыны кезінде шауып келе жатқан шабандоздарды қырынан емес, тура алдынан түсіргім келді. Сақшылар аттардың жолына шығу қауіпті екенін айтып, жібермеуге тырысса да, кимелеп өзіме ыңғайлы жерге жеттім. Жерге жата қалып, бірнеше кадр жасадым. Аттың төрт тұяғы бірдей жерден көтерілген сәтті ұстап үлгердім де, бірден жолынан кетіп қалдым. Кейін фото тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығында «Жылдың үздік фотосуреті» аталымы бо­йынша топ жарды.
4. Өзіме айтылған сыни пікірлерді дұрыс қабылдауға тырысамын. Шығармашылығыма толық көңілім толады дей алмаймын. Кейде көңіліңнен шыға қоймаған фотоға жұртшылық таңғалып жатқанын көресің. Адамдардың қалай қабылдағаны әлеу­меттік желідегі пікірлерден көрініп тұрады.
5. Әрине, сол жағалау. Қаланың жаңа бөлігінде жаңадан бой көтерген әдемі архитектуралық нысандар, абаттанған көшелер фотоға түсіруге сұранып тұрады.
6. Қауіпсіздік мақсатта тыйым салынған тұстар көп қой. Бірақ журналистер қауымы сияқты фотожурналистер де көпшілік біле бермейтін жерлерді тыйым салынғанына қарамастан түсіргісі келеді. Өз басым дастарқан басында отыр­ған адамдарды түсіргенді онша ұнатпаймын.
7. Маған пейзаж ұнайды. Табиғат көріністері, аң-құстардың тіршілігі қызық. Қорғалжынның қызғылт қоқиқаздарын түсіргім келіп жүр. Қоқиқаз өте сақ құс екен, оны түсіру оңай болмайды.
8. Ең алғаш елордамызды 2008 жылы қаланың 10 жылдық мерекесі кезінде түсірдім. Содан бері бой көтерген әсем ғимараттарды, қаланың барлық тыныс-тіршілігін назардан тыс қалдырмауға тырысып келемін. Елорданың әсемдігін көрсету үшін барынша биік нүктеден түсірген жақсы, сол үшін биік ғимараттар салынса қуанамын. Жалпы, жақсы фотограф Астананың кез келген жерінен әдемі кадр түсіре алады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

The post фотошебер: шыны мен сыры appeared first on Астана Ақшамы.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, академик: АЛАШ – ТЕМІРҚАЗЫҚ

$
0
0

АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ – ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ БІР КЕЗЕҢІ

– Биыл Алаш партиясы мен Алашорда автономиясының құрылғанына жүз жыл толды. Кейбір зерттеушілер алаш қозғалысына да бір ғасыр болды дейді. Осы оқиғалардың аражігін ашып бере аласыз ба?
– Рас, бүгінде еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары Алаш партиясы мен қозғалысына бір ғасыр толды деп айтып, жазып жүр. Әрине, бұл – жалпы қауымға жариялап, жарнамалап айтуға жақсы ұғым, дұрыс ниет. Бірақ ғылым мен баспасөз нақтылықты қалайды. Сондықтан биыл Алаш автономиясы мен Түркістан автономиясының жүз жылдығын атап өтіп жатырмыз. Елдік тұрғысынан келгенде, «Алаш партиясы», «Алаш Орда» ұлт кеңесі дегендер – соның ішіндегі түрлі құрылымдық дүниелер.
Енді ұғымдарға келейік. «Алаш» деген ұғым бізде көнеден бар. Оның туған уақытын, дерегін кесіп айту қиын. Шоқан Уәлиханов: «Әрбір ру, тайпаның ұраны бар. Бірақ бүкіл қазақтың басын біріктіретін ұран – алаш» деп жазады. Шоқан – ХІХ ғасырдың ғалымы. Менің түсінігімде, Алаш қозғалысының басталуы он тоғызыншы ғасырдың соңынан жол тартады. Дәлірек айтқанда, 1890 жылдан десек болады. Оның себебі бар. 1891 жылы қазақтың ұшы-қиырына көз жетпейтін шалқар һәм сайын даласы патшалық Ресейдің қазыналық меншігіне айналды. Ал жер – халқымыз үшін басты құндылық. Одан айы­рылу – қасірет, аза тұтып, қара жамылғанмен бірдей. Енді ұлттың көзі ашық қайраткерлері де қарап қалмады. Әйтеуір халықты, жерді сақтап қалу мақсатында ұран көтерілді. Ол – баяғыдай ақ найзаға сену емес, ақылға сену ұраны. Алаш қозғалысы осылай туды. Қозғалыстың қалыптасуы XX ғасырдың басына дөп келді. 1907 жылы Алаш қозғалысының нақты бағыты анықталды. Осы жылы қазақ ұлты Ресей империя­сының мемлекеттік Думасына депутат болып сайлану құқығынан айырылды. Жалпы патшалық Ресейдің Думасына халық қалаулылары 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін төрт рет шақырылды. Соның 1906-1907 жылғы шақырылымына ғана ұлтымыздан өкілдер сайланды. Бірақ бұл екі шақырылым да үш айдан жұмыс істеп, тарқап кетті. Дұрысы, патша оны тарқатты.
Соңғы екеуінде өкіл болмады. Парламент деген – қазір де, бұрында да үлкен ұғымды білдіретін, халықтың өкілдері елдің мұңы мен жағдайын айтатын биік мінбер. Сонда алты миллион қазақтың биік мінбеден құқығын қорғайтын өкілі жоқ дегенді қалай түсінеміз? Осындай қысылтаяң шақта «Оян, қазақ!» деген ұлттық мұратты ту еткен идея­лардың пайда болуы қозғалыстың негізгі сипатын сараптайды. Ол сипат не? Жер үшін, тіл мен діл, білім мен руханият секілді сан алуан мәселелер үшін күрес сол кезден бастау алды.
1911 жылы Троицк қаласынан Мұхамеджан Сералиннің редакторлығымен қоғамдық-саяси «Айқап» журналы жарыққа шықты. Біз осы межені Алаш жәдитшілдігінің саяси тұтастыққа ұласу шағы деп есептейміз. Әрине, ол бірден көктен түскен жоқ. Алдымен оның себептері, алғышарттары сараланып, бағыты пысықталды.
Сол жаңарған, серпілген ғасыр басына барайық. Қозғалыс жүріп жатыр. «Серке», «Айқап», «Қазақ», «Ұран», «Сары Арқа», «Бірлік туы», «Абай», «Балапан», «Жас азамат» басқа да газет-журналдар жарыққа шықты. Олар да оңайлықпен басылған жоқ. Бұлардың ішінде ұлттың басын біріктірген, айбынды ағартушылыққа қызмет еткен – «Қазақ» газеті. Осы басылымдардың аясында халықтың саяси білігі даярланып жатты. Бірақ 1917 жылы қазан төңкерісі болады деп ешкім күтпеді. Мұны Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы «Ресейдегі бүлік» деп жазды. Олар патша үкіметі құласа да Ресейдің саяси күштері демократиялық негізде әрі қарай дамиды деп ойлады. Соған имандай сенді. Оны сол уақыттағы газеттерде басылған мақалалар дәлелдейді. Қошке Кемеңгерұлы «Бүлінгеннен бүлдірме алма!» деп мақала жазды. Бұл астаң-кестең кезең туралы 80-жылдардың жария­лылық кезеңінде шыққан М.Горькийдің «Не своевременные мысли» деген жинағы жақсы түсіндіреді. Жазушы орыс қоғамының ішінде жүріп, төңкерістің жағымсыз, тіпті хайуани сипат алып кеткеніне таңғалып, күнделікке түсіріп отырған.
1917-1918 жылдары Ресейде уақытша үкімет билік құрды. Дәл сол кезде Әлихан Бөкейхан да, Мұстафа Шоқай да, Мұхамеджан Тынышбайұлы да уақытша үкіметтің өкілдері ретінде қазақ мекендеген аймақтарға қызметке жіберілді. Осындай дүрмек болып жатқанда Петроградта (орыс Санкт-Петербург атынан безген кез) құрылтай жиын ұйымдас­тырылады. Оған әр ұлттың, аймақтың өкілдері қатысу қажет. Енді осы кезеңде тарихшылар да қиналатын, саясаттанушылар да дал болатын, бүгінгі көп зерттеу­шілер бағалай алмай жүрген оқиғалар өрбіді.
– Ол қандай оқиға?
– Алдымен, мына мәселеге тоқталайық. Автономия мемлекет пе, егер сондай деп есептелсе, оның құрылымы не, құжаты қайсы, конституциясы қандай, оның негіздері неден тұрады деген сұрақтар туады. Біз – гуманитарлық саланың маманымыз. Ала-құла империя қирандысы кезеңіндегі автономияны классикалық түрдегі мемлекет қағидатымен өлшеуге болмайды. Егер ондай өлшеммен қарасақ, көп асылымыздан айырылып қаламыз. Сондықтан да біздің оппоненттеріміз, әу бастан Алашқа қарсы адамдар, бәлкім, азаттыққа жаны қас большевиктің үрім-бұтағы Алаш ардақтылары құрған автономияны мойындамай, «оларда мемлекет те, мемлекеттік құрылым да болған жоқ, кезінде зиялы дегендері адасқан, бүгінгі қолдаушылары мен зерттеушілерінікі де жұрттың көзін байлау» дейді. Бір қызығы, осы ой репрессия алдында да, тұсында да, кейін де айтылыпты. Бүгінгі жаңғырығы – агония мен скептиканың буданы сияқты нәрсе. Қазір бармағымызды шайнатып отырған дүние – осы. Біз зымырап өтіп жатқан уақыттың қадірі туралы айтып отырмыз. Бір ой туа­ды: отаршыл елдердің тарихын алайық. Мемлекеттік негіздері, құрылымдары туралы құжаты түгел ме, жоқтан бар жасалған ба? Біз кеше ғана «тәуба!» деп, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Мерейтойын мемлекеттік деңгейде ұйымдас­тырдық. Осының да құжатын, «инаугурация фотосын» сұрап, төбеге де сенбей, төреге де ермей жүргендер бар…
Жүйрік уақыттың өзі айқындап берген, өткен ғасырдың басындағы аласапыран арасында мемлекет құруға жанталасқан Алаш азаматтарының жанқияр­лық күресіне қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осы заманның көзімен қарауға болмайды. Біз Түркістан автономиясын – бүгінгі Орталық Азиядағы түркі мемлекеттеріне бастау болған мемлекет деп, Алаш автономиясын – Қазақ мемлекеттілік тәжірибесінің елеу­лі кезеңі деп есептейміз. Автономия – мемлекеттік құрылым. Сонда Алаш қайраткерлері мемлекеттің бесігін де, жөргегін де, тәй-тәйін де білді. «Ресей Федерациясы құрамында автономия» деген 1917-1918 жылғы алғашқы қадам мен Қазақстанның 1990-1991 жылғы тағдырын параллель жүргізіп байыптауға болады.
Уақытша үкімет ұлт өкілдерін алдағы құрылтайға шақыруына байланысты тездетіп Түркістан автономиясы жарияланды. Өйткені жиынға ұлттық құрылымның атынан бару керек болды. Түркістан автономиясы 1917 жылы 27 қарашада Ташкентте жариялану керек еді, қаланы большевиктер басып алғандықтан, амалсыз Қоқанда жарияланды. Кейбір зерттеушілер шатасып «Қоқан автономиясы» деп жүрген осы. Оның ресми атауы – Түркістан мұхтарияты. Түркістан автономиясы 1917 жылы 27 қарашадан 1918 жылы 11 ақпанға дейін 64 күн өмір сүрді. Одан кейін большевиктер автономия басында отырған азаматтарды ғана емес, бүкіл Қоқанды қан-жоса қылып, Хайретдин Болғанбай айтқандай, «тұла бойы қан саситынын» дәлелдеді.
Ал Алаш автономиясы 1917 жылы 13 желтоқсанда Орынборда жарияланды. Кейін Орынборды большевиктер құрсағаннан кейін Семейге көшті. Бұл жайындағы деректерді зерттеушілер қопарып, жазып жатыр. Біз мұны да мемлекеттік негізі бар, Алаш Ордадай сайланған үкіметі анық елдік құрылым санаймыз. Бұл автономия бір жарым жылдан аса билік құрды. Сондықтан бүгінгі азат Қазақстан тақыр жерде пайда болған жоқ. Кешегі Алаш арыс­тары құрған мемлекеттің жалғасы. Тарихымызда қазақ хандығы үлкен бір сапалық кезең болса, екінші, еуропалық бағыттағы ізденістен туған мемлекеттік платформа – Алаш автономиясы мен Түркістан автономиясы.
– Жалпы, Түркістан автономиясы туралы көп айтылмайды. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Оның себебі былай: ғалымдарымыз Алаш автономиясын өз тарихымыздың бір арқауы ретінде біршама зерттеді. Ал Түркістан автономиясы орналасқан өңір, қала – Ташкент, Қоқан болғандықтан, жадағай психологияда «басқа елдің оқиғасы» секілді көрінуі кәдік. Бірақ екі автономияны бөліп қарауға болмайды. Енді бір қызық жағдайды айтайық. Алаш үкіметі – ұлт кеңесі құрылған кезде, бір орын Мұстафа Шоқайға қалдырылған. Мұны «Түркістан мүддесі» деуге де болады. Алаш үкіметі Түркістан автономиясымен қарым-қатынас жасау үшін келіссөзге Міржақып Дулатұлы бастаған азаматтарды жібереді. Осы жерде бір тоқталатын нәрсе бар. Сол замандағы деректерге лупамен қарағандай үңілген дұрыс. Құжаттардағы, мақалалардағы мәтін астарынан «екі автономияны біріктіру кезеңі басталу керек» секілді ой бұғып жатқаны анық көрінеді. «Алаш пен Түркістан автономиясы қалай бірігеді? Қалай үйлесім табады?» деген мәселе зиялыларымызды сәт сайын ойландырған. Сондықтан Түркістан автономиясының қазіргі барша түркі мемлекеттері тарихында аталуы және соған орай кешенді зерттеу жүргізілуі шарт.

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЕШҚАНДАЙ ШЕКТЕУЛІККЕ БАРМАҒАН

– Кейде біз тарихи деректерден Батыс алашорда, Шығыс алашорда дегенді оқып қаламыз. Сонда Алашорда екіге бөлінген бе?
– Жоқ. Көп адам ойлайды: «Неге бұлай аталған?» деп. Мұның бәрі – большевиктердің Орынборды басып алғанынан кейін өріс алған оқиғалар. Алаштың жағдайға қарап, Батыс пен Шығысқа «бөлінуі» – территориялық атау. Алаштың батыс қанаты, шығыс қанаты дегендей. Бұл жайында жазушы, зерттеуші Әнес Сарайдың тамаша зерттеуі бар. Жалпы, азамат соғысы 1918-1920 жылдары болды деп жазады. Негізінен, оны 1917 жылдан бастау керек. Дәл осы аумалы-төкпелі кезеңге байланысты Алашорда үкіметінің басшылары шұғыл сая­си шешімдер қабылдап отырды.
– 1917 жылы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құру үшін ұлт қайраткерлері жалпыхалықтық екі съезд өткізгені белгілі. Осы жиындар қалай ұйымдастырылды?
– Жалпы, бұл екі съездің алды-артында қазақ даласында алпыстан астам түрлі деңгейде жиын өткен. Бұл кездегі елдің жағдайы белгілі. Отаршылдық жүйе халқымызды көтерем қойдай әбден діңкелетіп тастаған. Сондықтан Алаш зиялылары Ресейдегі саяси ахуалмен, қоғамдағы жағдаймен халықты таныстыру үшін болыс, уезд, губерния, аймақ деңгейінде басқосулар ұйымдастырды. Төңкеріс алдында ірі құдайы ас та саяси жиынның рөлін атқарғаны мәлім. Ал тарихи екі съездің орны бөлек. Алдымен съезге шақырушылардың құрамы жария­ланды. Үгіт-насихат жүргізілді. Бірінші съезде Алаш партиясы құрылылып, екінші съезде автономия жарияланды. «Қазақ» газетін қарасаңыз, осы оқиғалардың бәрі қатталған. Ол уақытта ел ішіндегі оқығандар санаулы. Орысша білім алғандарды «учительдер» деп айтқан. Мұсылманша оқығандарды «мұғалім» деген. Съездерге жалпы көзі ашық, қабілеті бар, сауатты адамдар тартылған. Одан кейін ел ағалары, халық арасында беделі бар, сөзі уәлі дәулетті кісілер, молдалар шақырылған. Съезді ұйымдастыру ақпаратсыз өте қиын екені түсінікті. Оның үстіне түрлі әлеуметтік мәселелер мен қаржылық шығындар бәрі көзі қарақты азаматтардың ақылымен шешілген.
Алқалы жиындарда болашақ мемлекеттің құрылымы, негіздері қозғалған. Бір ғана Торғай облыстық съезіне 400-дей делегат қатысқан. Кейбір ғалымдар бұған ерекше мән беріп, мұны «екі съезден кем емес» деген пікір айтады. Сонымен, мемлекеттік құрылым мәселесі жан-жақты сөз болған, талқыланған және шешім шығарылған съездерді қазақ тарихындағы аса ірі оқиғалар деп есептейміз. Бүгінгі тілмен айтқанда, мұнда мемлекеттің тұжырымдамасы, саяси платформасы анықталды.
– Алаш ардақтыларының қай-қайсы да ағартушылықпен айналысты. Газет шығарды, кітап жазды. Жұртты білімге, оқуға шақырды. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Әр ұлттың тарихында оның даму кезеңін анықтайтын бағыттар бар. Біздің тарихымызда XIX-XX ғасыр аралығы ағартушылық кезең саналады. Бұрын халыққа Шоқанды, Ыбырайды, Абайды қазақ ағартушылары деп түсіндірдік. Мысалы, нағыз педагог Ыбырай Ресейдің Қазақстанға енгізген білім жүйесінде қызмет істегенмен, оған білім саласына реформалық ізденістер жасауға мүмкіндік берілмеді. Бұл үш тұлға тіпті бір үстелдің басында отырған адамдар емес. Олардың әрбірі, Әлихан Бөкейхан айтқандай, «қазақтың жалғызы». Ағартушылық деген дүние үлкен идея­ға, концепцияға айналу керек. Оның баспасөзі мен кітаптары жүйелі шығып жатуы қажет. Бізде осы үдеріс кеш те болса ХХ ғасырдың басында концептуальді негізде қалыптасты. Алаш зиялыларының қайраткерлігі, шығармашылығы, тіпті адами болмысы ағартушылық бағытқа жұмсалды. Екінші бір нәрсе бар: кеңестік дәуірде «шығысша, араб­ша оқығандар діни бағыт ұстанды, батыстық білімді қаламады, зар заманмен кіндіктесіп, қоғамға енген жаңалықтарды мойындамады» деп айтып келдік. Мысалы, Шәкәрімді алайық. Аузынан Алласы түспеген діншіл. Қажыға барған. Ол шығыс құндылықтарын бойына сіңіре отырып, Л.Толстойды салмақтайды, елеу­лі философиялық ойлар айтады. Міне, екі көзқарастың синтезі – Шәкәрім. Алаш зиялыларымен үзеңгілесе шыққан діндар қайраткер Садуақас Ғылманидың «Жүсіпбектің «Психологиясына» деген өлеңі бар. Ол – арабша сауатты, 30-жылдары қуғын-сүргін көрген, кейін ғұмыр бұйырып Қазақстанның қазиы болған кісі. Жүсіпбек Аймауытұлы «Психологиясы» еуропалық бағыттағы зерттеушілердің теориясы мен тәжірибесін талдаудан тұрады. С.Ғылмани осымен ой таластырады. Ал осыдан діндар шектеу­шілігі байқала ма?
Мысалы, Алаштың лидері Әлиханның жұбайы – орыс ұлтынан. Мұсылман дінін қабылдамаған. Ә.Бөкейхан – қазақ, жары басқа милләттің қызы болғанмен, балалары ұлт тарихы мен руханиятын қадірлейтін адамдар болып қалыптасты. Қызы Елизавета елшіл қайраткер Смағұлға тұрмысқа шықты.
Ә.Бөкейханның 1914 жылы жазған «Мұсылман сиезі» деп аталатын мақала топтамасы бар. Соның біреуінде ол Міржақыптың «Бақытсыз Жамалын» Құран сүрелері аясында талдайды. Жалпы Алаш көшбасшысының дінге қатысты керемет ойларын оқимыз. Ол – халықты діннен айырмау керек екенін білген адам. Әлихан Науан қазіретті «қазақтың Ломоносовы» деп бағалап, мақала жазған. Бүгінде атақты қазірет туралы дерек жоқтың қасы… Осы оқиғалардан шығыс пен батыс ұстанымын үлгі тұтқан қазақ азаматтары томаға-тұйықтыққа бармағанын көреміз. Түптеп келгенде, олардың бәрі ұлттың көсегесін көгертуге қызмет етуді ойлаған прагматик адамдар еді.
– 1918 жылы Жаһанша мен Дінше қазақ үкіметіне автономия сұрап, Лениннің қабылдауында болған екен. Бірақ оның хаттамасы сақталмаған. Бұдан хабарыңыз бар ма?
– Қоғамдағы саяси күресте большевиктер жеңеді деп ешкім ойлаған жоқ. Бірақ олар күннен күнге күшейіп келе жатқаны айқын болды. Үлкен үйді кім алса, сол мемлекеттің иесі болады. Большевиктер билік асқарларының бәрін қолға түсірді. Жалпы патшалық Ресей трагедиясын бүгінгі Ресей бағалап бере алды ма?.. Көрші елде түрлі коммунистік атрибуттар мен ескертіштердің сақталып қалуы осы сұрақ жауабын алудың әлі ерте екенін аңғартқандай.
1917-1918 жылдары Алаш қайраткерлері жан-жақты келіссөз жүргізді. Мысалы, Сібір аймағын билеген патша генералдарына байланысқа шықты. Қиырдағы Жапония мен Қытайға да адамдар жіберді. Енді қару-жарақтың, әскери әлеуеттің бәрі большевиктер қолына өте бастағаннан кейін Алаш басшылары Ленин үкіметімен келіссөз жүргізуді ойластырды. Бұған байланысты Жаһанша Досмұхамедұлының, Халел Ғаб­басұлының келіссөз жүргізгені мәлім. Алғаш телеграф арқылы байланыс жүргізілді. Тарихи деректер Жаһаншаның Мәскеу­ге 1918 жылы сәуірде келіссөз үшін барғанынан хабар береді. Әрине, ол Ленин мен Сталинге барған. Оның хаттамасы жоқ деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Ал Халел мен Жаһаншаның бірлесе келіссөз жүргізетін нысанасы – Комуч пен Казревком. Бұлардың хаттамасы немесе келіссөзде не айтылғанын ғалымдар жариялады.
Алаштың көп векторлы саясаты ұлт тағдыры еді. Бұл олардың үлкен саяси мектептен өткенін дәлелдейді.
Кеңес өкіметінің қолына толық билік көшкеннен кейін ұлт зиялылары алында жер саясаты, шекараны белгілеу, автономия мәртебесін анықтау секілді маңызды мәселелер тұрды.
Тарихтың осы екі-үш жылы тіпті күрделі. 1918 жылы Алаш басшыларының большевиктермен келіссөз жүргізуі, 1919 жылы Ленин үкіметінің «Алашқа кешірім жасаймыз» деп, ұлт қайраткерлерін кеңес өкіметіне тартуы, 1920 жылы А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ қайраткерлерінің коммунистік партияға өтуі, былайша айтқанда, сол кездің форматында түсіндіру қиын оқиғалар өрбіді. Олар қалай бір-бірін мойындады? Халық саяси үдеріс­терді терең білген сайын мұның мәніне көзі жетіп келе жатыр.
Алаштың большевиктермен жүргізген келіссөзін тарихи даму контексінде, сол заманның шындығы аясында байыптауымыз керек. Алаштың жастар буынан басқарған Смағұл Сәдуақасұлы коммунистік партияға өтіп, жаңа кеңес автономиясын құрысады. Сол кеңес автономиясының алғашқы комиссарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Онымен бір үстел басында «Қазақ» газеті сынаған Әліби Жангелдин отырады. Міне, осының бәрі қазіргі ғалымдарды терең де салиқалы ойға жетелеуі керек. Айналып келгенде, бұған ұлттық бірліктің өресімен қарау қажет.

«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ XX ҒАСЫРДАН БАСТАЛҒАН

– Сол кездегі қазақ жастары өте белсенді. Уақыт көшінен қалмай, жаңа технологияны меңгеруге ұмтылған. Шығандап шетелге оқуға баруға ұмтылған. Осы бір тақырып неге көп қозғалмайды?
– Кез келген жерде жастар – жаңашылдықтың бастауы. Аға толқынға жастар бірнәрсені бүлдіргендей көрінеді. Ол «бүлдіру» көбінесе жақсылыққа қарай жүреді. Алаш қозғалысының ішінде жастар қанаты жұмыс істеген. Оның тарихы 1914-1915 жылдардан басталады. Сол кезде «Бірлік» деген ұйым болған. 1917 жылдары Қазақстан көлемінде 20 шақты жастар ұйымы жұмыс істеген. Осылардың бәрі шығармашылық бағытты ұстанып, халықты оятуды көздеген. 1918 жылы Омбыда қазақ жастарының съезі ұйымдастырылады. Сонда барлық жастар ұйымдары «Жас азамат» деген ұйымға бірігеді. Бұған Смағұл Сәдуақасұлы, Мұхтар Әуезов қатысқан. Жалынды жастар сол кезде заманауи жаңа технологияны меңгеру бағытында жұмыс істеуіміз керек деген мақсат қояды. Онда Ресейде де технология соншалықты дамымаған. Жастарда шетелге барып оқып, олардың дамыған технологиясымен танысу туралы ой болған. Ұйымның «Жас азамат» газетін қарап отырсаңыз, онда технологияға байланысты шетелдің озық тәжірибесі көп айтылады. 1921 жылы Смағұл Сәдуа­қасұлы бастаған бір топ жас қайраткер Қазақ облыстық партия комитетіне Германияға барып оқуға рұқсат сұрап, хат жазады. Бұларға рұқсат берілмейді. 1922 жылы Түркістандағы (Ташкент) Тұрар Рысқұлов Мәскеуге дәлелдеп, 40-тан астам жасты Германияға оқуға жібереді. Соның бес-алтауы – қазақ. 1924 жылы Тұрар оларды іздеп барады. Ол туралы мақала да жазады. Осы оқиғалардың бәрі НКВД хаттамасына түсіп отырған. Біраз өзбек жасы елге оралмаған. Олар сол жақта үлкен қайраткер болып қалыптасты. Елге оралған азаматтарды кейін Мұстафа Шоқаймен жолығып тұрды деп кінәлаған. Әлгі қырықтың барлығы дерлік репрессияланды. Арасында қыз­дар да бар. Бүгінгі «Болашақ» бағдарламасы сынды жасампаз ой негізі ХХ ғасырдың 20-жылдары өрбігені тағылымды деп есептейміз.
– Алаш – ұлттың рухы. Оны айтқан кезде кез келген қаны бар қазақ арқаланып кетеді. Бірақ біз осы бір ардақты тұлғалардың жанқиярлық еңбектерін дәріптеп, қадірлеп жүрміз бе?
– Бұл жерде мәселені төтесінен қойған жөн. Кеңестік психологиядан арылуымыз қажет. Бәрін мемлекет жасайды, үкіметтің қаулысы керек деп алақан жайып, немесе жер-көкті сынап, өткенге байланысты зар еңіреп, кінәліні іздеу қажет емес. «Ресей империясының құрамында болдық» дейміз, сол елдің Алаш зиялылары айтқан өнегелі де тарихы бар. Мысалы, ХІХ ғасырда орнатылған еңселі ескерткіштер, мәселен, ­І Петрдің тұлғасы, өзге де зәулім сарайлардың бәрі де қоғамдық негізде көтеріліп, жеке адамдардың қаржысынан пайда болған. Сондай оқиға Алаш кезінде де жүзеге асқан. Дәулетті адамдар жағдайы жоқ азаматтарға қалтасынан ақша шығарып оқытқан. Мысалы, Сәкеннің «Өткен күндер» деген алғашқы кітабы жастардың қаржысына шыққан. Смағұл Сәдуақасұлы дәулеті кем молданың баласы болған. Талаптанып Омбыға келіп, училищеге оқуға түскенде, оған қандас оқушылар әкелері берген қаржыны бөліп беріп, оқытқан. Кейін Смағұл халықшыл болып шықты, қаншама адамға, соның ішінде солтүстіктен батысқа, батыстан солтүстікке жазықсыз айдалған бұрынғы байларға адами жақсылық жасаған. Міне, осындай дүние бізге қазір керек.
– Аға, сізді алаштанушы ғалым ретінде жақсы білеміз. Смағұл Сәдуақасұлы мен Қошке Кемеңгерұлының шығармаларын жинақтап шығардыңыз. Қайраткер Смағұлдың сүйегінің күлін елге әкелуге мұрындық болдыңыз. Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Таяуда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына байланысты энциклопедиялық бағытта жинақ жарық көреді. Екінші, Макс Кучинский деген германиялық ғалымның «Дала және оның адамдары» атты 1925 жылы неміс тілінде шыққан кітабы бар. Ол қазақ даласын аралап, Шәкәріммен және Әлихан Бөкейханмен байланыс орнатқан. Құнды ойларын жазып алған. Осы жинақты алдағы жылы жұртшылықтың қолына тигізсек дейміз. Одан кейін балалардың ұғымына сай Алаш туралы шағын кітапшалар шығаруды жоспарлап отырмыз. Жақында Италияда болдым. Ол елде 1609 жылдан бері жұмыс істейтін Амброзиана кітапханасында болып, ғылыми жиындарында рухани жаңғыруға байланысты баяндама жасадым. Сол жерде Ә.Бөкейхан идеясын жеткізуге тырыстым. Аталған руханият ордасында Абайды, Шоқанды, Яссауиді аударған Эдуардо Канетта деген ғалым бар. Сол кісімен Әлихан, Ахмет, Мұстафа еңбектерін бір том етіп итальян тіліне аударып жариялауды уағдаласып келдік. Алдағы 24 қарашада Ғази университетімен Стамбулда Алашқа қатысты конференция ұйымдастырамыз. Алаш туралы мақала жазып, кітап шығару, түрлі шаралар ұйымдастыру бәріміздің парызымыз секілді елдік іс болып тұр.
–Аға, риясыз ақтарылып айт­қан әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

The post Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, академик: АЛАШ – ТЕМІРҚАЗЫҚ appeared first on Астана Ақшамы.


БАЙ МЕН КЕДЕЙДІҢ АРАСЫ АЛШАҚТАП БАРАДЫ

$
0
0
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері

Қуаныш аға суы бал татыған ұлттық қайнардан нәр алған азамат. Содан ба, оның бойынан қазақы бекзаттық болмыс ерекше байқалып тұрады. Қандай биік қызмет атқарса да, адамдық пен адалдықты тең ұстаған, мемлекетшілдігі жоғары тұлға. Оңтүстікте үш-төрт іргелі, бірегей аудандарды басқарған, облыс басшысының орынбасары, ұзақ жыл халық қалаулысы болған ойға көсем, сөзге шешен ағаның өмірі мен жүріп өткен жолы кейінгі жас үлгі алатындай тағылымға толы.

КӨРГЕН ТҮСТЕЙ ӨТЕ ШЫҚТЫ ЖАС ӨМІР

– Аға, адамға балалық шағынан артық бақыт жоқ секілді. Сол күндердің қызығы жұмыр басты пендені өмір бойы бесіктегі сәбидей тербеп жүреді. Бүгінде қыр астында сағымдай бұлдырап қалған сол шырайлы шақтарды, әке-шешеңізді, бауырларыңызды жиі ойлайсыз ба?
– Айналайын, жүрегімнің түкпірінде жатқан шерлі мұңды қозғап жібергендей болдың ғой. Біз – соғыстан кейін дүние есігін ашқан ұрпақпыз. Міне, жетпістің биігіне шығып отыр­мын. Сол қызықты күндерім маған кеше ғана болған секілді. Бәрі де көз алдымда, көңілімде сайрап тұр. Бейнелеп айтқанда, көрген түстей өте шықты жас өмір. Әке-шешемді жиі есіме аламын. Әкем қанды қырғынға бармаса да, ауыр еңбектің бел ортасында жүріп, күндіз-түні колхоздың қара жұмысына жегілді. Қиындыққа мойымайтын қайсар адам еді. Жұрт қадірлейтін мұрап болды. Ол қазған арық әлі күнге дейін «Айтахан арығы» деп аталады. Біз сол кісіден екі ұл, екі қыз өрбідік. Үлкен ағам майданда қаза тапты. Ағама тетелес әпкем оқушы кезімде тұрмысқа шыққан, одан кейінгі апам өзімнен екі жас үлкен. Мен – үйдің кенжесімін. Аяулы анам он үш жасымда дүниеден озды. Балаларының ешқандай қызығын көре алмады. Сондықтан қиындықтың, ауыртпалықтың дәмін ерте таттым. Елдің тұрмысы жадау. Соғыстан енді есін жия бастаған жұрт. Адамдарда: «біреуден оздым, екіншісінен кейін қалып қойдым» дейтін бөтен ниет жоқ.
Бала күнімнен оқуға ынталы болдым. Барлық пәннен үздік оқыдым. Бірде қызық оқиға болды. 7-ші сыныпты бітірер жылы қазақ тілінің мұғалімі Әбдікерім Есжанов деген ұстазым маған қазақ тілінен 4 қойыпты. Үнемі үздік оқып жүрген маған бұл қақ маңдайдан біреу қойып қалғандай әсер етті. Жылап отырып, мектеп директорына бардым. Кісілігі бар азамат еді, әлгі мұғалімді шақырып алып: «Сабақты өте жақсы оқитын оқушымызға неге төрт қоясың?» десе, ағайымыз: «Мен ешкімге бес қойып көрген емеспін. Беске өзім де білмеймін» деп нығарлап тұрып алды. Сол кезде мен: «Онда комиссия құрыңыздар» деп ортадан киліге кеттім. Ақыры, комиссия құрылып, қайтадан емтихан тапсырып, бар сұраққа жауап беріп, төртті беске түзеттірдім. Ол уақыттағы ауылдағы білім ұяларының көбі жеті жылдық еді ғой. Он жылдық мектеп аудан орталығында ғана болатын. Біздің колхоз орталықтан онша алыс емес, төрт шақырым болғанмен, жолы қиын, әсіресе, қыс пен көктем айларында жол ми батпаққа айналып, жүргізбейді. Содан мені әкем-шешем Жамбыл қаласында бөлеміз тұратын, «соның үйіне барып оқы, орысша үйреніп, қаланы көресің» деп ұйғарым жасады. Олардың айтқаны – заң.
Айтпақшы, алтыншы сыныптан бастап, жазуға құштарлығым оянды. Ақ параққа төгілтіп өлең, мақалалар жазамын, оны «Социалистік Шәуілдір» деген аудандық газетке жіберемін. Апта өтпей жолдаған мақалам жарияланады. Бірде басылымда менің жазған өлеңімді әлдебіреу қатты сынапты. Сол қатты әсер етті ме, содан өлең жазбай кеттім. Бірақ журналист болсам деп армандап жүрдім. Сосын химия пәнін ерекше жақсы көрдім.
Содан қазіргі Тараз шаһарындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің 8-сыныбына қабылдандым. Сөйтіп, Жамбылда оқып жүргенде анам қайтыс болып кетті. Оқудан каникулға келгенде туыстар жиналып: «Сен енді осы шаңырақтың иесі боласың. Әкең болса қартайды. Бұйыртса, әпкең де тұрмысқа шығады. Сен тезірек білім алып, отау құрып, мына үйге ие бол» деп ақылдарын айтты. Жас баламын. Үлкендердің сөзі дұрыс секілді. Содан мектепті аяқтамай, Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түстім. Оны да үздік тәмамдадым. 1965 жылы қаңтарда техникумды аяқтап, ауылға келіп, бес-алты ай жұмыс істедім. Әкеме қолғабысымды тигіздім.
– Сол кезде Мәскеуге барып оқуға екінің бірі қолы жете бермейтін. Бір үйдің бетіне қарап, үкілеп үміт күтіп отырған жалғыз ұлысыз. Әкеңіз алысқа барып оқуға рұқсат берді ме?
– Мен техникумды аяқтаған жылы: «Кімде-кім техникумды үздік бітірсе, өзінің негізгі пәнінен жоғары оқу орнына емтихан тапсырып, бес алса, оқуға түседі» деген ереже шықты. Ішкі ойымда «оқысам» деген арманым бар. Содан елде жұмыс істеп жүріп, емтиханға дайындалдым. Әсіресе, негізгі пән ретіндегі химия кітабын жастығымның астынан алған жоқпын. Сөйтіп жүргенде жоғары оқу орнына құжат тапсыратын мезгіл де жақындады. Ол кезде Мәскеу түгілі, Алматыға барып оқу – арман. Қазір екінің бірі Мәскеу емес, Лондонға барып білім алады. Біздің кезімізде шет мемлекет асу жоқ. Шетеліміз – Ресей. Ілеуде-біреулерден «Мәскеуге барып оқыды» дегенді естиміз. Менің де сол қалаға барып оқығым келді. Әкем соны байқады ма: «Балам, сен жақсы оқисың. Мәскеуге барып оқуды көздеп жүр екенсің. Талабыңды қайтармаймын. Маған қарайлама. Әлі бойымда қуатым бар. Өз келешегіңді ойла. Саған қарсылық білдірмеймін» деп жалғыз биесін 400 сомға сатып, сол ақшаны қалтама салып, батасын берді. Сол кезде әкем 71 жаста еді. Бүгінге дейін әкемнің соншалықты сұңғыла ақылдылығына таңғаламын. Кейін менің бір ұлым осындағы Қазақ заң университетін үздік бітіріп, Лондондағы университетке өз талабымен оқуға түсті. Содан оқу бітіргесін балама ауылға қайт десем, ол айтады: «Енді екі семестрлік оқитын оқуым қалды. Ағылшын құқығын меңгеруім керек. Оны аяқтамасам, мұнда оқығаным бекер» дейді. Мен ұрсып жатырмын: «ана жерде бес жыл, мына жерде үш жыл, оқуың жетеді, қашанғы оқи бересің» деп. Біруақта ойыма әкемнің маған айтқан сөзі сарт ете қалды. Жасы ұлғайған қарт кісі. Мен оқуға барам дегенде жалғыз жылқысын сатып, ақшасын берді. Ал мен сол уақытта Сайрам ауданының әкімімін. Елудің ішіндемін, қайратым қайтпаған. Жерге қарап отырған жоқпын, жағдайым жақсы, ендеше: «Балам оқимын деп жатса, неге қолынан қағуым керек» деп әкемнің айтқан ақылынан ғибрат алып, өзімді тоқтаттым.
– Содан Мәскеуге келдіңіз…
– Алып-ұшып, жүрегімді қолыма ұстап, Мәскеуге келдім. Алып шаһар. Құмырсқадай құжынаған халық. Бұрын мұндайды көрмегем. Жан-жағыма таңданып қараймын. Сонымен қаладағы Скрябин атындағы Ветеринария академиясының ветеринария факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Өңкей үздіктерді іріктеп, бөлек топқа бөліпті. Алфавит бойынша емтиханға кіргізді. Бірінші болып мен ендім. Қаздай тізіліп отырған комиссия мүшелері жан-жақтан сұрақтарды қарша жаудырды. Еш қысылған жоқпын, барлығына жауап бердім. Кетерімде бір профессор: «Сіз біздің академияға биыл бірінші қабылданып отыр­ған студентсіз, құтты болсын!» деп қолымды қысты. Сөйтіп, оқуға түстім. Әлі есімде, бірінші тамыз күні еді. Қыркүйекке дейін толық ай бар. Қабылдау комиссия­сының хатшысына келіп, емтихан тапсырған қағазымды көрсеткен едім, ол: «Сіз академияның бірінші курсына түстіңіз. 1 қыркүйекте өзіміз шақырып аламыз» деді. Елге келдім. Бәрі маған үрке қарайды. «Оқуға түстім» десем сенбейді. Ол кезде емтиханның қорытындысы 20 тамыздан кейін белгілі болатын. «Пәленшенің баласы құлап келіпті» деген жел сөз тарады. Оқуға түскенімді дәлелдейін десем, қолымда құжатым жоқ.
Енді бір қызықты айтайын. Әне-міне дегенше 1 қыркүйек те зымырап жетті. 10-ы болды. 15-ші қыркүйек келді. Академия­дан ешқандай қағаз жоқ. Күнде пошташыдан барып сұраймын, «ол келген жоқ» дейді. Расында, жұрт шынымен «бізді алдаған екен ғой» деп күле бастады. Содан ауданның поштасына барып, қыркүйектің басынан келген қағаздарды қопарып қарасам, маған келген хат бөлмедегі жәшіктің қуысында жатыр. Және конвертті біреу ашып, оқып көрген, онда: «Сіз 1-курсқа қабылдандыңыз, бірінші сентябрьде сағат тоғызда жол-жарағыңызды алып, жұмыс киімімен қала жанындағы шаруашылыққа картоп жинауға шақырамыз» деп жазылыпты. Хат 15-і күні қолыма тиді. Мен барғанша 20-шы қыркүйек болады. Соны пош­та бастығына барып айтсам, ат-тонын ала қашып, маңына жуытпайды. Амал жоқ, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына бардым. Қысқасы, сол кісі оқудан кешіккенге байланысты мәселені шешіп берді. Академияны да үздік оқыдым. Қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Болашақ жарым – Айманмен сонда таныстым. Маған ол шаһар жастығымның жалындаған күндерімен ыстық.
– Мәскеуде оқып жүргенде қазақ жастарының жетекшісі болған, жалынды жас, өмірден қыршын кеткен Ғани Мұратбаевтың бейітін іздеп тауыпсыз. Сол жайында айтасыз ба?
– Ғани Мұратбаевтың есімін бала күнімізден жаттап өстік. Өзіміз де сол кісіге ұқсағымыз келіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластық. Бұл оқиға 1967 жылы Ұлы Октябрь Революциясының 50 жылдығы қарсаңында болды. 1925 жылы 24 жасында Ғанидің Мәскеуде қайтыс болғанын білеміз. Қазақ жастары бірігіп, соны іздеп табайық дедік. Оның Ваганьковская зиратында жерленген деген деректі анықтадық. Кезінде Ғанимен комсомолда бірге істеген Филимонов деген кісі бар екен, содан барып сұрадық. Ол айтты: «Менің есімде, Ваганьковская зиратында, академик Тимирязевтің жанында жерленген. Бір жағында Памфилов деген профессор жатыр» деді. Ол қорым қаланың ортасында. Бардық. Бұрынғы жерленген адамдардың тізімдері жазылған журналдарды ақтарып, нақты мәліметті тауып алдық. Расында, манағы ақсақалдың айтқанымен дәл келді. Енді академик Тимирязев пен ғалым Памфиловтың бейітінің қасына келсек, ештеңе байқалмайды. Екі тұлғаға еңселі ескерткіш орнатылған. Ғанидің басында ешқандай белгі жоқ, жер тегістеліп кеткен. Қырық екі жыл бойы елеусіз жатқан ғой. Содан әлгі жердің топырағын мұсылманша көтеріп, үйдік. 29 қазан комсомолдың туған күні, сол күні қазақ жастары Ғанидің зиратының басына жиналып, митинг өткіздік. Сол жылы Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке «Ғани Мұратбаевтың зираты табылды, соған ескерткіш орнатайық, егер мәселе шешілмесе, Мәскеудегі қазақ жастары қаржы жинап, белгі қояды» деген мағынада хат жаздық. Ол кісіден бізге жауап келді. «Рахмет, игілікті іс жасапсыздар, бұл мәселенің үкімет арқылы шешілетіні, Мәскеу қалалық атқару комитетінен рұқсат алу керектігін айтып, біз онымен айналысып жатырмыз» деп ризашылық білдіріпті. Ақыры, 1971жылы Ғани Мұратбаевтың басына ескерткіш қойылды.

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ ЕРЕН ОТЫРАР

– Қасиетті Отырарда өмірге келдіңіз. Өзіңіз туған жеріңіздің перзенті ретінде «кіндік кескен еліме ұлағатты іс істедім-ау» деп көңіліңіз толатын дүние бар ма?
– Мен туған жерімнен 1959 жылы бала болып кетіп, араға 44 жыл салып, облыстың басқа аудандарында жауапты қызмет істеп, 59 жастағы жігіт ағасы атанған шағымда, яғни, 2003 жылы Отырарға әкім болып оралдым. Дәлірек айтқанда, сол кездегі туған елімнің жағдайы басқа аудандармен салыстыр­ғанда нашар екен. Жер тозып, тұзы шығып кеткен. Көп мекендер буы ұшқан сорға айналған. Не істеу керек? Алдымен инженерлік желілерді жөндеуге баса мән бердім. 56 шақырымға созылған коллектор бар, соны ретке келтірдік. Аудан орталығындағы және егістік арасындағы арықтарды тазаладық. Каналдардың жағасын бетонмен қаптауды қолға алдық. Жаңа 12 тік дренаж орнатылды. Нәтижесінде, ыза сулар азайып, тұздану процесі тоқтап, ағаштар егіліп, өсе бастады. Аудан орталығында алаң толығымен қайта жөнделіп, ортасында әл-Фараби бабамыздың ескерткіші қойылған Отырар даңқты бабалар кешені ашылды. Онда «Даңқты бабалар саяжолы», «Отырар қорғанысы», «Отырар өркениетін бейнелейтін жеті баған», Отырар кітапханасының символы іспеттес «Киелі кітап», Отырар қаласының орны «Отырар төбе», өскелең ұрпақ символы «Киелі ағаш» композициялары қойылды. Аудан орталығы мен ауылдар абаттана түсті. Жас дарындардың көзін ашу үшін жыл сайын Отырар таланттары халық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Кейін депутат болып жүргенде арнайы бір миллиард теңге қаржы бөлгізіп, аудан орталығы Шәуілдір ауылы арқылы, Арыстан бабқа, Түркістанға баратын республикалық деңгейдегі жолды, бүгінгі талаппен екі жақты етіп салдыруға күш салдым. Қазір аудан орталығы әжептәуір қалаға ұқсап қалды. Менен кейін әкімдер де сол істі әрі қарай іліп әкетті.
– Ал көне қаланың бүгінгі келбеті туралы не айтасыз?
– Ол – бір жатқан үлкен ескерткіш. Оны қалай болса солай қаза беруге болмайды. Біздің әлі күнге дейін археологиялық мәдениетіміз қалыптаспаған. Күні кешеге дейін археологтар қаланы келіп қазады, ол топырақ күзде жаңбырмен, қыста қармен иленіп, берекесі кетеді. Келесі жылы оны тағы қазады. Сөйтіп, өзіміз қолда бар құндылықтарды құртып жатырмыз. Қазғаннан кейін оны жауын-шашынның әсері тимейтіндей төбесі жабылу керек, консервация жасалу керек.
Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мақсатында, Республика Үкіметі арнайы «Көне Отырардың қайта өрлеуі» деген 2004-2009 жылдарға арналған қаулы қабылдады. Осы бағдарлама аясында біраз дүние істелді. Арыстан-баб кесенесі жөнделді, Отырартөбеде археологиялық жұмыстар жанданып, дами түсті. «Отырар» мемлекеттік археологиялық-қорық музейі» толық қайта жөндеуден өтті. Тамыры терең, тарихы ерен Отырардың келешегі әлі алда деп ойлаймын.

ӘЛЕМДЕ ӨЗ АНА ТІЛІН СЫЙЛАМАЙТЫН ЖАЛҒЫЗ ЕЛМІЗ

– 1990 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайландыңыз. Ол бір жария­лықтың желі оңынан соғып, демократияның дәуірлей бастаған кезеңі ғой…
– Саналы ғұмырымда 52 жыл аянбай халқыма жұмыс істеппін. Соның 47 жылын басшылық қыз­метке арнадым. 33 жыл депутат болыппын. 17 жыл облыстық халық депутаттары кеңесінің, 12 жыл Парламент Сенатының депутаты болдым. 4 жыл, сен айтып отырған 1990 жылы XII шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаттылығына баламалы түрде Арыс ауданынан сайландым. Осы депутаттық корпустың жұмыс істеп, өмір сүрген уақытының өзі тарихи кезең еді.
– Сол тарихи сәтке кішкене тоқталасыз ба?
– Дәл осы кезде қоғамда кілт бұрылыстар, күрделі оқиғалар өрбіді. Алғаш рет Жоғарғы Кеңес одақ құрамындағы Қазақстанның егемендігі туралы декларациясын қабылдады. Содан соң араға бір жыл, екі айға жетпес уақыт салып, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдау да осы Жоғарғы Кеңестің еншісіне тиді. 1993 жылы Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Президент институты енгізілді, Қазақстан Республикасының Президенті де алғаш рет осында сайланды, бүкілхалықтық Президентті сайлау туралы заң қабылданды. Қазақстанның мемлекеттік атрибуттары заңнамамен бекітілді. Қысқасы, XII шақырылған депутаттар құрамы мықтылардан жиналды.
Алғаш баламалы түрде сайланғандықтан ба, шығармашылық одақтар өз өкілдерін көбірек ұсынды. Атақты ғалымдар, жазушылар, суретшілер, композиторлар жиылған құрам болды. Тәуелсіздік туралы қаншама айтыс-тартыс өрбіді. Егемендік туралы декларация, Тәуелсіздік туралы заң қабылдағанда, мінбеге небір адамдар шығып, қарсы пікірлерін білдірді. Кейбір өзге ұлт ағайындары: «Біз неге тәуелсіздік алуымыз керек, кімнен тәуелсіздік аламыз. Қазір кеңес империясынан құтылып отырмыз, енді қазақ империясының қарамағында қаламыз ба, қарамайсыздар ма, мына елдің жартысы қандай жұрт, орыс халқы қазақ империясының құрамында бола ма?» деген сөздер айтылды. Конституцияның бабында қазақ мемлекеті немесе қазақ деген сөз шықса, өре түрегелетіндер бар еді. Мысалы, күн тәртібін бекіту үшін, кем дегенде 50-60 депутат шығып сөйлейтін. Кейбір күндері 90 депутатқа дейін шығып сөйлеген кез болды. Жоғарғы Кеңестің жарты күні күн тәртібін бекітумен өтетін. Соншалықты белсенділік. Бірақ соның бәрінің экономикаға кері әсері тиіп жатты. Инфляция үш жарым мың пайызға кетіп қалды. Қазір он пайыз болса, желпініп шыға келеміз. Бүгін алған ақша ертең сабанға айналып жатты. Реформаларды жылдамдататын заңдардың қажеттілігі туды. XII шақырылған Жоғарғы Кеңес үш жарым жыл ішінде елге керек 265 заң қабылдады.
– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің және Парламент Сенатының он алты жыл депутаты болдым дедіңіз. Өзіңіз халыққа жақын қандай мәселелерді көтердіңіз?
– Тіл, демография, шекара және ауылшаруашылық саласына қатысты көптеген мәселелерді көтердім. Әсіресе, ана тіліміз туралы көбірек мінберге шықтым. Әрине, бүгінгі уақытты егемендіктің елең-алаңындағы сәтпен салыстыруға болмайды. Көп тірліктер атқарылды. Дегенмен, қазақтың тілі әлі толық өз құқығына ие болған жоқ. Үкімет, Парламент орысша сөйлейді. Осы дұрыс па? Оған кінәлі – өзіміз. Бізде намыс жоқ. Мысалы, Жапониядан, Америкадан, сол секілді тағы басқа шетелден келген азаматтар бір-екі жылдың айналасында біздің тілді үйреніп алады. Кейде солармен сөйлесе қалсаңыз: «Неге сіздер өз ана тілдеріңізде сөйлемейсіздер?» деп қарсы сұрайды. Ұяттан жерге кіріп кете жаздайсыз. Әлемде өзінің мемлекеттік тілін сыйламайтын, өздері ол тілде сөйлемейтін бір-ақ ел бар, ол – Қазақстан. Тіл білген жақсы. Оған қарсылығым жоқ. Орыс тілінде де сөйлеген дұрыс. Қайта біздің республикада қазақшаға қарағанда, орыс тіліне құрмет әлдеқайда жоғары. Кез келген қазақ орысша жетік сөйлейді, ал кез келген қазақстандық қазақ тілін олай білмейді. Қазақстандықтардың кейбір қазақтары өз ана тілінен мақұрым. Кейде солардан «неге қазақша сөйлемейсің?» десем, «орысша оқыдым» дейді. Қызық. Қазақстанда тұрады, тілдік орта бар, қазақтың наны мен суын ішеді, ауасын жұтады, қызмет істеп, отбасын асырайды, сөйте тұрып, қазақ тілін білмейді, білгісі келмейді, сыйламайды. Адамдық қылыққа жараспайтын ұят әдет. Осы мәселеге тереңірек көңіл бөліп, тез арада жою қажет.
– Қазіргі қоғамдағы жүрегіңізді ауыртатын келеңсіз жағдай бар ма?
– Менің жанымды бүретін мәселе: ол – қоғамның жіктелуі мен сыбайлас жемқорлық. Бүгінде бай мен кедейдің арасы алшақтанып барады. Өркениетті, өз өрісін тапқан дұрыс қоғамда оның арасы алшақтамау қажет. Орта тап күшейеді. Елбасы осы жайында жиі айтады. Неге шағын орта бизнесті дамыту керек дейді? Ол дамыса, жағдайы төмен азаматтар жеке кәсіпкерлікке ұмтылып, кәсіп ашып, мына жақтағы дәулеттілер соған өздерінің табыстарын салық арқылы ма, әлде басқа жолмен бе, бөлісіп, орта тапты жетілдірсе, мемлекетіміз тұрақты болады. Орта таптың өкілдері ешқашан мемлекетке қарсы болмайды, өйт­кені әркім өз меншігін қорғап, өзі үшін жұмыс істейді, біреуді қызметке алып, нәпақа тауып береді, артылғанын мұқтаж жанға береді, уақытымен салықты төлейді. Сондықтан шағын және орта бизнеске ерекше мән берген жөн. Сыбайлас жемқорлықпен күресті үдете түскен жөн.
– Жетпістің жотасына шықтыңыз. Артыңызда ұзақ ғұмырдың белесі жатыр. Осы өмірден не түйдіңіз?
– Жетпіс деген оңай жас емес. Өмірдің қызығын да, шыжығын да бір кісідей көрдік. Содан алған тәжірибемізді енді елдің бірлігі мен жас ұрпақтың тәрбиесіне жұмсауымыз қажет деп ойлаймын. Жақсы сөз айтып, ізгі тілек тілеп, жұртқа үлгі болып жүруді ұнатамын. Әркім алдына мақсат қоя білген дұрыс. Ол мақсат қол жететіндей, орындалатын іс болғаны жөн. Соған жету жолында күн демей, түн демей еңбек ету керек. Сонда ғана адам мақсатына қол жеткізеді. Әйтпесе, күйкі тірліктің ағымымен жүре бересің. Жастар – еліміздің келешегі. Солардың өмірі жарқын болса екен деймін. Сонда біздің көңіліміз тоқ, жүрегіміз тыныш. Бастысы, елдің бірлігі бекем болсын!
– Аға, өнегелі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

The post БАЙ МЕН КЕДЕЙДІҢ АРАСЫ АЛШАҚТАП БАРАДЫ appeared first on Астана Ақшамы.

«ӨРМЕКШІ АДАМДАР»

$
0
0

Кез келген адамды әдемілігімен баурап алатын әсем Астана ғажайып сәулетімен, зәулім ғимараттарымен ерекше. Алайда бас қаланың, әсіресе, күнге шағылысатын биік шыны ғимараттары қалайша әдемі әрі мұнтаздай таза болып тұруы мүмкін? Біле білсеңіз, ол үшін өндірістік альпинист мамандары тынбай еңбек етеді.

ӨНДІРІСТІК АЛЬПИНИЗМ АҚШ-ТА ПАЙДА БОЛҒАН

Биік ғимараттардың қабырғасында арқанмен салбырап тұрған адамдарды байқап жүрген боларсыз. Иә, олар – өндірістік альпинистер. Оларды былайғы жұрт «өрмекші адам» деп те атайды. Көпшілік талайдан бері хабардар болғанымен, бұл кәсіби мамандық кейбіреу үшін әлі де таңсық сыңайлы.
Өндірістік альпинизм өткен ғасырдың 30-жылдарында АҚШ-тағы зәулім ғимараттар мен электр стансаларының құрылысы салынып жатқан уақытта пайда болған деседі. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, аталмыш мамандық Кеңес Одағына 1941-45 жылдардағы соғыс кезінде жеткен. Ленинградты фашистерден азат ету кезінде альпинис­тер бригадасының құрамында болған Кеңес Одағының батыры Михаил Вобров арқанмен өрмелеп, өндірістік альпинизмнің қыр-сырын меңгерген деген дерек бар. Алайда тек 1980 жылдардан бері ғана әлем елдері қауырт қолдана бастаған аталмыш кәсіби мамандықтың Қазақстанға нақты қай жылы келгені белгісіз. Дегенмен кейбір деректерге сүйенсек, 2000 жылдары ТМД елдерінің ешқайсысында, тіпті Ресейде де кәсіби альпинистерді оқытатын курстар болмаған-ды. Көп қабатты, шыны ғимараттардың көптеп салынуына байланысты 2008 жылы Қазақстанда арнайы оқыту орындары ашыла бастапты. Ал Астанадағы өндірістік альпинистерді да­йындайтын «ПромАльп» ЖШС-тің оқыту курстары 2010 жылы ашылған. Бұл мекеменің техникалық директоры Арман Хасеновтің айтуынша, «ПромАльп» ЖШС – курс өткізетін Астанадағы жалғыз кәсіпорын.


– 2010 жылдан бері 100-ден астам альпинистерді оқытып шығардық. Курс ақысы – қазіргі уақытта 120 мың теңге. Ал Астанада альпинистерді да­йындайтын біз ғана болғанымен, тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 2-3 ірі компания бар. Одан бөлек, ірілі-ұсақты бригадалар өте көп, – деген Арман Хасенов «ПромАльп» ЖШС еліміздегі бірқатар ұйымдармен, құрылыс компанияларымен, мемлекеттік мекемелермен, соның ішінде ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін айтады.

ҚАЛТ КЕТСЕҢ, ҚАТЕРГЕ ІЛІГЕСІҢ

«ПромАльп» ЖШС-тің арнайы курсын аяқтаған жүзден астам түлектерінің бірі – Қайратбек Тұрғанжанов. Қазіргі таңда «Хайвил сервис» ЖШС сервистік компаниясында альпинист болып еңбек етіп жүрген Қайратбекпен кәсіби мамандығы жайлы сұхбат құрған болатынбыз.
– Курсты 2012 жылы оқығанмын. 5 жылдан бері осы кәсіппен нәпақамды тауып жүрген жа­йым бар. Бұл кәсіби мамандық бойынша біраз жыл тек тапсырыспен ғана жұмыс істедім. Өйткені негізгі жұмысым – жаттықтырушылық. Ал сервистік компания­да тұрақты түрде жұмыс істеп жүргеніме көп болған жоқ, – деген ол осы кәсіби мамандыққа қалай келгеніне тоқталды. – Өндірістік альпинист болуды ерте жастан армандадым деп айта алмаймын. Әрине, бұл кәсіби мамандыққа кез келген адамның бара бермейтіні рас. Бірақ мұны мен өзім үшін аса бір жетістік деп те есептемеймін. Бұл бар болғаны қызығушылық. Бала кезімнен спортпен әуестеніп, күреспен айналысқандықтан болар, арқанмен өрмелеу – мен үшін кезекті жаттығулардың бірі сияқты. Тек биікте арқанға ілініп жүріп жұмыс істеуге кез келген жанның жүрегі дауаламайтынын білген соң қызықтым.
Өндірістік альпинист үшін ең негізгі жабдық – тақымға киілетін бекіткіш (обвязка). Содан соң статикалық жіп, яғни арқан. Одан кейін түсетін құрылғы (осы арқылы жіп өтеді), карабин (отыратын жабдық), ілгіштер, шыны қабырғаларға жабысатын құрал сияқты басқа да ұсақ-түйек жабдықтар жетіп артылады. Жалпы, бір өндірістік альпиниске қажетті құрылғылар жинағы біршама қаржыны құрайды екен. Ат құлағында ойнап өскен ауыл баласы үшін арқанмен өрмелеудің аса ауыр болмайтынын айтқан Қақа 5 жылдың ішінде қыр-сырын меңгерген күнделікті жұмыстары жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
– Алдымен арқанды ғимараттың шатырындағы қолайлы бір жерге мықтап байлау қажет. Негізі, альпинистерге арналған 1500-дей байлау түрі бар екен. Бірақ біз өте ыңғайлы болғандықтан, үнемі «булин» деп аталатын байлау түрін пайдаланамыз. Сол сияқты қазықбау шалуға да болады. Ең бастысы, жіп қаншалықты мықты байланса, арқан бойымен төмен түскенде өзіңе соншалықты сенімді боласың, – деген Қайратбек Құрманғазыұлы, – алпинистің қателік жасауға құқығы жоқ. Қалт кетсең, не денсаулығың, не өмірің қатерге тігіледі я болмаса жердегі адамдарға зияның тиюі мүмкін. Сондықтан әр сәт мұқият боламыз. Қатты жел болғанда, жаңбыр жауғанда жұмысқа шықпай, ауа райы болжамын бақылап жүреміз, – дейді.

БИІКТЕН БӘРІ БАСҚАША

Қазіргі уақытта Астананың сәнін келтіріп тұрған сәулетті ғимараттардың бірі, ЭКСПО-ның басты нысаны – «Нұр Әлем» шар тәріздес павильонының тұрғызылуына Қайраттың аз да болса өзіндік үлесі бар деуге болады. 8 қабатты алып шардың қаңқасын құрастыру кезінде ол осы нысанда альпинист болып жұмыс істепті. Сол сияқты Ақтау қаласы мен Астананың біршама нысандарында еңбек еткен кейіпкеріміз Сарыарқа велотрегінің төбесіндегі су ағарларды ауыстыру сияқты бірқатар жауапты жұмыстарды істеген. Жалпы, өрмекші адамдарға, яғни өндірістік альпинистерге артылатын жұмыс жетерлік. Мәселен, олар көп қабатты ғимараттардың құрылысы мен шыныларды жуу, керомаграниттерді ауыстыру, кей кездері лифтке сыймайтын жиһаздарды терезеден кіргізу секілді түрлі жұмыстарды атқарады. Сол сияқты жаңа жыл мерекесі кезінде терезеден Аяз атаны кіргізіп, балаларына тосын сый жасау үшін де ата-аналар өндірістік альпинис­тердің көмегіне жүгінеді.


– Өз басым Аяз ата болып көрген жоқпын. Алайда «ақылды үйлердің» тұрғындары кіру кодтарын ұмытып қалған кезде бірнеше рет арқанмен барып, терезеден ішке еніп, есіктерін ашып берген кездерім болды. Мен жұмыс істеген ең биік ғимарат 40 қабат болды. Әрине, биіктікті талғамаймын. Дегенмен жұмыр бас­ты пенде болғаннан кейін, бәрібір қорқыныштың болатыны рас. Бірақ арқаның мықты болып, өзіңе сенімді болсаң, қорқатын дәнеңесі де жоқ. Үнемі «біссіміләні» айтып, тәуекелге бел буып, арқан бойымен кете береміз, – деген өзгеше мамандық иесі, – төменге қарағанымда, жердегі көліктер сіріңкенің қорабына ұқсаса, адамдар кішкентай қыбырлаған жәндіктер сияқты болып көрінеді. Ал қаланың көркем ғимараттары мен әдемі бейнесін биіктіктен көру, әлбетте, басқаша. Алғашқы кезде тіптен қызықты еді. Қазір көз үйреніп қалғаннан ба, аса таңсық болмай кетті. Дей тұрғанмен жаздың күні жасыл желектің жайқалып тұрғанында қаланың төбесінен қараған қатты ұнайды, – дейді.
Қайратбектің ту­ған ағасы Қуанышбек Тұрғанжановтың да кәсіби альпинист екенін айта кету керек. Биылғы шілдедегі қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған ағайынды альпинистер тапсырыс түскен соң 40 қабатты үйдің терезелерін жуыпты. Аптап ыстықта 19 сағат тамшы суға зар болып, шөл қысса да, аузы берік альпинистер арқаннан әсте түспеген. Жанкешті жандардың отбасына амандық, еңбектеріне жеміс тілей отырып, лайым биіктен көріне берсін дейміз.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

The post «ӨРМЕКШІ АДАМДАР» appeared first on Астана Ақшамы.

Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫ, дипломат: Тәуелсіздік самарқаулықты кешірмейді

$
0
0

Кейіпкеріміз – Сайлау Батырша-ұлы ғұмырының елу жылын мемлекеттік қызметке, оның ішінде асқан ұстамдылық пен шешімталдықты қажет ететін дипломатия саласына арнаған тұлға. Адамға мінез – болмыстан. Кеңес Одағының салтанат құрып тұрған кезінде аты-жөніне «-ов», «-ев» орысша қоcымшасын алмай, Момыш­ұлы салған дәстүрмен «ұлы» деп жазды. Мұның өзі – ерлік. Ал тәуелсіздіктің елең-алаңында Сырт­қы істер министрінің орынбасары, министрдің міндетін атқарушы ретінде әне-міне дербестікке қол жеткізгелі тұрған Қазақстанның алпауыт мемлекеттер – Америка, Қытай, Түркия, Араб елдерімен байланыс орнатуына елеулі еңбек сіңірді.
«Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты сұхбат кітабында ағамыз осынау қилы кезеңнің естелігін әсерлі жеткізеді. Ел мүддесіне келгенде тайсақтауды білмейтін Сайлау Батырша-ұлы жетпістің бесеуіне шықса да, әлі күнге Сыртқы істер министрінің бір мүйісінде кейінгі буын дипломаттарға бағдар беріп,
Еуразия ұлттық университетінде профессор болып жүр. Кабинетіне кіріп барғанда, сөре толы пәпкелердің сыртындағы жазуға көзіміз түсті. Болашақ кітапқа енетін тақырып­тардың картотекасы екен. Одан жоғары, қабырғада қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлұлының портреті ілулі тұр. Әңгімеміздің реті де осылай басталды.

Тілімізді тойда тост айтатын деңгейге түсірмейік
– Кітабыңызда қайраткер, дипломат Нәзір Төреқұлұлының 1926 жылғы Бакуде өткен түркітанушылардың Бүкілодақтық құрылтайында сөйлеген сөзінде қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен әзербайжанға ортақ латын негізіндегі жаңа түркі әліпбиін жасауды қолдағаны жөнінде дерек келтіресіз. Қазақстанда латын әрпі оншақты жыл қолданыста болды да, кейін Кеңес өкіметі кириллицаға көшіріп жіберді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына қол қойды. Қалай ойлайсыз, латынға көшкеннен кейін қазақ түркі дүниесімен жақындай түсе ме? Жалпы, латын қарпі тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, ғы­лым мен білімнің тілі болатынына сенесіз бе?
– Орыс әрпінен шығып, латын әліпбиіне көшу – деколонизация үдерісіндегі батыл қадам. Нәзір Төреқұлұлы өзі арабтанушы болса да, араб графикасының заман талабына сай келмейтінін біліп, жаңа әліпбиге қолдау білдірді. Алайда, түркі халықтарына ортақ латын жазуы ұзаққа бармағанын білесіздер. Н.С.Хрущев билікке келместен бұрын одақтас республикалардағы орыс мектептерінде жергілікті халықтың тілі оқытылушы еді. Хрущев келді де: «Орыс тілін қаншалықты тез үйренсек, коммунизмге соншалықты тез жетеміз» деген жалған ұранмен жаппай орыстандыру науқанын бастады. 1965-1967 жылдар аралығында Алматыдағы жалғыз №12 қазақ мектеп жабылды. Сол уақыттағы республика басшысы осындай қиянатқа қалай жол бергенін осы күнге дейін түсіну қиын. Он бес республиканың ішінде біз ғана ел астанасында ана тілінде оқытатын мектепті жауып тастадық. Осының кесірінен өз тіліне шорқақ, мемлекеттік тілді менсінбейтін, ұлттық ұстынынан ажырап қалған бүтіндей бір ұрпақ өсіп шықты.
Ал латын қарпіне көшу осы қиянаты өткен орыс әлемімен, орыс тілімен жымдасып кеткен саясаттан ажыратады. Қарап отырсаңыз, Кеңес Одағы күйреп, тәуелсіздікке қол жеткізген сәтте әзербайжан, өзбек, түрікмендер көп ұзамай әліпбилерін латынға ауыстырып алды. Ондай ниет бізде де болды, ауық-ауық көтерілген де. Бірақ түрлі желеумен кейінге ысырып келдік. 2012 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев
«Қазақстан – 2050» Стратегиясында қазақ әліпбиін кириллицадан латын әрпіне көшіру керек екенін айтты. Қазір әлем қазақтары үш түрлі әліпби қолданамыз: Түркия мен Еуропадағылар – латынша, Қытай, Ауғанс­тан тарабындағылар араб графикасына негізделген төте жазумен, ал біз және Моңғолия қазақтары кириллицамен жазамыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ұлтты біріктіруші, тарыдай шашылған қазақты бір идеяға ұйыстырушы, түркі дүниесімен табыстыратын үлкен фактор деп білейік. Рас, қабылданған алфавит нұсқасына қатысты орынды-орынсыз пікірлер айтылып жатыр. Бірақ мұның бәрі – техникалық мәселе. Жүре түзеледі. Мені қинайтыны басқа жәйт. Кезінде Кеңес Одағы қазақ тіліне жасаған қиянатын қазір дербес ел бола тұра, өз қолы­мызбен
қайталап істеп отырған сияқтымыз. Бұрын айтысып-тартысып жүріп орыс мектептерінде мемлекеттік тілді оқыту аптасына бес сағатқа ұзартылған еді. Кейінгі жылдары Білім және ғылым министрлігі оның орнын ағылшын тілі және басқа қажеті жоқ пәндермен алмастырып, үш сағатқа кемітіп тастады.
– Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың келуімен үдеген өзгерістерді меңзеп отырсыз ғой….
– Иә, министр жасап отырған өзгеріс – реформа емес, төңкеріс. Сағадиев жеделдетіп енгізуге соншалықты құлшынып отырған үш тілді мектеп моделі дамыған елдерде, тіпті ТМД аумағында жоқ. Оның айтуынша, жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылса, дамыған елдердің деңгейіне бір-ақ шығады екенбіз. Айналайын-ау, Ұлыбританияның колониясы болған Нигерия, Гана, Зимбабве, Эфиопия, Пәкістан, Бангладеш, Шри-Ланка және басқа отарланған елдерде ағылшын тілін жаппай оқытты. Неліктен солар қарыштап дамып кетпеді? Олардың халқы шетінен білімдар, ғалым, жоғары санатты маман боп кеткен жоқ. Сол баяғы мешеу қалпында қалды. Біразы күн көру үшін бұрынғы отаршыл елдерде қара жұмыс жасап жүр. Үндістанның ұлт көсемі Махатма Ганди халқының ағылшын тіліне толық көшуін құптай қоймаған кезінде. Өйткені кез келген халық өз ана тілінде білім алып-ақ еңбек ете алады. Ағылшын тілі дипломаттарға, мемлекеттік қыз­меткерлерге, ғалымдарға, шетелмен жұмыс істейтін басқа да мамандарға ғана қажет. Елімізде 30-дан астам университет шет елмен қатынастарда ағылшын тілін білетін мамандарды дайындайды. Сондықтан өз ана тілін оқымаған алты жасар баланы шет тіліне мәжбүрлеп оқытудың қажеті жоқ. Кімде-кім «балам шет тілін білсін» десе, өз еркі. Оларға арнаулы мектептер баршылық. Ал ел ішінде қарапайым қоңыр тірлік кешіп жүрген ортаңқол маманға, қатардағы жұмысшы, малшы, құрылысшы, базарда отыр­ған сатушыға 12 жыл бойы шет тілін оқытудың қажеті шамалы.
– Қарапайым қазақ балалары ағылшын тілін үйренуіне қарсысыз ба, сонда?
– Сіз мені дұрыс түсінбей отырсыз. Айтпағым, 27 жылда Конс­титуциядағы «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген талапты орындамаған, онсыз да тілі алашұбар халыққа тағы да үшінші тілді тықпалау – қате. Біз балаларды үш тілде бірден оқытып дүмше қыламыз. Өзің ойлашы, математика, физика, химияны ана тілінде беретін мұғалім тапшы. Химия пәнінде «валенттіліктің» не екенін білмей өскен балаларды көрдік. Ал осы пәнді ағылшынша оқытатын соншама мұғалімді қайдан таппақпыз? «Жедел курстарда оқытып жатырмыз» деп көзбояушылық жасап жатыр. Апыр-ау, көзіміз көріп отыр, шетелде бес жыл тұрып келген мамандардың өзі толыққанды сауатты аудара алмайды, олар шет тілін білгенімен, пәнді білмейді. Ал бір тақырыпты ағылшын тілінде бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп беретін мұғалім, ауылда тұрмақ қалада да жоқтың қасы. Атам заманнан белгілі қағида, білімді, мамандықты қай тілді жақсы білсең, сол тілде алу керек. Ана тілінен бас тартып, шет тілінде білім, мамандық аламын дегенді мен түсінбеймін.
– Әрине, сөзіңіздің жаны бар. Менің қырықтың бесеуіне келіп қалған, орта мектепте ма­­те­матика, физикадан сабақ беретін апайым қазір жергілікті білім басқармасы ұйымдас­тырған жедел ағылшын тілі курсына барып жүр. Айтуынша, маңдытып оқытып жатқан жоқ. Әйтеуір қолдарына сертификат береді. Одан гөрі қолда барды ұқсатып, іріктеусіз-ақ кез келген ата-ана қаласа баласын бере алатын, ағылшын тіліндегі бірді-екілі мектеп ашса да жеткілікті емес пе?
– Бізде ағылшын тілінде оқы­тудың жүйесі қалыптасып қалды. Айталық, Назарбаев зият­керлік мектептері, Білім-инновациялық лицейлер (бұрынғы қазақ-түрік лицей – ред.), Назарбаев университеті, Қазақ – Британ университеті, КИМЭП, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, ұлттық һәм мемлекеттік университеттердегі халықаралық қатынастар факультеті мен шет тілдер кафедралары жеткілікті. Оның үстіне осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасы бо­йынша қаншама жас шетелдің оқу орындарын тәмамдап келді. Яғни, тіл үйренгісі келетіндерге барлық жағдай жасалған. Осылардың бәріне жұмыс тауып берейікші әуелі. «Жібекті түте алмай жүн қылып отырмыз», ал барлық орта мектептерде жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытамыз деу – қазақ тілін білім, ғылым тілінен алшақтату, кемсіту, ән айту мен тойда тост сөйлеу деңгейіне дейін жеткізу. Бұрыннан белгілі, әлемде жыл сайын қаншама тілдің жоғалып жатқаны. Бұл бағытпен кете берсе, ғылымның, технологияның тілі болудан қалса, қазақ тілі де сол тұрмыстық «өлі» тілдердің кебін кимейтініне кім кепіл? Астана қаласы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы ретінде талай орыс мектептерін араладым. Көпшілігі – өзіміздің
қаракөздер. Жеке отбасы жағ­дайы туралы қазақша қойылған қарапайым сұраққа жауап бере алмайды. Ал біз керісінше туған тіл есебінен шет тілдің беделін арттырғымыз келеді. Оқу, білім, мәдениет саласы революциялық жолмен дамуға көнбейді. Оған дәлел – Кеңес Одағындағы, кейін Қытайда қайталанған «мәдени төңкеріс». Ақыры интеллигенция, мәдениет, ғылым қайраткерлерінің өмірін жалмап, халықты қасіретке ұшыратты. Жаһандану заманында ағылшын тілі керек. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ оны науқаншылдыққа айналдырып, барлығын бірдей сайратып шығарамын деу – асырасілтеушілік. Жалғыз бір тілге жабысып қалмай, ағылшыннан басқа француз, неміс, испан, қытай, жапон, араб, корей тілдерін де үйрету керек. Осы айтылған тілдерде де әлемде озық білім, ғылым, заманауи технология дамып жатыр.

Дипломатияда құжат қазақша болсын

– Тіл тағдырына келгенде тартынып қалмайсыз. Осы орайда есімізге Марат Тәжин
сыртқы істер министрі боп тұрған кезде шетел елшіліктермен құжат айналымы қазақша жүргені есімізге түсіп отыр… Соны айтып берсеңіз.
– Иә, 2011 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун өзіне орынбасар қылып, Женевадағы бөліміне бас директор болуға шақырғанда, орнын білікті кадр Марат Тәжин алмастырды. Ол кезде мен Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі едім. Марат Мұханбетқазыұлының кейбір жиындарда орысша сөйлегенін көріп жүрдік. Ол басшы боп таға­йындалды дегенде «министрліктегі қазақ тілі тағы кері кете ме екен» деп ойладым. Сыртқы істер ведомствосына жетекшілік еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы мектеп пен университетті орысша тәмамдап, ұзақ жыл сыртта жүргеніне қарамастан, жоғары лауа­зымды қызметке келгенде ана тілін тез үйреніп алған табанды жан. Қазақ тіліне шорқақтығына түрлі сылтау айтатын намыссыз шенеуніктерге осы кісіні үлгі тұтар едім. Марат Тәжин де мен күткен үміттің үдесінен шыға білді. Келген бетте қазақша сөйлеп, баяндамаларының денін қазақ тілінде жасады. Осыған орай, министрге Астанадағы елшіліктерге нотаны қазақша жазсақ деген ұсыныс білдірдім. Бұл ойымды құптады. Елшіліктерге нотаны қазақша жібере бастадық.

Мемлекеттік мүдденің ұсақ-түйегі болмайды

– Енді әңгіме ауанын сырт­қы саясаттағы көзге көрінбей­тін жеңістерге бұрайық. Кіта­бы-
­ңыз­дың мазмұнынан аңғар­ғаным – Қазақстан СССР құрамынан шықпай тұрып-ақ, шетелдермен байланыс орнатуды бастап кетті. 1990 жылы Қазақ ССР Сыртқы істер министрінің орынбасары боп тағайындалған соң, еліміздің БҰҰ-ға мүше болу мүмкіндігі туралы ашық пікір білдіресіз. 1991 жылы қазан айында Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына КСРО делегациясының құрамында барған кезде, БҰҰ төрінен Қазақстанның тәуелсіздікке ұмтылысы туралы мәлімдеп, АҚШ Конгресі депутаты, Мемлекеттік департамент өкілімен кездесіп, бізді қолдауға үндейсіз. Дербес ел атану жолындағы «мылтықсыз майдан» қалай жүрді?
– Мен 1967 жылы Дипломатия академиясын бітіріп Франция, Алжир, Конго елдерінде дипломатиялық қызмет атқардым. 1990 жылы Кеңес Одағына тықыр таянып, жағдайдың аумалы-төкпелі боп отырғанын байқап-біліп жүрмін. Балтық жағалауы елдері 1940 жылға дейін дербес мемлекет болған, олар Молотов-Рибентроп пактісінің заңсыздығын алға тартып бірден бастарын арашалап алды. Басқа елдер де көп ұзамай мемлекеттік егемендіктерін жариялағалы отыр. Ал бізде жағдай күрделілеу еді. Өйткені өзге ұлт өкілдерінің саны басым, қазақтардың көбі ауылдық жерлерде тұрады, саяси күш боп бірігу қиын. Оның үстіне М. Горбачев Министрлер Кеңесінің Төрағасына Нұрсұлтан Әбішұлын ұсынып, Орта Азия республикаларының Одақтан шығып кетпеуіне алдын ала қам жасап отыр. Сол жылы
1 маусымда Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаевқа хат жазып, қабылдауын өтіндім. Ертесіне өзіне шақыртты. Әңгіме барысында «КСРО тарайды, сол жағдайда
тәуелсіздікке әзір болуымыз керек» дегенді айттым. Ол кісінің ойы да сол екен, ниетімді құптап әрі дипломаттық тәжірибемді ескеріп, Сыртқы істер министрі­нің жалғыз орынбасары қызме­тін ұсынды. Сөйтіп, 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларация жарияланғаннан
кейін тәуелсіздік үшін Мәскеумен күресу, Қазақстанның сыртқы
саясатын жүргізіп, әлем елде­рімен байланыс орнату дипломаттарға жүктелді.
– Сайлау аға, енді халықаралық тақырыпқа көшсек. Кейінгі жылдары елімізге Қытайдың экономикалық ықпалы күшейді. Бұған не дейсіз?
– Әрине, қытай-қазақ мемлекеттік, дипломатиялық қатынастар соңғы жылдары жоғары деңгейге шықты. Біздің елдер Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Азия­дағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше. Екі ел арасындағы сауда-
экономикалық байланыстардың белсенділігі артып келеді. Шетелдегі ең көп қазақ этносы – 2 миллионға жуық қандасымыз Қытайда тұрады. Сондықтан Шығыстағы көршімізбен тұрақты, достық қарым-қатынасты сақтау – біздің бірінші кезектегі мүдделеріміздің бірі. Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасына «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік дәлізін салу арқылы біз де үлесімізді қосып отырмыз. Ресейге, Еуропа және Азия елдеріне тасымалданатын транзиттік жүктің 20 пайызы Достық-Алашанькоу темір жол өткелі арқылы өтеді. Жалпы «Дос­тық» стансасының маңызы зор. 2020 жылға дейін станса арқылы жүк тасымалын 20 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл – жақсы нышан.
Қазақстан өз алдына дербес мемлекет болғалы, сыртқы экономикалық байланысты Қытайдан бастаған еді. 1990 жылы 12 қыркүйекте Қазақстан мен Қытай темір жолы ашылып, «Достық» стансасында тоғысқанда, салтанатты шараға Қазақстан делегациясын Премьер-министр Ұзақбай Қараманов бастап барды. Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұхамеджан Қаратаевтың кабинетінде Алматы темір жолының басшысы Нығмет Есенғаринмен айтысып қалғанымыз есімде. Ол «Достыққа» баратын арнайы пойызға КСРО туын іліп, Қытай Халық Республикасының гимнінен кейін КСРО-ның гимнін орындауды, алғашқы сөзді Мәскеуден келетін Жол қатынас­тары министрінің орынбасарына беруді ұсынды. Ал мен оған қарсы шығып, Қазақ КСР Конс­титуциясына сәйкес арнайы баратын по­йызға Қазақстанның мемлекеттік туы мен гербін ілуді, бірінші сөз делегацияны бастап баратын Ұзақбай Қарамановқа берілу керек екенін дәлелдедім. Халықаралық хаттамада мемлекеттік мүдденің ұсақ-түйегі бол­майды. Бұл қазақ-қытай ара­сындағы жоба болған соң, өз аты­мыздан әрекет етуіміз дұрыс болды. Ұзекең мемлекетшіл адам еді. Сол табандылығыма риза болды ма, жолшыбай бас штаб вагонында бір топ шенеунік, жур­налистердің көзінше «Міне, Момышұлынан кейінгі, нағыз қазақ Батырша-ұлы келе жатыр, ал басқаларың орыс фамилиясын алып, орыс болып кеткенсіңдер» деп салғаны есімде. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы қазақ-қытай қарым-қатынасы осылай өрбіген. Ал қазір Қытай біздің экономикамыз үшін ірі инвестиция көзі болып отыр.

Қазақстанның Таяу Шығыстағы ұстанымы

– Сұхбатымызды өзіңіз жағ­дайымен жете таныс Таяу Шы­ғыстағы мұсылман елдеріндегі ахуал туралы пікіріңізбен түйіндесек. Арабтанушысыз. Ташкент мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезде Дамаск университетінде бірінші қазақ болып оқуға бардыңыз. Одан бері де дипломатиялық қызметпен Израиль және Палестинада болып, екі ортаның жағдайын іштен бақылауға мүмкіндік болды. Қазақстан Сирия қақтығысына бейбіт келіссөздер жасауға өз алаңын ұсынып отыр. Жақында Астана процесінің 7-ші кездесуі өтті. Бұл Қазақстанның дипломатиядағы беделін білдіре ме?
– Жалпы, Қазақстанға саяси-экономикалық байланысты дамыту үшін таяу жатқан елдердің тыныштығы керек. Сондықтан, Сирия қақтығысын бейбіт жолмен шешу үшін өз алаңымызды ұсынуымыздың бір себебі – Таяу Шығыс елдеріндегі тыныштықты сақтау. Өйткені Каспийдің үс­тімен, немесе Тәжікстан, Түркіменстан, Иран, Түркия арқылы Сирияға санаулы сағатта жетуге болады. Тарихқа көз салсақ, Қазақстанның оңтүстік өңірі Дамаск халифатының қарамағында болған. Әбу Насыр әл-Фараби сияқты бабамыз Шамға барып оқып, ғылыммен айналысқанының себебі осы.
Мен өткен ғасырдың 60-шы жылдары Сирияға Ташкент мемлекеттік университетінің жолдамасымен оқуға аттанғанда, Әл-Фарабидің басына барып дұға оқыған бірінші қазақпын. Ол заманда Сирия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы дамыған, мәдениеті, білімі жоғары мемлекет еді. Бүгінгі азаматтық соғыс салдарынан қираған қалаларды, баудай қырылған адамдарды көріп жаным ашиды. Кейін шығыстанушы, дипломат інім Бақытты Батырша-ұлы Мысыр архитектурасындағы мамлюктер қолтаңбасы туралы кітап құрастырды. Ондағы архитектуралық нысандарды өзі суретке түсіріп, дерегін қазып, бір жүйеге түсірген еді. Алтын Орда мен Мысыр мамлюк елінің байланысын жандандырып, кітаптың алғысөзін Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жазды. Ол уақытта Мысыр мен Сирия бір мемлекет болған. Бейбарыс өмірінің соңғы жылдары Дамаскіге келіп мекендеген. Египеттің басшысы Мүбәрак, Сирия Президенті Башар Асад та Крест жорығы мен Шыңғысхан шапқыншылығынан аман сақтап қалған, қазақ топырағынан шыққан Бейбарыс Сұлтанға алғысын білдіріп, кесенесін реконструкциялауға Қазақстан үкіметіне ресми түрде рұқсат берген. Құрылыс біте келгенде соғыс өрті лап етіп, оның салтанатты ашылуы тоқтап қалды.
Жалпы, халықаралық имперализм мен сионизм бірігіп мұсылман әлемін алатайдай бүлдіріп жатқан сияқты әсер қалдырады. Тек Сирия емес, ислам әлеміндегі ірі қақтығыстар Палестина, Джамму мен Кашмир, Ирак, Ауғанстан, Әзербайжанның Таулы Қарабағы, Йеменде де оқтын-оқтын атыс-шабыс боп жатыр. Әлемдік реакциялық күштер қолдан жасаған «Ислам мемлекетін» құрамыз деп қаншама шетелдік мұсылмандар, қазақ азаматтары адасып жүр. Осының бәрі біздің де бұл мәселеге бей-жай қарай
алмайтынымызды білдіреді. Екінші жағынан, өзіңіз айтпақшы, Қазақстанның халықаралық аренада айтарлықтай беделі бар. Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүшелікте. Біздің бастамамызбен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құрылды. Жиыр­ма жылдан астам уақыт ішінде АӨСШК өңірлік қауіпсіздікті нығайтуда өз өміршеңдегі мен қажеттілігін дәлелдеді. Оған қоса, Қазақстан – Ислам ынтымақтас­тық ұйымына мүше. БҰҰ-дан кейінгі ең ірі халықаралық ұйыммен алғашқы қарым-қатынас 1991 жылдың қыркүйек айында басталған. Сенегалда, Дакар қаласында өткен Ұйымның саммитіне Президент Н. Назарбаевтың шешімімен Сыртқы істер министрінің міндетін атқарып жүргенде қатыстым.
– «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабыңызда ИЫҰ мүше елдердің бостандығын сақтап қалуға жәрдем береді, мұсылман елдері арасындағы жанжалдарды өзара бітімге шақырады депсіз. Бірақ, іс жүзінде, араб мемлекеттерінің өз арасында алауыздық бар…
– Өкінішке қарай, Ислам ынтымақтастық ұйымы мұсылман әлеміндегі тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға, өзара әріптестік орнатуға мардымды ықпал жасай алмай отыр. Себебі араб мемлекеттерінің арасында алауыздық туып, бір тобы АҚШ, Еуропаға сүйенсе, екіншісі – Ресей мен Ираннан жәрдем күтеді. Сол жағдайда оларға біз сияқты бейтарап жақтың көмегі қажет. Еуропаға барып келіссөз жүргізейін десе, олар Асад режиміне қарсы. Араб елдерінде мұндай жиналыс өткізейін десе, тағы да мүдделер қақтығыс орын алады. Сондықтан келіссөздерге бейтарап позициядағы біздің ел сай келіп тұр. Халықаралық қауымдастық тарапынан Астанадағы келіссөздердің нәтижесі жақсы бағаланып жатыр. Сириядағы азаматтық соғыс әскери күшпен шешілмейді, себебі алпауыт империялар бұл стратегиялық маңызы бар аймақты өздеріне бағындыруды көздейді. Таяу Шығыс проблемасы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы және де халықаралық қауымдас­тық күшімен ғана, барлық тарап келісімге келіп бейбіт жолмен шешілуі керек. Егер Сириядағы ахуал ретке келсе, бұл Орталық Азияның да, Қазақстанның да тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әділбек ЖАПАҚ

The post Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫ, дипломат: Тәуелсіздік самарқаулықты кешірмейді appeared first on Астана Ақшамы.

ЕЛ ЕЛОРДАСЫМЕН ЕҢСЕЛІ

$
0
0

Елбасының астананы Алматыдан Арқа төсіне көшіру туралы шешімі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы ұлы мақсаттардан туындаған көрегендік қадам болды. Көпшіліктің қолдауымен үндескен осы мұрат, мүдде отандық тарихтың жаңа парақтарын ашты, ұлттық идеяның ұйытқысына айналды. Сөйтіп, Сарыарқаның кіндігінде, ерке Есілдің жағасында әлем мойындаған әсем шаһар бой көтерді. Бүгінде осы экономикалық және саяси жетістіктер мен рухани, мәдени жаңғырулардың негізіне айналып отырған бас қаламызға жиырма жыл толғалы отыр. Астана қаласының жиырма жылдығын мерекелеу туралы Мемлекет басшысының өкімі де шықты. Осыған орай, біз мерейлі мереке қарсаңында кезінде Алматы және Сарыарқа аудандарының әкімі қызметін атқарып, елорданың қалыптасуына қал-қадірінше еңбек сіңірген, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапар АХМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.

– Сапар Қайратұлы, жи­ыр­ма жылдық мерейтойға қала қандай жетістіктермен жетіп отыр деп ойлайсыз?
– Астана – Елбасының ерен еңбегінің арқасында, ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажаптардың бірі. Менің ойымша, оның ең басты жетістігі – іс жүзінде астаналық мәртебеге ие болуы. Кез келген шетелдікке ұялмай көрсететін, әлемнің ірі қалаларымен иық теңестіре алатын дәрежеге жетуі. Екінші жетістік – ол мегаполис тұрғындарының өмір сүру деңгейінің өсуі. Осыған сәйкес адами капиталдың дамуы, астаналық тұрғын мәртебесіне сай көзқарастың, менталитеттің қалыптасуы.
Тағы бір айта кетерлігі, қаланың символы іспетті «Бәйтерек» кешенінің, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы мен океанариум орналасқан «Думанның», «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Орталық Азияда теңдесі жоқ «Әзірет Сұлтан» мешітінің, «Қазақстан» орталық концерт залы, 30 мың көрерменге арналған «Астана-­Арена» жабық стадионы мен 10 мың орындық «Сарыарқа» велотрегінің, көздің жауын алатын әсем қонақүйлер мен мәдени орындардың, сәулет өнерінің үздік үлгісіндегі басқа да ғимараттардың бой түзеуі елорданың экономикалық тұрғыдан да ірі мегаполис болып қалыптасқанын айқын дәлелдеп тұр.
Ең негізгісі – астанада орта және шағын бизнес жақсы дамуда. Кезінде Елбасы: «Осы саланың ел экономикасындағы үлесі елу пайыздан кем болмасын» десе, біздің қалада ол алпыс пайыздан асып кетті. Бұл жерде, әсіресе, туризм, халыққа қызмет көрсету кеңінен өркендеуде. Мұның мәні орасан. Өйткені елордамыз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ-ның саммиті, қысқы Азия ойындары мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі сияқты маңызды іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды.
Жылдан-жылға қала тұр­­ғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары көтеріліп келеді. Жыл сайын бір миллионнан аса шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Әсіресе, инженерлік инфрақұрылымның заман талабына сай жабдықталуы – үлкен жетістік. Бұл – осы елорданың қалыптасуына жан аямай тер төккен азаматтардың қанқиярлық еңбегінің арқасы. Астана әкімдігінде қандай білікті азаматтар жұмыс істеді! Әлі де еңбек етіп жатыр. Жиырма жылдыққа біз осындай оң үрдістермен келіп отырмыз.
– Елордаға жастар көптеп келуде. Шаһарымыз оларды несімен баурайды?
– Менің ойымша, аз ғана жылда көрген жанды сүйсіндіретіндей бас қаламыздың көркеюі кез келген адамның бойында айрықша мақтанышты, астаналық рухты қалыптастырды. Әуежайдан немесе вокзалдан түскен бойда жүрегі «елім» деп соққан әр жанның кеудесіне айрықша жылылық сезімі ұялайтыны сондықтан. Тарих үшін қас қағым сәтте заман көшінің алдыңғы легінен көрінердей айшықты шаһар тұрғызу оңай шаруа емес. Бұл абыройлы іс астаналықтардың қолынан келді. Әр қиырдан келетін сарапшыларды да, саясаткерлерді де тартатын бір ерекшелік осы болса керек. Бұл туралы Елбасы да «…Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз, астаналықтар, өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда» деп толғанғаны бар.
Жастардың өз өмірлерін Астанамен байланыстыруы – заңдылық. Шаһар жастар үшін, ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мен асқақ армандардың, биік мақсаттың алтын кілті дер едім. Оқу үшін, кәсіпкерлікпен айналысу үшін елорда – жігіттер мен қыздарға ең қолайлы қала. Болашағын осы қаламен байланыстырған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады: бірі – ғылым-білімге деген құлшыныс, келесісі – жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Осы бәсекелестік орта жастардың алдынан жарқын болашақ ашады.

Жастардың өз өмірлерін Астанамен байланыстыруы – заңдылық. Шаһар жастар үшін, ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мен асқақ армандардың, биік мақсаттың алтын кілті дер едім

 


Осы жолда табысқа жетіп жатқандары да баршылық. Қалада 1 миллион халық тұрады десек, соның 200-250 мыңы жастар екен. Қазір білімді де, ғылым мен техниканы да игеріп, инновация­лық жобаларды да жүзеге асырып жатқан – осы жастар. Олар сол білімге және нақты істерге құлшыныстарымен бас қаламыздың мерейін асырып жүр.
– «Астана – Еуропаның мәдениетін, Шығыстың руханиятын бойына сіңірген қала» деген пікір айтылады. Бұған не айтасыз?
– Бұлай айтылуы – заңдылық. Мен жоғарыда айттым, аз ғана уақытта Елбасының басшылығымен еліміздің қарқынды жылдамдықпен дамуы, осы бағытта дұрыс та берік ұстанған сара саясат, білімді, мәдениетті, экономиканы ілгерілету дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей көршілес елдердің қызығушылығын туғызды. Біз мыңдаған жылдар бойы Шығыспен де, Батыспен де, Оңтүстікпен де, Солтүстікпен де тереземіз тең қарым-қатынас жасап келеміз. Сол үрдіс мемлекетіміздің бүгінгі саясатында да жалғасын табуда. Соның арқасында Астана Қазақстан Республикасының ірі саяси, мәдени және іскерлік орталығы, қазіргі заманауи шаһары болып қалыптасты. Ол бойына осы жылдары Еуропаның мәдениетінен – прагматизмді, ал Шығыстан рухани дәлдікті мұра етіп алады. Бүгінде Астананың бейнесінен еуропалық бағыттағы тамаша ғимараттарды, мүлтіксіз сервисті көрсек, Шығыстың да жетістіктері бізге жат емес. Түркиялық компаниялар тұрғызған зәулім үйлер мен бизнес орталықтары, ойын-сауық ғимараттары, Қытайдың «Пекин Паласы» мен сол үлгіде салынып жатқан елшілігі, мұсылман елдерінің заңғар көкпен таласқан алып құрылыс­тары – осының барлығы Еуропаның да, Азияның да қол жеткен жетістіктерін ұштастырып, органикалық түрде елорданың ХХІ ғасырдың шаһары екенін көрсетіп тұр. Мұндай қала Ресейде де, Қытайда да, ешбір жерде жоқ. Сондықтан мен Астананы өз идеологиясы қалыптасқан қала десем, қателеспеймін.
– Биыл жаз бойы қала төрінде дүркіреп «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтті. Көрме астаналықтар үшін несімен құнды болды?
– «ЭКСПО-ның» өткізілуі астаналықтар үшін, біріншіден, үлкен бір пікір алмасу, мол тәжірибе жинау, жетістіктерді тарату алаңы болды. Екіншіден, елордалықтардың кеудесінде өзінің болашағына деген керемет сенім ұялатты. Әрі бізді, біздің бас қаламызды тек қана саяси орталық емес, экономикалық, инновациялық орталық ретінде, жаңа бағытты, жаңа үрдісті ұстап отырған ел ретінде әлемге паш етті. Астанамыз Қазақстанның бір көрсеткіші дейтін болсақ, шетелдіктер мұнда келу арқылы мемлекеттің келбетін, Отанымыздың ғаламат мүмкіндіктерін көрді. Жүз елу бес елден туристер келген екен. Ал «ЭКСПО-ны» үш айда барлығы төрт миллионға жуық адам тамашалапты.
Бұдан бөлек, ол сыртқы сая­саттағы табысымыз бен елді біріктіріп, тұтастыра түсетін уақыттық нышан еді. Көрме Астананың инф­рақұрылымына үлкен серпіліс әкелді. Жаңа қонақүйлер салынды, жаңа жұмыс орындары ашылды, сауда-саттық, шағын және орта бизнес өркендеді. Ең бастысы, көрме жастардың бойын­дағы жаңашылдық рухты жаныды. Олардың ғылымға құлшынысына дем берді. Оның «Болашақ энергиясы» деп аталуының өзі «жасыл» технологияларды дамыту, балама қуат көздерін табу мәселесіне өзек болды, талай бастаманың іске асыру кілтіне айналды. Әсіресе, мектеп оқушыларының бағыт-бағдар алуына темірқазық іспетті жол сілтеді. Менің ойымша, «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің құндылығын біз қазір көре алмаймыз. Оның жемісін келешектен көреміз. Өйткені біз өскелең ұрпақтың бойына құнарлы дән септік. Соның нәтижесін елі мен туған халқы болашақта көретін болады.
– Сіз елорданың қалыптасуына азды-көпті еңбек сіңірдіңіз. Қазір Парламент Мәжілісінің депутатысыз. Қандай да бір жағдайда Астанаға бүйрегіңіз бұратын шығар?
– Астана Алатау баурайы­нан осы жерге алғаш қоныс аудара бастаған кезде – 1997 жылы «Күрделі құрылыс басқармасы» деген мекемеге инженерлік жұмысқа келдім. Негізгі мамандығым – құрылысшы. Бұл кәсібімді мен жақсы көремін. Сондықтан жұмысыма бар ынтамен кірісіп, Астананың тұңғыш ғимараттарының алғашқы іргетасын қаласуға атсалыса бастадым. Мен үшін осы қаланың әр тасы, әр көшесі, әр ғимараты ыстық. Бұл – жастық жігермен жалындап еңбек еткендіктен ғана емес, өзіңнің болашақтың іргетасын бірге қаласып, соның ыстығына күйіп, суығына тоңып, бірге жүргеніңді сезінген, кеудеңді кернеген мақтаныш сезімінен айтылған сөз. Бұл қала маған етене жақын дейтін себебім – Алматы және Сарыарқа аудандарына әкім болдым. Халықпен қоян-қолтық араласу, олардың мұң-мұқтажын, тұрмыс-тіршілігін қатар жүріп көру, соны қолыңнан келгенше жақсартуға тырысу адамға жауапкершілікпен қоса үлкен жігер де беретінін түсіндім.
Одан кейін «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының бірінші орынбасары қызметінде де мен елорда халқының үлкен белсенділігін байқадым. Қандай істі де бірігіп атқаруға деген құлшыныс үлкен мұраттар жолындағы оң қадам екенін олар жақсы түсінеді.
Мен де өзімді осы астаналық болғаныма, оның өсіп-өркендеуіне теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосып келе жатқанымды абырой санаймын әрі зор жетістігім деп ойлаймын.

Астана – кемел келешектің қаласы. Оның болашағы бұдан да жарқын, бұдан да сәулетті болатынына менің сенімім кәміл. Өйткені оның авторы – Қазақстан Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев

Менің бүгінгі таңда жоғарғы органда халық қалаулысы атанып жүруімнің өзінде де Астана мен астаналықтардың әр кез қолтығымнан демеп, қанатымды қомдап, қолдаған рухани күші жатыр. Елорда тек елдің саяси орталығы ғана емес, адамды рухани жетілдіруші орталық деп батыл айта аламын.
Сондықтан мен Астананың тыныс-тіршілігін күнде бақылап отырамын. Осы Парламент Мәжілісіндегі «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерін жаздырып алып оқитын бірден-бір депутатпын десем, артық айтты деп ойламаңыз. Сол арқылы бұрынғы өзім жұмыс істеген қаладағы аудандардың хал-ахуалдарымен, қыз­меттес болған адамдардың, журналистердің ой-пікірлерімен, мақалаларымен танысып, өзіме қатысты көптеген мәселелерге назар аударып отырамын.
Мәселен, мен осы жазда қалада 3-інші жылу электр орталығын салу жобасымен айналыстым. Бұл өзі шаһар аумағының кеңеюіне байланысты көптен сөз болып келе жатқан жай еді. Тіпті Елбасының өзі де оған айрықша назар аударған болатын. Алайда кейбір себептермен ел Үкіметі оны «ұзын арқан, кең тұсауға» салып, тым созып жіберді. Мұндай істің бір адам соңына түсіп, нақты қолға алмаса, алға жылжымайтыны түсінікті. Міне, мен осы жобаны жандандырып, Үкіметке «Елбасы тапсырмасы неге орындалмай жатыр?» деп депутаттық сауал жолдадым.
Қазір аталған «Астана қаласын газдандыру жобасы» Үкіметте қолға алынды. Бұған қоса, елордадағы тұрғын үйлерді күтіп ұстау, қызмет көрсету талаптарына қатысты мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдадым. Менің бұл бастамам Үкімет тарапынан қолдау тауып, оның жүзеге асырылу жолдары айқындала бастады. Міне, бас қалада жұмыс істеуімнің оның әлеуметтік-тұрмыстық тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныстығымның, осыған байланысты жинаған тәжірибемнің арқасында осындай жұмыстар атқарылып жатыр.
Депутат ретінде «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалына барып, түрлі мәселелер бойынша тұрғындарды қабылдаймын. Олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, оны мүмкіндігіне қарай шешуге тырысамын.
– Жігіт жасына жетіп отыр­­­ған Астананың болашағын қалай елестетер едіңіз?
– Астана – кемел келешектің қаласы. Оның болашағы бұдан да жарқын, бұдан да сәулетті болатынына менің сенімім кәміл. Өйткені оның авторы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев. Елбасы мен елорда – егіз ұғым. Оны бір-бірінен бөліп қарау әсте мүмкін емес. Қаламыздың осындай әлем сүйсінетіндей жетістікке жетіп, жылдан-жылға мәртебесінің асқақтай түсуі Мемлекет басшысының тікелей күш-қайраты мен саяси ерік-жігерінің арқасында мүмкін болып отыр. Оны бүкіл қазақстандықтар түсінеді.
Сондай-ақ, елорданы республиканың басқа өңірлерінен де бөліп қарауға болмайды. Ол – еліміздің жүрегі. Жүрек – бүкіл ағзаның тіршілік тірегі болса, Астана да байтақ Қазақстанымыздың әлеу­меттік-экономикалық дамуының қуатты локомотиві рөлін атқаруда. Сөйтіп, ол заманауи өнеркәсіп, ғылым және мәдениет орталығына, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы мекенге және ел экономикасына қомақты үлес қосар үлгіге айналды.
Бас қаламыз болашақта бұдан да гүлденіп, бұдан да сәулеттеніп, қазіргі өркениет пен халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық қасиеттерін ұштастыра отырып, әлемде еш қалаға ұқсамайтын айрықша келбетті, жалынды рухы бар Қазақ елінің астанасы болып өркендей береріне сенемін.
Ол үшін бүгіннен бастап біз, астаналықтар, соның негізін қалауымыз керек. Балаларымыздың бойына отансүйгіштік қасиеттер сіңіріп, туған қаласының ертеңі үшін жаны ауыратын, осы жолда тер төгіп, аянбай еңбектенетін азаматтар тәрбиелеуіміз қажет.
Қаланың әр тұрғыны оның тазалығына ұқыпты қарап, жасыл желекке оранып, гүлзар баққа бөленуіне шын ниетімен өз үлесін қоса білсе, бұл шаһардың ертеңі бүгінгіден де нұрлы болары сөзсіз.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

The post ЕЛ ЕЛОРДАСЫМЕН ЕҢСЕЛІ appeared first on Астана Ақшамы.

Мұрат ӘУЕЗ, мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы: ДІН САУЛЫҒЫ, ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ, ДІЛ БЕРІКТІГІ КЕРЕК

$
0
0

– Мұрат аға, биылғы жыл атаулы оқиғаларға толы болды. Алаштың 100 жыл­дығына байланысты іс-шаралар арасында заңғар жазушы­мыз Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы да ескеріліп, алаштың ардақты ұлдарына құрметіміз арта түсті. Осы орайда Сіздің ойыңызды білгіміз келіп еді.


– Алаш тарихына оралып, оны зерделеуде бірқатар шаралар өтіп жатыр. Ортасында өзіміз де жүрміз. Дегенмен, аталып өтпей қалған даталарға тоқталғым келіп отыр. Тәуелсіз елімізде міндетті түрде аталып өтетін аса маңызды оқиғалардың бірі 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі еді. Елеусіз өтті. 16-жылғы көтеріліс қазақтың Торғай, Жетісу, Қарқара өңірін шарпыды. Осы оқиғаның бір желісі Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманында» жазылған. Бұл тек қазақтардың емес, түркі тектес халықтардың өз кеңістігінде ұлт мүддесі үшін ең соңғы рет қолына қару ұстап бірігіп, патша отаршылығына қарсы шыққан күресі еді.
Бұл датаға қырғыздар жақсы дайындықпен келіп, атап өте алды. Олар қазақ ағайындарын да қатарында көргісі келіп шақырып еді, біздің мемлекет тарапынан салқындау қабылданды. Елдің оңтүстігінде орын алған Қоқан хандығына қарсы көтерілістің тарихы да осы күнге дейін аталмай келеді. Бұл дүмпулердің ішкі себептері әр жерде әртүрлі болуы мүмкін. Алайда соған қарамастан ұлттың көсемдері алға шығып, отаршылыққа қарсы бір мүддеге ұмтылып ынтымақтасуымен құнды. Біз бұған мән бермедік. Егер шынымен болашағымызды ойлағымыз келсе, осындай тарихи қадамдарымызды еш­уақытта естен шығармаған жөн.
751 жылғы Талас шайқасы да тек қазақ емес, түркі тарихынан да көмескіленіп бара жатыр. Қазіргі Тараз жерінде түркітектес бабаларымыз қытайдың Таң династиясына арабтармен бірігіп, тойтарыс берген. Мұны қалай елеусіз қалдыруға болады?! Орта Азия деңгейінде емес, жалпы Еуразиялық кеңістіктегі ахуалға мүлдем басқаша сипат беріп, тарих дөңгелегін басқа арнаға бұрған шайқас мемлекеттігіміздің іргетасындай қабылдануы тиіс еді. Себебі екпіндеп келген қытайды кейін шегіндіріп, ислам дінінің қуаты болар, осы күнгі Орта Азияны мекен еткен халықтардың мемлекет болып қалыптасуына себеп болды.
– Қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында руханиятымызда бір серпілістің белгісі байқалғандай көрі­неді. Алдағы уақытта бұл олқылықтардың орны толар…
– Осының алдында да 2004 жылы «Мәдени мұра» атты мемлекеттік бағдарлама да жақсы басталған. Мыңдаған тарихи құжаттар мен өте сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар елге оралды. Жүздеген қасиетті кесенелер мемлекеттің қорғауына алынып, оларға кешенді жөндеулер жүргізілді. Архео­логиялық қазба жұмысына жан бітті. Мәдени мұраның тұжырымдамасын Карл Байпақов, Меруерт Әбусейітова сияқты ғалымдар ұсынысымен мен жазып шыққан едім. Сол кездегі қоғамдық комиссияны басқарған И.Тасмағамбетов, «бір сөз қосылып бір сөзі өзгермесін» деп бұрыштама соғып, өндіріске кеткен еді. Рас, егемен еліміздің рухани құндылықтарын түгендеудегі алғашқы талабымыз жемісті болды.
Бірақ мұра бар жерде мұралану деген ұғым бар. Мұра­ны іздедік, таптық. Ал мұралану – өз санаңды күшейту, зерделеу. Мұрамыз арқылы жаңа сапаға өту. Өкінішке қарай, екінші қа­дамға бармадық. Кейде ха­лық руханиятына келген­де осының басында бір қырсық отырғандай сезінемін. Мұра­мыздың жемісін халық­тың санасына жеткізіп, көкі­рек көзін ашуға келгенде орта жолдан шорт кесіп, ақша жоқ деп қарап отырады. Бұл бағдарлама да орта жолдан қайырылмаса екен деп тілеймін.
– Осыдан бес жыл бұрын берген сұхбатыңызда «Мен үшін кириллица отаршыл империя қаруларының бірі ғана» деп айтыпсыз. Бүгінде латын қарпіне өту туралы науқан басталғанда көңіліңіз жайланды ма?
– Тағы да бітпес жараның аузын тырнадың. Бұл да қате! Рас, кириллицадан бас тартуымыз керек болды. Өйткені отызыншы жылдары Кремльдің түркі тектес халықтардың арасына жік салып, бірін-бірі түсінбейтіндей етіп алыстату үшін кириллицаны бейімдеді. Ауызекі тілдессеңіз өзбек, қырғыз, қарақалпақты, но­ғай-татарларды түсіне аламыз. Алайда орыстың қарпіне ауысқанда түркілерге онсыз да түсінікті ортақ дыбыстардың өңі айналып шыға келді. Жазба дүниесін оқып білу мүмкін емес. Осылайша кириллица арқылы арамызды ашты, ажыратып жіберді. Олардың ортақ рухани мұрасын оқып-білуге осылайша тосқауыл қойылды.
Қазіргі идеологтар «латынға көшкенімізде ешқандай саясат жоқ» деп айтады. Ондай арзан сөздің керегі жоқ. Бұл нағыз – саясат, нағыз саяси қимыл. Арамызды ажыратқан күшке қарсы жауабымыз, соған қарсы біздің әрекетіміз. Сол үшін де латыншаға өтуіміз керек болды. Жүйелі, барлық түркі тектес халықтарға ортақ латын әрпін таңдауымыз керек еді. Бұрындары бізге таңған қателікке тағы да ұрынып отырмыз. Сондықтан комиссия әліпбиді жетілдіре түсу керек.
– Өзіміз іргелі ел боламыз деп жатқанда, түркі тектес халықтарға ортақ әліпбиді таңдаудың не қажеттігі бар? Олар да өз тәуелсіздігін алған, іргесі бөлек бөтен мемлекет емес пе?!
– Әріден ойлаған адам болашаққа бүгінгі Қазақ­станның шекарасынан асып қарау керек. Осыған кейінгі өткен жолымызды сараламай, тарихтың ірі сабақтарынан тағлым алмай, бұралаң жолды бетке алып тұрмыз. Мына жер шарының Еуразия деген бір пұшпағында мың ғасырлық көшпенділер темірден үзеңгі жасап, жылқыға ауыздық салып, бас білдіріп, тарих сахнасына шықты. Шашырап жатқан тайпалардың басын қосып, байланыса білді. Біріне бірі сүйеу болып, бірін-бірі қолдау көрсетіп, аты бөлек болса да тамыры бір халықтар бірге жасап келеді. Елмен елді жақындастыратын күре жолы Жібек жолы бар-тұғын. Бұл тұтастықтың бастауын ұмытпауымыз керек. Тәуелсіз еліміздің баяндылығын ойласақ, ортақ тарихымен бірге қарауымыз керек. Олай болмағанда өз қолымызды шапқандай боламыз. Тарихи тағдырластарымыздан бас тартуымыз Орта Азия деп аталатын үлкен күмбездің астындағы ұлан-ғайыр жерді жайлап жатқан түркі тілді бауырларымыздың арасын аралап тастағанмен бірдей.
Басқаны қойшы, тарихшы­лардың өздері де құдай-ау, таң қаласың, осыны зерделей алмай отыр. Адамның миы, не ойы делік, оны өзіңе өзің шектесең, тар ойлауға мәжбүрлесең, одан келер пайда жоқ. Ойлы адам бір шеңберді емес, тұтас панораманы көздеуі керек. Әзербайжан, түрік, қырғыз бен өзбекпен бір жерде шұрқырасып, бір алаңда тіл табыса алмай келеміз. Әрине, қол жеткен жетістіктерді жоққа шығармаймын. Мәселе бәрін қосып бір мемлекет құруда да емес. Оның қажеттігі жоқ, бірақ ынтымақты мемле­кеттердің рухын ұстан­сақ, мүддесі мен арғы тарихы тұтас аумақ ретінде өткен замандардағыдай айрандай ұйып, тұтастыққа қол жеткізе білсе, бергі заманның, алдағы күннің тосқауылдарына бірге төтеп бере аламыз. Түркі тілдестерді бауырым деп сезініп, рухани шекарасын бекіткеніміз жөн.
– Ондай қадамдар тек мемлекет деңгейінде ғана емес, белгілі тұлғалар мен қоғам қайраткерлері тарапынан да болуы шарт дейсіз ғой.
– 15 жыл болды тұрақты түрде «Жібек жолындағы сұхбат» семинарларын өткізіп тұрамыз. Бұл – мәдениет­аралық диалог тұрғысындағы жалпы мәдени және жалпы тарихи құндылықтарды одан әрі дамытуға әрі сақтауға ықпал етіп, көрші елдердің сарапшыларымен ынтымақтастықты нығайтатын халықаралық жоба. Жобаға Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан зиялы шығармашылық қауым өкілдері қатысуда. Соңғы жылдары бұл жобаға аса мән берілуде. ЮНЕСКО істері бойынша комиссиялардың бас хатшылары Парижден келіп те қатысты. Жиынға қатысушылар – үлкен білім иелері өте беделді тұлғалар, нағыз патриоттар. Қаншама жылдан бері жақын туыстардай сезініп сағынамыз, хат алысамыз. Олар саясатты жақсы біледі, ел арасындағы көпір болуға дайын, сол үшін іргетасын қалауда.
– Олар да елдерінің зиялылары ғой, бірақ экономика мен саясаттың өз заңы бар емес пе?
– Біздің үніміздің естілуі үшін мемлекет басшыларының көзіқарақты тұлғалардан болғаны дұрыс. Тіпті, жан-жақты білім­дар болмаса да кезіндегі Әбіш, Ақселеу сияқты ел ағаларының ақыл-кеңесін тыңдай білгені абзал. Кезінде Бұқар жыраудың кеңесіне хан басымен Абылай неге қалт етпей құлақ асты. Дәл осы қазіргі тарихи кезеңде аузы дуалылардың көрінетін жері.
Мұхтар Әуезовтің 120 жыл­дығына байланысты көп жер­лерді аралап келдім. Халыққа сену керек, онымен санасып сендірту керек. Ол үшін билік халықтың қамын ойлайтынын көрсете білу керек. Сонда халықтың қолдауы болады.
Рас, империя санамызды ойсыратып жіберді. Осал саналы адамдармен билік жасау оңай. Одан қалды бұрыс болжаулардың арқасында көп мұрамыз көлеңкеде қа­лып қойып отыр. Ғұндар, қарахандықтарды өзімізбіз деуге санамыз жетпейді, ұлттық мүдде дегенге алакөзбен қарайтын болдық қой. Жалпы, кедейсің деп адамды жәбірлеуге болмайды, бірақ кедейшілік те адамды аздырып жібереді. Бұл да ескеретін жайт.

Отызыншы жылдары Кремльдің түркі тектес халықтардың арасына жік салып, бірін-бірі түсінбейтіндей етіп алыстату үшін кириллицаны бейімдеді. Ауызекі тілдессеңіз өзбек, қырғыз, қарақалпақты, но­ғай-татарларды түсіне аламыз. Алайда орыстың қарпіне ауысқанда түркілерге онсыз да түсінікті ортақ дыбыстардың өңі айналып шыға келді. Жазба дүниесін оқып білу мүмкін емес. Осылайша кириллица арқылы арамызды ашты, ажыратып жіберді. Олардың ортақ рухани мұрасын оқып-білуге осылайша тосқауыл қойылды

– Жақында оқырмандар «Ділім» атты жинағыңызбен қауышты. «Тілден де, Діннен де айырылып қала жаздап, қайта оралған кездеріміз болды, әлі де кездеседі. Ал, Ділден ше?! Одан арылу мүлдем мүмкін емес, тек сол Діл саулығы, Діл тазалығы, Діл беріктігі арқылы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуелсіз мемлекет ретінде сақталып қалдық» депсіз. Бойымыздағы Діліміздің беріктігін жалпы оның бар-жоғын қалай танимыз?
– Шыр етіп осы дүниеге келгелі бергі ғұмырым жол үстінде келеді. Ізденістер мен толғаныстар жолы. Жасым жетпістің бесеуіне келсе де, сол баяғы жолда келемін, көңіл де, жүрек те, сана-сезім де әлі де әлденені іздейді. Мен өзімнің тәй-тәй басқан алғашқы қадамымнан бастап, анамның:
Тілі жат,
Діні жат,
Ділі жат
Жат елден таяқты жеп едің, – деген жолдарды әнге қосып жырлағанын естіп өстім. Тілді, дінді түсінемін, ділді ұғына бермеймін. Бірақ бала болсам да, бұл өлең жолдарындағы ең маңызды ойдың осы Ділге келіп тірелетінін бүкіл болмыс-бітіммен сезінгендей болатынмын. Егер де менің еліме, жеріме, ұлтыма тамшыдай болса да себім тиіп, білім дәмін, ілім дәнін, ғылым нәрін бере білсем, ол да – осы менің Ділімнің арқасы деп білемін.
Сондай-ақ, Інжілде: «Вы – соль земли. Если же соль потеряет силу, то чем сделаешь ее соленою?» деген сөз бар. Қазақтың «Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?» деген сөзіндегі тұз да біздің ділімізге жанасады. Абайдың «толық адам» деген анықтамасы бар. То­лық адам мына жалғанда құламайды. Байлыққа, ман­сапқа ұрынбай кеңірек ойлайды. Ділі мықтыларға сонау студент кезімізден үзеңгілес болған, «Жас тұлпарлық» замандастарымды қосар едім. Жаны сұлу адамдар. Ондайларды құдай жаратады. Діл дегеніміз – абстракты емес, адамды жақсылыққа бастаушы қасиет. Тектілік деген ұғымнан да мағынасы кең. Ғашықтыққа, достыққа адал, шынайы риясыз адамдардың ділі берік болады.
– Аға, мерейтойларға қайта оралсақ, биыл Әйгерімнің киіз үйінде қойылған «Еңлік-Кебек спектакліне де 80 жыл толды. Еліміздің сахналарында аталып өтті дегенді естімедім.
– Жақында Семейден хабар келіп, кезінде әкеміз оқыған педучилищенің оқушыларымен кездесуге шақырды. Бір күн бойына жастардың даярлаған бағдарламасын қызықтап, келесі күні Бөріліге бардық. Бұрынғы М.Әуезов атындағы совхоздың қазіргі Қасқалдақ деген ауылында оқушылар Еңлік-Кебекті ойнады. Ел деген – осы. Киіз үйдің шаңырағын керіп жіберіп сахна жасап, шын беріліп ойнағанына қарап қайран қалдым. Ауылдың ержетіп келе жатқан балала­ры ұлы өнермен рухтанып, көздері жайнап тұр. Қазақ­тың тұңғыш драмасын небір академиялық сахналар елемесе не дейін, бірақ мына бала­лардың талабы көңілге үміт ұялатады. Қарашаның суығына қарамай жартылай құрылған киіз үйде, махаббат драмасын көз алдымыздан өткізген жастардың өнеріне мен деген әртістеріміздің ілесе алмасы анық.
Бұл өңірде Абай мен Шә­кәрімді, Мұхтарды шежіре­ші-жазушы Бекен Исабаевтан артық білетін адам жоқ. Оның ұлы Шаған жақсы ізбасары болып, мұражайды ұстап отыр. Осы жиында «Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған жер» деп шартты түрде бір шаршыдай жердің телімін анықтап, белгісін қойды. Сол жерде ескі құдық та бар еді оны да жаңғыртып жатыр.

Естеріңізде болса, Лев Толстой «Қажымұратында» әскерлердің әрекетін айыптап, текті таулықтарға іші бұрып, өз орысын тілдейді. «Слово о полку Игореве» де осыған үндес туынды. Мұхтар Омарханұлы да Кенесары жорығының қатыгездігін суреттеу арқылы, оның шалыс басқан тұсын көрсетеді.
Қырғыздың Шоңкемер деген жайлауы бар, арғы жағын – қырғыз, бер жағын қазақтар мекендеген. Сонда Сусамыр асуы бар. Салт атпен өту қиындау, қырғыздар да солай ойлаған болар, қауіпті бұл жақтан күтпей, қалың қолы басқа жағында шеп құрады. Қазақтар басып келгенде, 70-80-дей ауылда қалған қырғыздың әйелдері бала бөленген бесікті алып, қарулы қолдың алдынан шыққан екен. Сондағы қазақтың қаталдығы қырғыздардың әлі есінде…

Одан кейінгі Кереудегі кездесулер де әсерлі болды. «Акме» деп аталатын жастар одағын құрыпты. Бұл грек тілінен аударғанда жоғары рух деген ұғымды береді. Жалындаған түрлерінен «Жас тұлпардың» сынығын көріп, өздерімен болған екі-үш сағаттай сұхбатымда көп жайды аңғардым.
– Бұрындары Әуезовтің «Қаракөзі» жазушы атын­дағы әкем театрдың репертуарынан түспейтін, театрдың бүгінгі басшыларының ре­пер­туарға қатысты көз­қарасы өзгерген бе? Клас­сика­лық туындыларды афишадан көрмейтін болдық. Бұл, әрине, назымыз ғой. Одан бөлек, «Хан Кене» 1934 жылы алғаш рет әрі соңғы рет сахналаныпты, жазушының бұл туындысы режиссерлердің көзіне неге түспей жүр деп ойлайсыз?
– Кенесары – соңғы ханымыз. 1968 жылы Хан Кененің үңгірінде болдым. Мүмкін осы үңгірде күңіренген халқының қыспаққа түскен жайын ойлап атқа қонған болар. Жеңілетінін де білген. Бұл соңғы ханның емес, соңғы рет серпілген қазақтың мінезі деуге болады. Қазақтың тарихын қанымен жазып, қасиетін ажалымен беріп кеткен тұлғаның орны бөлек.
Ал енді өнер туындысына келсек, мұндай жағдай Ұлы суреткерлер мен Ұлы шығармаларға тән құбылыс қой. «Свой не прав!» немесе «Ақиқат артық!»
Естеріңізде болса, Лев Толстой «Қажымұратында» әскер­лердің әрекетін айыптап, текті таулықтарға іші бұрып, өз орысын тілдейді. «Слово о полку Игореве» де осыған үндес туынды. Мұхтар Омарханұлы да Кенесары жорығының қаты­гездігін суреттеу арқылы, оның шалыс басқан тұсын көрсетеді.
Қырғыздың Шоңкемер деген жайлауы бар, арғы жағын – қырғыз, бер жағын қазақтар мекендеген. Сонда Сусамыр асуы бар. Салт атпен өту қиындау, қырғыздар да солай ойлаған болар, қауіпті бұл жақтан күтпей, қалың қолы басқа жағында шеп құрады. Қазақтар басып келгенде, 70-80-дей ауылда қалған қырғыздың әйелдері бала бөленген бесікті алып, қарулы қолдың алдынан шыққан екен. Сондағы қазақтың қаталдығы қырғыздардың әлі есінде…
Меніңше, оны қайта қою керек. Оның кең мағынасын, Ханның арман-мақсатын ашып көрсететін мықты режиссер болса. Хан Кененің қаныпезерлігін айту қазақтың намысына тиеді дей алмаймын. Ұлы суреткер Толстойды кім күстамаламады кезінде. Солай болғанда Әуезов неге ақталуы керек?!
– Ыстықкөлдің жағалауын­да жазушының бір жайы бар еді?!
– Шолпан-Атадағы саяжай-мұражайын айтып отырсың ғой. Кезінде оны Қырғызстан үкіметіне сыйға бергенбіз. Әкемнің қырғыз жеріндегі бір белгісі – үлкен рухани орталыққа айналуы тиіс еді. Бірақ жұмыс тоқтап тұр.
Үйді күтіп ұстауға қаржы бөлінбей келеді. Ауласында әкемнің өзі отырғызған тоғыз ақ қайыңы биіктеп өсіп, жайқалып тұр. Екі елдің ірі тұлғалары бас қосқан қасиетті орын еді, тозып барады. Қайтарыңыз дегенге қырғыздар намысқа тырысып бергісі жоқ. Қырғыз елінің иелігіндегі үй болған соң, біздің қолымыз байлаулы.
– Аға, осы жылдың басында газет тілшісінің бір сауалында телефон арқылы былайша жауап беріп едіңіз. «Біз ол хаттарды қолға түсіруге қаншама әрекеттендік. Бұл мәселеге кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов те үлкен көңіл бөлді. Ес­туімше, С.Қарабаевтың өзі қайтыс болды. Ал ол кісі­нің ұрпақтары хаттарды «құлыпқа» салып қойып отыр. Хаттарды қайтара алсаңыздар, сүйіншімді бірінші өзім берем. Бәлкім, ол хаттардың елге қайтатын уақыты да келген шығар, қазір қазақ-өзбек байланыстары нығайып жатыр ғой» деген сөзіңізден кейін елеңдеп жүр едік. Өзбек ағайындардың қолында жүрген жазушының хаттары туралы не айтасыз?
– Мұхтар Әуезовтің Өзбек­стан Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Денсаулық сақ­тау министрінің орынбасары болған Ғайнижамал Кутумоваға жазған хаттары ғой. Осы жұмысқа белгілі ғалым Г.Пірәлиева мықтап кірісті. Әкеміздің сыйластықпен амандық білген бір-екі хатын көргенде көзімізге оттай басылды. Ал қалғаны басқа адамның қолымен жазылған және оның әкемнің хаттары екеніне үлкен күмәніміз бар. Қаншама азаматтарымыз уыстап ақшасын алып барғанда сатуға келісім бермесе, түбінде бір шикілік бар-ау. Анығын зерттеуші ғалым айтады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙСОВА

The post Мұрат ӘУЕЗ, мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы: ДІН САУЛЫҒЫ, ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ, ДІЛ БЕРІКТІГІ КЕРЕК appeared first on Астана Ақшамы.

Viewing all 202 articles
Browse latest View live


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>