
Әннің құдіреті дегеніміз не? Әнмен ұрпақты тәрбиелеуге бола ма? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде «Сүйгеніңді бағала», «Сен маған сүюді үйреттің», «Қыз бақыты», «Қазақ аруы» атты белгілі әндердің авторы, талантты сазгер Ербол Байырбековпен сұхбат құрдық.
– Ербол мырза, сіздің ойыңызша әннің құдіреті дегеніміз не? Әнмен ұрпақты тәрбиелеуге бола ма?
– Шығармашыл жандар өздерін толғандырған мәселелерді, қиналғанда я қуанғанда сезімін ән арқылы жеткізеді, тебірене отырып ән жазады. Сол әнді тыңдаған адам одан өзін көреді. Әнді жанына жұбаныш етіп, ән арқылы жүрегіндегі жарасын емдей алады. «Өнермен ұрпақты тәрбиелеуді басты мақсат етпеуіміз керек» деп Болат Атабаев айтқандай, өнермен адамның өмірін жеңілдету керек. Ән арқылы адамның ойы бөлінеді, ән басқа түскен қайғыны жеңуге септігін тигізетін күшке ие. Ән адамның ішкі сезімін өзгертуге, жеңілдету үшін керек деп ойлаймын. Ән тыңдағанды жақсы көретін, әнді сүйетін жандардың жүрегі нәзік келетінінде де сыр жатыр.
– Сіздің қай әніңіз өз әншісін тапты деп есептейсіз?
– Менің көп әндерімнің орындаушысы, әндерімді алғаш болып жарыққа шығарған әнші – қарындасым Жазира Байырбекова. Жанболат пен Жазираның орындауында әндерім елге танылды, менің есімім де ел аузында айтыла түсті. Ең алғашқысы – «Сүйгеніңді бағала» деген ән. Осы әнімді алғаш орындаған қарындасым Ләззат Байырбекова концерт, жиындарда шырқап жүрді. Кассетасымен сатылатын магнитофонның дәуірі жүріп тұрған кез. Біз ол уақытта Арыс қаласында тұратынбыз. Бір күні базарға барып, сол әнімді естіп аң-таң болдым. Сөйтсем, Түркістан қаласында «Атамекен» деген топ алғашқы әнімді кассетаға басып шығарған екен. «Сүйгеніңді бағаланың» әні мен сөзі де өзімдікі. Бұл ән кейін Жанболат пен Жазираның төлқұжатына айналды. Алғашқы әнім де сол. Әншісін тапқан ән де осы деген ойдамын. Содан соң Жазираның орындауындағы «Қыз бақыты», кейінгі уақытта Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Адамдар кешіріңдер» әні де өз әншісін тапқан ән деп есептеймін. Одан кейін Мирас пен Құралайдың орындауындағы «Мәңгілік сыңарым» әнін айтар едім. Бұл екі әннің сөзін ақын Ақмарал Леубаева жазды. Ол кісі сөзін жібереді, соған қарай мен әнін жазамын. Кейде әннің сөзін де өзім жазатын кездерім болады. Көбінесе ақындар «мына әншіге арнап жазып едім, әнін жазып беріңізші» деп жүгініп жатады. Былтыр Ақжол Мейірбековке ән жазып бердім. Жақында жарыққа шығатын әндер өте көп.
ЖҮРЕКТЕН ШЫҚСА, ЖҮРЕККЕ ЖЕТЕДІ
– Жалпы оқып барып композитор болған дұрыс па? Әлде жоғары білімсіз де жақсы ән туа ма? Қалай ойлайсыз? Өйткені «оқыған композитор нотаның белгілі бір сарынынан аса алмайды» деп айтып жатады. Бұған не дейсіз?
– Өнер адамның бойына туа бітетін сыңайлы. Өйткені адам әріп танымай тұрып-ақ талантын таныта алады. Мен әнді шығарып алғаннан кейін барып нотаға түсіремін. Нотамен ән жазатын сазгерлерді төмендетіп жатқаным жоқ. Менің ойымша, нотамен ән жазу кірпіш қалағандай болатын сияқты. Жүректен шыққан, шынайы, пәк сезімді әуелі жазып алып, сосын қағазға түсірген дұрыс болады деп ойлаймын. Бірақ оқып барып, композитор болған да дұрыс.
– Батыс елдерінде адам қолынан келетін кез келген істі немесе бойындағы өнерін кәсіпке айналдырады деседі. Ал сіз өнеріңізді бизнеске айналдыра алдыңыз ба?
– Әнге бейнебаян түсіремін. Алдағы уақытта фильм түсіру жоспарда бар. Танылғысы келетін жас әншілерге тапсырыспен ән жазып, аранжировкасын жасап беремін. Қазіргі таңда Алланың берген өнерін кәсіпке айналдырып жатқан жайым бар. Білім алып, «Bayrbek продакшн» орталығымды ашып, студия, дауыс жазу, өңдеу, бейнебаян түсіру бойынша жұмыс істеп жатырмын. Той ұйымдастырамыз. Бірақ індет келгелі бұл жағы біраз тоқтап тұр.
– Әндеріңіз қалай жазылады? Бірінші ән жазып, соған лайықты өлең іздеп, ақындарға ұсынасыз ба?
– Әндерді көбіне тақырыбына қарай жазамын. Ақын әннің сөзін жазып бергеннің өзінде ол өзгеріске ұшырайды. Буындарын өзгертемін, себебі әнін тудыру керек. Мағынасына байланысты ән туады. Одан кейін қайтадан ақынға жіберемін. Әрбір әнімді өңдемей тұрып-ақ жақсы шығатынын я онша болмайтынын сеземін. Сондықтан о баста көңілімнен шықпаса, ол ән тоқтайды. Сөйтіп қайтадан жазылады. Әуенмен бірге айтылған сөз, бір мағына әнге үлкен күш береді. Сондықтан ән мен сөзді бірге шығарамын. Кейіннен ақынның жазып жіберген сөзін өңдеп, бір шумағы мен қайырмасын қайтадан өзіне жіберемін. Сол бойынша сөзін қайтадан жазып шығады.
– Әнді тапсырыспен ғана жазасыз ба?
– 2 ұл, 3 қызым бар. Нәпақамды осы саладан тауып отырмын. Сондықтан әнді тапсырыспен жазатыным бар. Тыныштықта, жалғыздықта ерекше ән туады. Әрине, оның орны бөлек. Оның орындаушысы да өзі кезігеді. Ал енді тапсырысқа келсек, оны бәрінен бұрын жазып, шығарып беремін. Қазіргі таңда сазгерлер де, ақындар да көп. Көбіне маған ақындарымыз өздері хабарласып, өлеңдерін ұсынып жатады. Енді бірі ақынға сөз жаздырып, әнін шығарып беруімді сұрайды. Одан гөрі «осындай мағынада ән керек еді, сөзін мына ақынға жаздырсам бола ма?» деген сауалмен келгені дұрыс. Өйткені әннің алғашқы буыны мен қайырмасын өзім жазып шығамын. Әннің сөзін де өзім жазатын кездерім болады. Жалпы, әнді тек тапсырыспен ғана жазбаймын.
– Ұстанымыңыз қандай? Өзіңіз кімдердің әнін тыңдайсыз? Жастарға кімдерді тыңдауға кеңес бересіз?
– Мен үшін істеген ісімнің адалынан болуы, саны емес сапасы маңызды. Қай жерде болмасын, төбемізде бір Құдайдың тұрғаны белгілі. Не болса да, ойымды ішке бүгіп қалмай, қалай бар солай бетке айтқанды жөн көремін. «Тура би туғанына жақпайды» дейді ғой, менің турасынан жүзің бар, бетің бар демей айтып тастайтыным бар. Ешкімнің ала жібін аттамау, өмірге адам болып келген соң, адам болып кету – мақсатым. Мен ән тыңдағанды ұнатамын. Бірақ көңіліме жақпаса, мүлде тыңдай алмаймын. Жақсы әнді естіп қалсам, «кімнің әні екен?» деп қоятыным бар. Авторына аса мән бермеймін. Бір ойым, әндерді көп тыңдауға болмайтын сияқты. Өзім ән көп жазатындықтан, ауытқу болып кетуі мүмкін деп ойлаймын. Ұрлық зат сияқты. Демалған кезде ғана ән тыңдаймын, оның өзінде тек өзімнің әнімді тыңдайтыным бар. Өйткені алдағы күні жазатын әндеріме ұқсап кетпес үшін солай шектеген дұрыс.
– Жалпы, сізді нендей мәселелер толғандырады? Алда қандай шығармаларға бой ұсынбақсыз? Жоспарларыңызбен де бөлісіп өтсеңіз.
– Қазір өте қиын жағдайды өткерудеміз. Келешек қалай болады? Індет қай уақытта бітеді? Еліміздің болашағы қалай өзгереді? Ұрпағымызды ойлаймын. Еліміздің аман-есен болуы, бүтін ел болып, егемендігін сақтап тұруы бәрінен де маңызды.
Әңгімелескен
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ