
Тексеру комиссиясы – жергілікті бюджеттің тиімді орындалуы мен мемлекеттік активтердің мақсатты жұмсалуына қаржы бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Оның жұмысы, әсіресе, еліміздің бас қаласы – елордадай ірі мегаполисте аса маңызға ие. Біз бүгін осы мекеменің жұмысына қатысты мәселелер төңірегінде Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Молдашты әңгімеге тартқан едік.
– Ғалымжан Өмірәліұлы, өткен жылғы қала бюджетінің атқарылуы қалай болды?
– 2016 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны байқалды. Әсіресе, қала әкімдігі есепті қаржы жылы елорда бюджетінің негізгі өлшемдерінің орындалуына толық қол жеткізді. Астана қаласы статистика департаментінің мәліметі бойынша, 2016 жылдың 9 айында елорданың аймақтық жалпы ішкі өнім көлемі 3,5 трлн теңгеге жетіп, 2015 жылдың 9 айының көрсеткішімен салыстырғанда 17,5 пайызға өсті. Соның нәтижесінде еліміздің жалпы ішкі өніміне қосқан қаланың үлесі 11,1 пайыз делініп, жалпы көрсеткіш бойынша Алматы қаласынан кейінгі екінші орынға көтерілдік.
Сонымен қатар, экономиканың жекелеген салаларында 2015 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштермен салыстырғанда аздаған құлдырау да байқалады. (өнеркәсіпте – 01%, жылжымайтын мүлікте – 0,6%, көтерме саудада – 1,2%).
Даму қарқыны бәсеңдеу болғанымен, АЖӨ көлемі 2016 жылдың 9 айында 2015 жылдың сол кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 14,7% болды (2015 жылы 2014 жылмен салыстырғанда 23,4% болған еді).
Осы және басқа да үрдістер оң ықпалын тигізіп, аталып отырған есепті жылы қала бюджеті 2015 жылдың сол кезеңіндегі көрсеткішке қарағанда 13,2%-ға (358,5 млрд-тан 405,9 млрд-қа) артты.
– Осы негізде қала бюджетін қалыптастыруда кеткен кейбір кемшіліктер де болған шығар?
– Дұрыс айтасыз, елорда бюджетінің орындалуында жоғарыдағы көрсеткіштермен бірге, біздің байқағанымыздай, Астана бюджетін қалыптастыру мен игеруде жергілікті атқарушы орган кейбір кемшіліктерге жол берген. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсіміне қарамастан, салықтық түсім бойынша нақты түсімге одан әрі түзету енгізе отырып, елорданың жетімсіз бюджетін бекіту тәжірибесі өткен жылдардағыдай сол күйінде сақталып келеді (2015 жылы орындалуы 170,7 млрд, 2016 жылға бекітілген жоспар 174,0 млрд, орындалуы – 200,7 млрд).
Бұдан бөлек, жер телімдерін мақсатты пайдаланбауды анықтау есебінен қала бюджетіне түсетін жер салығын ұлғайту үшін олардың заңды мәртебесіне сай жүзеге асырылатын белгілі бір резервтер де бар. Оны пайдаланбау жергілікті бюджеттің айтарлықтай ортаюына алып келеді.
Мәселен, 2015 жылдың 15 шілдесінде Астана қаласындағы пайдаланылмаған жерлерді толық кері қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру барысында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмаған жалпы көлемі 4904, 86 гектар 78 жер телімі бар екені анықталды. Бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер қорының 38,2%-ы екен. Осыдан қала бюджетіне бір тиын да салық алынбаған.
Сондықтан еліміздің жер туралы заңына тиісті өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтеріп, жұмысты жандандыру талап етіледі. Бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуын жоспарлауда кеткен жекелеген кемшіліктердің әсері 2016 жылы да байқалды. Айталық, бюджет бағдарламалары әкімшілігі есепті жылы игерілмеген бюджет қаржысы көлемін 2015 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 38,4%-ға ұлғайтуға жол берді (2015 жылы 713,9 млн-нан 2016 жылы 987,8 млн-ға дейін).
Сондай-ақ, есепті жылы бюджеттің шығыс бөлігін орындау дебиторлық қарыз көлемін 44,9 млрд теңге және кредиторлық қарызды 3,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға алып келді. Оның 78%-дан аса дебиторлық қарызы немесе 35,0 млрд теңгесі – өткен жылдардың бер жағы. Ал, өткен жылдардан қалған кредиторлық қарыз үлесі 1,9 млрд теңге немесе 51,3% болып отыр.
– Бюджет бағдарламалары әкімшіліктері бөлінген қаржыны қаншалықты тиімді пайдаланады? Олардың игерілмей қалуы неге байланысты?
– Бюджет бағдарламалары әкімшіліктері бюджет қаржысын игере алмау көлемін 2015 жылмен салыстырғанда 713,9 млн теңгеден 987,8 млн теңгеге дейін, яғни 38,4%-ға өсіріп алды. Дегенмен, бюджет шығындары бойынша меже толық орындалып отыр. Нәтижесі көрсеткендей, бюджеттік қаржы мен мемлекеттік активтер, соның ішінде квазимемлекеттік сектор активтерінің барлығы бірдей тиімді пайдаланылмайды.
Біріншіден, елорданы дамыту бюджеті 30,8% екенін ескерсек, оны жүзеге асыру жүйесінде жекелеген кемшіліктер көрінді. Қаланың шет жақтарының инфрақұрылымын дамыту мәселесі түпкілікті шешілмей отыр. Оған елорда тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтау мен кәріздендіру желісін жобалаудың әлі күнге дейін шешілмеуін қосыңыз. Қалаға қосылған ауылдар орталықтандырылған сумен тек 67-ден 97 пайызға дейін жабдықталып отыр. Бұл тек 50 мыңнан аса адам қамтылды деген сөз. Ал, 90 мыңнан аса адам орталық кәріз жүйесі қызметін пайдалана алмай келеді.
Екіншіден, аудиттік тексеру барысында елорданың жер қоры толық тиімді көлемде пайдаланылмайтыны анықталды. Қалалық сәулет басқармасы жер телімдерін мақсатты пайдалануға рұқсатты уақытында бермейді, соның салдарынан Жер қатынастары басқармасы меншік иесіне жерді уақытында игермегені үшін әкімшілік бағыттағы тиісті шара қолданады. Жерді сатып алушыларға инженерлік жүйелер мен құрылыстың, желіге қосылудың техникалық шарттары туралы дер кезінде ақпарат берілмегендіктен, жерді игеру мерзімі ұзаққа созылып кетеді.
– Сіздің ойыңызша, бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Кей жағдайларда жер қорын пайдалану саласындағы түйткілдер заңнамалық сипаттағы мәселелерге байланысты болып жатады. Осыдан келіп, жер телімдерін тиімді пайланбау туындайды. Ол бюджетке салықтың түспеуіне алып келеді. Бұл туралы тұрақты комиссиялардың отырыстарында бірнеше рет айттым.
Мәселен, 2015-2016 жылдары аукцион арқылы көлемі 35,5902 га жер учаскесіне жалға алу құқы сатылған. Соның 53%-ы инженерлік-техникалық желіге қосыла алмайды.
Әлеуметтік салаға қатысты мәселелер көп. Қала бюджетінде осы салаға 29,6% немесе 128,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл енді әр аймақтың дамуындағы маңызды көрсеткіштердің бірі. Сөйте тұра, білім саласында мектеп жасындағы балаларға қосымша білім берудің орташа республикалық көрсеткіші 61% болса, елордада 23% шамасында. Біздің ойымызша, бұл төмен көрсеткіштің негізі қосымша білім беру саласын дамытудың бірыңғай стратегиясының жоқтығында жатыр.
Дене тәрбиесі мен спорт саласы да нақты көңіл бөлуді қажет етеді. Біздің балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерін материалдық-техникалық жабдықтау жайы нашар. Балалар мен жасөспірімдерге арналған он спорт мектебінің төртеуінің ғана жеке базасы бар. Қалғандары жыл сайын алаңдар мен спорт залдарын жалға алу үшін 126,4 млн теңге жұмсауда. Кейбір жағдайда мектептер бар спорттық базасын тиімді пайдаланбайтыны анықталды. Сондықтан бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан бақылау күшеюі керек.
– Биыл алғашқы жартыжылдықта қандай жұмыстар атқарылды?
– Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында белгіленген жоспар бойынша 32 аудит нысанына 10 тексеру жүргізді. Сонымен қатар, аудит қамтыған бюджеттік қаржы көлемі 112,2 млрд теңге болды. Бұл 2016 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 2,3 есе көп.
Орын алған кемшіліктердің көлемі 30,5 млрд теңгеге немесе барлық мемлекеттік аудит қамтыған бюджет қаржысының 27,2%-ына тең болды.
Сондай-ақ, бюджетке қайтарылуы керек қаржы көлемі 737,6 млн теңге, ал қалпына келтірілетіні – 19 464,1 млн теңге болды. Бұл 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткішпен салыстырғанда 11%-ға артық.
Негізінен, қаржы тәртібінің бұзылуы бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікке қатысты 19,3 млрд теңге көлемінде анықталды. Рәсімдік кемшіліктер 5,0 млрд теңге көлемінде мемлекеттік сатып алу саласында көрінді. Мұндай кемшіліктер мемлекеттік органдар мен бюджет қаржысын алушы аудит нысандарына көбірек тән.
Бүгінгі күні Тексеру комиссиясы болған аудит нысандары 1 745,0 млн теңгені орнына салып, бюджеттің 704,5 млн теңге жетіспеушілігін өтеді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен аудит нысандарына 153 ұсыным мен тапсырма берілді. Мемлекеттік аудит пен қаржы бақылауының қорытындысы тоқсан сайын Астана қаласы мәслихатында Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне ұсынылады.
Жыл басынан бері 16 лауазым иесіне жалпы көлемі 2 961,0 мың теңге әкімшілік айыппұл салынса, 25 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 2 материал сотқа дейінгі тергеу үшін құқық қорғау органына берілді.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбатты жүргізген
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ
The post БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ – БАҚЫЛАУДА appeared first on Астана Ақшамы.