
Таяуда Астанада дүние жүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Оған шетте жүрген ағайынның біразы жиналды. Жиынға Елбасы да қатысып, қиырдағы қандастарымыздың қамы жайындағы маңызды мәселелер ортаға салынды. Оны жұртшылық жылы қабылдады. Сол дүбірлі шара күндері Түркияда тұратын белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Әбдіуақап Қарамен жүздесіп, еркін әңгіме өрбіткен едік.
ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ КЕРЕК
– Бар қазақтың басын қосқан құрылтай да өтті. Көптеген жақсы сөздер айтылды, келелі ойлар қозғалды. Айтулы шарадан қандай әсер алдыңыз?
– Мен осымен бесінші құрылтайға қатысып отырмын. Аллаға шүкір, оны өзіме бақыт санаймын. Бүгінге дейінгі әр құрылтайдың өз ерекшеліктері болды. Дегенмен, мен үшін алғашқы құрылтайдың орны бөлек. Егемендіктің елең-алаң шағында Елбасы атажұртқа әлемнің әр тарабына тарыдай шашыраған қазақты жинады. Ақ түйенің қарны жарылды. Ондағы көл-көсір пейілді сөзбен суреттей алмаймын. Сағыныш сезімі елді тебірентіп жіберді. Қуаныштан көңіліміз көлдей толқыды. Жергілікті бауырлардың да құшағы айқара ашылды. Қаншама жылдан кейін зарығып туған жерге оралған ағайынның көз жасы сел болып ақты. Сол алғашқы жиынға Түркиядан жасы жетпістегі Қанағат деген атамыз келді. Жайсаң азамат еді. Барғаннан соң көп ұзамай дүниеден озды. Құрылтайдан Түркияға оралғаннан кейін сондағы бауырлар атамекен туралы ынтығып сұрайды. Сонда атамыз: «Жетпіс жылдық ғұмырымдағы ең мәнді, сәнді күндер Алматыда болған кездерім» деп толғанып жауап беріпті. Міне, тұңғыш құрылтай осындай ыстық сезімдермен есте қалды. Содан кейінгі жиынның бәріне қатысып келемін. Ал бесінші құрылтайдың маңызы ерекшелеу болды.
– Соны ашып айтсаңыз.
– Жиында бұрынғы төрт құрылтайға қарағанда, көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Биылғы сәуірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген маңызды мақаласы шықты. Сол мақалаға орай шетел қазақтары да рухани жаңғыру қажет деп түсіндім. Осы ойым дұрысқа шықты. Мемлекет басшысы өз сөзінде сыртта жүрген ағайынға ерекше мән берілетінін жеткізді. Арнайы қор құрылады. Ол шетелдегі қазақтардың ұлттық болмысын сақтап қалуға қаржылай қолдау көрсетеді. Одан кейін латын әліпбиі туралы жақсы айтылды. Бүгінде әлемдегі қазақтар әртүрлі алфавитті қолданады. Мәселен, Еуропадағы ағайындар латынды, Қытайдағы қазақтар төте жазуды пайдаланады. Бұған жол ашылады деп ойлаймын. Алфавит бірлігі – тіл бірлігі. Еуропадағы ағайындар кириллицаны оқи алмай, қиналушы еді. Енді ғаламтордан ел жаңалықтарынан хабардар болуға мүмкіндік тумақ.
Құрылтайдан біраз нәрсені байқадым. Бұрынғыдай кемерінен асып төгілген сезім азайған. Толқып, тебіренген адамды көрмедім. Сырттан келген қандастардың бойынан салқынқандылықты аңғардым. Өйткені қазір Қазақстанның есігі ашық, келіп-кету оңай. Бұрынғыдай сағыныштан сартап болмайсың.
Қазіргі күнде Қазақстан бір белеске көтерілді. Жалпақ әлем таныған ел атанды. Елімізде дүбірлеп өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің өзі мемлекетіміздің экономикалық қуаты мен әлеуетін көрсетеді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында ұлттық сана мен болмысқа қатысты терең ойлар айтылған. Соның бәрі шетелдегі ағайындардың мәселесімен астарласып жатыр. Онсыз қазақтың ұлттық мәселесі шешілмейді. Халқымыздың үштен бір бөлігі өзге жерде өмір сүруде. Бұл аз көрсеткіш емес. Мемлекет басшысы бір сөзінде «Қазақтың өзегін бұзбай бүгінгі заманға сәйкестендіру керек» деп айтты. Атамекендегі ағайынның өзегіндегі кейбір мәселелер кеңестік кезеңде зақымданды. Айталық, дін мәселесі. Біздің бұрынғы бабаларымыз ұстанған дәстүрлі мұсылманшылығымыз бар еді. Ол атеистік қоғамда тамырынан үзілді. Қожа Ахмет Ясауи, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ақыт қажы, Абай, Шәкәрім секілді аталарымыздың тағылымдарын жоғалтып алдық. Ол үрдіс Қытайда да, Моңғолияда да белең алды. Өйткені олар да социалистік дәуірді бастан кешті. Бірақ көп жоғалтқан біздің республика болды. Кеңес өкіметі жетпіс төрт жыл өмір сүрді. Сырттағы әрбір диаспораның өз ерекшелігі бар. Солардың бәрін атамекенге әкелсек, ұлттың өзегін сақтап қаламыз.
Халқымыздың үштен бір бөлігі өзге жерде өмір сүруде. Бұл аз көрсеткіш емес. Мемлекет басшысы бір сөзінде «Қазақтың өзегін бұзбай бүгінгі заманға сәйкестендіру керек» деп айтты. Атамекендегі ағайынның өзегіндегі кейбір мәселелер кеңестік кезеңде зақымданды. Айталық, дін мәселесі. Біздің бұрынғы бабаларымыз ұстанған дәстүрлі мұсылманшылығымыз бар еді. Ол атеистік қоғамда тамырынан үзілді
– Оны қалай жүзеге асырамыз?
– Айталық, Моңғолиядағы қазақтарда құнарлы тілдің қаймағы бұзылмаған. Соны еліміздің игілігіне жаратуға болады. Қытайда ауыз әдебиеті мен мал шаруашылығына қатысты дүниелер сақталған. Олар көшпелі қоғамнан әлі ажыраған жоқ. Біздегі көшпелі дәуірді отызыншы жылдардағы ашаршылықта жойып жіберді. Кеңестік империя адамдардан ғана емес, дәстүрлі мал шаруашылығымыздан ажыратты. Содан бері мал шаруашылығы тоқырады. Малды бағу – үлкен мәдениет. Ол – анау ғұндардан қалған дәстүр. Соны Моңғолия мен Қытайдағы бауырлар ұстап қалды.
Ал дінді таза сақтаған Түркия қазақтары. Олардың ерекшелігі – бодандықтың қамытын кимегендігі. Бір кезде Оспан, Нұрғожай, Қалибек Хакім секілді батырлар Қытайдың езгісіне шыдамай, көтеріліске шықты. Еркіндік үшін бастарын бәйгеге тікті. Қырылып, жойылса да, мойынсынбай көшті батысқа бұрды. Қалалық халық қысым келсе, бірден иіледі. Отырықшы болғандықтан, ешқайда кете алмайды. Көшпелі жұрт бірден атқа мініп, көше береді. Зухан Шәріп, Зайып тәжі, Қалибек Хакім деген батырларымыз елді осылай бастап, батысқа үдере көшті. Бұл оңай болған жоқ. Отызыншы жылдары Қытайдан ауған жұрттың саны 18 мың еді. Солардың жолдағы түрлі қиындықтан өтіп, 1952 жылы Түркияға аман жеткені – 1850 адам. Он адамның тоғызы еркіндік жолында шейіт болды. Кезінде кеңестік әдебиет оны бұрмалап, малы үшін қашты деп жазды. Әлі де соның сарқыншағын көреміз. Соған ішіміз ауырады.
Ғалымдар нақты шындықты ашып жазғанымен, жалпақ елге жеткізе алмай жатырмыз. Елбасының «Ұлттық сананы жаңғыртуымыз керек» деген сөзі осыған келеді. Ұлттық рухани көзқарасымызды қалыптастыру қажет. Біз кеңестік жаңсақ көзқарастан арылған жоқпыз. Бір ғана мысал. Кеше Астана аэропортына түстік. Сонда бізбен келген жас жігіт өзімен бірге қорапқа салған 5-6 алты шапан алып келіпті. Соны кеден қызметкері ұстап қалды. Тексереміз деп. Ол айтады: «Мен саудаға келген жоқпын. Құрылтайға келдім. Шапандарды сыйлыққа әкеле жатырмын» десе, кеден қызметкері «Мен сіздің құрылтайыңызды білмеймін» дейді. Міне, ұлттық сананың жоқтығы. Соны айтқан адам – қазақ. Елбасы ұйымдастырған құрылтайды білмеймін дейді. Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» деп дұрыс айтқан. Рухани жағынан жаңғырмаған азаматтар жетерлік. Соларды ұлттық санаға бұрған жөн.
ҚАЗАҚСТАНДА ДИАСПОРА САЯСАТЫ ЖОҚ
– Ұлттық мүдде бәрінен биік тұру керек дейсіз ғой…
– Иә. Әрбір азамат қандай қызмет атқарса да, ұлттық мүддені бірінші ойлау керек. Мәселен, елордада дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі өтуде. Оған жан-жақтан сантарап халық жиналуда. Сол келген кісілерге жылы шырай білдіріп құрмет көрсетсек, олар өз еліне барғанда «қазақтар қонақжай жұрт екен, көрмені барып көріңіздер» деп насихат жүргізеді. Ал қатты сөйлеп, қиқар қылық жасасаңыз, олар қайтып оралмайды. Ұлттық мүдде деген осы. Оны кішкене баладан еңкейген қарияға дейін ұғынса деп ойлаймын. Қандасымыз келіп жатса, оған екі есе көмектесейік.
– Бір мақалаңызда диаспора саясаты туралы жазыпсыз. Оны біздің елде қалай қалыптастырамыз?
– Өкінішке қарай, Қазақстанда диаспора саясаты жоқ. Ол үшін қолында қаржысы мен билігі бар диаспора органы болу керек. Көпшілік оны көші-қон комитеті деп ойлайды. Айталық, көшіп келген адамды бейімдеу көші-қонға жатады. Біз айтқан саясат шеттегі диаспораның ұлттық болмысын сақтайды. Қазақстан 20 жыл көңіл бөлмесе, Еуропа қазақтарының ұрпағы неміс немесе французға айналады. Көрші елде қытай тілінде бір мектеп деген реформа басталды. Ондағы ағайынға қарайласпасаңыз, бір жарым миллион қазақ 20-30 жылдан кейін жұтылады. Әсіресе, жастар. Жасы келген үлкендерге ештеңе болмас. Бірақ жас құрақтай желкілдеп өскен жеткіншектерден айырыламыз. Сондықтан диаспора саясаты арқылы шеттегі ағайынды Қазақстанның мемлекеттік мүддесіне бейімдеуді жүргізуге болады. Бес миллион қазақты он жылда көшіре алмаймыз. Бәлкім, жүз жылда да көшіру қиын. Қазақстан мүддесіне қызмет ету көшіп келумен байланысты емес. Сіз тұрған еліңізде де атажұртқа қызмет істеуге болады. Сіз бір жердің азаматысыз. Сол елге депутат болып сайландыңыз. Енді екі мемлекетке көп пайдаңыз тиеді. Екі елдің байланысын нығайтасыз. Сыртқы саясаты мен саудасын жүргізесіз. Сөйтіп жүріп көптеген мәселені шешесіз. Қазақстанның имиджін көтересіз. Дамыған мемлекеттер өзінің көзқарасын жеткізу үшін қаншама қаржы жұмсайды. Ал сол елде тұратын қандасыңыз тегін жұмыс істейді.
– Ол үшін не істеу керек?
– Біріншіден, диаспора зерттеу орталығын құру керек. Оны зерттемей, проблемаларымен егжей-тегжейлі таныспай, әрбір елге ол саясатты жүргізе алмайсыз. Әрбір мемлекетке жауапты білікті мамандарды дайындаған дұрыс. Қазақстанның көптеген елмен қарым-қатынасы тұрақты дамыған. Соны назарға ұстап, диаспораның құқықтарын қорғайтындай саясат жүргізген жөн. Екіншіден, шет елдерде тұрып жатқан азаматтарды қолдау қажет. Қолдау дегенді қаржылай деп түсінбеу керек. Рухани демеу. Өз басым, Түркиядағы Қазақстанның елшілігінде жұмыс істеген азаматтарға ризамын. Бізге көп қолдау көрсетті. Ыстамбұлда Әбутәліп Ахметов деген білікті консул болды. Кейін Тәжікстанда елші қызметін атқарды. Ертерек өмірден озды. Сол бірде «Әбеке, әдемі бір қонақ үйде Тәуелсіздік мерекесін атап өтеміз. Сіз өзіңіз Қазақстанды жақсы көретін 5-6 ғалымды менің атымнан шақырыңыз» деді. Қазақ тілін зерттеп жүрген достарым бар еді. Соларды шақырдым. Олар мерекені тамашалауға келді. Үстелді жағалап, консул мырза біздің қасымызға тоқтады. Мен төрт түрік жолдасымды таныстырдым. Сол кезде бір жігіт білгішсініп «Ой, Әбеке, оны бізге таныстырудың қажеті жоқ. Консул мырзамен бұрыннан таныспыз» деп жауап берді. Мен қысылып қалдым. Сонда білікті дипломат Әбутәліп Ахметов: «Дұрыс мырза, біз бұрын таныс болуымыз әбден ықтимал. Бірақ Әбекеңнің таныстырған азаматтарына біз басқаша көзқараспен қараймыз» деп бір сөзбен мені көтеріп жіберді. Бізді осылай қолдаса деймін. Сондықтан диаспора саясаты – ауқымды саясат. Ол үшін өзге елдердің диаспора саясатын мұқият қараған жөн. Армяндар, еврейлер оны қалай күшейтті? Немістің, орыстың да диаспорасы қуатты. Қытайдың диаспорасы өте күшті. Бұларды әбден зерттейік. Сонда біздің санымыз аз болғанмен, сапамыздың салмағы артады.
ШОҚАЙДЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
– Сіз жаңа алфавит туралы айтып қалдыңыз. Жақын болашақта еліміз латын әліпбиіне көшпек. Оған қандай ұсыныс қосар едіңіз?
– Қазақстан үшін латын әліпбиі өте маңызды. Ол – әлемдік әліпби. Ал кириллица – аймақтық алфавит. Былай айтқанда, славян халықтарының төл әліпбиі. Сондықтан еркіндік қолымызға тиген уақытта әлемдік стандартқа көшкен дұрыс. Халқымыздың ұлттық тұтастығын сақтауға, бірлік-берекесін нығайтуға, латын әліпбиінің рөлі зор. Бәріміз қазақ тілінде сөйлейміз, бірақ жазуға келгенде үш түрлі алфавитті қолданамыз. Бұл деген болмайды. Бірізділікті сақтаған жөн. Мәселен, латын әліпбиінің әртүрлі стандарты бар. Айталық, ағылшындар мен немістікі бөлек. Біздің стандартымыз түркі тілдес халықтармен бірдей болса деп ойлаймын. Өйткені ағайын елдермен бір-бірімізді түсінетіндей болсақ, ұтамыз. Әлемде қаржылай да, саны жағынан да қуатты халық көп. Бүгінде ағылшын мәдениеті француздарды алаңдатуда. Ағылшын тілінің әсері француз тілін шұбарландырып жатыр. Бір дәуірде француз тілі дипломатияның тіліне айналған. Оның жанында біздің ана тіліміздің жағдайы нешік? Француздарды уайымға салған көрініс зиялы қауымды одан сайын ойландырады. Сонда бізге сүйеніш болатын туысқан түрік тілдер. Егер көшімізді жеке тіксек, жойылып кетуіміз қауіп.
Тілде бірлік болмаса, пікірде бірлік болмайды, пікірде бірлік болмаса, істе бірлік болмайды. Латын әліпбиін жасаудағы кейбір ғылыми жұмыстармен таныспын. Қателіктер кездеседі. Қазіргі қазақ тілінде орыс алфавитінің әсері басым. Оны байқау үшін ғалым болып қажет емес. Бұрынғы алаш ардақтылары төте жазумен шығарған «Қазақ» газетін оқысаңыз, анық байқайсыз. Сондықтан латын әліпбиін дайындағанда үлгі ретінде кириллицаны емес, төте жазуды алу қажет. Ахмет Байтұрсынов төте жазуды араб графикасынан өте шебер жасаған. Түркі дүниесі бір дәуірде араб алфавитін қолданды. Соның ішінде ең озық әліпби – Ахмет атамыз жасаған алфавит. Оны түрік ғалымдары мойындады. Қазақтың үндестік тіл заңын шебер қиюластырған. Бір әңгіме бар. Мұстафа Кемал Ататүрік айтты деген. Ол кісі «Мен Ахмет Байтұрсыновтың жасаған төте жазуды бұрын білгенде латын әліпбиіне көшпес едім» депті.
Халқымыздың ұлттық тұтастығын сақтауға, бірлік-берекесін нығайтуға, латын әліпбиінің рөлі зор. Бәріміз қазақ тілінде сөйлейміз, бірақ жазуға келгенде үш түрлі алфавитті қолданамыз. Бұл деген болмайды. Бірізділікті сақтаған жөн. Мәселен, латын әліпбиінің әртүрлі стандарты бар. Айталық, ағылшындар мен немістікі бөлек. Біздің стандартымыз түркі тілдес халықтармен бірдей болса деп ойлаймын. Өйткені ағайын елдермен бір-бірімізді түсінетіндей болсақ, ұтамыз
– Дәл солай айтқан ба?
– Өтірік-шындығын білмеймін. Бірақ осы сөзді естідім. Осман империясы 18-ғасырдан бастап араб графикасына реформа жүргізді. Бәрі сәтсіздікке ұшырады. Ахмет атамыз – мың жылдық араб әліпбиіне керемет реформа енгізіп, төл әліпбиді шығарған дара тұлға. Түркиядан басқа Кеңес Одағының құрамында болған түркі тектес халықтар 1940 жылдары толықтай кириллицаға көшті. Бірақ кеңес империясы өз айласын жасап, бәріне бөлек алфавит жасатқызды. Сол кезде түріктің бір тілші ғалымы «Түркі тілдес республикалардың ішінде ең тәуір кириллицаны жасаған қазақ» деп жазған. Онда да кемшіліктер бар. Бірақ басқаларға қарағанда ұғынықты. Сонда маған ой келді, неліктен біздің ғалымдар басқаларға қарағанда мықты әліпби жасады. Оның жауабын таптым. Өйткені оны Байтұрсыновтың әліпбиінен алды. Төте жазуымыз мықты болғаннан кейін соған қарап, кириллицаны түзді.
Қазірде Әзербайжан, Өзбекстан, Түркменстан елі латынға көшті. Қазақстан мен Қырғызстан кешеуілдеп жатыр. Мұның жақсы жағы бар. Себебі латынға бұрын көшкен республикалардың латын әліпбиіндегі қателіктерді қайталамай, тиянақты, сараптаудан өткізген дұрыс. 1928 жылы латынға өткен Түркияның өзінде кемшілік табылады. Бұрынғы жасаған әліпбилердегі тәжірибені жетілдіріп, ең ұтымды латын әліпбиін жасауға Қазақстанның мүмкіншілігі зор деп ойлаймын.
– Әрине, бар. Шоқайтануда қазақ тарихшылары біршама жетістікке қол жеткізді. Кеңес империясы асыл тұлғаны сатқын ретінде көрсетті. Бұл –Мұстафа Шоқайға жасалған қиянат. Шоқайтанушы ғалымдар Германия, Польша архивінде жұмыс істеп, оның ешқашан фашистермен бірге болмағандығын дәлелдеді. Фашистерге қарсы болғандығынан құрбан болды. Кеңес Одағы оған жала жапты. Әлі содан арылған жоқпыз. Тарихшылар ашқан ақиқатты халыққа жеткізе алмай отырмыз. Ресей ғалымдарына да насихат бармады. Соның кесірінен Мұстафа Шоқай туралы бірдеңе жазылса, орыс ғалымдары тіпті, өзіміздің қазақстандық орыстар шу ет қалады. Сондықтан Шоқайтану ғылымының жетістіктерін ақпарат құралдары арқылы кеңірек таратқан дұрыс.
М.Шоқайдың ұлылығы – адамгершілігінде. Біз көрнекті қайраткерге елордадан ескерткіш аша алмай отырмыз. 2010 жылы француздар Мұстафаның мүсінін қойып, саябақ ашты. Неге? Олар оның биік тұлға екендігін түсінді. Ол – тәуелсіздік күрескері. Сол үшін құрбан болды. Ондай азаматтар әр елде бар. Саябақ оңайлықпен ашылған жоқ. 2007 жылы Францияда қазақ қоғамын құрдық. Соған Мұстафа Шоқай тұрған ауданның әкімі келді. Өте білімді, мәдениет азамат. Жиында сөйлейтін сөзімнің бір бөлігін французша аударып алдым. «Мұстафа Шоқай кезінде қазақ халқы үшін, Түркістан үшін құрбан болған жоқ. Ол француздар үшін де құрбан болды. Қалай? Соғыс басталған кезде ұлтшылдар Бельгияға шабуылдап, Францияға қауіп төндірді.
Сол уақытта Ресей эмигранттары, айталық, өзімен бірге оқыған Александр Керенский Парижде өмір сүрді. Сонда олар Мұстафаға айтады «Ұлтшылдар келе жатыр. Амандығымызда Америкаға кетіп қалайық» дейді. М.Шоқай оларға былай жауап қайтарған. «Қиын- қыстау кезімде құшақ жайып қарсы алған Франция – менің екінші Отаным! Отанымды далаға тастамаймын» деп Парижден ірге аудармаған. 1940 жылы Францияны фашистер басып алады. Бір жылдан кейін Кеңестер Одағына соғыс ашқанда, Мұстафаны тұтқынға алып, лагерьге қамайды. Ақыры, асыл азамат Францияда қайтыс болды. Конференция аяқталғаннан кейін әкім орнынан атып тұрды. Келіп мені құшақтады. «Қазақтың Мұстафасын енді таныдым. Бұл азаматқа аудандық музейден орын береміз» деді. Біз музейге емес, көшеге есімін берсеңіз деп сұрадық. Содан саябақ берді. Француздар М.Шоқайдың биік адамгершілігін қадір тұтады.
– Елбасы жырақта жүрген озық ойлы азаматтарды елге шақырды. Болашақта атажұртқа оралу ойыңызда жоқ па?
– Әрине, бар. Түбегейлі мақсатым – туған еліме қызмет етіп, саналы шәкірт тәрбиелеу. Ғалымдар үшін көшіп келу деген мәселе емес. Біздің капиталымыз – миымызда. Кәсіпкер емеспіз зауыт арқалап жүретін. Бірақ туған елге ғалым ретінде пайдамыз Қазақстанда көп тие ме, әлде Түркияда көп тие ме? Қазір Түркиядағы түрік ағайындарға қазақтың тарихы мен мәдениетін барынша насихаттап жүрмін. Студенттерге дәріс оқимын. Сол жақта халқымыздың ұлы перзенттері туралы ғылыми конференциялар ұйымдастырып, қазақстандық ғалымдарды шақырамын. Мен кетіп қалсам, әзірше орнымды алмастыратын ешкім жоқ. Бұл жаққа келсем, менің білетінімнен көп білетін тарихшылар жетерлік. Егер де Үкімет бізге керексіз, келіңіз десе, келемін. Қазақта мақал бар: «Құдайдың айтқанын орындау парыз, патшаның айтқанын орындау ләзім» деген. Бұйырса, туған Отаныма ораламын.
– Риясыз айтқан әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Азамат ЕСЕНЖОЛ
The post Әбдіуақап ҚАРА, тарих ғылымдарының докторы, профессор: ТІЛДЕ БІРЛІК БОЛМАСА, ПІКІРДЕ, ІСТЕ БІРЛІК БОЛМАЙДЫ appeared first on Астана Ақшамы.