
Оның әндері талай жұлдыздың бағын ашты, хит-парадтардың үздігі боп танылды. Өйткені әуендерінің келесі нотасының әуезін болжау қиын. Ешкімнің шығармашылығына жиендік жасамайтын Қайрат Баекенов құрған «Формат» тобы да қазақ эстрадасына жаңа леп әкелгені сөзсіз. Талғамы ерек астаналық әнші, сазгермен әңгімелесудің сәті түсті.
Әуеннің гармониясын сеземін
– Бүгінде «Қайрат Баекенов ән жазса, міндетті түрде хит болады» деген стереотип қалыптасты. Танымал ән жазудың сырымен бөліссеңіз?
– Ән жазғанда үнемі ой үстінде жүремін. Тыңдаушы құлақты жалықтырмайтын, соңына дейін сүйсініп еститін ән болса деймін. Халыққа таратпас бұрын мың рет тыңдаймын. Өзімді зеріктіріп жіберсе, жарыққа шығармай қоямын. Әуеннің мелодикасын, гармониясын жақсы сеземін. Жаңа әнімді ауылда айтсам, ата-әжелер қалай қабылдайды? Заманауи жастар не дейді? Көз алдыма жиі елестетемін.
Әнді коммерциялық тұрғыда жазсам, әуелі әншінің сөйлеген сөзін, қимыл-қозғалысын бақылаймын. Орындаушымен әңгімелесіп, мінез-құлқын тануға тырысамын. Бұрынғы концерттерін қарап шығамын. Өйткені ән өзіңе арнап тігілген киім секілді. Табиғатыңа тұп-тура, жарасымды болу керек.
Алғашқы әнімді «АБК» орындады
– Өнер жолыңыз неден басталды?
– Өзім Жезқазған облысының Сәтбаев қаласынанмын. 16 жасымда «Ұлар» деген ән шығарып, достар арасындағы отырыстарда домбыраға қосып айтып жүретінмін. Бірде жерлесім Қыдырәлі Болманов естіп, ұнатып, әнімді сұрады. Сөйтіп алғашқы туындым – «Ұлар» сахнада «АБК» тобының орындауында шырқалды.
Он алты жасымнан жиын-той, ресторандарда ән айттым. Синтезатор алып, сол шақтағы танымал әндердің минусовкасын құрастырып жүрдім. «А-Студио», Максим Фадеев, «Браво» тобының әндерін наушникпен тыңдап, музыкасының ерекшеліктеріне мән беретінмін. Жезқазған мемлекеттік колледжінің «Халық аспаптар бөліміне» оқуға түстім. Кейіннен мектепте ән-күй сабағының мұғалімі болдым. Оқушыларға домбыра тартуды үйрететінмін.
– Эстрадаға кеш келуіңіздің себебі неде?
– Би үйірмесінің жетекшісі Айдос Бекмағанбетов деген жігіт болатын. Мектеп басшылығы екеумізге дуэт құрып, 1999 жылы «Жас қанат» республикалық ән байқауына қатысыңдар деп қоймады.
Орын алмадық. «Үздік композитор» атандым. Кейіннен теледидардан өз түрімді көріп, «Мә, бұл мен бе?» деп, сахнаға енді шықпайтындай болдым.
«Камера мені сүймейді, телевидениені қайтем, осылай тыныш қана ән жазып жүре берейін» деп ойладым. Өзімді қатты сынадым, өзіме қашан да көңілім толмайтын.
Астанада шабытым шарықтады
– Астанадағы шығармашылығыңыз қалай өрбіді?
– Қарағандыда өсіп-жетілдіретін өнер ортасы болмады. 2001 жылы Астанаға көштім. Бірден «Бәйтерек» тобы іздеп келіп, әндерімді тыңдаған соң: «Барлық ақшамызды салайық, бізбен жұмыс істеші» деді. Тынысым ашылды. Шабытым шарықтады. «Сен», «Ханшайым» әндерім халыққа танылды. «Бәйтерекке» альбом жаза бастадым. 2004 жылы Конгресс-холда олар алғашқы концертін беретін болды. Сайлау, Ерлан, Нұркендер сол кеште менің де ән салуыма қолқа салды. «Махаббат мұңы» деген әнімді орындап шықтым. Жеке дауыспен Астана сахнасында бірінші рет өнер көрсеткенім сол еді.
«Формат» мейрамханада құрылды
– Жеке дауыспен дейсіз, кейін бірақ топпен шығып жарқ еттіңіз ғой…
– Иә, топ құру арманым еді. «Әй, бірақ қиын шығар» дейтінмін. 2006 жылдың 8 наурызында бір мейрамхана ән айтып кетуімді өтінді. Келіскен музыканттары келмей қалыпты. Мейрамхана қожайындары түріктер екен. Дауысымды естіп, дастарқан жайып, құрмет көрсетті. Аудармашы арқылы тілдестік. Жібергілері жоқ мені. «Айт, не қалайсың? Бәрін істейік. Тек бізде жұмыс істеуге қал» деп қоймады. Арманым ойымда қылаң беріп, «маған аппаратура, гитара, барабан алып беріңіздер, группа жинаймын» дедім. «Жалғыз айтсаң, пайдаңды да ешкіммен бөліспейсің ғой» деп, мені райымнан қайтарғысы келді. Ақыры дегеніме көнді. Сөйтіп, сол жылдың 4 мамырында «Формат» тобын құрдым. Бес жылдай әріптестіктен соң олар жан-жаққа тарап, топтан кетіп қалды. Қатты күйзелдім. Әрі қарай не істерімді білмедім. Шығармашылық тоқырау көпке созылмады. «Әр нәрсенің қайыры бар деген» рас екен. Бір аптадан кейін мүлде жаңа құрам жиналды. Тіпті, бұрынғы «Форматтан» бөлек, күштірек. Көз алдарыңызда жарқырап жүрген қазіргі «Форматтың» әр мүшесі – жоғары білімді, нағыз профессионалдар. «Қап, мен де оқуымды жалғастырғанымда ғой! Жоғары кәсіби білімдерің бар, қандай жақсы» деп қызыққанымда, олардың жауабы тіпті ойландырып қояды. «Қайреке, қайта әрі қарай оқымағаныңыз жақсы болған. Әйтпесе әндеріңіз шеңберден шықпай, стандарт болар еді. Ал сіздің қиялыңыз еркін шарықтайды. Уайымдамаңыз, ережеге тіпті бағынбай жатса, дұрысын айта қоярмыз» дейді. Бірақ әлі күнге дейін «мына нотадан кейін былай жазуға болмайды» деп түзетіп көрген емес (күлді).
– «Форматтың» музыкалық бағыты қандай?
– Жан-жақты. Меніңше, әртістің репертуары кемпірқосақ іспетті түрлі-түсті болуы керек. Жалпы, мен өзімді симбиоз мелодист санаймын. Домбыраның оқуын оқығаным әсер еткен болар. Жастайымнан қазақтың күйлері, халық әндері бойыма сіңді. Онымен қоса, батыстың үздік әндерін де назарымнан тыс қалдырмадым. Байқасаңыз, «Махаббат» әнінде қайырманы дәстүрлі, ал шумақтарды еуропалық стильде жаздым. Сонысымен де хит болған шығар.
– Гонорарыңыз қанша?
– Айтпай-ақ қояйын, барған жерімізді салықшылар аңдып жүреді (күлді). 2006 жылдан бері өнеріміз заңдастырылған, сахнаға, тойға әр шыққанымыз тіркеліп, одан белгіленген мөлшерде салық алынып тұрады.
Фонограммаға жаным қас
– Бір телевизиялық концертке барғанымда, фонограммамен айтқаныңыз қатты білініп еді…
– Бүкіл әншілердің жанды дауыста ән салғанын қалаймын. Өзім жиырма жылдан бері аранжировка жазумен айналысып келгендіктен, компьютердің мүмкіндіктерін жақсы білемін: сәл ғана «әу» дегендер керемет әнші боп шыға келеді. Бұл тұрғыда Роза Рымбаеваның қатаң қағидасын сыйлаймын. Фонограмма дегенге жаны қас. Мен де ешкімді алдамай, барған жерімде жанды дауыста ән саламын. Өкініштісі, телевизиялық жобаларда, түсірілімдерде бізге плюспен айтуға міндеттейді. Өйткені олардың аппараттары жанды дауысқа арналмаған. Содан мен әннің оригиналын ұмытып, ауызды жыбырлатудан шатасып жатамын. Себебі бір ғана әнімді әр кезде әртүрлі етіп айтамын. Мәнерімді өзгертіп орындаймын. Мәселен, тыңдарман қазір «а» деп айқайлайды, мына жерде былай созады» демей, естіген ән болса да, әнші халыққа әрдайым жұмбақ болып қалу керек деп есептеймін.
Жалпы, батыста бір жақсы әдет бар. Жаңа күйтабақ шықса, олар өнерпазды бағалауға асықпайды. Жанды дауыстағы концертін күтеді. Әнші күйтабағындағы әндерін орындаса ғана сын-пікірлерін айтып, талантты мойындайды. Бұл үрдіс бізде де қалыптасса деймін.
Сұхбаттасқан:
Мәдина ЖАҚЫП
The post Қайрат БАЕКЕНОВ: Әнші халыққа жұмбақ болу керек appeared first on .