
Өткен ғасырда пайда болып, адамзат баласын есеңгіретіп жіберген обыр (рак) ауруын «жиырмасыншы ғасырдың обасы» деп атаған болатын. Былайша айтқанда, адам ағзасында қатерлі ісік пайда болып, жан-жағын жебірдей кеміріп, одан туындайтын дерттің тұтас спектрінің жалпы атауы. Ісіктің түскен жеріне қарай әртүрлі аталады. Бүгінгі күнде жасамыс әйелдердің арасында сүт безінің обыры өршіп тұр. Одан кейін асқазан, өкпе, тоқ ішек, тік ішек обыры жиі кездеседі. Бүгінгі таңда елімізде 60 мыңдай адам есепте тұрса, 8500 астаналықтың жаман дерті анықталып отыр. Қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері Мұхтар Төлеутаевпен сұхбаттасып, қазіргі жағдайды талдаған едік.
– Деректерге қарағанда қатерлі ісік ауруларынан аурушаңдық деңгейі 100 мың адамға есептегенде 2015 жылдың 5 айында 56,9-дан 2016 жылдың осы кезеңінде 58,8-ге дейін өсіпті. Осы аурудан өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2015 жылдың 5 айында 29,3-тен 2016 жылдың 5 айында 27,6-ға дейін төмендеген екен. Бұл обырды жеңудің алды ма?
– Қазір біздің орталығымызда обырдың алдын алу, оған қарсы ем-шараларын қолдану тұрғысында дүние жүзіндегі ең озық тәжірибелер мен емдеу түрлері қолданылады. Мысалы үшін Еуропада ауруға шалдыққандар саны көп болса да, кеселден көз жұмғандар саны аз. Ол дегеніміз дерт дер кезінде анықталып емдеу шараларын алғаннан кейінгі науқас ғұмырының ұзақтығын білдіреді. Біздің мақсатымыз – осы деңгейге жету. Егер организмге түскен қатерлі ісікті жазбай танып, ота жасалса, онда ол адам құлан-таза айығып кетеді деуге әбден болады. Мәселе – ертерек ем бастауда. Алайда адам ағзасындағы кеселдердің алдын алуға, қатерлі ісіктің ошағын дер кезінде анықтауға бағытталған «скрининг» бағдарламасына көпшілік мән бермей келеді. Өкінішке қарай, медбикелермен бірге дәрігерлер бастап, тұрғындарды іздерінен қуып жүріп «скринингтен» өтуге шақырып жүр.
– Емханалардағы кезектің көптігінен бір күнде барлық дәрігерлерден өтіп, барлық талдаманы алып үлгермей жатады. Бұл процесс екі-үш күнге созылатын болған соң, емханаға бармайтынымыз рас.
Тамақты таңдай біліңіз. Канцерогендер (қатерлі жаңа өскіндердің дамуына себеп болатын химиялық заттар) көптеген азық-түліктерде кездеседі, әсіресе, майға қуырылған тағамдарда, консервіленген және маринадталған тағамдарда, ұзақ сақталынған азық-түліктерде, ысталған тағамдарда кездеседі.
Майлы тағамдарды, әсіресе, малдың майын тұтынуды азайтыңыз, қатты тоя тамақтанбаңыз – күнделікті тамақтану рационы 2500 калориядан аспауы тиіс.
– Білеміз, кейде дәрігерлердің қызметіне көңілі толмай, «бізді анда жіберді, мұнда жіберді», «анализ өткіз деді» деп шағымданып жатады. Бірақ осының бәрі кім үшін керек?! Медицинаның өзіндік қағидалары бар. Зерттеусіз, талдамасыз ешқандай шешім қабылданбайды. Дәрігерлердің нұсқауларын тыңдап, уағында қан тапсырып, адам ағзасындағы өзгерістерге талдау жасап тұрса ғана көптеген аурулардың алдын алуға болады. Бұл обырға да қатысты.
Қаланың барлық емханаларда кем дегенде бір-бірден онколог дәрігері бар. Бірақ оған бармас бұрын, бекітілген учаскелік дәрігерге көрінген жөн. Науқастың шағымдарына қарай терапевт бағыт береді. Егер жағдай күрделі болса, әрі қарай ол онкологпен бірлесе анықтайды. Олардың шешімімен біздің орталыққа келіп, тағы да түрлі талдау жасалып, арнайы дәрігерлер шешімімен диагнозы анықталады. Обыр сездірмей кеулейді. Дерті асқынғанда ғана адамның жанына бата бастайды. Бұл арада алтын уақыт өтіп кетеді. Скринингтің жақсылығы – аурудың белгісін, симптомдары байқалғанға дейін, науқас сезінбей тұрып, дертті дәл басып анықтауында жатыр. Осы арқылы обырды жеңетін алтын уақытты ұтатын боламыз.
Белсенді болыңыз, күн сайын дене шынықтырумен шұғылдануға тырысыңыз. Дене белсенділігінің қорғану тиімділігі рак ауруының даму тәуекеліне қатысты белсенділік деңгейінің артуына байланысты күшейе түседі. Дененің қалыпты салмағын ұстау, әсіресе, үнемі отырып жұмыс істейтін адамдар үшін дене белсенділігі қажет. Дене жаттығуларын аптасына 3 реттен кем емес 30-40 минут бойы жасау керек. Артық күн сәулесін қабылдаудан қашуға тырысыңыз.Тері аурулары рагының басты себебі күн сәулесі, әсіресе, оның ультракүлгін бөлігі болып табылады.
– Скрининг сүт безі обырында дер кезінде анықтайды ма?
– Қыз бала – болашақ ана. Оның денсаулығына мән беріп, түрлі суыққа шалынудан,қабынудан, жаман әдеттерден сақтап, аялап өсіру керек. Әйел денсаулығындағы зат алмасу процестерінің әсеріне тіннің қатаюы, кисталар пайда болуы жаман ауруға алып келеді. Обыр негізінен тұқым қуаламайды, бірақ анасы ауырса қызының да осы ауруға шалдығуы қатері бар. Тәжірибеге қарағанда, обыр ауруының бас көтеруіне ықпал ететін қолайлы ортасы болады. Дегенмен уайымшыл, жиі күйзеліске ұшырайтындардың шалдығатынын байқадық. Жалпы алғанда әрқайсымыздың да бойымызда обырдың тіндері, жасушалары кездеседі. Адам күші әлсіреп, түрлі аурумен күресуге дәрмені қалмағанда созылмалы аурулары бас көтеріп, обырға бастайды. Ақырындап ағзадағы сау жасушаларды жеп кеулей береді. Демек, адам өзінің денсаулығына мән беруі керек. Саламатты өмірді салтқа айналдырып, өз денсаулығымызға өзіміз жауапты екенімізді түсінген жөн.
Темекі тартпаңыз, егер тартып жүрген болсаңыз, тоқтатыңыз. Рак ауруының салдарынан болатын өлім жағдайларының 25-30 пайызы темекімен байланысты деп саналады. Тек қана темекі тарту және оған алкогольдің қосылуы салдарынан болатын ұлтабар, жұтқыншақ және ауыз қуысы обырының үлесі 43-60 пайыз аралығында өзгеріп отырады.
Осы күнге дейін обырдың пайда болуының басты себебі қоршаған ортаға қатысты дегенді мамандар мойындап отыр. Дегенмен ішкен-жегеніміздің әсерінен, жылдап шылым шегіп, никотинмен уланудан да дерттің ушығуын байқаймыз. Қатерлі жаңа өскіндердің даму тәуекелін едәуір төмендету үшін «салауатты өмір салты» деп аталатын ұғымға енетін қарапайым бірнеше ережені ұстана біліңіз дер едік.
Айгүл Уайсова
The post ОБЫРДЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ appeared first on Астана Ақшамы.