
Адамзат тарихында алғашқы вакцина пайда болғанына екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, антиваксерлердің өз пікірінен танбаушылығы әлі күнге жалғасып келеді. Олар келтіретін дәйектер түйсікке салғанда қанша тартымды және қайғылы болса да, оны теріске шығару қиын емес. Бірақ елемей отыра беруге де болмайды, оның орнына жүйелі, үздіксіз, тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, медицина профессоры Алмаз ШАРМАНМЕН сұхбатта пандемияға байланысты дерттің таралуы, вакцина төңірегіндегі екіұдай пікірлер туралы ойларын білдік.
– 3 тамызда Қазақстанда 126 адам індеттен көз жұмды. Бұл, марқұмдардың жақындарының басына түсетін қасіретті айтпағанда, еліміз үшін де өте үлкен адам шығыны. Биылғы өлім-жітім сіздің былтырғы айтқан болжамдарыңыздан да асып түсті.
– Иә, мен былтыр егер эпидемияға қарсы шараларды дұрыс сақтамайтын болсақ, биыл осы уақытта тәулігіне 80 адамнан айырылатын боламыз деп болжаған едім. Сонда көбі маған сенбей, жамандық шақырды деп кінәлаған. Мұны өткен жылы Метрика және бағалау институтының ғалымдары жүргізген эпидемиологиялық есепке сүйеніп болжадым. Міне, биыл эпидахуал күрт нашарлап, дерттен көз жұмғандар қатары болжағаннан да көп болып кетті. Оның үстіне вирустың «дельта» штамы да көбейіп, антирекордтар жиі жаңаруда. Бұл жағдайға біз қолымызда тиімді вакцина болғанның өзінде түсіп отырмыз. Қазір Қазақстандағы халықтың тек 21 пайызы ғана толық екпе алды. Ал вакцина салдырмаған қалған 80 пайыз адаммен бұдан басқа қандай нәтиже күтуге болады? Әрине, дерт тек қана асқына береді. Былтырғы жағдай қайталанып, маған жекеме шығып кеңес алғысы келетіндер көбейді. Өздері екпе алмаған кей адамдар жақындары үшін көмек сұрайды. Бірақ сол адамға ауру білдіртпей, еш белгісіз өтіп кетуі мүмкін ғой, ал аурудың симптомсыз түріне шалдығу ол жұқпайды, таралмайды деген сөз емес. Өздері жеңіл өткергенмен, өзінен денсаулығы төмен танысына жұқтырып, сол жақындарының ауыр жағдайға жетуіне әкеледі.
– Адам ағзасын екпе қалай қорғайды?
– Егер екпе салдырмаған адам дертке шалдықса, ағзаға вирус кірсе, бірінші кезекте қан қоюланады. Бұл коронавируспен ауыратындардың 20 пайызында, яғни әрбір бесінші науқаста кездеседі. Мұның қауіптілігі өзін қорғап екпе алғандарға төнетін қауіпке қарағанда мың есе жоғары. Әрине, вакцина 100 пайыз қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді, тек вирустан қорғануға, жұқтырған жағдайда жеңіл өткеруге, адам өліміне апармауға септеседі. Оның жанама әсері болса, тек аллергиялық әсері немесе қан ұюына әкелетін жағымсыз теріс әсері ғана болады. Мұндай теріс әсер екпе алғандардың тек 0,002 пайызында ғана, яғни 50 мың екпе салдырған жанның біреуінде ғана болуы мүмкін.
– Антиваксерлер келтіретін ең басты дәйектің бірі – екпенің бірнеше жылдардан соң бедеулікке әкелетіндігі. Мұны қалай терістеуге болады?
– Әлемде бірде-бір екпе адамның репродуктивті функцияларының бұзылуына әкелмейді. Керісінше, коронавируспен ауырғандарға бедеулік, мерзімінен бұрын босану, басқа да созылмалы ауруларға тап болу сияқты қауіп төнеді. Мен өмір бойы ғылыммен айналысып келе жатқан адаммын және адам баласы тек ел мойындайтын басылымдарда жарияланған ғылыми негіздерге ғана сенуі керек деп санаймын. Әлі күнге дейін екпеге қарсылардың аузынан оның зияны туралы нақты бір дәлелді сөз естімедім, олардың келтіретін мысалдары өсек пен қауесеттен тараған.
– Екпеге қарсылық, түптеп келгенде, ғылымға сенбестік қой, сонда адамдар ғылым жетістіктерін түйсініп, мойындамайтын болған ба?
– Соңғы кездері әлеуметтік желіде вакцинаға қарсылардың сөздерін оқып ойға қалдым. Неге ХХІ ғасырда көбі ғылыми процеске сенуден бас тартуда? Жүз жыл бұрын адамзат ғылымды діни догматикадан азат деп бағалады. Бұл ғылыми-техникалық прогрестің басталуына серпін беріп, адамдар өмірінің түбегейлі өзгеруіне ықпал еткен еді. Ал бүгінде ғылыми прогресс жетістіктерін міндетті нәрсе сияқты қабылдау белең алды, ғылымның өзі жаңа бір догма ретінде қарастырыла бастады. Қазір елдің көбі «бұл ғылыми деректерде келтіріледі» немесе «ғылыми тұрғыда дәлелденген» деген сөздерді қабылдамайтын болған. Мүмкін енді адамдардың ғылыми шындық дегеннің бәрінің соңынан көзсіз ере беруі аздық ететін болар. Бәлкім, енді ғылымның өзіне қоғам мен адамдардың алдында мәртебесін көтеруге ұмтылатын уақыт жеткен шығар.
– Антиваксерлер мен екпеге күмәнмен қарайтындардың
айырмасы бар ма?
– Шындығында, зерттеулер белсенді антиваксерлердің көлемі халықтың 5 пайызынан аспайтынын көрсетеді. Олар бар болғаны өте айғайшыл және агрессияшыл болып келеді. Соның күшімен қоғам назарын өздеріне аударып, ақ-қараны әлі ажырата алмай жүрген, ақпараттың қайсысына сенерін білмей дал болатын адамдарды өздеріне тартады. Ал ешнәрсеге сенбейтін скептиктердің көбі – шын мәнінде күмәні барлар. Бұлар екпе алуға шешім қабылдай алмай, қабылдау үшін нақты ғылыми негізделген ақпарат іздеп жүреді. Сондықтан екпе салғызып жатқан кез келген компания пікір алуандығы болатынын ескеріп, олардың күмәндану себептеріне баса назар аударуы қажет. Бұл ретте неге басымдық беру керектігін дұрыс тауып, белсенді түрде оларды көндіруге талпынған дұрыс. Қорғануға көшіп, аңыздарды теріске шығарумен айналысудың керегі жоқ.
– Вакцина – ғылым жетістігі болса да, көп адамды екпенің ұзақ мерзімді жанама әсері болатыны алаңдатады. Кейбіреулер қазіргі екпе толық тексерілмей, тым қысқа уақыт ішінде жасалды деп сенбейді.
– Бұл сөздердің бәрінің ешқандай дәйекті негіздемесі жоқ. Бүгінде әлемде коронавирусқа қарсы түрлі вакциналардың 4 млрд дозасы егілді. Бұл 100 адамға шаққанда 50 дозадан келеді. Яғни жинақталған тәжірибе шын мәнінде өте мол. Содан болып жатқан зиянды салдары да болмашы. Ғалымдар коронавирусқа қарсы екпенің негізгі бөлігін құрайтын технологияны жасауға ондаған жылын арнаған. Бұл технологиялар Эбола эпидемиясы кезінде де, онкологиялық ауруларды емдеуде де қолданылды. Дамыған елдердің орасан зор инвестиция құюының арқасында 100 мыңдаған еріктілерді қатыстыра отырып, екпенің клиникалық сынағын өткізу мүмкін болды.
– Екпеге деген сенімнің жоқтығын тағы немен байланыстырасыз?
– Вакцинацияға қарсыларды не ынталандыратыны маған да аса түсінікті емес. Мүмкін кейбірінде билікке, денсаулық сақтау саласына наразылық бар шығар. Бірақ араларында осындай жолмен арзан беделге ие болғысы келетіндер, хайп қуатындар да бар. Соның кесірінен олар қаншама адамның обалына қалып жатыр. Бүгінде жалған екпе төлқұжат жасау жағынан да әлемге атымыз шығып, ұятты болдық. The Economist деген британдық басылым жақында «Қазақстан жалған екпе құжатына толды» (Kazakhstan is awash in fake vaccination passports) деген мақала жариялапты. Америка университеттеріндегі әріптестерім бұл қалай деп маған хабарласып жатыр.
– «Екпе алсаң болды, маска тақпауға болады» деген түсінік қазір жоқ. Карантин шектеулері қашанға дейін сақталады?
– Екпе науқаны кезінде карантин шараларын жұмсарту вирустың жұқпалылығы жоғары жаңа түрлерінің пайда болуына әкеп соғады. Себебі вирус осылайша табиғи жолмен көбеюге тырысады. Бұдан шығатын қорытынды – азаматтардың 80 пайызы, яғни көп бөлігі екпе салдырып болмайынша, карантин шараларын жеңілдетпеу керек. Вакцинациясыз біз үнемі қатаң карантин жағдайында жүре беретінімізді түсінейік.
Сұхбаттасқан
Райхан РАХМЕТОВА