Quantcast
Channel: Сұхбат –Астана Ақшамы
Viewing all articles
Browse latest Browse all 202

Астанада мемлекеттік тілді үйрену қажет деп санайтындардың үлесі – 95 пайыз

$
0
0
5

Өткен жылы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында ауқымды жұмыстарды жүргізді. Бұл жұмыстар бірнеше бағытқа бөлінді. Былтыр атқарылған жұмыстар жөнінде аталмыш басқарма басшысы Тілеуғали ҚЫШҚАШБАЕВПЕН сұхбаттастық. 

5

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

– Тілеуғали Әшірбекұлы, өткен жылы өзіңіз басқаратын басқарма біраз шара өткізген сияқты. Олардың барысы туралы газетімізде жазылды. Десек те, сол шаралардың қоры­тын­дысын шығаратын уақыт келген секілді.
– Жалпы алғанда былтыр елор­дада барлығы 23 іс-шара ұйымдастырдық. Олардың қата­рында 1 дөңгелек үстел мәжілісі, мем­­лекеттік тілді дамытуға ар­нал­ған 13 байқау, 2 семинар, 1 біліктілікті арттыру курсы, 6 кеш болды.
Кеңірек тоқталар болсам, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары арасында «Тәрбиеден – тағылым», сонымен қатар, «Наурыз мейрамы – 2016» атты қалалық байқаулар өтті. Осылармен қатар 25-30 жас аралығындағы жас-тар арасында көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауы ұйымдастырылды.
Өткен жылы ұлық мереке, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік. Әрине, оның аясында көптеген шаралар өтті. Атап айтсам, «Тілдарын – 2016» қалалық олимпиадасы және «Тіл шебері – 2016» мемлекеттік қызметші жастар арасындағы қалалық байқауы, қазақ тілінде оқитын жастар арасында «Ой-сана» атты орыс тілі білгірлерінің бәйгесі, өзге ұлт өкілдері арасындағы қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – парасат» атты қалалық байқауы өтті.
«Мәңгілік ел – мұратым» жас ақындар мүшәйрасы мен «Азаттық үні» жыр-термешілер байқауы арқылы талай жастар дарынының ашылуына сеп болды. Ал «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы», «Аталар ерлігі – ұрпаққа аманат», «Жүрегімнің түбіне терең бойла», «Отан – отбасынан басталады», «Тарих толқынында» атты кештердің берері көп болып, қазақ тілінің мәртебесі асқақтады.
«Менің тілім» атты акция, «Тәуелсіздігім – баға жетпес байлығым» атты іс-шара аясында өткен ашық аймақтық пікірсайыс турнирі, «Мемлекеттік тіл – барлық салада» атты жас мамандар арасындағы жайдарман сайысы да нәтижелі аяқталды.
Мектепке дейінгі және құры­лым­дық мекемелерді де қамтуды ұмытқан жоқпыз. Олардың қата­рында әртүрлі құрылым қызмет­керлері қатысқан «Мемлекеттік тілде іс жүргізуші үздік мекеме» атты байқауды атауға болады.
Жалпы біздің ұстанымымыз – қазақ халқының әдет-ғұрпын, шешендік өнері және жыр-термелері мен күй өнерінің шығу тарихын тереңірек зерделеуге, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға, халқымыздың ға­сыр­ларға жалғасып, ұрпақтан-ұр­паққа жеткен салтын, мәдение­тін, өнері мен әдебиетін адамзат құндылықтарына баланарлық байлық екенін жастардың санасына сіңіру. Сол мақсатта 330 адамды қамтып, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты дөңгелек үстел мәжілістерін бірнеше мәрте өткіздік.
Қала мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдеріне арнап «Тілі мықтының елі мықты» атты семинар ұйымдастырдық. Балаларға арналған «Алақай, ба­лақай» атты әндер жинағын шығардық.
«Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құнды­лығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға көп адам жиналды. Олардың арасында Әлиханның туған жері – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданынан келген делегация болды. Бұл жиын Алаш көсемінің ел үшін еткен еңбегі мен қайраткерлік тұлғасын аша түсті деп ойлаймын.

ХАЛЫҚҚА АҒЫЛШЫН ТІЛІ ОҚЫТЫЛУДА

– Биыл елімізді, елордамызды әлемге танытатын үлкен шара – «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі Аста­нада өтеді. Бұл көрмеге сіздер­дің дайындықтарыңыз қалай?
– Әлемнің дамыған елдерімен тең дәрежеде тұру үшін қазір халқымыздың алдына көп тіл білу мақсаты қойылып отыр. Барлығымызға да халықаралық қатынас тілі болып саналатын ағылшын тілін меңгеру керек. Біз осы тілді оқыту курсын жүргізіп отырмыз. Былтыр ағылшын тілін оқыту курсына жиырма басқармадан 110 тыңдаушы қатысты. Жалпы алғанда кейінгі жылдары, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында мәдени мекемелерден – 105, денсаулық сақтау саласынан – 283, спорттан – 42, Ішкі істер департаментінен – 170, барлығы 600 қызметкерге ағылшын тілі курсы, мемлекеттік және құрылымдық мекемелердің аудармашыларына біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды.

КӨШЕЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ШЕШІМ КҮШІНЕ ЕНДІ

– Өткен күзде Астанадағы бірқатар көшелерге қазақы атау­лар берілгеніне шын қуан­­дық. Бұған дейін Әлихан Бөкей­ханның атындағы шағын ғана көше болатын. Алаш ар­дақ­тысына сол жағалаудан даңғыл берілді. Сондай-ақ, қа­лада Ұлы дала, Мәңгілік ел сынды даң­ғылдар пайда болды. Сізден оно­мастикалық жұмыс жөнінде сұрағымыз келіп отыр.
– Жыл басынан бері қалалық ономастика комиссиясына Қазақ­станның әр аумағынан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарынан, қоғам және мемлекет қайраткерлерінен, Астана қаласы тұрғындарынан 77 өтініш хат келіп түсті. Аталған өтініштер қалалық ономастика комиссиясының кезекті отырысында қаралып, 18-і оң шешімін тапты. Оның ішінде атауы жоқ көшелерге 13 жаңа атау беріліп, 5 көше қайта аталды. Көшелерге қатысты шешім осыдан 2-3 күн бұрын, нақтылап айтсақ, 9 қаңтар күні күшіне енді.
– Тұрғындар тарапынан сыртқы жарнама мен көрнекті ақпараттың қазақ тіліндегі мәтін­деріне жиі сын айтылып жатады. Осы бағытта атқарып отырған жұмыстарыңыздан хабар берсеңіз.
– Өткен жылы 148 мекемеде «Тіл туралы» ҚР Заңының орындалуына бақылау жүргізіліп, қорытындысы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы отырыстарында қаралды. Былтырғы ақпан айынан бас­тап жиыны 1500 тыңдаушыға мем­лекеттік тілді оқыту курсы өтті.
Сондай-ақ, жыл бойы сырт­қы жарнама мен көрнекі ақ­па­рат мәселесі бойынша жұ­мыстар, мемлекеттік қыз­мет­­шілер мен мемлекеттік орган­дарға бағынысты мекемелер қызметшілерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы диаг­ностикалық тест өткізу бойынша жұмыстар атқарылды. Қоры­тын­­дысында тиісті шешімдерді шығардық.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНУ АЯСЫ КЕҢЕЙДІ

– Астанада жалпы алғанда тілдік ахуал қандай?
– Былтыр арнайы әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Оның қорытын­дысымен таныстырайын: Астанада мемлекеттік тілді меңгерген ересектердің үлесі – 81%, орыс тілін меңгергендер – 99%, ағыл­шын тілін меңгергендер 25% құрайтыны анықталды. Үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін) меңгерген тұрғындардың үлесі – 5%. Мемле­кеттік тілді меңгерген ұлты қазақ емес ересектердің үлесі – 25%. Зерттеу жұмыстарына байланыс-ты мемлекеттік тілдегі сауалнаманы таңдаушылар – 36,8%, орыс тіліндегі сауалнама таңдаушылар – 61,5%, ағылшын тілінде таң­даушылар 1,7% болды. Осыдан жауап берушілердің 63,2%-ы қазақ тілін білмейтіні байқалды. Зерттеуге қатысушылардың ұлттық құрамы: қазақ – 80,0%, орыс – 17%, басқа да 3%.
Жауап берушілердің 72,7% – жоғары білімділер. Мемлекеттік қызметкерлер – 11,9%, бюджеттік ұйым қызметкерлері – 36,2%, кәсіпкерлер – 11,7%, студенттер – 11,3, басқа да – 28,9%. Сауалнама барысында жауап берушілердің 80%-ы өзара қатынас тілі ретінде қазақ тілін белгілеген.
Жауап берушілердің үштен бір бөлігінен астамы (34,5 %) мектептерде немесе оқу орындарында оқыту процесі қазақ тілінде жүргізілгенін, 20%-ға жуығы қазақ-орыс тілдерінде, 42,5%-ы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде және 3,1%-ы орыс тілінде жүргізілгенін қалайтыны белгілі болды.
– Осы зерттеуден қандай қорытынды шығарамыз?
– Сұралғандардың басым бөлігі соңғы жылдарда мемлекеттік тілді қолдану аясы едәуір кеңейгенін жеткізді. Тілдік ахуалды зерделеу барысында мемлекеттік тілді құрметтеу, қадірлеу және оған ұлтына қарамастан өзінің ана тіліндей қарау қажет деп жауап бергендердің саны басым болған. Мәселен, мемлекеттік тілді үйрену қажет деп санайтындардың үлесі 95%-ды құрады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

The post Астанада мемлекеттік тілді үйрену қажет деп санайтындардың үлесі – 95 пайыз appeared first on .


Viewing all articles
Browse latest Browse all 202

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>